• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Наурыз, 2020

Өмірін өзі қиғандар

599 рет
көрсетілді

Еліміздің Бас прокуратурасының ресми мәліметі бойынша 2019 жылы 180 бала өзіне өзі қол салып, 351 жасөспірім өмірмен қоштасуға әрекет жасаған. Бұл 2018 жылға қарағанда 6,7 пайызға көп. Неге кейде бір әулеттің «ішкені алдында, ішпегені артында» дейтін, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз баласы, үкілеген үміті, өзін өзі өндірдей жаста өлімге қияды? Қысқасы, бүгінде жасөспірімдер арасындағы суицидте еліміздегі төрт өңір көш бастап тұр.

Егер әлемде жылына 800 мың адам өзіне қол салатын бол­са, еліміздегі жалпы суицид­тер статистикасы да көңіл көншіте қоймайды. Өйткені өмірін өзі тәрк еткендер саны 2019 жы­лы 3805 адамға жетіп, 7,4 пайыз­ға көбейді. Мамандар суицид­ке барудың биологиялық, әлеу­мет­тік және соматикалық 800 түр­лі себебін алға тартса, соның ба­сым бөлігін айтудың өзі кү­пір­лік, тіпті түкке тұрғысыз болып келеді. Бізге белгілі басты себептері – жалғыздық, күй­зеліс, қарыз, жазылмайтын дерттер. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі Алматы облысына тиесілі – 425 адам. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр – 411. Үшінші орында Түркістан облысы – 342, төртінші орынға Қарағанды облысы «таласса», бесінші орындағы Алматы қаласында 285 жанның жаназасы шығарылған жоқ... 

Әрине бұл сандар жазуға ғана оңай, әрбір цифрдың астында көл-көсір қасірет, ата-анасы, жақындарының өмірлерінің соңына дейін бітпейтін өкініші қалатыны айтпаса да түсінікті.

Сонымен суицид мәселесі неге елімізде өзектілігін жоймай отыр? Қазақстан өзіне өзі қол салу жағынан әлемдегі үштіктен орын алса, Орталық Азияда алдына ел салмайды. Бұл да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дәйектелген мәліметі.

Қалай десек те, адамның өз өміріне балта шабуы – көп­фак­торлы қайғылы құбылыс. Елі­міздегі суицид мәселесін сарап­тай келгенде, төмендегідей мәселелер қатары шығады: мар­құмдарды осы қадамға жете­лейтін депрессивтік симптоматика, адамдардың жеке жаратылысы мен қоғамнан оқшаулану, жақындарымен тіл табыса алмау. Ең бастысы, бұл жерде қо­ғам­дағы таптаурын түсініктер мен кемсітушілік те аз рөл атқар­майды.

Мәселен, басы бір іске шатылған, яки болмаса дертке душар болғандар психолог, психотерапевке барып, тығырықтан шығудың жолын іздемейді. Мамандарға ауру адам ғана барады деп есептемек. Ал мына алашапқын өмірде «депрессия» дегеннің өзі дерттің үлкені екенін мойындау менталитемізге әлі де жат.

Осы арада мына бір мәліметтерге де мән бере кеткен жөн. Мәселен, өзіне өзі қол жұмсау ерлер арасында көп пе, әлде әйелдер жағы әлсіз бе? Мыса­лы, жоғарыда 2019 жылы 3805 адам суицид жасады деген деректі алға тарт­тық. Осылардың 3 мыңға жуығы ер-азамат болса, оның 772-сі қыз-келін­шектер. Және өзіне өзі қол салған ер-азаматтардың 73,6 пайызы сау күйінде осы қадамға барса, 80 пайыз әйел де ішкіліксіз-ақ өмірден өтіп отыр.

