Осы күнге дейін философия деген ұғымды мейлінше қолданып келдік. Ойлау мәдениетінің басқаша сапалық түрі болады дегенге мән бермедік. Білім, ғылым саласы елімізде тек батыс өркениетінің негізінде қалыптасқандықтан, ойлау жүйеміз де философиялық ұғыммен шектелді. Философия негізінен Батыс Еуропада өріс алған ойлаудың түрі. Философия туралы аңыз, әңгімелер көп. Соның бірі философия деген ойлау тәсілін грек Пифагорға қатысты айтады. Әлдебіреулер Пифагордан кімсің деп сұраған болуы керек. Сонда Пифагор сәл ойланып: «Мен философпын», депті. Ол не деген сұраққа, былайша жауап берген көрінеді:
– Мен данышпан емеспін, бірақ даналықты сүйетін адаммын, – депті. Онысы грекше «филео» – сүйемін, «софия» – даналық деген сөздерден құралған ұғым болып шықты. Тағы да сол философия туралы аңыз айтушылар Пифагор заманынан (570-490) бергіде ойлаудың біршама түрін философия деп атауды дәстүрге енгізсе керек. Біз күні бүгінге дейін философия пәнін осылай түсіндірудеміз. Ол замандарда ойлаудың өзге түрлері де болған. Олардың негізгілері: скептицизм, агностицизм, софистика, гностицизм, стоицизм, метафизика. Бертін келе, схоластика деген мектеп қалыптасты. Әл-Кинди, әл-Фараби заманында пәлсапа деген бекзат сана қалыптасты.
Философия туралы дәріс оқығанымызда философияда екі үлкен бағыт болды дедік. Олар материализм және идеализм. Онымыз түбірімен қате екен. Мұндай қателесуді негіз деп, ілімге айналдырған Карл Маркс, Фридрих Энгельс, әсіресе Владимир Ленин болатын. Материализм деген Беркли заманында (1685-1753) қолданысқа енген ұғым.
Ленин тап күресін философия тарихынан іздеген. Сөйтіп философиядағы партиялық деген далбаса түсінік енгізген. Ол философия екі мың жыл бұрын да партиялық болған, яғни Платон бағыты (идеалистер), Демокрит бағыты (материалистер) деп көпе-көрнеу қате тұжырым жасаған. Сол қателіктің басында Фридрих Энгельс тұрғаны тарихи шындық. Ол философияның негізгі мәселесі ойлаудың болмысқа, рухтың табиғатқа, материяның санаға қатысы деген. Бұл ғылымға жат тұжырым. Алайда, осы қате, түсініктерді біз маркстік, лениндік философия пәнін оқытуда жүйелі түрде қолданып келдік. Философияның негізгі мәселесін қарастырғанда Жаратушы және жаратылыс деген ұғымдар сырт қалды. Әл-Кинди жаратылысқа қатысты бес мәселені талқылаған, олар: материя, форма, қозғалыс, мекен және уақыт. Осы ұғымдар арқылы өзгеріс және мәңгілік туралы Х ғасырда терең ойлар айтылған, кітаптар жазылған, шәкірттер оқытылған. Өзгеріс мәні – мәңгілік қозғалыста. Мәңгілік дегеніміз – өзгеріс, бірақ осы мәселелерді талқылағанда, әл-Фарабидің, Ибн Синаның, Ибн Рушдтың мықты оппоненті болды. Ол – Имам Ғазали. Бұл ойшыл кеңістік пен уақыт туралы мәселені түбірімен өзгеше қойды. Ол әлемнің шексіздігі және уақыттың шексіздігі деген мәселеде өзгеше тоқтамға келді. Имам Ғазалидің айтуынша, шексіз Алла тағала. Шексіздік Алла тағалаға тән. Жалғызыдық Алла тағалаға тән. Шексіз әлемді жаратушы Алла тағала кеңістік жаратылған жаратылысқа қолданылатын өлшем. Шексіздік – Жаратушы. Жаратылыстың шегі бар деген. Ғылым сол жаратылыстың шегіне дейін зерттеуге мүмкіндіктері толық. Шексіздік ғылым объектісі емес. Осы мәселеде пәлсапа өкілдерімен Имам Ғазалидің арасында терең мағыналы пікір-таластар болған. Ол бөлек тақырып.
