• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2013

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік – отандық медицинаның жаңа белесі

595 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновпен кездескендегі мақсатымыз отандық медицинаның жаңа бір белесі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізу барысы туралы біліп, оқырмандарды осы жайдан хабардар ету еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусиновпен кездескендегі мақсатымыз отандық медицинаның жаңа бір белесі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті енгізу барысы туралы біліп, оқырмандарды осы жайдан хабардар ету еді.

– Серікбол Рахымқанұлы, соңғы кезде Денсаулық сақ­тау саласына мемлекеттік-жеке­меншік серіктестік тетіктерін енгізу туралы жиі айтылып жүр. Бұл тетіктердің енгізілуі саланың дамуына қалай әсер етеді?

– Әлемдік және отандық тәжірибелерді талдау, оның ішінде Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі шеңберіндегі жұмыс тәжірибесі жекеменшік ұйымдар басшыларының менеджмент дәрежесінің жоғарырақ екеніне көз жеткізіп отыр. Мемлекеттік тапсырысты жекеменшік ұйым­дарда орналастырған кезде, олар­дың бюджеттік қаражатты ұтымды және орынды жұмсайтындары бай­қалады. Бұл қадам медициналық ұйымдарды сенімді басқаруға, менеджмент дәрежесін арттыруға, бәсекелестік ортаны ары қарай қалыптастыруға жол ашады деп ойлаймын.

– Әр жаңа нәрсеге қоғамның күдікпен қарайтыны, сенімсіздік білдіретіні белгілі. Осы тұрғыда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жайлы да алып-қашпа әңгімелер бар. Бұған не дейсіз?

– Өзіңіз білесіз, соңғы кезде «Са­ламатты Қазақстан» мем­ле­кет­тік бағдарламасы шеңберінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асырылып, оның нәтижесінде жеке сектордың үлес салмағы 17 пайызға дейін ұлғайды. Ал, мемлекеттік медициналық ұйым­дар ұйымдастыру – құқық­тық формаларын өзгертіп, эволю­циялық кезеңдерден өтуде. Яғ­ни, мемлекеттік мекемелер ша­руашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдарға айналуда. Бұл өз кезегінде жауапкершіліктің, әділдіктің, нақтылықтың, қыз­метіне қарай бағалаудың салтанат құруына жол ашты деп сенеміз.

Кезінде бұл жүйе де сыналған болатын. Бірақ уақыт өте келе жүйенің тиімділігі байқалуда. Сол сияқты, жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік – жекеменшік серік­тестік тетіктерін енгізу де ден­сау­лық сақтау саласын жоғары деңгейге көтереді деп сенеміз. Бү­гінгі таңда мемлекеттік-жеке­меншік серіктестік тетіктері арқылы жүзеге асырылатын нысандар тізімі (өңірлер бойынша) анықталуда. Бұл тізім министрлік сайтында жарияланатын болады.

– МЖС тетігін құрудағы негізгі мақсат қандай?

– Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев 2010 жылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі мемлекет экономикасына же­ке инвестицияларды тартуда үлкен әлеует екенін атап көр­сет­ті. Жалпы мемлекеттік-жеке­мен­шік серіктестік (МЖС) эконо­микалық өсімді ынталан­дыру жә­не жекеменшік сектордың эко­номикаға қатысуын кеңейту әдісі болып саналады. Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті ден­сау­лық сақтау саласындағы ин­фрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін медициналық кө­мек­тің сапасын жақсартудың жолы ретінде қарастырудамыз.

Денсаулық сақтау министрлігі көптеген халықаралық тәжі­ри­бе­лерді зерттеп көрді. Мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік се­рік­тестікке бизнес өкілдерінің қы­зығушылық танытатынын бай­қадық. Айталық, Германияда ке­лісілген инвестиция сомасы қамтамасыз етіліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда, мемлекеттік емдеу-профилактикалық меке­ме­лерді инвесторларға аз сом аға сату тәжірибесі кеңінен тараған. Соның нәтижесінде жекеменшік емдеу мекемелерінің үлесі соңғы 10 жылдың ішінде 4 пайыздан 22 пайызға дейін артқан. Шве­цияда жеке инвесторлармен арада мемлекеттік госпиталь­дарды басқару, жедел көмек көрсету, зертханалық және өзге де меди­ци­налық қызметтерді көрсету жөнінде келісімшарттар жасалады. МЖС тәжірибесі енгізілгелі бері рентгендік қызметтер құны 50 пайыз, диагностика және ем­деуді күту уақыты 30 пайыз, же­дел жәрдем құны 10 пайыз, зерт­ханалық қызметтер құны 30 пайыз төмендеген.

Австралияда 50 госпиталь же­кешелендіріліп, жаңа ауру­ха­налардың дизайны, құрылысы және оларды басқаруға жеке операторларды іріктеу тәжірибесі қолданылады. Келісім 15 жыл бас­қару, белгіленген бағалар бойынша барлық азаматтарға қызмет көрсету және медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау сияқты ерекше шарттарды қамтиды. МЖС институтын енгізу нәтижесінде жаңа емдеу-диагностикалық ме­ке­мелердің құрылысына кете­тін шығын 20 пайыз, қызмет көр­сетілетін науқастар саны 30 пайыз, емдеуді күту ұзақтығы 30 пайыз азайған.