«Өмірін қиюға әрекет жасау әйел­дерде көбірек болғанымен, ерлерде көбіне бұл 3-6 есеге дейін қайғылы жағдаймен аяқталады. Әйелдер әсерлен­гіш болып келетіндіктен, бірден суицид жасауда қатаң әрекеттерге бара алмайды. Сондай-ақ ерлер бір кесапат пен кеселге душар болса дәрігерге көп бара бермейді. Өзін өзі емдеймін деп алдаусыратады. Жағдай тіпті ушыққан кезде ішімдікке салынады, алкоголь мен есірткі жағдайды тіпті ушық­тыра түседі», дейді мамандар. Және ер-азаматтар арасында суицид жасау көрсеткішінің шарықтау шегі 45 жас­қа тірелсе, әйелдерде бұл көрсеткіш 20-29 жас арасындағыларда жоғары. Ауыр болса да айтайық ерлер көбіне асылып қалатын болса, әйелдер жағы меди­циналық препараттармен өз жанын қияды.

Былтыр елімізде 121 ер, 59 қыз бала өмірімен қоштасты. Ер балаларға қара­­ғанда қыз балалар суицид жасауға көбірек әрекет жасады. Бірақ нәтижесі кері­сінше болып отыр. Бұл мәселе мем­ле­кеттік деңгейде сөз болып, жасөс­пірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мәселесі туралы Президент сөз қоз­ғағанын білеміз. 

Өйткені жасөспірім шақта адамдар өміріндегі ең алғашқы қиындықтарға тап келмек. Әрине бұл әлеуметтік мәсе­ле­лерден, қоғамнан оқшаулану, айнала­сындағылардан түсіністік таппаудан бас­талып, тағысын тағыларға ұласа беретіні анық. Сондықтан да адам өміріндегі ең дағдарысты кезең жасөспірімдік шақ пен зейнетке шығатын уақыттың жеткені. Не десек те, 15-19 жастағылар арасындағы суицид үшінші орында тұр. Дүние жүзі бойынша бұл көрсеткіш соңғы жылдары 7 пайызға көбейді.

Өйткені қазіргі заманда әрбір төр­тінші адамның денсаулығында психика­лық кінәрат бар. Сарапшылардың сөзіне сенсек, биылдың өзінде күйзеліске ұшы­раған адамдар саны жүрек-қан тамыр­лары дертіне шалдыққандардан да асып түскен. Сол сияқты психобелсенді препараттарды кеңінен пайдалану да бұл мәселені ушықтырып отыр. Сондықтан мамандар жақындарымыздың мінез-құлқына абай болу керегін айтып жүр. Тіршіліктің ауанына жығыла бермей, балалардың бойындағы өмірге деген құлықсыздықтың басталуына жіті қарауға шақырады. Еліміздегі түрлі зер­т­теулер адам өмірін тәрк етуге жал­ғыз­дық пен өзін ешкімге керексіздік жетелейтінін айғақтап отыр.

Қазақстан соңғы 10 жылда жасөспі­рімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы шепте тұр. Алматыда «Just Support» жекеменшік қорының мамандары 2016 жылдан бері осы мәселенің алдын алумен айналысады. 2019 жылдан бастап «Just Support» ЖҚ «Әрекет» гранттар байқауы арқылы «Soul Games» жобасын да іске қосты. Бесінші жыл қатарынан жасөспірімдер арасындағы деструктивтік жүріс-тұрыс, соның ішінде суицид мәселесін шешумен айналысып келе жатқан «Just Support» қорының атқарушы директоры Светлана Богатыреваның айтуынша, балалар арасында соңы қайғылы аяқталған суицид көрсеткіші бойынша Түркістан (38), Алматы (27), Жамбыл (16) және Шығыс Қазақстан (14) облыстары көш бастап отыр. Өзіне қол жұмсауға әрекет етуде ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан (54), Түркістан облыстарында (43) және Нұр-Сұлтан  қаласында (42) байқалып отыр. Алматы қаласы бойынша 7 суицид қайғылы аяқталып, 26 әрекет жасалған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға төменірек. Мектептердің, мемлекеттік органдардың және ҮЕҰ-дың суицидті алдын алудағы әрекеті бірте-бірте өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады.

«Жасөспірімдердің өзіне қол жұм­сауы психологиялық күйге байланыс­ты. Бұл мәселемен мектептегі психологтер тиімді жұмыс істей алады. Біздің қор психологтердің суицидпен тиімді жұмыс жүргізуі үшін қажетті бүкіл дағдыларды үйрету мақсатында біліктілікті көтеру бағдарламасын жасап шығарды. Өкінішке қарай, бұл білімдер жоғары оқу орындарында оқытылмайды. Біз Израильден сарапшылар тартып, қазіргі таңда отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс істеуге арналған апробацияланған авторлық бағдарламаны жасап шығардық, оны Алматы қаласының мектептерінде тарата бастадық. Қазір 30-ға тарта мектеп қамтылды. Біз мектеп психологтеріне арнайы сабақтарды – ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған топтарда жүргізуді үйретеміз. Бұл топтарда балаларға да, әке-шешелеріне де толығымен тегін көмек көрсетіледі. Былтыр біздің осы тұғырымызға Шығыс Қазақстан облысының басқарма­сы қызығушылық танытып, онда бағдар­ламаны енгізудің бірінші кезеңі аяқта­лып келеді. Мектептерде осы жұмыс­ты жалғастыру үшін «Soul Games» атты әлеуметтік кәсіпкерлік жобасын бастадық. «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры өткізген «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкер­лерді қолдауға арналған гранттар бай­қауында 25 жеңімпаз қатарында грант алдық. Осы грант арқылы жоба жүзеге асырыла бастады. «Samruk-KazynaTrust» қоры грант алушыларға білім беру жағынан көптеген іс атқарып отыр, оқыту семинарлары өткізіліп, кеңес беріледі. Яғни біз жобаны жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікке үйренеміз. Психолог мамандарымыз жасөспірімдерге арналған психологиялық квестерді дайындайды. Сондай-ақ үстел ойынын өткіземіз. Отбасы­лар тұрғылық­ты жерінде  қол­жетімді сапалы көмек­ті алуы үшін осы ком­мер­циялық өнімдерді сатудан түскен қаржы мектеп психологтерінің біліктілі­гін көтеруге бағытталады. Soul Games жобасы 2019 жылы 20 маманға арнап Ал­матыда біліктілікті көтеру курсын өткізіп, 500-ге жуық отбасына көмек көрсетті. Сондықтан жұмысты жалғас­тыруды көздеп отырмыз», дейді Светлана Богатырева.

Алматы қаласы білім беру басқарма­сының  әдіскері Венера Коканова: «Мен «Just Support» қоры ұсынған бағдарламамен 2018 жылдан бері таныспын, өзім ол бойынша тренингтен өттім. Бұл жасөспірімдер мен ата-аналарға тиімді бағдарлама деп есептеймін. Дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейтін мектептерде осы уақыт ішінде суицид жасау әрекеттері орын алған жоқ. Педагогтер бағдарлама нәтижесі бойынша балалардың 40%-ы алғашқы екі айда айтарлықтай өзгеріп, қалғандары бақылауда жүретінін атап өтуде. Педагог-психологтерге арналған оқуды ұйымдастыруға көмек көрсетеміз, көктемгі демалыстарда тағы 2 топты іске қосуды жоспарлап отырмыз», деді.

Өз кезегінде Алматыдағы №60 гим­назиясының педагог-психологы Ольга Солоненко: «Мұндай көмек әсіресе әке-шешеге қажет екенін көріп отырмын. Ең бастысы, балалар жақсы жағына қарай өзгеріп келеді. Баланы уысымыздан шығарып алған оқиғалар есімде, бағдарламадан өткен соң, бала қалпына келіп, өзін жақсы сезініп, мектепке келе бастайды. Жасөспірімдерге өздеріне жақын үлкенмен араласу аса маңызды. Біз осы қатынасты отбасында қалпына келтіруге, ата-аналарға баласына тірек болуға көмектесеміз. Отбасы ғана жасөс­пірімдер арасындағы мәселелерді шешуге, соның ішінде суицидтің алдын алуға арналған ең маңызды фактор. Ал егер отбасы тіптен деструктивті болса, оған ешқандай ықпал жүрмесе, онда балаларға арнап жасөспірімдер тобы қарастырылған. Ондай топтарда бала үшін жақын әрі қолдаушы ересектің рөлін психолог ойнай бастайды», дейді.

Қорыта келгенде, адам өмірінен және біздің жақындарымыздан қымбат не бар? Тіршіліктің бітпейтін түйткілдерін түсіністік пен мейірім ғана тарқата алады.

 

АЛМАТЫ