• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2020

«Кәсіпкер ана» жобасы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына мүмкіндік береді

373 рет
көрсетілді

«Кәсіпкер ана» әлеуметтік жобасының тұсаукесері өткен жылдың қыркүйек айында өтті. Ондағы мақсат – көпбалалы әйелдерге, жалғыз басты аналарға, аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз ісін бастауға көмектесу. Жоба басталғаннан бері 700-ге жуық қала тұрғыны өтініш берген. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты жобаны жүзеге асыру онлайн-форматта өтеді деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдердің, әсіресе, аналардың әлеуметтік өмірін жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы сәтті жобаның бірі – компьютер мен смартфоннан алыстамай-ақ мамандық игергісі келетін жандарға көмек көрсетуге бағытталған «Кәсіпкер ана» жобасы. Төтенше жағдайға байланысты бұл жоба бұрынғыдан да өзекті болып отыр.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік негіздері 11 бағыт бойынша онлайн оқытылады. Оның ішіне IT-бағдарламалау, копирайтинг, СММ менеджменті, аспаздық, қолөнер және т.б. салалар кіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл соңына қарай барлық қатысушылар сертификаттарға ие болады. Сонымен қатар олардың жұмысқа орналасуы мен кәсіби өсуі бақылауда болады. "Кәсіпкер ана" жобасы аясында әлеуметтік осал санаттағы 525 тұрғынның оқытылуы жоспарланған.

«Бірнеше ай бойы білім алған әйелдер кейін аспаз, кондитер, копирайтер, SMM маманы, шаштараз, фотограф сынды мамандықтарға ие болады. Қатысушылардың қабілетін анықтау үшін белгілі сарапшыларды тарттық.  Сонымен қатар YouTube каналы мен Instagram парақшасы арқылы тікелей эфир өткіземіз. Бізге тек аналар ғана емес бизнесі бар, өз ісін онлайн бастағысы келетін кәсіпкерлер де жүгіне алады. Бұл қазір өте өзекті. Карантин көптеген мамандық бойынша онлайн-форматта жұмыс істеуге болатындығын көрсетті. Болашақта осы бағытты кеңейтеміз деп ойлаймын», - дейді «Кәсіпкер ана» жобасының авторы және ұйымдастырушысы Айнұр Әмірхан.