Бүгінгі дерек бойынша Қызылорда облысында вирусқа шалдыққандар қатары 119 адамға жетті. Әсіресе, дерт жұқтырғандар Шиелі ауданында көбейіп тұр. Қазір онда 57 тұрғын ем алып жатыр. Сырдария ауданындағы Аманкелді ауылында да 23 адам осындай диагнозбен тіркелген. Алақандай ғана ауылда аурудың осыншалық белең алуы өзімізден еренсіздігімізден болып отырған сияқты.
Жағдайды тарата айтсақ, осы жылдың 17 наурызы күні Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны осыАманкелді ауылындағы ата-анасының үйіне келеді. Елордаға 20 наурыз күні қайтуы керек болғанмен, қала толық жабылуына байланысты ауылда қалып қойған. Осы аралықта бас қалада жалдамалы жұмыста жүрген ауылдың тағы екі азаматы жетеді.Бұл үшеуі де ауылдың дəрігерлік амбулаториясында 14 күн медициналық бақылауда болыпты. Аталған мерзімде азаматтардың денсаулығында өзгерістер болмаған.
Көп ұзамай ауыл жастары кеш ұйымдастырады. Отырысқа қатысқан 15 адамның ішінде елордадан алғаш келген ауыл тұрғыны да болады. Осылайша төтенше жағдай кезеңінде дəрігерлік бақылауда болып, үйде оқшаулану тəртібі өрескел бұзылады.
Сәуірдің бірінен бастап өзін жайсыз сезіне бастаған жаңағы азамат ауылдың дәрігерлік амбулаториясына келіп, 5 күн бойы ем алған екен. Осыдан кейін де жағдайы жақсара қоймағандықтандəрігерлік амбулаторияға қайта қаралып, провизорлық стационарға жатқызылған. Аудандық аурухана дәрігерлері сынама алып, вирусологиялық зертханаға жолдаған. Ал, 7 сәуір күні оның вирус жұқтырғаны анықталды.
Бір атап өтерлігі, бұл азаматтардың барлығы да, қолданыстағы заң актілеріне сəйкес бақыланған.
Бір адамнан байқалған кесел белгісі бүгінде ауылдың 23 тұрғынынан анықталып отыр. Барлығы да алғашқы тіркелген науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар және солардың отбасы мүшелері.
Жергілікті билік, тиісті орындар дерт дендеп кетпеуі үшін шұғыл шаралар қабылдады. Ауыл дереу карантинге жабылып, қатаң шектеулер енгізілді. Осыдан 3 күн бұрын ауылға облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының әскери құрамынан 46 адам келіп, 57 мың шаршы метр аумаққа дезинфекциялау жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта да облыстық жұмылдырудайындығы басқармасы екі күнде бір рет дезинфекциялайтын болды. Бұл жұмыстарға аудандық ветеринариялық станциясы мекемесінің арнайы техникасы да жұмылдырылды. «Қызылорда тазалығы» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, Тереңөзек кентінің және Аманкелді ауылының көшелеріне 76 мың шаршы метр аумаққа залалсыздандыру жасалды. Қауіпті індеттің алдын алуға ауданның шұғыл шығындар резервінен 50 млн теңге қаржы бөлінді.
Қазір Аманкелді ауылына кіре берісте екі жерге арнайы тосқауыл бекеті қойылып, тәулік бойы жұмыс жасауда. Елді - мекен айналасындағы жолдардың бәрі арнайы техникамен бекітілді. Бекетті бақылайтын полиция қызметкерлерінің ыстық тамағы, арнайы кимдері және жатын орындары толық шешілген.
Оныншы сәуір күні ауылға Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин келіп,, бақылау-өткізу пункітінің жұмысымен танысты.
Жан-жағы тұйықталған ауылдың ахуалы тиісті орындардың назарында тұр. Тұрғындардың барлық қажеттілігі ескерілген.