* * *
Ойлаудың жоғарыда аталған тарихи барша түрлерін бір-ақ жүйеге салып, бәрін философия дедік. Онымыз қате екен. Қателіктің ең басты діңгегі мынада. Философиялық ойлау жүйесінде жаратылыс туралы айтылады, бірақ Жаратушы туралы сөз жоқ. Философия ойлау жүйесінің түрі ретінде теологиялық ойлау жүйесімен қарама-қайшы. Теология – («теос» – Құдай, «логос») Құдай туралы ілім. Ал пәлсапада мұндай қайшылық жоқ. Әбу Насыр әл-Фараби дінді білім деп қарастырған. Енді салыстырыңыз, Әбу Насыр әл-Фараби дінді білім дейді. Ал Карл Маркс дінді апиин, яғни у дейді. Әбу Насыр әл-Фараби Жаратушы таза ой, оны тек таза ой арқылы тануға мүмкіндік ашылады, демек таза ойлау жүйесін жасауымыз қажет деп түйін жасап, пәлсапа деген бекзат сана қалыптастырған. Ағылшын ғалымы, замандасымыз Карен Армстронг пәлсапаның негізін қалаушы түрік Әбу Насыр әл-Фараби дейді. Шын сөз. Ендігі жерде айтарымыз, философия пәнін дәріс ретінде оқығанда, неге пәлсапаны ескермедік?! Себебі қайталап айтамын, философия дінді білім, не білімдер жүйесі деп қарастырмай, дінді ғылыми сана қатарына қоспаған. Философияны пән ретінде оқытқанда, біз айтатынбыз, діни дүниетаным, мифтік дүниетаным және ғылыми дүниетаным, ол – диалектикалық материализм дейді.
Біз Кеңес өкіметі жылдары және бүгінге дейін диалектикалық метериализмді насихаттайтын философияны пән ретінде оқытып келеміз. Заман өзгерді, социализм келмеске кетті. Партия көсемдері Маркс, Ленин, Сталин ескерткіштері алынды, олардың есімдерімен аталған көшелер өзгертілді. Бірақ диалектикалық материализмнің ызғары әлі сақталуда.
Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойлау жүйесіне реформа керек. Көрші өзбек еліндегі кафедралардың аты «Фалсафа және ұлттық идея» деп өзгертілген. Біздегі философия кафедраларының атауы сол баяғы қаз қалпында. Неге дейсіздер ғой, кезінде қарқынды түрде даярланған «базалық білімдері» тек Гегель, Кант, Маркс, Лениндерді оқып, үйренумен болған, соның нәтижесінде саналары сіресіп, ескі ойлау жүйесінде қалыптасқан кадрлар әлі де жоғарғы оқу орындарында қызмет етуде.
* * *
Басылым беттерін, оқулықтарды, ғылыми кітаптарды оқып отырсақ, философия деген сөзді оңды, солды мән-мағынасын түсінбей қолдана берушілік аңғарылады. Мысалы, ислам философиясы, араб философиясы дейді. Қалайша араб, ислам философиясы болмақ? Дінге қарсы ілім арқылы қалай біз ислам философиясын таразыламақпыз. Сонымен бірге түркі, қазақ философиясы дейміз. Бұл да орынды айтылған сөздер емес. Қазақ философиясы деу, уақытында айтылған, амалсыз сөз тіркесі. Кезінде біз қазақ философиясы деп айтуға зар болдық. Шынын қуалап келсек, қазақ философиясы жоқ, қазақтың пәлсапасы бар, себебі қазақ халқы ешқашан дінсіз болмаған. Қазақтар дінді білім деп қабылдаған. Үлкендер бата бергенде «Молда бол, қарағым!» дейтін. Сонда олардың айтпағы, кәсіби молда емес, білімді бол дегені.
