• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2013

Мұғалім мамандығы – адамтанудың қайнар көзі

377 рет
көрсетілді

Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Жамбыл облыстық білім басқармасы осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізуде екен.

 

Елімізде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Жамбыл облыстық білім басқармасы осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізуде екен.

Ә дегеннен айтарымыз, білім беру жүйесіне бөлінетін қаржы көлемі өңірде жыл сайын өсуде. Мысалы, үстіміздегі жылы 64,1 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 2012 жылы 8 млрд. 153 млн. теңге игерілсе, үстіміздегі жылы осы мақсатқа 8 млрд. 865 мың теңге жұмсалмақшы.

«Балапан» бағдарламасы да балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні облыста 195 балабақша мен 174 шағын орталықта 37467 бала тәрбие­леніп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 46,5%-ды, 3-6 жас аралығында 64,6%-ды құрап отыр. Егер 2011 жылы облыста 169 балабақша мен 183 шағын орталықта 32075 бала тәрбиеленіп, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында 42,2%-ды, 3-6 жас аралығында 60,5%-ды құрағанын ескерсек, бұл бағдарламаға сәйкес өркенді өсудің мысалын көрсетеді. Сөзіміз де дәлелсіз емес. Өйткені, биыл «Балапан» бағдарламасы аясында облыс бойынша 3160 орындық 18 балабақша, 1 шағын орталық ашу жоспарлануда.

Ел келешегінің кілті – білім мен ғылымда. Өткен оқу жылында облыс бойынша күндізгі жалпы орта білім беретін 456 мектепте 182324 оқушы білім алыпты. Оның ішінде 66 бастауыш мектепте – 1994 оқушы, 40 негізгі мектепте – 5263 оқушы, 350 орта мектепте – 175067 оқушы оқыған. 456 мектептің 310-ы қазақ тілінде, 15-і орыс тілінде, 130-ы қазақ және орыс тілдерінде, 1-і өзбек тілінде білім бергенін де айта кету керек шығар. Бұрнағы оқу жылына қарағанда мемлекеттік тілде оқитын оқушылар үлесі 74%-дан 74,8%-ға, яғни 0,8 %-ға артқанын да байқаймыз.

Облыста мұғалімдердің білімін, кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіле бастағанын да қолдау қажет деп білеміз. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша 3 айлық біліктілікті арттыру курстарынан 580 мұғалім өткен. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы облыстан 58 педагог қызметкер шет мемлекеттерде, атап айтқанда Ұлыбритания, Германия, Ресей, Сингапур, Түркия, Белоруссия, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктерінде іс-тәжірибе алмасу мақсатында болып қайтыпты.

Құптарлығы да, қуанарлығы да сол, өңірдегі білім мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтардың 46,6%-ы оқы­ту­дың жаңа технологияларымен жұмыс істеуге ұмтылуда. Соның арқасы шығар, өткен оқу жылы облыс педагогтары республикалық, халықаралық байқауларда 28 жүлделі орындарды иеленген. Әсіресе, «Үздік педагог» бай­қауын ерекше атап өтуге болатын сияқты. Мысалы, еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған 48 мұғалімнің ішінен облыстың Жуалы ауданындағы Т.Тастандиев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүй­сен­баев, дарынды балаларға арналған ма­ман­дандырылған мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Шев­ченко, Жамбыл политехникалық кол­лед­жінің информатика және арнайы пәндер оқытушысы Махаббат Айтбаева ең үздік ұстаз деп танылған. Оларға еңбегіне қарай құрмет көрсетіліп, әрқайсысына 1 млн. 618 мың көлемінде ақшалай сый­лық берілуі де құптауға тұрарлық. Әри­не, саусақ бүгіп санамалай берсе, облыс бойынша мұндай өз ісіне адал, өз маман­дығының білгірі болып табылатын жақсы ұстаздар көптеп саналады.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасы 2013 жылдың 12-18 наурыз күндері аралығында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша Талдықорған қаласында және 25-31 наурыз күндері аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Тараз қаласында өткені белгілі. Осы олимпиадаға барлығы 84 оқушы қатысса, оның 59-ы жүлдегер атанып, 23 оқушы алтын, 13 оқушы күміс, 23 оқушы қола медальмен марапатталды. Міне, осы білім бәсекесінде Жамбыл облысының командасы екінші жыл қатарынан командалық І-ші орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Оның ішінде облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты «Ең үздік олимпиада мектебі» атағын қатарынан бесінші жыл иеленген. Сондай-ақ, облыстық «Дарын» мектеп-интернаты мен облыстық Айша бибі атындағы дар ынды қыздарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты да үздіктер қатарынан көрініпті.

