Қазір тарих ғылымында орын алған тәуелсіз рухтан қанаттанған ахуал кімнің кім екенін қоғам алдында ашып көрсетті. Бүгінге дейін жазба тарихымызды жазған зерттеушілер негізінен бірнеше топтарға жіктеледі: Олардың алғашқылары біздің ойымызша, аузын ашса «иншалланың» орнына ескі әуенге жаңа қайырма жасайтындар, яғни тарихты саясиландырып, оны билікке жағыну құралдарына айналдырғандар. Мұндай кісілер президенттер ауысқан сайын тарихты да ауыстыруға бейім. Аға ұрпақта тағы бір тарихшылар тобы бар: олар кезінде тарихи шындықты айтқысы келсе де айта алмаған, сүбелі зерттеулерінде әдептілік, ұстамдылық танытып, әр тақырыптың басын бір шалмай, тұрақты бір кезеңнің айтуға, жазуға рұқсат етілген шындығын байыпты зерттеп баяндап, тарихи фактілерге сергек қараған, тарих майданында «ақ» пен «қараны» айқын айыра алатын, билікке емес, тарихтың өзіне белсенді қызмет еткен тарихшылар.
Бұл кісілердің бұрынғы жылдары жазылған еңбектері коммунистік идеология соқпағында дүниеге келсе де, олар бай, түпнұсқа деректік материалдарға құрылғандықтан бүгінгі күндері де өз құнын жоғалтпай, осынау аумалы-төкпелі заманда Қазақстан тарихының кәдесіне әлі де жарап жатыр. Мұндай еңбектер сол кездегі ресми идеологияның аумағынан арыла алмаса да, олардың авторлары нағыз талантты ғалымдар болғандықтан жазба тарихымыз жалпы алғанда әкімшіл-әміршіл жүйенің қатал таптауына төтеп бере алды. Құдайға шүкір, осындай бағалы еңбектер берген және қазіргі тарихымызды ақиқаттың көзімен қайта қарап, оны шынайы жазу тәрізді игі істерге мұрындық болып, кейінгі талантты тарихшылар ұрпағына күрделі тарих соқпағында жол ашып, жылы лебізімен де, ерен еңбегімен де тәуелсіз Қазақстан құрметіне бөленген аға толқынды да көрдік. Көзден кетсе де, көңілде олар. Осындай қадірменді ғалымдардың бірі республика мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сонау, тарихымыз Мәскеудің қытымыр саяси қадағалауына іліккен заманның өзінде жалындаған 37 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған академик Кеңес Нұрпейісұлы болатын.
Халыққа қызмет жасаса да халық жауы атанған Алашорданы алғашқы ақтаушылардың ақсақалы болған бұл кісінің өмірбаянына үңілсеңіз, ғылымдағы тиянақтылығының сырын айқын ұғынғандай боласыз. Көрнекті ғылым қайраткерінің негізгі еңбек жолы екі ғана беделді оқу-ғылыми мекемелері төңірегінде өрбіген екен. Оның алғашқысы – өзі тарихпен ауызданып білім алған, қазақ жоғары оқу орындарының көш бастаушысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болса, ал екіншісі – өзі қабырғасында өмір бойы жемісті еңбектенген Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. Бұл дегеніңіз тарихты өзіңнің бұлжымас тағдырыңа айналдыру деген сөз ғой.
Ол алғашқысының – тарих факультетінің есігін тепсе темір үзетін балауса, келбетті де көрікті жас жігіт кезінде қағып, оны үздік оқып тәмамдаған соң қабілетті маман ретінде университет қабырғасында оқытушылық жұмысқа қалдырылды. Бірақ ғылымға деген іңкәрлік оны Ғылым академиясының Тарих институтына жетеледі де тұрды. Көп кешікпей-ақ, осында кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан Кеңес Нұрпейісұлы біртіндеп, ұзақ жылдар бойы кәнігі ғалымдар бастан кешкен барлық ғылыми толысу кезеңдерінен өтті. Ол атап айтар болсақ, осы академиялық институттың Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, академигі ретінде елге танылды. Ұлттық тарих ғылымының шын мәніндегі орталығы болып табылатын осынау мекемеде Кеңес Нұрпейісұлы ұлт тарихы үшін маңызды да ауқымды шаруаларды тындырды. Оны ол жазып жарыққа шығарған кітаптар, монографиялар тізімінен айқын аңғаруға болар еді. «Қазақстан кеңестері жұмысшылар мен шаруалар өкіметін нығайту үшін күресте» (1968 ж.), «Қазақстанның шаруалар кеңестері: ұжымдасу, нығаю тарихы және ауылдық Кеңестердің 1917-1929 ж.ж. практикалық қызметі» (1972 ж.), «Қазақстан – республикам менің», «Қазақ кеңестік мемлекеттілігінің құрылуы» (1980 ж.), «Қазақстан кеңестерінің қалыптасуы» (1987 ж.), «История крестьянства Казахстана», «Алаш һәм Алашорда» және т.б. іргелі ғылыми-зерттеулер осы айтылғандардың куәсі.