* * *
Биыл елімізде ірі рухани ізденістер жылы болуда. Ол пәлсапаның негізін қалаған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абайдың туғанына 175 жыл мерейтойлары санамызға сілкініс беретін аса маңызды рухани шаралар деген ойдамын. Бұл мерейтойлар тек іс-шаралар үшін емес, ойға ой қосатын, ақылымызды сабырға түсіретін, парасаттылықты қажет ететін айтулы оқиғалар. Сондықтан дінді білім қатарына қоспаған «философия» деген Батыс Еуропалық ойлау феноменінің орнына Х ғасырдан бастап, өңірімізге әбден сіңісті болған Әбу Насыр әл-Фараби негізін қалаған пәлсапа деген бекзат сананы заманымызға сай, аса қажетті мағыналы, мәнді ұғымдарын сұрыптап, реттеп тәуелсіз жастардың түйсік, сезім, саналарына азық етіп берсек, неден ұтылмақпыз?!
Тәуелсіз ел өзінің білім жүйесіндегі, әсіресе гуманитарлық пәндерге қатысты ешқайда жалтақтамай, халқымыздың табиғатына, болмысына сай, білімдер жүйесін қалыптастырып, (әрине әлемдік ғылымдағы жетістіктерді ескере отырып), жаңа гуманитарлық білімдер жүйесін ретке келтіріп, тың классификаторлар жасауымыз аса қажет. Бұл мәселеде біз айтарлықтай мерзімге кешігіп қалдық, ендігі жерде одан әрі осы қалыпта қалсақ, біз келешек жастардың обалына қалмақпыз. Шәкәрім қажы «жастардың қалмалық обалына» деген еді. Кеңес заманында біз жас болдық, бірақ біздің обалымызға ілгері, үлкендер, дәріс берушілер қалды. Қате оқытты, теріс тәрбиеледі. Тәуелсіз ойды басып, жаныштап отырды. Ендігі жерде мемлекет тәуелсіз болғандықтан, жастардың обалына қалғанымыз қалай болмақ?!
* * *
Пәлсапа бекзат сана, себебі бұл санадан адамзаттың асыл сезімі дін ажыратылмаған – дінсіз ел, дінсіз қоғам болмақ емес. Біз дінсіз қоғамнан тәуелсіз елге ендік. Кеңестер одағы атеистік қоғам болды. Одан әрі де социалистік мемлекеттер социалистік лагерь құрып, дүниежүзінің тең жартысын иемденіп, дінсіз қоғамдар қауымдастығын орнатты. Таң тамаша қаламын. Менің өмірімде, көз алдымда, дінсіз қоғам кеңестер одағы және социалистік лагерь – шамалы мерзімде. Дінмен ойнауға болмайды екен. Діннің діні бар. Шәкәрім қажы айтады, «нағыз Құдай шын Құдай» деп. Хакім Абай адамзаттың бес дұшпанын анықтап берген. Олар: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ. Өтірік туралы айтсақ, социалистік қоғам нағыз өтірік қоғам болды. Коммунистік ілім – өтіріктің ілімі. Бізге өтірік дәрістер оқыды. Сол кездегі «Правда» деген өтірікті насихаттайтын басылым еді. Енді шындықтың таңы атты. Сонда, шын дегеніміз не? Өтірік дегеніміз не? Осылардың нендей айырмашылықтары бар екенін анықтау, қазіргі күннің басты мәселесі. Шындық орнына өтірік жайлап алып, билік жүргізуде. Шыншылдардың жағдайы қиын. Міне, осы тұста шыншыл азаматтарды тәрбиелеу мақсатында, олардың ойлау жүйесін тазарту мақсатында бекзат сана – пәлсапаның орны ерекше.