Білім биігі – бәсекеде анықталады. Өткен оқу жылында республикалық ғылыми жарысқа қатысқан оқушылардың 18-і жүлдегер атанып, 3 оқушы алтын, 3 оқушы күміс, 12 оқушы қола медальмен марапатталған. Ал халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардан облыс оқушылары 6 алтын, 16 күміс, 25 қола медальмен оралған. Соның бірі 2013 жылдың 22-28 сәуір күндері Ташкент қаласындағы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының базасында өткен 47-ші халықаралық Менделеев олимпиадасы деуге болады. Міне, осы білім сайысынан Қазақ еліне бұйырған жалғыз алтын медальды облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Қайрат Әшім иеленсе, сондай-ақ, осы мектептің 11-сынып оқушылары Азамат Рысқұлбеков, Жасұлан Биназар және Тараз қаласындағы №1 гимназияның 11 сынып оқушысы Богдан Загрибельный қола медальға ие болған. Яғни, аталмыш олимпиадада Қазақстан құра­ма ко­мандасының 6 оқушысы жеңім­паз атанса, оның 4-еуі Жамбыл облысының дарынды оқушылары болып отыр. Бұл жетістік білім саласы басшыларының да, сапалы білім, саналы тәрбие беретін мұғалімдердің де ортақ қуанышы екені рас. Оған Дания мемлекетінің Копенгаген, Швейцария мемлекетінің Берн, Ресей елінің Мәскеу және Саха Республикасының Якутск қалаларында физика, математика, химия және информатика пәндерінен өткен білім бәсекелерінен жеңімпаз атанып, жүлдемен оралған жамбылдық оқушылардың жетістіктері айғақ.

Бүгінде оқушылардың жылдар бойы жинаған білімдерінің бағасын ҰБТ беретін болды. 2013 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге облыс бойынша 10410 мектеп бітірушінің 7374-і (70,8%) қатысыпты. Олардың 81,2%-ы (5987) қазақ тілінде, 18,8%-ы (1387) орыс тілінде білім алған. Ал ҰБТ қортындысы бойынша орташа балл 75,02-ні құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,69-ға жоғары екен. Ең жоғары 120-124 балды 37 бітіруші, оның ішінде 124 балды 3 бітіруші иеленген. Олар Тараз қаласындағы №1 гимназия бітірушісі Назира Балташева, Жуалы ауданы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназия бітірушісі Нүрила Іният және Т.Рысқұлов ауданындағы №2 орта мектеп бітірушісі Абай Байділдаев болып табылады. «Алтын белгіге» ұсынылған 297 үміткердің 41,7%-ы (124) өз білімдерін дәлелдеп шығыпты. Бұл – Алматы, Астана қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан кейінгі 4-ші орынды көрсетеді. Ең бастысы, төмен нәтиже көрсететін мектептер саны азайған. Соның нәтижесінде облыстың білім саласындағы көрсеткіші биыл республика бойынша 8-ші орынға көтерілген.

– Ағымдағы жылы білім нысанда­ры­ның материалдық техникалық жаб­дық­талуына 10,3 млрд. теңге бөлінді. Сонымен бірге, апатты жағдайдағы, үш ауысымды, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан мектептердің мәселесін шешу де ең негізгі міндеттердің бірі болып отыр, – дейді облыстық білім басқармасының бастығы Сұлушаш Құрманбекова.

Оған тиісінше қаржы да қарас­ты­рылыпты. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы барлығы 24 білім нысанының құрылысы жүргізілуде болса, оның ішінде 11 нысанды 2013 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.

Мысалы, жаңа оқу жылы қарсаңында Жамбыл ауданы Жасөркен ауылындағы 300 орындық, Жуалы ауданы Ақтөбе ауылындағы 150 орындық және Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы 300 орындық орта мектептері пайдалануға берілмекші. Ал жыл соңына дейін Жамбыл ауданы Қаратау учаскесіндегі 120 орындық, Қордай ауданы Кенен ауылындағы 600 орындық, Масаншы ауылындағы 825 орындық, Мойынқұм ауданы Мыңарал бекетіндегі 120 орындық орта мектептер өз шәкірттерін қабылдамақ.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында педагог мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Себебі, мұғалімдік мамандық – адамтану өнерінің қайталанбас нұсқасы. Ендеше, мұғалімдердің ең жоғары жетістіктерін насихаттау, педагогикалық шеберлік байқауларын өткізіп, түрлі іс-шаралар арқылы педагогикалық мамандықтың қоғамдық беделін жүйелі түрде көтеру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қорыта айтқанда, Жамбыл облысындағы білім беру саласынан замана талабына сай ерекше қарқынмен ілгерілеу үдерісін байқадық. Ол, әрине, оқушыларды білім мен ғылымға баулу мен тәрбие беру ісіндегі нақты мысалдардан көрінуде.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.