• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Сәуір, 2020

Бетперде киген көктем - 6

855 рет
көрсетілді

Күшейтілген карантин. Сирек біткен тал-дарақ, сетінеуік бұлттар, сырғақтай жауған себелек суық жаңбыр, сұрғылт күн, сабау қамшыдай сілтелген сартылдақ жел... Себепсізден-себепсіз жылағың келеді.

Өзіңнің, өзіңнің ғана емес, бүкіл адамзаттың сонша қорғансыз, шарасыз екенін сезіну, момын кісінің бір соқпасы секілді жүз жыл сайын айналып соғып отырған індет, тұтас ғаламның түпкі мәнін білуге ұмтылғанда тозаңның жайын ұға алмаған сана, соның бәрін ойласаң, бір қайғы қайқы қылыштай жүрегіңе батады. Аспанға қарап тұрған алғашқы адам тәрізді.

Алғашқы адамдар секілді, олдувайға дейінгі, біз өз үңгірлерімізден түзге үрке қараймыз. Табиғаттың тосын құбылыстары, жыртқыш аңдар, улы жемістер... беймәлім, үрейлі, бөтен дүние. Ырыққа көнбес, ымыраға келмес уақыттың әр кезеңін ықтап жүріп, содан бері де мыңжылдықтардың қараңғы ормандарын, суық өзендерін кешіп өттік. Бірақ бойымызда сол үрей, ойымызда – тағы да сол бәймәлімдік қалып кетті. Болжап болмас бұл әлемнің қай сырына қанығып, қай жұмбағын шеше алдық екен?!

Фрэнсис Бэкон, Жаңа Органонда, адам зердесі мына дүниедегі заттардың болмыс-табиғатына өзінің табиғатын араластырып, олардың анық бейнесін бұлыңғыр етіп, бұзып көрсететін қисық айнаға ұқсайтынын айтады. Расында, біздің әрқайсымыздың дүниетанымымыз, қоршаған әлемді қабылдауымыз сан қилы, алуан ауанды. Бір ғана ортақ нәрсе, өзгермес, құбылмас, жоғалмас үрей.

Табиғаттағы заттардың өз заңдылығына бақсақ, вирус та тірі ағза. Оның да өмір сүргісі келеді. Оның да күн астындағы өз орнын тапқысы келеді. Ол да биологиялық түр. Бірақ, ол өмір сүру үшін өзгені мансұқтайды. Біз ше? Біз де өзгені мансұқтамай өмір сүре аламыз ба? Кейде Жер-Ана бізді де вирус секілді қабылдамай ма екен?

Бетперде киген көктем. Тағы да сол  Бэкон «әрбір адамның табиғаттың жарығын әлсірететін өз үңгірі бар» дейді. Ерекше үңгір. Алғашқы адамның үрей үңгірі секілді. Шаблондар мен стереотиптердің, мойындамаулар мен қарсылықтардың, тән алмаушылық пен менмендіктің, ыңғайлылық пен жайлылықтың үңгірі. Сол үңгірлерден тағы да табиғатқа үрке көз тастап тұрмыз.