* * *
Ендігі сөз пәлсапаға қатысты араб тілінің қазақ қоғамындағы орны туралы. Қазақ халқы сірә, Құран кәрімнен ажырамайды және ислам дінін ешқашан мансұқ етпейді деген пікірдемін. Егер қазақ халқы мұсылмандық кеңістікте қалып, Құран кәрімді «Кітаптардың Кітабы» деген пәлсапалық ұғымда болса, мектеп жасындағы жастардың оқу кестесіне араб тілін енгізуіміз қажет. Неге дейсіз ғой?! Бұл жерде келешек туралы ойлансақ, қазіргі қазақ қауымындағы «орыс тілділер» және «қазақ тілділер» деп бөлінетін жік елдің бірлік, ынтымағына залалын тигізуде. Мұны мойындамасқа болмайды. Осы мәселенің ұшар басында елді билеушілердің надандығынан немесе қорқақтығынан, орыс тілділер және қазақ тілділер болып қоғам екіге бөлінді. Сол заманда осындай жікке бөлінбеудің амалдарын кім іздестірді? Кімдер осы мәселенің қазақ қоғамына кесел болатынын ойлады. Иә, ойлағандар болды. Олар бір, екілер еді. Интеллигенция деп аталатын қауым бұл мәселеге міз бақпады. Соның зардаптарын қазір шегудеміз. Дәл осындай жағдай отыз, қырық жылдың ішінде «араб тілділер» және «араб тілін білмейтіндер» арасында орнығатынына шүбә келтірмеймін. Себебі Құранынан, дінінен айырылмаған қазақ ортақ құндылыққа келгенде қаққа жарылады. Дін жағындағы азаматтар, араб тілін білмегендері үшін, өзінің замандастарын айыптайды, себебі бұл кездерде әлемде оның рухани дүниесінде араб тілінің салмағы күннен күнге өсе береді. Бұл да шындық. Араб тіліндегі «ұлтшылдық» айқын көрініс береді. Осындай жағдай қазақ қауымында орын алмауы үшін, жастарымызды діншілдердің алдына жығып бермеуіміз үшін, міндетті түрде, мектептерге араб тілін енгізуіміз аса қажет. Орыс тілі, ағылшын тілі өзінің инерцияларына ие болған тілдер. Олар үшін қам жеудің қажеті жоқ. Ағылшын тілін білу – қажеттілік, демек оны оқып, үйрену де қажеттілік. Қажеттілік деген өз дегенін жасатпай қоймайды. Ал орыс тілінің инерциясы біразға дейін барады, содан кейін бірте-бірте сөне бастауы да түсінікті жағдай. Себебі жақсы қазақтар ана тілін, араб тілін, ағылшын тілін тағы басқа бір-екі тілді, мүмкін, орыс, испан қытай тілдерін игеріп алады. Қазір араб тілінің қажеттілігін қоғам, билік қаперлеріне алмауда. Бұл бүгінгі күннің әңгімесі, ертеңгі күні жағдай басқаша болмақ.
Пәлсапа дегенде біз араб тілін бірге атауымыз керек. Осы жағдайларға орай, менің нақты ұсынысым бар, ол қазіргі философия мамандарын даярлаудың орнына Білім және ғылым министрлігі жаңа классификация енгізуі керек, ол мамандықтың атауы – «ПӘЛСАПА ЖӘНЕ АРАБ ТІЛІ».
Пәлсапа пәнінде қарастыратын мәселелер әл-Фарабиден хакім Абайға дейінгі он ғасырлық мәдени-тарихи тәжірибеде сұрыпталған ұғымдар туралы және қазіргі түсініктерді қоса айтқанда, сіздердің назарларыңызға төмендегідей пәлсапа пәнінің құрылымын ұсынып, кеңестер күтеміз.
