ҮЗДІКТЕР БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІКТЕРІН ДӘЛЕЛДЕДІ
“Білім – инемен құдық қазғандай” деген. Жастардың осы баға жеткісіз асыл құндылыққа деген ынта-ықыласы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадада жаңа қырынан танылды. Оған аудандық, қалалық осындай сыннан өткен 518 шәкірт қатысып, бақ сынады.
Облыстық олимпиада Талдықорған қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұрын Алматы қаласындағы облыстық интернатта өткізілетінін ескерсек, шалғай ауылдан келген жас жеткіншектердің шаһардың бүгінгі мәдени және рухани дамуымен жан-жақты танысуына мүмкіндік туғызылғаны да құптарлық.
Өткен жылы өңірдің дарынды түлектері республика деңгейінде “Ең үздік олимпиадалық команда” атағына ие болып, еліміздің намысын халықаралық олимпиадаларда жоғары ұстап, 96 медальға қол жеткізген-ді. Осы орайда оларға білім берген ұстаздардың еңбегі ерен деуге болады.
– Көбіне жұртшылық мұнай мен газды байлық дейді. Жастардың білімділігінен өткен байлық жоқ екенін уақыт дәлелдеуде. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің дамуына, қалыптасуына, гүлденуіне қосатын үлестері үлкен. Білім сайысына үміт артар ұландар қатысуда. Жастардың алдағы жолы ашық болсын, деген тілегін қазылар алқасының мүшесі, доцент С.Қожағұлов ортаға салды.
Олимпиадаға түлектерді қатыстыруда Талдықорған қаласы алғашқы орында болып, 118 оқушы білімдерін сынаса, қапшағайлықтар 51 шәкіртін шыңдап, үміттерін үкілепті. Ал Алакөл ауданы, Талдықорған қазақ-түрік, №20 үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған, Алматы қазақ-түрік қыз балалар, Есік қазақ-түрік лицейлері мен Ж.Смағұлов атындағы облыстық мектеп-интернатты ерекше атауға болады. “Дарын” ауысым мектебінен сайысқа қатысқан 60 оқушы терең білімдерін нақтылады. Ал, Дәнеш Рақышев атындағы №3 мектеп-интернат қабырғасында өткен бәсекеде 15 пән бойынша бақ сынаған шәкірттер білімдерін ортаға салса, қазылар құрамында жетекші университеттердің ғалымдары мен оқытушылары болғаны да талап пен талғамның жоғары екендігін көрсетті.
Байқауда мемлекеттік тілге деген қызығушылығымен танылған өзге ұлт балаларының қабілет-қарымы да жоғары. Мәселен, Қаратал ауданындағы Кемел Тоқаев атындағы мектеп пен Есік қаласынан келген шәкірттердің тілді білуге деген пейілдері ерекше болды. Шәкірттер ұлт құндылығы мақал-мәтелді талдап, мемлекеттік тілде өздерінің ойын еркін жеткізуімен ерекшеленді. Бірінен бірі асып түскендер Абайдың, Жамбылдың, Ілиястың, Мұқағали сынды жыр дүлдүлдерінің өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқып, бәсекеден сүрінбеді. Әрине, жүзден жүйрік шыққандармен қатар дайындығы жеткіліксіздері де кездесті. Дейтұрсақ та, олимпиадада оқушылардың қазақ тілін білуге, еркін сөйлеуге деген талаптарын қазылар да ерекше бағалады.
Білімі мен білігі дараланған олимпиада жеңімпаздары 45 алтын, 90 күміс, 135 қола медальды еншілеген шәкірттер ұстаздары мен алтын ұя мектептерінің абыройын асырды. Осы жеңімпаз оқушыларға “Үздік олимпиадалық команда – 2010” атағы берілді.
Олимпиадаға су тасқынын басынан өткерген Қызылағаш ауылынан екі оқушы қатысты. Олар 9 сынып оқушылары Малика Тұшпарова мен Дамир Анитов еді. Тарих пәнінен білім деңгейін сынаған Малика жүлделі орынға қол жеткізіп, құрбыларының қуанышына бөленді. Білім сайысында бақ сынап, жүлделі орындардан танылған жеңімпаздардың жұмыстары республикалық “Дарын” орталығына жіберілсе, олардан облыстық команда құрылып, республикалық пән олимпиадасында олар Жетісудың намысын қорғайтын болды.
Тағы бір қуанышты жайт, ағымдағы жылдың шілде айында Астанада ашылатын жаңа университетке студенттерді қабылдау барысымен оқу орнынан арнайы келген өкілдер таныстырды. Елдің болашақ элитасын қалыптастыруды мақсат еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен халықаралық деңгейдегі алғашқы университетке тек үздік білім деңгейін дәлелдеген оқушылар қабылданатынын ескерсек, олардың қатарын бүгінгі топ жарған түлектер толықтыратыны даусыз.
Алтыннан алқа таққан үздіктер өздерінің осы университет студенті болуға ынталы екендіктерін дәлелдеп, қандай сынақтардан өту қажеттігімен жете танысып жатты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.