Иә, тарих ғылымында салмақты да байыпты мұндай монографиялық кітаптар жариялау екінің-бірінің қолынан келе бермес тірлік. Оның үстіне шартарапта жарық көрген бірнеше жүздеген ғылыми мақаланы есепке алыңыз. Тағы бір сүйсінерлік нәрсе, өзі кеңес заманы қалыптастырған ғалым бола тұра, тәуелсіз ел болған тұста да тарихымыздағы жаңа ғылыми концепцияларды ұстанған іргелі де еңселі еңбектердің кірпіштерін өз қолымен қалап, бүгінгі жазба тарихымыздың қабырғасын көтергендердің бірі де осы Кеңес Нұрпейісұлы. Ал енді осы қабырғада «ақтаңдақтар» көп болса, оған оны емес, сол жылдардағы ресми коммунистік идеологияның «әсіре бояушыларын» айыптаған жөн болар. Аталған тарихи еңбектер арасынан К.Нұрпейісұлының авторлық қатысуымен жарық көрген 12 томдық және 4 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы», 5 томдық «Қазақ ССР тарихының» 4-ші томы, «История крестьянства Советского Казахстана» атты еңбектің 1-ші томы ерекше көзге түседі. Кезінде идеология «салқынына» ұрынғанына қарамастан, мұндай татымды еңбектердің деректік және танымдық маңызын ешкім де жоққа шығара қоймас деген ойдамыз.
ХХ ғасырдың 80-жылдарында қайта құру мен жариялылық науқаны басталған бетте-ақ, жаңа саяси ахуалды қабылдай алмаған, айтары да жазары да таусылған кісілерді тарих ғылымы көріп отыр, дедік жоғарыда. Кеңес Нұрпейісұлын ондай науқаншыл зерттеушілер қатарына қоса алмаймыз. Тарихи шындықты айтуға мүмкіндік туған бетте-ақ, ол кісі ақиқаттың жұлдызын бетке алып, бағдарын қайта анықтап, тарих төсінде қаламын бұрынғыдан да қарымды сілтеді. Алаш партиясын «буржуазиялық ұлтшыл» деген жаладан аршып алуда, қазақ шаруаларының қасіретін шынайы көрсетуде, кезінде елде белең алған саяси репрессияны әшкерелеуде жаңа жағдайда жалтақтамай, батыл белсенділік танытқан және осынау өткір тақырыптарды зерттеуге бет бұрған кейінгі інілерін кейбіреулер құсап жазықсыз сөкпей, басқаның еңбегіне көз алартпай, таланттарға іштарлық танытпай, қайта шынайы сүйсініс, нақты қолдау көрсете алған саусақпен санарлықтай аз ғана аға буын өкілдері қатарында осы Кеңес ағамыз да бар. Сол бізге мақтаныш және жарық жұлдыздай үлгі болып қалды.
Кеңес Нұрпейісұлының шәкірттері көп. Оның 30-дан астам шәкірті ғылыми жұмыстарын аяқтап, диссертациялар қорғап, ғылыми дәрежелерге ие болды. Ол баулыған бірнеше ғылым докторының бірі «Қазақ шаруаларын жекеменшік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған осы жолдар авторы екенін айта кету де шәкірттік міндетіміз болса керек. 1973 жылдан бері ол, негізгі ғылыми жұмысымен қатар Қазақ Мемлекеттік қыздар институтында профессор ретінде ұстаздық жұмысты қоса атқарып келді. Осылайша ол жас ұрпақтың тарихи санасын көтеруді де назардан тыс қалдырмаушы еді. Кезінде Кеңес Нұрпейісұлы жазуға қатысқан орта мектептің 11 класына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы да осының куәсі іспетті.
Кеңес Нұрпейісұлының қоғамдық жұмысы да оның ғылыми жұмысымен тығыз байланысты болды. Ол республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы Алматы бөлімшесінің төрағасы болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға белсенді атсалысты. Оның бастамасымен 1991 жылы «Қазақстандағы 1917 жылдан кейінгі саяси қуғын-сүргін» тақырыбына арналған республикалық ғылыми-конференция төл тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» жоюға, кезінде жазықсыз қуғындалғандарды ақтау ісіне соны бастау болып, осы маңызды жұмысқа жаңа серпін берді.
Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми бағдары 1916 жылғы көтеріліс, 1917 жылдағы қос төңкеріс, азаматтық қарсы тұру, қазақ мемлекеттілігінің құрылуы және өркендеуі, Қазақстан шаруаларының және шаруалар ұйымдарының тарихы, Алаш қозғалысы және Алашорда тәрізді күрделі ғылыми мәселелерді қамтыды. Ол кісінің ХХ ғасырдың көрнекті тарихи тұлғаларының қызметін зерттеуге байланысты жұмыстары да ауқымды болды. Соңғы жылдары ол, ХХ ғасырдағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін зерттеуде белсенділік көрсетті. А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, С.Сәдуақасов және т.б. Алаш ардақтылары туралы шынайы еңбектер және өзінің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында аяқтаған, біз жоғарыда атап кеткен «Алаш һәм Алашорда» атты тың монографиялық зерттеуі осының нәтижесі. Бұл еңбек тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алаш қозғалысына жаңа көзқарас қалыптастыруда шешуші ықпал жасады. 1995 жылы жарыққа шыққан осы монографиялық зерттеуі көпшілікке кең таралып, осы маңызды мәселеге байланысты тарихшылардың жаңа ұстанымын елге танытты. Еңбекте алғаш рет Алаш қозғалысына мүше болғандар мен оған ниеттес кісілердің тізімі жарияланды. Бұл тізімді автор бұдан әлдеқайда бұрын 1991 жылы республикалық журналда да жариялаған еді. Әрине бұл тізім зерттеушілер тарапынан кейіннен толықтырылды.
Осы байыпты зерттеуде автор көп жылдар бойы жазықсыз қараланып келген Алаш қозғалысы тарихының кейбір күрделі мәселесін шынайы баяндап, олардың ақиқатын оқырманға анықтап берді. Енді солардың біріне тоқталар болсақ, мынаны айтар едік: Алаш қайраткерлерінің 1916 жылғы көтерілісте отаршылдарға қарсы көтерілмеуге ашықтан ашық шақыруы, қозғалыс қайраткерлерін патша үкіметін қолдаушылар, ұлттық мүддені сатушылар ретінде кінәлауға негіз болып, большевиктік тарихнаманың ақты қара деп бұрмалауына жол ашты. Кеңес Нұрпейісұлы Алаш көсемдерінің мұндай бағытты ұстанған себебі халықты зеңбірекке қарсы сойыл сүйретіп шығып, қырылып қалудан сақтандыру болғанын дәлелдеп жазғаны белгілі. Автор Алаш көсемдерінің көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да шынайы тілектес болып, оларды қорғағандарын атап көрсеткен еді. Осы кітаптың «Алашорда және Кеңес өкіметі» атты тарауында автор өзін бұл тақырыпты өте терең білетін, аса күрделі тарихи құбылыстардың ішкі механизмін жетік меңгерген ірі маман ретінде дәлелдеді. Мұнда жеке тұлғалар әрекеті, олардың көзқарас эволюциясы, дәлірек айтсақ, Алашорда қайраткерлерінің өзара қарым-қатынастары, олардың атаман Дутовқа, Колчак үкіметіне деген ниеттері қандай болғаны, және басқа да әртүрлі уақытша үкіметтермен күрделі дипломатиялық байланыстары еш қалтарыссыз, айқын зерттелген. Онда мысалы, Алашорданың батыс бөлімінің іс-әрекеті, Мұхаметжан Тынышбаевтың Қоқан (Түркістан) автономиясы басшылығынан кету себептері, Амангелді Имановтың өлтірілуіне қатысты мәселелер, Алашорданың өзі кезінде қарсы күрескен Кеңес өкіметі жағына шығу себептері тәрізді күрделі мәселелер ОГПУ архивінің деректері негізінде анықталып, жан-жақты ашып көрсетілген. Бұл айтылғандардың бәрі кезінде тарихымызда бұрмаланып, олар туралы дұрыс пікірлердің қалыптаспағаны белгілі. Мысалы, халқымыздың айтулы ұлы Міржақып Дулатұлы халық батыры Амангелдіні атып өлтіруші қылмыскер ретінде кеңестік тарихнамада қараланып келген болатын. Осынау тарихымыздағы даулы мәселенің басын ашқан Кеңес Нұрпейісұлы ОГПУ тергеушілеріне Міржақып Дулатұлы өзі берген жауапты құпия архивтен алып сөзбе-сөз келтіру арқылы тарихи шындықты қалпына келтірді.