Пәлсапаға кіріспе. Қарастыратын мәселелер: Пәлсапа – зиялы қауым санасы. Сөз. Ой мәдениеті. Ниет. Ойлаудың тарихи түрлері: скептицизм, агностицизм, софистика, гностицизм, стоицизм, схоластика, метафизика, пәлсапа, философия. Логика. Қисын. Метафора. Даналық. Дін және даналық. Жарастық (гармония). Шеберлік. Түсінік. Ұғым.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
Жаратушы және жаратылыс. Қарастыратын мәселелер: Жаратушы. Жаратылыс. Өзгеріс. Мәңгілік. Бұл ұғымдар туралы миф (хаос), аңыздардағы, діни кітаптардағы (Забур, Таурат, Інжіл, Құран) түсінік. Пирамида туралы білім. Әл-Кинди «Бес мән» (материя, форма, қозғалыс, мекен, уақыт). Әл-Фараби «Мәселелер мәні». Білім мен діннің бірлігі.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
Адам, ақыл және сенім. Қарастыратын мәселелер: Адам туралы ұғым. Ғайып. Қабілет және қасиет. Адам және Адамзат тарихы. Адамзат болмысы: тән жүйесі, жан жүйесі, нәпсі жүйесі, ақыл жүйесі, көңіл жүйесі, рух жүйесі, ар жүйесі, тылсым жүйесі. Кісі. Кісімсіну. Ақыл. Қабілет. Қасиет. Зейін. Зерде. Парасат. Даналық. Ойшылдық. Сенім. Сенімнің түрлері. Шәкәрімнің «Пайғамбар Мұса жолықса» деген өлеңіндегі Мұса, Дәуіт, Заратуштра, Будда, Ғайса, Мұхаммед туралы пікірлері.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі
Түйсік, сезім, сана. Қарастыратын мәселелер: Материя. Түйсік. Сезім. Сана. Рух. Әулиелік. Бақсылық. Шайтан. Періште т.б. рухани көріністер. Шәкәрім «Үш анығындағы» пәлсапа мәселелері.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі
Дүние. Қарастыратын мәселелер: Дүниетаным. Хикмет. Уақыт және Дүние. Уақыт және кеңістік. Уақыт және мәңгілік. Уақыт және ғарыш. Уақыт пен кеңістіктің бірлігі. Жалған дүние. Бақи дүние. Жұмақ. Тамұқ. Ақырзаман. Бақ. Бақыт. Құт.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
Қала пәлсапасы. Қарастыратын мәселелер: Қала туралы ұғым. Қала, мәдени орта. Қала туралы әл-Фарабидің айтқаны. Ибн-Бадждың төрт қала туралы концепциясы: тән қаласы, безендірілген қала, қиял қаласы, ес қаласы. Қала және кәмелеттілік. Мегаполис. Қаланың кәмелеттілігіне ынта. Жалғыздық мәселесі.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
Әдебиет пен өнер пәлсапасы. Қарастыратын мәселелер: Аристотельдің «Поэтика» деген еңбегі. Катарсис. Мимесис. Метафора. Араб поэзиясы. Парсы поэзиясы. Гете. Михаил Лермонтов. Лев Толстой. Сервантес «Дон Кихот». «Мың бір түн» хикаялары. Мұхтар Әуезов «Абай жолы». Эпос, дастандар. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегі бойынша суретші Бекзаттың шығармашылығы.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі
Пәлсапа тарихы. Қарастыратын мәселелер: Пәлсапаның өкілдері: Әл-Кинди «Таза ағайындар (Ихван ас-сафа)», әл-Фараби, Ибн Сина «Ақыл иесі жан туралы», Аттар «Бұлбұл-наме», Әл-Ғазали «Адасудан арылдырушы», Ибн Бадж, Ибн Туфейл, Ибн Рушд «Жоққа шығаруды жоққа шығару», Ибн Араби, Қожа Ахмет Иассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Сулеймен Бақырғани, Ибн Халдун «Хай Якзанұлы» туралы роман.Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
