Қыстың бораны мен бұрқасыны, қары мен көктайғағы алмасып келіп тұрады. Осындай табиғат құбылыстарынан кейін іле-шала қар тазалау, көктайғаққа құм себу жұмыстары жүргізілмесе, тұрғындардың тайып жығылып, аяқ-қолын сындырып алуы әбден мүмкін.
Солай болып та жүр. Оның алдын алудың бір жолы көшедегі қарды тиеп, қаланың сыртына тасымалдау және мұздақтың үстіне құм немесе тұз себу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу.
Әйтсе де Ақтөбе қаласында бұлай болмай отыр. Қалалық әкімдік тарапынан аталған істерді атқарумен айналысатын мердігерлік компанияларға қойылатын талаптың төмендігінен көктайғақ әлі де қауіпті.
Облыс орталығындағы қала көшелерін қардан және көктайғақтан тазалау жұмыстарын сегіз компания мемлекеттік сатып алулар арқылы ұтып алыпты. Сол уақытта құжаттарында ешқандай мін болмаса, кейіннен «түйелерін көпірден өткізіп алған» соң олар жұмысшылар санының аздығын және техника жетіспеуін көлденең тартып әртүрлі сылтауларды қаптатып жіберген. Бүгінде мемлекет қаржысын қалталарына салып алған «Автолайн», «Табыс ел», «Бошан ТрансАвто», «Ерхат жолдары», «Коквест», «Барлық Құрылыс» ЖШС компаниялары жалпы көлемі 5,5 млн шаршы метрді құрайтын 711 көшені қар мен көктайғақтан тазалауы тиіс. Әйтсе де олардың қазіргі іс-қимылдары мардымсыз, тіпті жоққа тән екені қала тұрғындарының орынды өкпе-ренішін туғызып жүр.
Қалада өткізілетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстар кезінде мемлекет қаржысы осылай тектен-текке шашылып кете бере ме? Бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан белгілі бір компанияларға қойылатын талаптың төмендігі мен келісімшарттардың босаң, жалпылама жасалғаны айқын көрінеді. Мұның өзі ең алдымен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің қызметіне үлкен сын болмақ. Сондықтан да алдағы уақытта әрбір мердігер компанияның атқаратын қызметінің ауқымы мен көлемі нақты көрсетілсе, енжарлық пен сылбырлық қайталанбас еді.
АҚТӨБЕ