• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2020

«Шеврон» компаниясы қолдау көрсетті

336 рет
көрсетілді

Коронавируспен күрес барысына жәрдем беру үшін елімізге Қытайдың Шыңжаң өңірінен бір топ дәрігер келгені белгілі. 10 адамнан тұратын осы делегациямен бірге көрші елден 5,5 тонна гуманитарлық көмек – дәрі-дәрмек, медициналық маска және басқа да медициналық құрал-жабдықтар жеткізілген болатын. Айта кетейік, бұл көмек екі елдің мемлекет басшыларының уағдаластығына орай жүзеге асып отыр.

Осы сапарды ұйымдастырушылардың бірі Колумбия университеті жанындағы ICAP орталығының Орталық Азия бойынша директоры Анна Дерябинаның айтуынша, Қытай дәрігерлері мен гуманитарлық көмектің Қазақстанға жеткізілуіне "Шеврон" компаниясы қаржылай және техникалық қолдау көрсеткен.

«Биыл біздің орталық «Шеврон» компаниясынан грант алды. Жобаның басты мақсаты – Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отыра, вирусқа қарсы күресіп жатқан қазақстандық дәрігерлер мен медициналық орталықтардың әлеуетін арттыру еді. Мінекей, коронавируске қарсы күресте мол тәжірибесі бар Қытай мамандарын Қазақстанға шақыру – осынау жоба аясында өткізілген алғашқы шара болды», – дейді ол.

Ал елімізге табан тіреген қытай дәрігерлері коронавируспен күресте өз тәжірибелерімен бөліседі. Олар Қазақстанда 15 күн болады.

«Қытайдан арнайы келген медбригада Шыңжаңда коронавируске қарсы күресіп, шыңдалған дәрігерлер. Олардың арасында әзіргі күні ауадай қажет пульмонологтар, эпидемиологтар, инфекционистер, неврологтар және басқа да жоғары санатты мамандар бар. 15 күн ішінде олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы ауруханаларға барып, ондағы қауіпсіздік шарасымен танысады әрі дәрігерлерге арнап онлайн дәріс өткізеді», – дейді Анна Дерябина.

Бұдан бөлек Қытайдан жеткен арнайы бригада коронавирустың дәрігерлер арасында таралуына тосқауыл болатын әдіс-амалдармен бөліспек. «Вирус Қытайда 3 мыңнан аса дәрігерге жұқты. Оның 90 пайызы Уханнан анықталды. Кейіннен дәрігерлер арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, олардың науқаспан байланыс орнатуға қатысты сауатын арттырып, қажетті керек-жарақпен қамтамасыз еттік. Соның нәтижесінде вирус жұқтырған дәрігерлер санын азайттық», – дейді осы делегация құрамындағы жұқпалы аурулар дәрігері Лу Сяобо.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған дәрігерлер саны 120, олардың 67-і вирус жұқтырған азаматтарға тікелей көмек көрсеткен.

ІСАР орталығы медицина саласында инновациялық жобалар әзірлеп, оны қолданысқа енгізумен айналысады. 2011 жылдан бері ІСАР Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігімен ВИЧ-инфекция жобаларының нәтижесін арттыру бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуде.

Айта кетелік бұдан бұрын «Шеврон» компанияның қаржылай қолдауымен Алматы қаласындағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасына жалпы құны 71,8 млн теңгені құрайтын жаңа екі жасанды тыныс алу аппараттары табысталған.