Айтылғандарды қысқаша тұжырымдасақ: мұның бәрі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында орын алғандықтан қоғамның саяси және ұлттық рухын көтеруде аса маңызды болды. Кеңес Нұрпейісұлы КСРО-ның және ТМД елдерінің көптеген ғылыми конференциясында тарихымызды басқаларға танытумен шектелмей, арнайы ғылыми шақырулармен алыс шетелдерге де шығып жүрді. Мысалы ол 1990 жылы АҚШ-та Калифорния университетінде лекциялар оқыса, ал 1994 жылы Анкарада өткен түрік дүниесі тарихы бойынша конгресте «Алаш қозғалысы тарихының деректік негіздері» деген тақырыпта жабық деректерді жария етіп, ауқымды да құнды баяндама жасады.
Кеңес Нұрпейісұлының «Қазақстан Республикасы ғылым академиясының жаршысы» журналындағы ұзақ жыл жауапты хатшылық және 12 монографиялық зерттеуді, көптеген мақала жинақтарын редакциялау жұмысы оны тағы бір қырынан көрсете алар еді. Ол сондай-ақ көптеген ғылыми құжат жинағын құрастырушы және оларды шығарушы редактор да болған. Ол кісінің басшылығымен «Туған өлке» журналы жарық көрген-ді.
Қайраткер ғалымның көкейінде көп арман, болашаққа арналған ауқымды ғылыми жоспарлары бар еді. Төтелеп келген арсыз ажал оған мұрша бермеді. Оларды жүзеге асыруда қарымды зерттеушілер – академиктер М.Қойгелдиев, Д.Қамзабекұлы, жазушы-ғалым Т.Жұртбай және т.б. іргелі жұмыстар тындырды. Бүгінде оған да шүкіршілік айтамыз. Осындайда тағы бір айта кетер мәселе – К.Нұрпейісұлы қайтыс боларынан бір жыл бұрын өзінің баспасөзге берген сұхбатында былай деген еді: «Әлихан Бөкейханов өзінің күрделі тағдырына байланысты өмірінің көптеген жылын Қазақстаннан тыс жерлерде өткізді. Ол 1917 жылға дейін Санкт-Петербор, Орынбор, Омбы, Самара және т.б. қалаларда тұрақтап оқу оқыды, қызмет атқарды. Ал Кеңес өкіметі Алаш арысының халық алдындағы беделінен сескеніп, оған туған елінде тұрып, жемісті еңбек етуіне мүмкіндік бермеді. Сондықтан да әлихантануды жаңа сатыға көтеру үшін жоғарыда аталған қалалардың мұрағаттарын, кітапханаларын сүзгіден өткізу қажет. Шама мен мүмкіндік жетіп жатса, оның шығармаларының толық, академиялық жинағын шығару, кезінде орыс тілінде жарияланған еңбектерін ана тілімізге аударып, оқырмандарға ұсыну керек-ақ. Осылардың негізінде Әлихан Бөкейхановтың ғылыми ғұмырнамасын жасау ләзім» (қараңыз: «Тарихи тұлғалар» кітабы, 374-беті). Ғалымның бұл сұхбаты басқа да татымды еңбектерімен бірге оның соңғы, қайтыс болған соң жарық көрген «Тарихи тұлғалар» атты көлемді ғылыми жинағына енді. Бұл еңбектің де оқырман қауымға, кәсіби тарихшыларға берері көп-ақ. Иә, орынды ұсыныс әрқашан өз қолдаушыларын таппақ. Бүгінде әдебиетші-ғалым С.Аққұлыұлы бастаған зерттеушілер тынбай ізденіп, еңбектеніп, Әлиханның шығармаларының көптомдығын жарыққа шығарып отыр. Сонымен қатар К.Нұрпейісұлының қайтыс боларының алдында: «Әлихан Бөкейхановқа тек қана Қарқаралы өңіріндегі Ақтоғай ауданында ғана емес, ел ордасы Астанада, республиканың мәдени-рухани орталығы Алматыда ескерткіштер орнатып, осы аса ірі тұлғаны мәңгілік есте сақтау шаралары жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді» деген абзал тілегі бар (сонда). Осыдан 14 жыл бұрын айтылған бұл ұсыныс та баяу болса да біртіндеп жүзеге асу үстінде. Аумалы-төкпелі саяси үдерістерді бастан өткізген, және Алаш қайраткерлері еңбектерінің өткеніміз үшін емес, болашағымыз үшін аса маңыздылығын әлі де толық ұға қоймаған бүгінгі біздің қоғам, енді ғана еңсесін көтеріп келе жатқандай. Қалай десек те бұл айтылғандар тәуелсіз еліміздің өскелең жаңа ұрпағының мойнына артылған салмақты рухани жүкке айналып, бізбен бірге келе жатыр.
Талас ОМАРБЕКОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор