1967 жыл. Қаңтар айының алғашқы күндері КазГУ-дің үлкен акт залында елге әйгілі Сәбит Мұқановпен кездесу болған-ды. Ертегідей шаһарды да, аңыз жазушыны да алғаш рет көргенім. Сәбең әзіл-оспаққа жүйрік, айтқыш ойнақы сөйлейді екен.
Халықтың қадірлісі, ардақтысы, ұлт руханиятының қасиетті қара нары академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Бір өзі бір библиотека кітап жазған, бір өзі бір елдің басынан кешкен бар дәуірін қамтуға құлаш ұрған, әр дәуірдегі елдік-ерлік тіршілігін, ой өрісін, сезім тереңдігін көрсете алған, теңдесері сирек кездесетін қалам еңбекшісі» (Ғабит Мүсірепов), «қазақ халқының жанды шежіресі» (Сәйфи Құдаш), «әдебиетіміздің Эльбрустарының бірі» (Расул Ғамзатов) еді.
Ұлы Сәбең «Сырласу» дейтін толғанысында:
Жан сырым, халқым маған сенсең егер,
Борышым шашымнан көп саған берер.
Желкеме шор түсер деп аямай сал,
Мен сенің өгізіңмін өрге жегер –
дегені ұлт суреткерінің, замана жыршысының имандай сыры, жалынды тілегі. Ол сөз өнері, әдебиет тарихы, ұлт мәдениеті, ұстаздық-санаткерлік жолында, шын мәнісінде, халық қызметкері, мейірбан өнер қамқоршысы, егінші-малшы қауымның Қыдыр-атасы дәрежесіне, ой-парасат биігіне шарықтап, асыл жұртын ақ жаңбырдай сөз кәусарымен сусындатты.
1967 жыл. Қаңтар айының алғашқы күндері КазГУ-дің үлкен акт залында елге әйгілі Сәбит Мұқановпен кездесу болған-ды. Ертегідей шаһарды да, аңыз жазушыны да алғаш рет көргенім. Сәбең әзіл-оспаққа жүйрік, айтқыш ойнақы сөйлейді екен. Аудиторияны өз уысында ұстап, қызықты шығармашылық ойларымен бөлісті. Есімде қалғаны: он алты томдық таңдамалы шығармаларым шықпақшы, «Госплан» терлейді» дегені бар. Әсіресе, Шоқан Уәлиханов өмірінен трилогия жазуға кірістім. Себебі, мен өзім 1913 жылы энциклопедист-оқымысты Шоқанның Көкшетау дуанындағы Айыртау болысында тұратын бауыры Қоқыштың үйінде Шоқанның суреттерін көрген едім. Екінші рет осы ұлы шаңырақта 1921 жылы болдым. Осы жылы жазғытұрым уақытында ақ бандылар Қоқыштың үйіне басып кіріп, Шоқан мен Мақының (1845-1916) қымбат жәдігерлерін құртыпты. Әңгімешіл, шежіреге жетік Қоқыш ақсақал Абылай хан, Уәлі, Шоқан, Жақып, Мақы, бір сөзбен айтқанда, Абылайхан заманы, Шоқанның ата-тегі, өмірі жайында мол деректерге қанықтым деді. «Шалың, жасы 66-да бола тұра ауыр жұмысқа жегілдім» деп ойын бір түйді. Шоқан туралы жазу күрделі шаруа. Қазақтың кең даласын, Сібір өлкесін, Қытайдың Қашғариясын, Қырғыздың Алатауын шарлаған. Петербургте әйгілі оқымыстылармен араласуы бар, пікірлесуі бар. Сонда деймін-ау, Шоқанның ғаламат парасатты тұлғасы, дария білімі, даналық ілімі қандай екен-ау деп қайран қаласыңдар деген-ді. Сөйтіп, мол әсерге бөленгенім бар.
1967, 1970 жылдарда жарияланған «Аққан жұлдыз» дилогиясында Сабалақтың (Абылай ханның) балауса шағында Төле бидің қолында болғаны, содан соң Қарауыл Дәулеткелді байдың жылқысын баққаны, сонан соң «ғайыпты болжайтын әулие», «сиқырлы оқумен аспаннан періні түсіріп, жерден жынды буатын» ғұлама, емші, имам, Бұхарда 30 жыл оқыған, 12 пәнді тәмамдаған Сарғалдақ қожаның қызы Айғанымға Уәліханның құда түсуі, Уәлінің 1815 жылы дүниеден озуы, «шұбар төс аққу» Айғанымның князь Николайға ұнап, оның Көкшетау дуанының аға сұлтаны сайлауы, ордасын жасақтауы, Айғанымның Шорманмен құдаласуы, Шорманның «аттарының сирағына ақ жібек орап», Сырымбетке келуі, оның «қаз бен үйректі бидайықтай қыратын» Көксүңгіні қалауы, жиһангез Сейфсаттар Сейфүлмәліков тарихы, Зейнепті ұзату салтанаты, Естеместің Есенейінің 8 қанат ақ үй тігіп, нешеме алуан төсеніш төсеп, 6 айғырдың терісінен тай жүзген саба жасап, Шыңғысты қонақ етуі, «піскен ақ марқадай, сымбатты сұлу», «адамзаттың періштесі» Ұлпанның сәулеті (алақандай жалпақ үзбелері, алтын шолпысы, жүзігі, сырғасы сыңғырлап сыңсыған сәукелесінің өзі бір үйір жылқыға тең), ХІХ ғасырдың сөз ұстаған Қанай би, Шәңкі би, Тоқсан би, Құрымсы би, Ізбасты би, Арғын Шоқай би тұлғасы және Шоқанның тентектік қылықтары, алғырлығы мен Кадет корпусында оқыған жылдары суреткерлік шеберлікпен әңгімеленеді. Және де Батыс Сібір генерал-губернаторы Густав Христионович Гасфорттың (1790-1874) Шоқанды өзіне адъютант еткені сөз болады.
«Аққан жұлдыз» дилогиясының 2-ші томында Г.Х.Гасфорттың өміртарихы және оның Орта Азия халықтарының жер-суын, әскери қуат-күшін, салт-санасын, әдет-ғұрпын қалайша меңгеру тәсілдерін, Россияның отаршылдық саясатын тереңдету мақсатында «Ганнибалдан бір де кем болмас қалпы бар» Шоқанды өзіне жәрдемші ету, тағы да сол ХІХ ғасыр ішіндегі саяси жағдайлар кемел сипатталған.
Дилогияда қазақ халқының тағдыры турасында Ф.М.Достоевский мен Шоқанның кеңесулерінде жақсы көрініс тапқан. Шоқанның көзқарасын: «Бергі арманы туған елі – қазақтың елдігін, шаруасын, мәдениетін, тұрмысын Еуропаның, орыстың даражасына көтеру...». Немесе: «Россия да дүние жүзіндегі ең зор отаршыл мемлекеттің бірі ғой? Оның да жаулап алған жері мен елі ұлан-байтақ. Солардың бірі – қазақ» деп, шынайылықпен сөйлетеді.
Ұшқыр ойлы балауса Шоқанды «О, адам! Бірінші адам!» деп Ф.М.Достоевскийдің бағалауы да қандай үздік сипаттама!
Дилогияда Шоқанның тағдырластары, мұраттастары Доржи Банзаров пен Г.Н.Потанин жайындағы сыр-сұхбаттар, сонымен қатар Пебербургте өнер көрсеткен Дәулеткерей мен Тәттімбет күйшілер хақындағы тарихи әңгімелер, Шоқан мен Айжан арасындағы ғашықтық сырлар, Нарғыз бейнесі және оның қайғылы-қасіретті өмірінен туған Дайрабайдың «Қапыда өткен қарындас», «Суға кетті-ау, еркетай!?» дейтін күйлері, Көкшетау, Бурабай өңірінің тарихы, қазақтың би-шешендерінің тұлғасы суреттелген.
Жалпы, ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи-әлеуметтік жағдайлар мен Шоқан тұлғасы мен оның ортасы жақсы көрсетілген.
Негізінде, Сәбеңнің «Аққан жұлдыз» дилогиясында этнографиялық көріністер (қыз ұзату, Зейнептің бүркіт миына жерік болуы киіз үй құрылымына, ас-суға, аяқ-табаққа, киім-кешекке қатысты), сирек қолданылатын мақал-мәтелдер, фразеологиялық оралымдар, тарихи жер-су атаулары жеткілікті. Айталық: «Ел-сүңгі мұз: ақырын ұстасаң түсіп кетеді, қатты ұстасаң сынып кетеді», «Қыдыр қараша үйге қонақтайды», «Тышқанға жүн біткен сайын қалтырауық». Мына бір сөз тіркестеріне ой жүгіртейік: «ақылына айғыр салу» (байқау, тексеру деген мағынада), «істік ұшына шығу» (шегіне шыққан ушыққан іс) «Ас-суға қылап әйел» (таза, ұқыпты). «Балағынан шуы шыққан» (салақтық).
Я болмаса: «қаза» (қамыстан қошқар мүйіздендіре кең ғып жасаған қоршау), «киік емшек» (сүт атауы), «дөңасар» (зеңбірек), «қалтақбай» (астау қайықтың аты), «үме» (сауын айту).
Жазушы Сәбит Мұқанов табиғат құбылыстарын әсерлеп суреттеуге де майталман. Мысалы: «күрең бояуы қоюлана түскен күннің үлкен доңғалағы жерге түгелімен батып та үлгерді. Енді оның жер астынан биікке шашыраған өзі түсті сәуле тармақтары жан-жақтан саумаланып жиналды да, тотының тарбайтқан құйрық қанаттары сияқтанып, түбі бір-ақ уыс, тарамы бір-ақ шоқ болуға айналды...» (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. 16 томдық. Т.7. Алматы, «Жазушы», 1975. 247-бет).
Сәбеңнің әрбір романы – оқырмандар үшін өзгеше бір тарихи оқиға еді. Бір ғана «Жұмбақ жалау» (1938) романына әдебиет сүйер қауымнан 1000-ға жуық хат алған. 1960 жылдарда мектеп қабырғасында жүргенде Сәбеңнің шығармасын ел қалайша жапа-тармағай оқығанын көзім көрді.
Замана жыршысы, әмбебап дарын Сәбит Мұқановтың 1964 жылы жарық көрген «Өмір мектебінің» жалғасы «Есею жылдары» дейтін мемуарлық туындысында ХХ ғасырдағы қоғамдық-әлеуметтік, саяси жағдайлар мен ел өміріндегі, руханият әлеміндегі, саясат майданындағы іргелі, күрделі құбылыстар, қайшылығы мол көріністер және сонымен бірге қазақтың абыройын асқақтатқан, самұрықша самғаған саңлақ тұлғалардың ерен, ерекше елдік-мемлекеттік істерін шынайы таза қалпында әңгімелейді. Және өзінің телегей сыр-сезімімен, тәжірибесімен, көрген-білген, естіген, түйгендерімен бөліседі. Әлбетте, қу заманның құрық бойламайтын қулықтарына шырмалғаны да бар. Қалай десек те «Есею жылдары» романы – сол бір тауқіметті дәуірдің айнасы. Мұнда тарихи-мәдени, саяси, әдеби мағлұматтар мол.
Сәбит Мұқанов И.В.Сталиннің қабылдауында болғанын, ол Әліби Жангелдин мен Ғаббас Тоғжановты білгенін, «Шығыс» баспасының қазақстандық бөлімін Әбдірахман Байділдин меңгергенін, «Ұлттар» баспасының директоры, «Темірқазық» журналының редакторы Нәзір Төреқұлов болғанын, Николайды атқан Ф.И.Голощекин екендігін, өзі 1923 жылы Орынбор шаһарында «Еңлік-Кебек» спектаклінде Көбейдің рөлінде ойнағанын, Сәкен Сейфуллиннің өзіне «Өлең, тек адамның жан-жүрегінен суырылатын сыры ғана болуға тиісті» деп ақыл бергенін, 1926 жылы «Бостандық туы» газетінің секретары, 1929 жылы «Кеңес аулы» газетінің редакторы, 1930-1931 жылдарда Мәскеуде академик Марр атындағы Тіл білімі институты мен 1931-1936 жылдарда Қызыл профессорлар институтында оқығанын, 1935 жылы Мәскеуде «Сын бая» романы жарияланғанын, 1936 жылы Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өнері декадасына ресми мүше ретінде қатысқанын және осы бір салтанатты күндерде Лев Исаевич Мирзоян Парижден француз тіліне аударылған «Сұлушаш» романын сыйлағанын баян етеді.
Әсіресе, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың ұлт тұлғалары Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Әбілқайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Сейітқали Меңдешев жайында айтқандары толғандырмай қоймайды. С.Мұқановтың мына бір пікірі – оның саяси көзқарасын толық көрсетеді.
«Москвада жауапты қызметте қазақтан үш адам бар: бірі – ВКП(б) Орталық комитетінің инструкторы – Әбілхайыр Досов, екіншісі – ВЦИК секретарының бірі – Нығмет Нұрмақов, үшіншісі – РСФСР Халық Комиссарлар Советі председателінің орынбасары – Тұрар Рысқұлов. Осылардың ішінде менің ең көп білетінім де, ең жақын сырласым да Досов еді. Мен оған Қазақстанда болып жатқан уақиғаларды айтып, қатені түзеуге араласуын өтініп ем:
– Біздің қолдан келмейтін іс, – деді Досов.
– Неге?..
– Өзара айтқанда, – деді ол, – Қазақстанда осынша бүліншілік болуға бас себепкер – Сталиннің өзі.
– Неге?! – дедім мен шошынғандай...
– Голощекин біздің республикаға секретарь боп 1925 жылы барды ғой. Содан бірер жыл кейін Сталиннің атына: «Қазақ аулына Октябрь революциясы әлі келген жоқ, оны енді жасау керек» деген мазмұнда ұзақ хат берген. Сталин ол хаттың үстіне «мақұлдаймын» деген резолюция қондырған. Голощекиннің Қазақстанда қазіргі жасап жатқан бүліншлігі – сол резолюциядан шығып жатқан нәрсе, Қазақстанның ерекше бүлініп жатуы да содан.
Менің басым айналып кеткендей болды. Өйткені, ол кезде мен Сталин тарапынан халыққа қастық болады деген пікірді басыма келтірген адам емеспін де. Оның үстіне, 1930 жылдың көктемінде Сталиннің «Табыстан бас айналу» деген мақаласын баспасөзден оқығам, ол мақаланың сөздеріне сенгем... Енді, міне, Досовтың айтып отырғаны мынау!
– Мен саған ешуақытта қастық ойлаған адам емеспін, – деді Әбілхайыр менің ауыр ойға шомған қалпымды байқағандай, – достықтан басқа ешнәрсе ойламаймын. Қазақстанда болып жатқан жайды түзеу, тек Сталиннің ғана қолынан келеді, «құдай» соның көкейіне бірдеме құйса – құйды, құймаса «қазақ деген елдің соры біржола қайнағаны!» деп біле бер. Өзіңе айтарым, – бұл мәселе жайлы ешкімге де аузыңды аша көрме, ашам деп, қосақ арасында босқа өліп кетпе!
Сөз қысқарып қалды. Дегенмен, мен аузымды ашпай қойған жоқпын. Біраз күн толғанып жүріп бір сәтте Нығмет Нұрмақовтың үйіне бардым. Ол да Досовтың сөздерін қайталады... Одан біраз кейін Тұрар Рысқұловқа бардым. Оның сөзі алғашқы екеуінен басқаша шықты.
– Менімше, – деді ол, – Қазақстанда болып жатқан асыра сілтеудің нақтылы жайын Иосиф Виссарионович толық білмейді. – Оған бұл жайды жеткізу – Қазақстанды білетін адамдардың міндеті». (Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Т.11. Алматы, 1977. 425-426 беттер).
Жазушының Алаш қайраткерлеріне адалдығын айрықша атауға болады. Айталық: «Сұлтанбек (Қожановқа сипаттама. С.Н.) шынында да адамшылық қасиеттері мол, ойыншы күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әдебиет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен» дейді. Ал Ораз Жандосов туралы: «Ораз қазақша сөзді де, орысша сөзді де жұмсақ, әдемі айтатын, мінезі аса сыпайы жігіт».
Тұрар Рысқұловтың Мәскеуге қызметке ауысқанда пәтерін Сәбит Мұқановқа берген.
Сәбеңнің деректеріне жүгінсек, қазақ қайраткерлері бір-бірімен тілеуқор болған (Сәкен мен Тұрар, Сәкен мен Әбдірахман Байділдин). Сәкен Голощекин басшылығы тұсында бірде-бір рет бас сұқпаған.
Қызылорда. 1927 жыл. «Бір күні Садуақасов мені қрнаққа шақырды және «үйімде Ңлияс Жансүгіров болады деді» («Жұлдыз» журналы, 1960, № 6. 154-155 беттер).
Ақмешіт шәрінде 1925 жылы 16 сәуірде съезд өтеді. Сонда Угар Жәнібеков Сәбит Мұқановқа Жасыл тудағы «Лә иләһа илла-илла», «Жасасын Алаш автономиясы», «Алаштың Ойылдағы атты полкі» дейтін жазулары бар плакаттарды көрсетеді. Бұл дегеніңіз ұлт зиялыларының ұлы тілегі мен рухын танытатын тағдыранықтағыштық дерек.
«Есею жылдарында» Сәбеңнің өзі көрген-білген, дәмдес-тұздас, сырлас болған ұлт мәдениеті тарихындағы өнер жұлдыздарының шығармашылық өмірбаянын құлшыныспен қызықтырып әңгімелеуі дер едік. Олар: Үкілі Ыбырай, Тайжан, Әміре, Иса, Қажымұқан, Шашубай, Александр Затаевич, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков және тағы басқалар. Атақты Қажымұқанның өнері мен ырымшылдығы хақындағысы қызықты бір хикая.
Әлемдік даңққа ие академиктер Марр мен В.В.Бартольдтың, Якубинскийдің, Келтуяланың дәрістерін тыңдаған. А.В.Луначарскийдің (1875-1933) семинарлық сабақтарына 2 жыл қатынасқан. 1932 жылдың күзінде екі мың кісі жиналған лық толы залда Бас баяндамашының жүрегі қысылып, сонда қиындықтан құтқарған А.В.Луначарский 5 минуттың ішінде ойын жинақтап, «Гете мен оның дәуірі» деген тақырыпта үш жарым сағат шабыттана сөйлеп, аудиторияны сиқырлап тамсандырады.
Немесе «қыранша саңқылдайтын, күнше күркірейтін, нажағайша жарқылдайтын» орыс ақыны В.Маяковский оқығыштығын үлгі етеді. Жетесінде жігері мол, азаматтық, қаламгерлік ұстанымы берік, қайраткерлік, көшбасшылық болмысы бөлекше, ғұламалық зердесі өзгеше шарболаттан жаралған Сәбит Мұқанов: «Мен ИКП-да (Институт Красной профессуры. С.Н.) саясаттық және гуманитарлық өзге сабақтарды жақсы алып жүрумен қатар, көркем әдебиеттің тарихы мен теориясы және шығармашылықпен ерекше шұғылдандым. Дүниежүзілік және орыстың классикалық көркем шығармаларды менің өмірде ең көп оқыған шағым осы ИКП-ның тұсы» деп ағынан ақтарылады.
Ұлы Дала тарихының білгірі Сәбеңнің «Өмір мектебі» трилогиясында өз көзімен көрген, ой-сана таразысында екшелген жер-су, өлке шежіресіне қатысты «Тоғанастың тоқсан екі» көлі, «Балық сасыған Барақ» көлі, «Бесімнің бес саласы» (Иманжан Жылқыайдарұлының айтуынша, Мәшһүр Жүсіптің бесінші атасы – Бесім), «Алаша хан күмбезі», «Жошы ханның күмбезі», «Едіге моласы», «Кенесары қорғаны», «Сандыбай байдың күмбезі» (Сандыбайдың асына 500 бие, 5 мың қой сойылған) жайындағы деректері де шығарманың рухани құндылықтарын көркейтуге қызмет жасайды.
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов Мағжан Жұмабаев туралы дейтін шап-шағын естелік жазбасында:
«10. Қоғамдық сот.
Қоғамдық айыптаушы. Сәбит. Сәбит 21 ж. Пресногорьковте, екі түн Мағжан өлеңдерін айтып еді. Әдейі соны үгіттеуге шыққандай еді. 18-жыл Омбыда мұғалімдер курсында: Сәбит Ғазизаның үйінде... Ол үйге оны Мағжан орналастырған» депті (Мүсірепов Ғ. Күнделік. Алматы, «Ана тілі», 1997, 26-бет).Бұл пікірден 21 жасар Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаевқа деген көзқарасын тануға болады. Әрі қиғаштау, әрі ілтипатын. Мағжан 1918-1920 жылдарда Омбы қаласында қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курсының директоры болғанда Сәбитке қол ұшын бергендігі айтылған.
Кеңестік жүйе, кеңестік саясат ұлт зиялыларын жыртқыштықпен, сұрқиялылықпен қорлық-зорлық, зұлымдық әрекеттерін өршітіп, Мағжандай асылды 1929 жылы Мәскеудегі Бутырка абақтысына қамап, он жылға соттап, жердің түбі Карелияға сабылтып айдағанда Сәбит Мұқанов 1932 жылы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі. І бөлім» дейтін кітап жазып, Мағжан Жұмабаевтың өмірі, ата-тек шежіресі, өнерге ұмтылу жолы, отаршылдық саясатқа қарсылығы, ұлтшылдық, түрікшілдік сарындары, Қызылжардағы, Ташкенттегі, Мәскеудегі қызметі, сонымен қатар кесек-кесек керемет шығармаларынан үзінділер алынып, саяси-қоғамдық, көркемдік, әлеуметтік тұрғыдан сараланады. Сондай-ақ, Сәбит Мұқановтың кеңестік идеология тұрғысынан оның тегеуірінді уысынан шыға алмай, қайшылықты теріс пікірлер де өрбітеді. Қалай болған күнде де Мағжан тас қамауда болғанмен, оның шығармашылық өмірбаяны жөнінде әңгімелеу – өжеттік, рухани ерлік.
С.Мұқанов Мағжанның тек-төркінін де жітілікпен, жетелілікпен түсіндіреді. Шежірелік кестесі былай: Мағжанның әкесі Бекен (1867 жылы туған), Бекеннің әкесі Жұмабай қажы (1827-1899), мұның әкесі Шонай, оның әкесі Өтеген, оның әкесі Өтеміс – Арғын ішіндегі Атығайдың бір бұтағы. Бекен «елдің қабырғалы ақсақалы» атанған. 1906-1911 жылдарда би, 1911-1914 жылдарда болыс болған. Сал-серілікті де қуған.
Сәбит Мұқановтың әңгімелеуінше, Мағжан 8 жасында Кәрім дейтін ауыл молдасынан, Қызылжар медресесінде имам, ұйымдастырушы Мұхаметжан Бегешевтен, қажы Ақия Ақановтан (бұ кісі үш жыл дәріс оқыған, арабша үйреткен), тоқетері, 1910 жылға шейін медреседе білім алған. Мұнан соң Міржақып Дулатұлынан орыс тілін үйренген. Мұнан соң Ғалия медресесінде Ғалымжан Ибрагимов ұстаздық еткен. 1913-1916 жылдарда Омбыда мұғалімдер семинариясында оқығандығы жөнінде және «Жас азамат», «Алашорда», «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналына қатынасқанын келтірген. «Балапан» қолжазба журналы мен «Бостандық туы» газетіне редактор болғанын баян етеді. 1912 жылы Қазанда басылған «Шолпан» атты өлеңдер жинағына сипаттама береді. Ол:
Жұрттың қамын көп ойла,Уайым, қайғы жеп ойла.
Артта қалған сорлы жұрт,
Алға бассын деп ойла!
Кідірме, аяңдама көкке ұмтыл,Алам деп көктен жұлдыз қолың серме.
Жасынан оқу оқып, өнер қуған,
Жан жетпес көңілі жүйрік кемеңгерге.
дейтін жас Мағжанның балауса балғын қасиеттерге толы шумақтарын мысалға келтіреді, осындай көркемдік куәліктерді ортаға жайып салады.
С. Мұқанов Мағжанның тырнақалды «Шолпаны» хақында «ақынның алдағы өмірінің елесі бар шығарма», ол «рас, соңғы кезде түр жағынан күшті адам болды» деп жазады.
С.Мұқанов Мағжанның «Есімде... Тек таң атсын?» дейтін өлеңінде «қазақтың жауынгер заманы суреттеледі де, отаршыл үкіметке бағынғанын сөйлейді» дейді. Дұрыс пікір. Бұған әбден лайық қуатты ойларға, көркем суреттерге бай жақұт мысалдарды түйдек-түйдегімен келісті келтіреді.
Ол Мағжан түрікшілдігінің түп-тамырына ой көзімен үңіліп, «Ғалия медресесінде» және «Қазақ» газетін тиянақты, мұқият оқығандығынан дарыған қасиет деп таниды.
Негізінде, Сәбит Мұқанов лирикалық поэзия тарихындағы тұтас бір дәуір есепті кеудесі кеніш Мағжан Жұмабаевтың көркемдігі, сыршылдығы, ойшылдығы бір-бірімен шеберлікпен қиюласқан, символикалық ассоциацияларға кемел «Мен жастарға сенемін», «Жауынгер жыры», «Жарыма», «Жан», «Бостандық», «Түркістан», «От», «Ақсақ Темір сөзі», «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында», «Өтірік ертек», «Зар», «Қысқы жолда», «Айда атыңды Сәрсенбай», «Ой», «Жан сөзі», «Пайғамбар», «Күншығыс» және т.с.с. өлең-жырлары құйын заманның қайшылықтары негізінде тексерілсе де, ел жүрегін елжіреткен мың сырлы мәтіндерін келтіргені де зиялылық, бүйрегін бұрғандық.
Сонымен бірге «Шолпан» журналының 1923 жылғы № 4-8 сандарында жарияланған «Шолпанның күнәсі» әңгімесі мен балалар әдебиетіне қатысты шығармалары да тиісінше ой-пікір қазығына айналады.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиеті классигі Сәбит Мұқановтың 1931 жылдың өзінде Мағжан Жұмабаевтың суреткерлік өнегесі, көркемдік дүниетанымы жайында мына бір тұжырымдарының өзі соншалықты өрелі де өміршең:
«Ақындық жағына келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ». «Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты». «...Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжанның өлеңін оқып отырғанда, оның сол өлеңді жазып отырған уақыттағы жан-жүйесінің құбылысы (душевное переживание), ішкі сезімінің толқыны көрініп отырады. Мағжан өлеңінен құр ғана үйлескен сөздерді көрмеймін, ақынның ішіндегісін әйгілейтін айнасын көресің. Сыршылдық жағынан Мағжан көп ақынға бәйге бермейді». «...Мағжан қазақтың ірі ақындарынан саналады дедік. Мағжанның әдебиет майданындағы істерін түгел жазу үшін өз алдына бір үлкен кітап керек. Біздің мақсат Мағжанды түгін тастамай сынау емес, оның әдебиет тарихында алатын орнының мөлшерін көрсету».«Адасқандар» романында кейіпкердің аузына «Көркемдік Мағжан өлеңінде ғана!» деген сөйлемнің өзі біраз сырды аңғартады.
Бір ескеретін мәселе, 1988 жылы ұлы ақынның мұрасы ақталғанда Сәбит Мұқановтың осы еңбегіндегі өмірбаяндық деректерге сүйенгені рас еді. Айтпақшы, 1995 жылдың желтоқсанында Сәбит Мұқанов музейінде осы еңбектің негізінде «Академик-жазушы Сәбит Мұқанов – әдебиет тарихшысы һәм сыншысы» деген тақырыпта баяндама жасағаным бар. Бұл сабаққа Мариям Мұқан келіні, Сафуан Шәймерденов, Тұрсынбек Кәкішұлы қатысып, сөз сөйлеген-ді.
ХХ ғасыр басындағы әдебиет, мәдениет тарихы мен ұлт зиялыларының өмірін, саяси-қоғамдық көзқарасын жетік толық, жан-жақты зерделеген Тұрсынбек Кәкішұлы Алатаудың үш сеңгіріндей Сәбит – Мағжан – Сәкен байланыстарын тарихи деректер мен құжаттарға жүгіне отырып, Мағжан Жұмабаевтың 1937 жылдың 20 ақпанында Сәбит Мұқановқа хат жазғаны, Алматыға дереу 25 наурызда көшіп келгенде Жазушылар Одағының басшысы Сәбит Мұқановтың І Алматы вокзалынан күтіп алғаны, Мағжан Сәкенге сәлем беремін дегенде, Сәкеннің шаңырағында екеуінің шұрқырасып табысқаны, ертеңінде Сәбиттің үйіне қонақ болғаны айтылған. Осылардың өзі-ақ қырықтың қырқасына енді шыққан, замана бұрқасынына, талқысына тап болған ұлт серкелерінің, сөз зергерлерінің азаматтық асқақ тұлғасын танытады.
Әңгімешіл Сәбең: «Шынында да менде хат дегенің бір машина. Қарапайым жұмысшыдан бастап, академикке дейін жазысқан хаттарымды бірін қалдырмай сақтай беріппін. Әрқайсысының тарихы бір-бір роман. Былтыр архивке өткізіп едім, сонда сұрыптап шығарғанда ұзын-ырғасы 141 бума етіп түптеп қойыпты» деген қазақ радиосының журналисі Серік Тұрғынбекұлына берген сұхбатында. Мен де ұлы суреткердің осы бір лебізін өз аузынан да естігенім бар-ды.
«Мұқановтың хатханасы – Письмотека Муканова» дейтін кітапта (2018) жазушының 1924-1973 жылдар ішінде жолдаған әрі алған 309 хаты жинақталған. Әрқайсысы бір-бір қаралық. Осынау эпистолярлық мұраның дәуірнамалық, шежірелік, зертханалық, әдеби-шығармашылық, қоғамдық-саяси сипаттары өлшеусіз. ХХ ғасырдың әйгілі тұлғаларымен, жақсы-жайсаңдарымен сыр бөліскен, пікірлескен, тарихқа, мәдениетке, халық, ел, мемлекет тағдырына қатысты ой-тұжырымдарын шынайы шыншылдықпен жеткізген. Кімдерге дейсіз ғой, атап айтқанда олар: М.Шолохов, А.Фадеев, Л.Соболев, Н.Тихонов, А.Храпченко, Н.Бажан, А.Толстой, Т.Гунивердзе, Исак Джусто, Ф.Саукуп, Э.Синклеру, Г.Серебрякова, З.Фурцева, К.Симонов, цейлондық Тхэжа Гунивердене және мемлекет қайраткерлері И.Сталин, Н.С.Хрущев, Ж.Шаяхметов, Д.А.Қонаев т.с.с.
Ол Сәйфи Құдашқа жазған хатында (1966 жыл, 1 тамыз) өзбек шайыры Ғафур Ғұләмнің жаназасында жылағанын, қабіріне көз жасын төккенін тебіреніспен айтып, сонан соң Міржақып Дулатовтың «Айрылу» өлеңінен:
Дариға тірі айрылмай, өлі айрылсам,
Топырақ дұға қылып қолдан салсам,
Жамылып салқын қабір жатқан достың,
Үстіне көздің жасы мөлт-мөлт тамсаң,
Жүректі сол уақытта қайғы буып,
Келмесін енді қайтып біліп жуық,
Рахат рухына тілеп Хақтан,
Хош айтып кетпес пе едім көңіл суып –
дейтін шумақтарын келтіреді.