– МЖС-ні саладағы инфра­құ­ры­лымдық жобаларға инвести­циялар тарту жолы ретінде санай­тындарыңызды айтып қал­дыңыз. Бұл күнде осы жоба­ларға қызығып отырған нақты инвесторлар бар ма? Оның ішінде шетелдік инвесторлар туралы білгіміз келеді.

– Ағымдағы жылы 26 маусымда ҚР Денсаулық сақтау ми­нистрлігінде «Мемлекеттік-же­кеменшік серіктестік арқылы денсаулық сақтау жүйесіне инвес­тициялар тарту» тақырыбында семинар-кеңес өткен болатын. Ол семинар – кеңеске 100-ден ас­там ірі қазақстандық және шетелдік инвесторлар, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасының, Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының өкілдері, ірі халықаралық құры­лыс компаниялары қатысты. Олар мемлекеттік-жекеменшік серік­тестікке қызығушылық танытуда. Нақты жобалар нормативтік-құқықтық актілер бойынша жұ­мыс­тар аяқталғаннан кейін қарас­тырылады.

– Қоғамымыздың басқа салаларында МЖС бойынша тә­жі­рибе бар ма? Ол өз-өзін қан­ша­лықты ақтады?

– 2005 жылдан бастап Қазақ­стан көлік және электр энергетикасы салаларында МЖС жобаларын іске асыру бойынша бірқатар тәжірибе жинақталды. Нәтижесінде мемлекеттік-жеке­меншік серіктестік тетіктерін же­тілдіру бойынша қосымша заң­намалық шаралар қабылдау қажеттігі байқалды. Осыған орай ағымдағы жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы МЖС-нің жаңа түрлерін енгізуге, оларды қолдану салаларын кеңейтуге бағытталған «Мемлекеттік-жекеменшік серік­тестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.

Заңда енгізілген өзгерістер сапаға қатысты тиісті талаптарды сақтай отырып, белгіленген мерзімде денсаулық сақтау нысандарын салуға инвесторларды ынталандыруға мүмкіндік береді. Әрі қарай инвестициялық қана емес, концессионердің пайдалану шығындарын және басқаруға кететін сыйақы төлемдерінің орнын толықтыру арқылы халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге болады. Сонымен қатар, сақтандыру, концессионерлерге қойылатын біліктілік талаптары жеңілдетіледі. Байқау екі кезеңде өткізіліп, мемлекеттік мүлікті сенімді басқаруға берудің бірегей тәртібі бекітіледі.

– Ол заңда МЖС үрдісіне қатысатын тараптардың мүддесі қаншалықты ескерілген?

– Тұтынушылар мен тұрғындар МЖС-нің негізгі бенефициарлары ретінде қарастырылып, «баға – сапа» оңтайлы ара қатынасында табыс таба алады. Сондай-ақ, МЖС жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттің серпінді дамуы үшін өте маңызды.

Жеке сектор үшін жаңа ин­вес­тициялық мүмкіндіктер жасалып, тиісінше табыс табудың жаңа жолдары пайда болады. Олар тәуекелді мемлекетпен бірге бөлісіп, ірі жо­баларды басқаруда тәжірибе жи­нақтап, жеке кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді.

Инвестор үшін заңнамада қа­растырылған шараларды іске асыру ұзақ мерзімдік инвестициялар үшін тартымды шарттарға жол ашады. Инвесторлар тұрғызылған нысан концессия келісімшарты мен пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттің иелігіне берілетін «BOT» (Built-Operate-Transfer, «Құрылыс-пайдалану-беру») үлгі­сімен ғана емес, нысанды мемлекетке өткізуді қарастырмайтын және концессионерге өзі тұрғызған объектіні шектеусіз пайдалануға мүмкіндік беретін «BOO» (Built-Own-Operate, «Құрылыс-иелену-пайдалану») үлгісіндегі жобаларын іске асыра алады.

Сонымен қатар, әлеуетті инвес­торлар үшін қызықты тұстардың бірі – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларына жеке немесе заңды тұлғалар бірлестігі, яғни консорциумдардың қатыса алатыны. Бұл өте маңызды, өйткені, МЖС жобалары көбінесе жеке инвесторлар тарапынан үлкен қаржылай салымдар салуды талап етеді. Консорциумдар құру мүмкіндігі инвесторларға күш-жігерлерін, тәжірибелерін, білімдері мен біліктіліктерін біріктіруге, сөйтіп, табысты жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Құрылатын консорциум ішінде инвесторлар өз өкілеттіліктерін бөлісе алады, мысалы құрылыс саласында мол тәжірибесі бар ірі құрылыс компаниясы озық медициналық клиникамен, ұжымдармен немесе сақтандыру институтымен бірігеді.

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Астана.