ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың үш мемлекетке жасаған сапары Молдовада аяқталды.
Жақында ғана президент сайлауын өткізіп, елдің саяси өмірінде жиі-жиі түндігі желпілдеп, әлемді өзіне қарататын Украина астанасы – Киевтегі алғашқы жүздесу осы саяси оқиғалардың қазанын бұрқ-сарқ қайнатушы Жоғарғы Радада болып, оның төрағасы Владимир Литвинмен кездесумен басталды. Тараптар екі ел арасындағы байланыстардың өрістеуіне пейілді екендігін танытып, парламентаралық қатынастарды да қарқынды жүргізудің маңызына мән берді. Екі елдің тарихи ортақ кезеңдерін сөз ете келіп, дағдарыстан дамуға бет алған осы бір өтпелі уақытта ұқсас проблемалардың болу заңдылығына тоқталды.
Бұдан кейін Іс басындағы төраға Жоғарғы Рададағы түрлі саяси партия фракцияларының жетекшілерімен кездесті. Жалпы, Раданың ғимаратына енгеннен-ақ мұнда саяси пікірталастың қайнап тұрғанын сезінген болатынбыз. Осы сезім фракция жетекшілерімен өткен кездесуде беки түсті.
Қанат Бекмырзаұлы Украинадағы саяси партиялардың өз халқының бүгіні мен болашағы үшін жасап жүрген еңбектеріне оң көзқарасын білдіріп, мұның ЕҚЫҰ құндылықтарымен үндесетінін мәлімдеді. Өткен сайлауды халықаралық беделді Ұйымның демократиялық қағидаттарға сәйкес деп бағалағанын қаперге салып, фракция жетекшілеріне сіздерді тыңдауға пейілдімін деген рай танытты.
Жоғарғы Рададағы Коммунистік партия фракциясының басшысы Петр Симоненко Іс басындағы төрағамен ұлттық саясат мәселесі мен әлеуметтік қиындықтарды еңсеру турасындағы ойларымен бөліскенде, ешбір мәселеде – саяси, әлеуметтік салада ма, бизнесте ме, ешқандай күш қолдаудың қажеті жоқ, қандай бір нәзік мәселенің өзін ушықтырмай, ақылмен шешу тиімді деген ұстанымын алға тартты. Сондай-ақ, өз елінің банк жүйесінің кемістігін сөз еткен депутат Украинадағы отыздан астам банктің бір де біреуінің отандық еместігіне, тек жалғыз Ұлттық банктің ғана үйлестірушінің қызметін атқарып отырғанына қынжылысын жеткізді.
Ал “Литвин блогы” депутаттық фракциясының өкілі Сергей Гриневецький қоғамның өте байлар мен кедейлерге қатты бөлінуіне алаңдаушылығын білдіріп, халықтың негізгі бөлігін орта топқа жеткізу қажеттігін, украин азаматтарының әл-ауқатын жақсартудың мемлекеттік деңгейдегі мәселе екенін атап көрсетті. Бұл мәселені шешуде коррупция мен сыбайластықты жоюда атқарылып жатқан істерге тоқталып, оны нәтижелі етуге жұмылудың маңызын айтты. Түптеп келгенде, мұның өзі қауіпсіздік мәселесі деген депутат ЕҚЫҰ шеңберінде Қазақстан төрағалығына өздерінің үмітпен қарайтынын мәлім етті.
Ал “Біздің Украина – халықтың өзін қорғауы” (Наша Украина – народна самооборона) депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасары Тарас Стецкив әріптестерін пікірталасқа шақырды. Өздерінің Юлия Тимошенконы жақтап дауыс бергенін, қазіргі биліктің алдымен тұрақтылыққа қол жеткізіп барып реформалар жүргіземіз деген пікіріне қарсылығын айтып, “Біздің ойымызша, тұрақтылық келеді, бірақ еш реформа жүрмейді” деген сөзі мен басқа да бірқатар пікірлері отқа май құйғандай болды. Бұл бізге Украинаның қазіргі тынысын танытқандай әсер берді.
Жаңадан сайланған Украина президенті Виктор Януковичті ел сеніміне ие болуымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтаған Іс басындағы төраға өзінің Беларусь мемлекетіне сапары жайынан хабардар етті. Өз кезегінде Виктор Янукович Қазақстанмен арадағы бұрыннан бері жақсы, достық байланыстардың бар екенін айтып, біз сіздердің ЕҚЫҰ аясында көтерген барлық бастамаларыңызды қолдаймыз және Қазақстанның 2013 жылы Украинаның ЕҚЫҰ төрағалығына кандидаттығын қолдайтынынан үміттенеміз деген ойын жеткізді. Сонымен бірге, Астанада Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өткізілуін қолдаймыз, оның күн тәртібін таразылауға атсалысуға да әзірміз, деді Украина президенті. Виктор Янукович, сондай-ақ Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Корфу аралында көтерген Еуропа қауіпсіздігінің жаңа архитектурасы жайындағы пікірін қолдайтынын жеткізіп, Приднестровье мәселесінде біз Молдованың аумақтық тұтастығы сақталуы қажет, алайда, Приднестровьенің өзінің айрықша мәртебесі болғаны дұрыс деген ойын ортаға салды.
Мен Қазақстанға шақыруды қабыл ала отырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Украинаға өзіне қолайлы уақытта сапармен келуге шақырамын. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық әлеуеті өз дәрежесінде пайдаланылмай жатыр, сол себептен екі елдің салалық министрліктерінің арасындағы байланыстарды дамытуымыз маңызды, деді жаңадан сайланған Украина басшысы.
Қысқа күнде маңызды-маңызды бірнеше кездесу өткізіп, Қазақстан мен Украина сыртқы істер министрліктері арасындағы Ынтымақтастық меморандумына қол қойған Іс басындағы төраға Украина үкіметінің басшысы Николай Азаровпен, өз әріптесі Константин Грищенкомен жүзбе-жүз әңгімелескеннен кейін Украина сыртқы саясат ведомствосының басшысымен бірге журналистер сұрақтарына жауап берді.
Константин Грищенко Украина тарапының бұл сапарға үлкен маңыз беріп отырғанын, президент Януковичтің он жыл болмаған Мемлекет басшыларының саммитін өткізу идеясына қолдау білдіргенін айтып, өзінің де жазда Алматыда болатын Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне шақыруды үлкен ықыласпен қабыл алғанын атап көрсетті.
Қанат Саудабаев әріптестерінің Украина президентінің Қазақстанға сапарына дайындық жұмысына кірісетінін, ал екі Мемлекет басшысының кездесуі қазақ және украин жұрты арасындағы байланыстарды өрістетуге үлкен күш беретініне сенімді екенін білдірді. Біз тек тағдырлас, тарихи жалғасқан, саяси, экономикалық байланыстары бар ғана ел емеспіз, Қазақстан – 1,5 миллионнан астам ұлты украин азамат тұрып жатқан мемлекет. Олар Отаны Қазақстан мен тарихи Отаны Украина арасындағы алтын көпір іспетті, ал ЕҚЫҰ турасына келсек, біздің көптеген ойларымыз бір жерде тоғысады, демек, ниетіміз бір, деді Қ.Саудабаев. “Украинадағы сайлауға, өздеріңіз білесіздер, халықаралық беделді Ұйым оң бағасын берді, сайлау демократияның жеңісі болды”, деді Іс басындағы төраға.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Киев пен Кишиневтен.