Философияға және маркстік, лениндік философияға сын. Қарастыратын мәселелер: Философияның тарихы. Философия – Батыс еуропалық ойлау жүйесі. Философия – атеистік білім жүйесі. Огюст Конт философияның дағдарысы туралы. Позитивизм және прагматизм. Маркстік философияға сын. Философия – пролетариаттың қаруы. Фридрих Энгельстың «Людвиг Фейербах және неміс классикалық философиясының ақыры» деген еңбегі. Неміс классикалық философиясы, Энгельстің пікірі. Философияның ақыры дегенде Энгельстың пікірі.Кеңес заманында жаңа философия жасау әрекеті. Владимир Лениннің «Марксизмнің үш негізі және үш құрамдас бөлімі» деген мақаласы. Маркстік философияның теориялық негізі неміс классикалық философиясы деген тұжырым және оның советтік идеологиядағы атқарған қызметі. Даму және диалектикаға сын. Социалистік лагерь елдерінде маркстік-лениндік философияның жаппай оқу үрдісі. Сталиннің «Диалектикалық және тарихи материализм» деген мақаласы. Философияның мазмұнын тереңдету мақсатындағы әрекеттер: лениндік бейнелеу теориясы және диалектика, таным теориясы, логика үшеуін бір сөзбен айту деген тәсіл. Философияны барлық ғылымдардың методологиясы деп жариялау. Лениннің философияның партиялығы туралы пікірі. Кеңестік замандағы материализм мен идеализмнің бір-біріне қарсы ілімдер екені туралы негізсіз тұжырымдар. Лениннің «Диалектика марксизмнің жаны» деген қағидасы коммунистік партияның негізгі ұстанымы болғаны туралы. Маркстік-лениндік философия компартияның қызметшісі болған – апологетика. Маркстік-лениндік философияның дағдарысы. Тәуелсіз, егеменді елде маркстік-лениндік философияның қызмет етуінің мәнсіздігі.
Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі
Қазіргі заман пәлсапасы. Қарастыратын мәселелер: Қазіргі заман. Тәуелсіздік. Тәуелсіз ойлау. Адасушылық (әлемдік деңгейде). Шыңғыс Айтматовтың шығармалары негізінде адам дағдарысы, жөн табу, жол табу, бағыт анықтау, адасушылық.Ойлау мәдениетін Әбу Насыр әл-Фарабидің пәлсапасынан бастап, ХХІ ғасырдағы Абайдың хакімдігіне дейінгі мәдени-тарихи кеңістікті, заман уақытын жастарға жүйелі түрде жеткізу және оларды жаңаша, инновациялық ойлауға дағдыландыру, соның нәтижесінде жақсы қазақтарды тәрбиелеп өсіру.
Білім мен діннің табиғи бірлігін саралау. Білімсіз дін қауіпті. Дінсіз білім негізсіз. Осы әл-Фарабидің постулатын егеменді елдің ойлау мәдениетінің алтын қазығына айналдыру.
Осы мәселелердің қазіргі замандағы мәнісі.
* * *
Жағдай осылай болса, неліктен жоғарғы оқу орындарында, философия пәнінің орнына пәлсапаны жүргізбеске. Оған қандай бөгеттер бар? Негізінде тәуелсіз елде бұған ешқандай бөгет болмауы керек еді, бірақ бөгеттер бар. Ол ескіше ойлаушы, Карл Марксті жақтаушы, Батыс Еуропаның классикалық философиясын жақтаушы, дінге қарсы, кеңес заманында ой-саналары қалыптасып қалған кадрлар тобы.
P.S. Жаңа кадрлар тобын тәрбиелеп, қалыптастыра отырып, билік тармақтарына дейін өсіруіміз қажет. Сол кезде қоғамдағы ескі жүйе де күйреп, Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойшылдары қалыптаспақ.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы