Бұл топтамада әлемнің 185 елінде тараған COVID-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.
20 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 2 403 963, өлім саны - 165 227, айыққандар саны - 616 583 адам болды (жаңартылған уақыты 09:53).
18:52
Олимпиада келесі жылы да болмауы мүмкін - сарапшы
Жапониялық жұқпалы аурулар маманы Токио Олимпиадасы келесі жылы да болмауы мүмкін деген пікір білдірді.
Бүгін брифингте Кобе университеті ауруханасының профессоры Кентаро Ивата Жапония індетті ауыздықтағанымен, дүниежүзінен жүздеген ел азаматын қабылдауға дайын болмауы мүмкін екенін айтты.
Маман ойынды көрерменсіз не келетін адамдарға шектеу қойған жағдайда ғана өткізуге болатын мәлімдеді.
Бұл пікірді қолдаған тағы бір сарапшы Эдинбург университетінің жаһандық денсаулық сақтау кафедрасының меңгерушісі Деви Шридхар вакцина табылмайынша ондай ауқымды шара өткізу қауіпті екенін алға тартты.
Ал Халықаралық олимпиада комитетінің үйлестіру комиссиясының басшысы Джон Коутс журналистерге коронавирустың келесі жылға жоспарланған ойынға қалай әсер ететінін талқылау әлі ерте деп жауап берді.
16:23
Испанияда коронавирус жұқтырғандар 200 мыңнан асты
Испанияның Денсаулық сақтау министрлігінің берген ресми ақпаратына сәйкес, індет тіркелгеннен бері 20 852 адам көз жұмған, 80 587 науқас емделіп сауығып шыққан.
Жақында вирус жұқтырғандар саны тағы 4 266-ға артты. Дегенмен кеше COVID-19-дан бір айдағы ең төменгі өлім-жітім көрсеткіші тіркелген — 399.
15:11
Германия карантин шараларын бәсеңдете бастады
Карантин режимі жариялағаннан кейін бір жарым айға жуық уақыт өткен соң Германия билігі шектеулерді біртіндеп жеңілдетуге шешім қабылдады. Карантин нәтижесінде елде вирус жұқтырғандар саны азайған, ал аурудан айыққандар саны айтарлықтай өсе бастады. Осыған байланысты салынған тыйымдарды біртіндеп жеңілдету туралы шешім қабылданды.
Бүгіннен бастап ауданы 800 шаршы метрге дейінгі дүкендер, автосалондар, велосипедтерді сатумен және жөндеумен айналысатын дүкендер жұмысын қайта бастады.
Дәріханалар, құрылыс дүкендері, автожанармай құю бекеттері, кір жуатын орындар, банктер, байланыс бөлімшелері және газет дүңгіршектері әдеттегі тәртіппен жұмыс істейді.
Германияның бастауыш мектептері мен кәсіптік-техникалық училищелерінің, гимназияларының бітіруші сыныптарындағы сабақтар 4 мамырдан басталады. Осы уақытта қатаң санитарлық тәртіпті сақтай отырып, шаштараз да жұмысын қайта бастайды.
Германияда 145 мыңнан астам адам COVID-19 вирусын жұқтырған, 4,5 мыңнан астам адам инфекцияның кесірінен көз жұмған, ал 91 500 науқас жазылған.
14:52
Тайландта коронавирус жұқтырған тағы 27 адам анықталды
Жалпы елде COVID-19-ды жұқтырғандар саны — 2 792. Сондай-ақ үшінші тәулік қатарынан өлім-жітім фактілері тіркелмеген. Ал коронавирустан жалпы 47 адам көз жұмды. Ауруынан айығып шыққан 1 995 адам бар.
11:07
Түркияда вирус жұқтырғандар саны Қытайдан асты
АҚШ пен Еуропа елдерінен кейін вирус ең көп тараған аймақтың бірі Түркия атанды.
Елде 86 306 адам COVID-19 вирусын жұқтырған. Бұл індет ошағы Қытаймен салыстырғанда 3 мың адамға көп.
Олардың ішінде 2 017 адам қайтыс болса, 11 976 науқас жазылып шыққан.
Түркия алғашында шетелден келген азаматтар мен вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға ғана сараптама жасаған. Кейінірек вирус белгілері бар барлық азаматтан тест алу қолға алынды. Осылайша 600 мыңға жуық сараптама жасалған.
Ел билігі алдыңғы апталармен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны азайғанын, яғни жағдайдың бақылауда екенін айтады.
Сурет: Anadolu agency
09:54
2,4 млн адам вирус жұқтырды
Дүниежүзінде 2 403 963 адам коронавирус жұқтырды.
165 227 адам қайтыс болды.
616 583 науқас құлан-таза айықты.
АҚШ-та 759 569 жағдай тіркелді, 70 927 адам сауығып шықты, 40 679 адам қайтыс болды.
Испанияда 198 674 жағдай тіркелді, 77 357 адам сауығып шықты, 20 453 адам қайтыс болды.
Италияда 178 972 жағдай тіркелді, 47 055 адам сауығып шықты, 23 660 адам қайтыс болды.
Францияда 154 098 жағдай тіркелді, 37 188 адам сауығып шықты, 119 744 адам қайтыс болды.
Германияда 145 742 жағдай тіркелді, 72 600 адам сауығып шықты, 88 000 адам қайтыс болды.