Бұл дегеніңіз Алаш мұрасы мен тұлғасына деген ілтипат. Сондай-ақ қызылжарлық ақын А.Нұртазинге жолдаған хатында (1970 жыл, 31 наурыз) «Аққан жұлдыз» дилогиясының кейбір тұстарына байланысты ел ортасындағы қайшылықты әңгімеге орай (Уәлі мен Айғаным жайы) кейбіреулер Мағжанның көзқарасына «неге туламаған» деп жазады. Бұл пікірі де Мағжанға деген ізет.
Алаш ардақтысының әрбір романы байтақ бір бай әлем. Онда замананың қилы-қилы кесек суреттері, дәуір дауысы, әзіз халықтың рухы, жаны, тағылым-тәжірибесі, ұлық дәстүрі, философиялық дүниетанымы, «телегей теңз тарихы», мәдениеті, тілі, ел басқару тәртібі, қоғамдық-әлеуметтік жай күйі бар. Сөз иіні келгенде, «Ботакөз» романының қадір-қасиеті жөнінде Сәбеңнің мына мағыналы әңгімесін айтсақ та жеткілікті.
Ақтөбе облысынан бір қария әрі жалынды, әрі жалынышты мазмұнды хат жазғанын, онда ерке, тентек, кенже ұлының Ақтөбе қаласында тракторшылар курсында оқып жүргенде бір инабатты, әдепті бір қызбен уағдаласып, сонан соң, ол бойжеткен үйінің ұлы да, қызы да өзі екенін түсіндіріп, әкесінің рұқсатын алу керектігін айтып, шарт қойғанын, сөйтіп, баласына қыз айттыру үшін 5-6 мәшинамен үйіліп-төгіліп барғанын, 3-4 күн салтанатты той болғанын, соңында қыз әкесі ежелден киітті күйеу баланың әкесі кигізуші еді. «Енді менен алыңдар: әне аруана, анау су төгілмес жорға, мынау түрікпен кілем, мінеки темір тұлпар» дейді. Бірақ құда көңіліңе разымын, алмаймын, рахмет. Енді өздерің келіп, жол-жоралғы, тарту-таралғыларыңды алып кетіңдер» дейді. Сонан қыз жағынан құндыздай шұбап, құдалар келіп, керемет ұлан-асыр 4-5 күн той жасап, мәре-сәре болып, ақырында белгі болсын деп оларға ат, түйе, кілем сыйлайды. Қыз әкесі азар да безер болып: «Керек емес, керегеде кітап ілулі тұр екен. Сол менің таба алмай жүрген кітабым, соны бер» дейді.
Ұлдың әкесі: «Жоқ. бере алмаймын. Бұл менің тірлігімдегі қызығым, ермегім», – дейді.
Онда дейді қыздың әкесі «Кітапқа татымайды екенмін, мен қызыма бата бермеймін, өз еріктері білсін»-деп, біржола қасарысып көнбейді. Сөйтсе дағдарған, тұйыққа тірелген қарттың Сәбит Мұқановқа «Ботагөзіңді» тауып бер деп жазған хаты екен. Қайран Сәбең айтады: «Алматының магазиндеріне шапқылап, болмаған соң өзіме таныс, Сарқанд ауданының бір совхозының директорына бұйымтайымды айтып, хат жазып, әйтеуір, 20 данасын алдырдым», «заказной бандерольмен» екі ақсақалға он-оннан тең бөліп: «Алжымаңдар, шатақ шығармаңдар» деп ақыл айтып, хат жаздым. Жарты айдан соң «Тойға келіңіз деген телеграмма алдым» дейді Сәбең. Осыған шаттанған, «Ботагөз» романына қызығушылық тудырған ұлт қайраткері даңқты Сәбит Мұқанов ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында қалың мал орнына көркем әдебиетке құмарлық, әсіресе бұл бір ғажап оқиға халқымыздың мәдени тілегі мен дәрежесінің биіктеп өскендігінің кепілі екендігіне шаттанады.
Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов: «40-шы жылы «Ботагөзді» оқыдым, әдебиетші болуға, көзқарасымның қалыптасуына осы роман үлкен ықпал етті» дейді.
Руханият тарихындағы өрен тұлға Сәбит Мұқановтың шығармашылық жолы – даналықтың, ізгіліктің, қайраткерліктің, ғұламалықтың жолы. «Сәбең – нағыз қаһарман тұлға!» (Әбдіжәміл Нұрпейісов).
СЕРІК НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының докторы,
профессор