• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Наурыз, 2020

Қаңғыбас иттер қорғалады

715 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңында әлем жұрты жағасын ұстады. Француз актрисасы, танымал табиғат қорғаушысы Бриджит Бардоның халықаралық қоры Қазақстанның батыс өңірінде қаңғыбас иттерді тірідей өртейтінін айтып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды.

Әрине жан иесін тірі­дей өртеу – ақылға сыймай­тын жа­уыздық. Батыс Қазақ­стан облысында дәл мұндай оқиға болды деп айту қиын. Бірақ оралдық «жасылдар» өңірде қаңғыбас ит пен мы­сыққа қарсы күресте ал­дың­ғы қатарлы елдерде қол­да­нылатын гуманизм қағи­да­лары сақталмайтынын айтып, көптен дабыл қағып жүргені рас. Соңғы жылдары бекітілген тәртіп бойынша қаңғыбас итті ұйықтататын дәрімен атып, ұс­таған соң екі айға дейін ар­найы питомникте сақтап, иесі болса, келіп алып кетуін күту немесе жаңа қожайынын та­буға мүмкіндік беру талабы да сақтала бермейді. Бұл жө­нінде жергілікті басылымдарда бірнеше мәрте мақала шыққан болатын.

2019 жылы жаз айында қаң­ғыбас ит пен мысық мәсе­лесіне орай бірнеше қоғамдық тыңдау өтті. Екі жақтың пікі­рі ескеріліп, жаңа ереже бе­кі­­тілді. Яғни қаңғыбас ит қа­уіпті, қабаған болса жойылады. Қал­ғанын піштіріп, екпе беріп, арнайы чип орнатып, қайтадан қоя беретін болды.

Жақында облыс әкімі Ға­ли Есқалиев Орал қалалық ветеринария стансасына барып, бұ­ралқы ит пен мысыққа жа­салатын стерилизация немесе кастрация жұмысымен танысты.

– Бұралқы ит-мысық – қо­ғам­ға қауіпті. Адамға шабуыл жасауы, ауру таратуы мүм­кін. Мұндай жағдайға өзі­міз кі­нәліміз. Өйткені өрке­ниет­ті елдерде ит пен мысық­ты ұс­таушылар екі санатқа бө­­­лінеді. Біріншісі – ит пен мы­сықтан асыл тұқым алып, са­тып, бизнес жасайды. Олар ит-мысығын ресми тіркеп, салығын төлеп, бел­гіленген ве­теринарлық қыз­меттерді мұ­қият жасап отырады. Екін­шіден, үй жануарларын өздері үшін – үй күзету, балалардың ой­науы үшін ұстайтындар да бар. Олар да аталған үй жа­­­нуарларын ресми түрде тір­­кеп, кішігірім операция жа­­­­сауы тиіс. Міне, осындай әдіс­­­ті пайдаланатын елдердің кө­шелерінде қаңғыбас ит-мы­сық болмайды. Біз дамыған, өркениетті елдердің нормаларына алғашқы қадам жасадық, – деді Ғ.Есқалиев.

Орал қаласында орта есеппен жыл сайын 5 мыңдай бұ­ралқы ит пен мысық жойыла­ды екен. Бұған қала бюдже­тінен былтыр 30 млн теңгеден артық қаражат жұмсалған.

Енді жаңа ереже бойынша ұсталған жануарлардың басым бөлігі зарарсызданды­рылады. Жануарларды емдеп, тамақ­тандырып, бар­лық ақпарат енгізілген чип са­лын­ған соң ұсталған аймақ­қа ке­рі қай­тарылады. Ма­ман­дар­дың пі­кірінше, мұндай жа­нуар­лардың агрессиясы азая­­ды. Ең бастысы, ұрпақ әкел­­мей, белгілі бір уақыттан соң бұ­ралқы ит-мысық саны күрт төмендейтін болады. Оған қоса, тірі жүрген иттер қа­­лада егеуқұйрық сияқты зиян­­кестердің шектен тыс кө­­бейіп кетпеуіне, табиғи тепе-тең­­діктің сақталуына әсер етеді.

Өңір басшысының есебі бойынша, жаңа бастама бюджет қаржысын үнемдеуге де әсер етпек. Мәселен, ит-мы­сық ұстайтын арнайы орта­лық құ­рылысына шамамен 800 млн теңге және оның жыл са­йын­ғы шығынына 180 млн теңге қаражат қажет екен. Ен­ді осы жұмыстарды жа­ңа ере­жеге сай атқару үшін жы­лына небәрі  28 млн тең­ге жұмсалады. «Негі­зінде, осындай сома бұ­рын ит­­тер­ді атып жүрген кезде де бөлінген болатын, бірақ еш нәтиже бер­меді», дейді әкім.

Оралда бұралқы ит-мы­сықты зарарсыздандыру ісі­не Жәңгір хан атындағы Ба­тыс Қазақстан аграрлық-тех­никалық университеті жеке серіктес ретінде қатысуға ұсы­­­­ныс білдірген. Өйткені олар­­­дың ветеринарлық клини­касы, арнайы мамандары, ве­те­ринария факультетінің оқы­тушылары мен жоғары курс студенттері бар. Бұл со­нымен қатар студенттер­ге тә­жірибе жинауға көмек­теседі.

– Бұралқы жануарлар мә­се­лесін кешенді шешудің ке­ле­сі кезеңіне өтуді тапсырдым. Яғни барлық үй жа­нуар­ларының иелері ит-мы­сығын тіркеуі, вакцинациялауы және чип енгізуі тиіс. Ит-мысықты бизнес емес, өздері үшін ұс­тайтын тұрғындар иттерді немесе мысықтарды зарарсыздандыруы керек. Операцияға қаражаты жоқ тұрғындарға жарты сомасын бюджеттен субсидиялау мәселесін де қа­рас­тыруға болады, – дейді облыс әкімі.

 

Батыс Қазақстан облысы