• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 24 Сәуір, 2020

Қазақ қыздарының әншілік мәдениеті

2010 рет
көрсетілді

Қазақтың әншілік өнерінде қыз­дарға ғана тән орындаушылық үл­гі бар және оның мәдениеті ерте­ден қалыптасқан десек, осы пікірімізге келіспейтіндер көп болатын шығар. Оның басты себебі – кезең бөлек, талғам бас­қа, ән дәстүрінің асыл ар­қа­уы сөгіле бастаған бағзы за­ман­­ды бастан кешірудеміз, өкі­ні­­шке қарай. Қазақ қыз­да­ры шығармашылығында вокал­дық стильдің төл мәнері, шығар­маның өзіндік композициясы, керек десеңіз, репертуары мен орындаушылық харекеттердің өз әдебі мен ғұрпы болған дегендей уәжге барсақ, бүгінгі ойшыл қа­уымды иландыру әурелі іс болуы мүмкін. Ұлттық әншілік өнерді көбінесе ерлерге тән сал-серілік дәстүрі деп ұғуға бейімбіз, алайда қазақтың ән антологиясы тек осымен шектелмейді. Тұрмыстық-толғаулы әндердің дені қыздардың әншілік дәстүрінен өрбиді.

Белгілі бір жайттың сауалына төрелік айту үшін орыс деректемелеріне жүгіну дағдысы бізде әлі бар. Ол түсінікті де, өйткені біздің ғылымда орыс өнертану мектебінің күші әлі ықпалды, әлі өктем. (Әсіресе этномузыка әңгімесі қозғалғанда орысша аргумент келтірсеңіз кез келген кер оппонент сылқ ете қалады, ащы да болса шындық осы). Ендеше біз де соған жүгініп дәлел айталық.

Асыл жандардың әншілік дәргейін Ресей ғалымдары сонау ақ патша заманында, яғни XIX ғасырдың жуан ортасында-ақ жеке фольклорлық мәдениет ретінде қарастыра бастаған екен. Керек десеңіз, Н.Лопатин (1854-1897), В.Прокунин (1848-1910) сияқты орыс музыкатанушылары қыздар айтатын әндерді дербес орындаушылық жанрға балаған көрінеді. Орыс фольклористикасының аңыз адамы саналатын Е.Линева (1853-1919) орыс қыздары шығармашылығын сипаттағанда «горущечные песни» (қайғылы әндер), «бабьи песни» (әйел әндері) «девьи песни» (бойжеткен әндері) деген анық­та­маларды пайдаланыпты. Орыстың тағы бір дүр фольклористі М.Едемский қыз­дар әнін мазмұнына қарай «тұрмысқа дейінгі әндер», «тұрмыстан кейінгі ән­дер» деп жіктейді, бұл ойын ол репертуар мәселесімен тікелей байланыстырады. М.Едемскийдің зерттеулеріне шолу жасаған М.Вавилова деген өнертанушы былай деп жазыпты:

«М.Едемский, отмечая процесс раз­рушения и угасания традиционной народной песни, углубляет методику изучения происходящих в фольклоре явлений, открывает новый аспект исследования – поднимает проблему трансмиссии культуры. Он начинает фиксировать (не записывать) гендерный репертуар, акцентируя внимание на разных возрастных группах. В архивной коллекции Едемского можно выделить уникальные наблюдения-заметки – тематические циклы: репертуар молодого парня 17 лет, рядового крестьянина 40-45 лет, репертуар девушек 16-17 лет, женщин 40-45 лет, старшего поколения 60-70 лет».

(М.Вавилова. Песенный фольклор в запи­сях М.Б.Едемского: Принципы соби­рания и исследования. Статья. По сле­дам Е.Э.Линевой. Сборник научных статей. 96 стр. Вологда-2002). Осы жерде «мә­дениеттің трансмиссиясы» деген сөзге тоқ­талудың қажеті жоқ, ол фольклордың сақталуы не жалғасуы проблемаларына қатысты гәп. Ал енді асты сызылған «гендерный репертуар» деген сөзге назар аударалық, бұл жерде мәдениетті сақтаушы яки жалғастырушылардың жас ерекшеліктерімен бірге жыныстық та табиғатын ескеру керектігі меңзеліп отыр. Музыкалық білікте оғаштау көрінетін «гендерлік» сөзі М.Едемский заманында болған жоқ, оны музыкалық анықтама қатарына енгізген кейінгі ғалымдар легі, десек те әншілік танымда жыныстық ерек­шелік болатынын еппен айтқан орыстың көне ғалымдары ұтылған жоқ. Әйелдер айтатын лирикалық әндер, «горлар» (жоқтау әндер) мен «частушкалар» (қайым әндер) академиялық өнер түрі ретінде орыс мәдениетіне енді.

Орыс ғалымдарының төккен тері текке кетсін бе, осыдан кейін-ақ қыз­дардың әншілік шығармашылығы не­гізінде халықтық-академиялық хор ұжым­­дары ұйымдастырыла бастады, же­­ке орындаушылық өнер дамыды, орыс маржаларының даусын жаһанға жай­­ған Л.Русланова, Л.Зыкина сияқты дәс­түрлі әншілері әлемді аузына қарат­ты. Орыс мәдениеті аясында пайда бол­ған «Девичья хороводная традиция», «Жен­ский певческий жанр» деген тір­кестер одақ көлеміндегі өзге ұлттарға өне­ге бол­ды. Қазіргі күнде Ресейдегі та­ны­­мал ұжымдардың бірі, Ю.Чирков же­тек­ші­лік ететін орыс-казактардың «Ча­пура» фольклорлық ансамблі тек қана қыздар шығармашылығын насихаттайды және осы құралпы ұжымдар өте көп. Ол аз десеңіз, әйелдердің шіркеуде орындайтын діни-ғибадат хорының дәстүрі де орыс фольклорын мейлінше байытып отыр. Православиенің ескі дін тұтынған жамағаттары (староверлер) қауымының фольклоры да зерттеушілер назарынан тыс қалмаған, олардың да әйелге тән зікір рәуішті әндері мұқият жинақталған, қазіргі «Рябина» деген әйелдер ансамблінің репертуары сол ескіславян фольклорынан тұрады.

Бізбен туыстас халықтарда да қыздар шығармашылығы бөлек мәдениет ретінде талданады. Мысалы, «өз ағамыз» өзбектің тек қана қыздар билейтін классикалық биі әлемге әйгілі. Өзбек қыздары Хорезм дәуірінен бері киелі өнер саналатын «шаш­макомды» қазан төңкерісіне дейін айт­қан емес, тек кеңестік кезеңде ғана әуес ете бастады. Кавказ түріктерінде қыз­­дардың биі басқаша, біздің «Айжан қыз» бен «Қамажайдай» ырғалып тұрады. Әгә­рәки қыздар қауымы жігіттер биіне әуес­теніп секектей жөнелсе ол өрескел іс болып саналады. Осыларды зерделейтұғын бол­сақ, жалпы өнер атаулының барлық тү­рінде жыныстық ерекшеліктерге қа­тыс­ты ежелден қалыптасқан тылсым та­биғаты бар сияқты көрінеді. «Бір ту­ған» қырғыздарда «Манасты» ешқашан қыздар айтпайды. Қазақ, қарақалпақта қобызды қыздар ұстамайтын қатаң тыйым болған. «Жырау» деген сөз тек қана еркектерге ғана лайық әскери мәртебе болғаны анық, қазақ қыздарының «жырау» атана бастағаны тек беріде, Затаевич жазбаларынан кейін ғана. Әрине бұл күнде шығармашылық еркіндік пен теңдікте жыныстық шектеу жоқ. Әң­гіме байырғы кезеңдердегі қасиетті ты­йымдардың болғандығында. Ал енді қа­зақ қыздарының ән өнеріне келетін болсақ, ол шексіз дария, өз тарихы, өз мәдениеті дамыған кемел жанр. Ұлт руханиятын қыз­дардың дауысынсыз елестету мүмкін емес.

Қазақтың әнші қыздарының орын­даушылық дәстүрі мен оның бас­ты ерек­шеліктері, әрине тұрмыстық өмір­ле­рі­не байлаулы. Қыздар әншілігіндегі ай­рықша интонация негізінен созыла ай­ты­латын сазды лебізбен өріледі, яғни ре­пертуар негізінен лирикалық әндерден құ­ралады десек еш қателеспейміз. Қыз шырқауындағы мелодиялық дамудың да өз жосығы бар. Олар халықтық немесе авторлық әндерді орындағанда дауысты тым жоғары өрлетуді, жігіттерше «алты қырдан асыра айғайлауды» мақсат етпейді, керісінше көркем тембрге, ша­ғын ғана композициялық өрнектермен астасатын жарқын колоритке көбірек сүйенеді. Дала дәстүрінде өнерлі қыз­дың көрме көзге (қазіргі ұғыммен айт­қанда «сахнаға») бәденді болуы, орын­даушылық барысында ізет шекарасынан аттамауы мақұл болған.

Ұлы әжелерімізден жеткен ұлан-ғайыр ән қорымызды барлай келгенде, тұрмыс-салтқа байланысты әндер, сыңсу мен жар-жар, бесік жыры, алтыбақан-ақсүйек маңайындағы қыз-бозбала қағытпалары, қыз-жігіт айтысының ақабасынан туындап жататын классикалық қара өлең қайырымдары, бұлар тек қана қыздарға тиесілі қызықшылық болып саналғанын дәлелдеп жату артық. Әрине ұзатылу, қоштасу, құтты орнына қону, елі мен же­рін, ата-анасын сағыну сияқты әдеттегі әндер ғұрыптық-салттық фольклорға жат­қанымен, поэтикалық мазмұны мен музыкалық формасы дами келе қыз­дардың кәсіби ән мектебі болып қалып­тасқанын аңдаймыз. Және ол көшпелі тұрмысымызда ғасырлар бойы пісіп-же­тілген пейіштің жемісі секілді, ақ жау­лықты әжелерімізден аналарымызға ми­рас болып, қарқарасы құлпырған қыздар әні әлі күнге дейін жүрегімізге шуақ сыйлаумен келеді. Жаратқанға мың тәубе!

Қазақтың өнертану ғылымында қыз­дар әншілігі жеке-дара ғылыми ны­сан ретінде бағаланбағанымен же­ке тұлғалардың шығармашылық жағ­даятын қаузаған ең­бек­тер жазылды. А.Затаевич (1000 песен казахского на­рода. Оренбург-1925), Б.Ерзакович (Песенная культура казахского наро­да, АлмаАта-1955) құрастырған ән жи­нақтарынан соң Т.Бекхожина, А.Бай­гаскина, С.Елеманова, Ғ.Бисенова, А.Бер­дібаева, Б.Бәбіжан, Ә.Сабырова, Б.Тұр­мағамбетова сынды ғалымдар легі халықтық дәстүр аясында қыздардың шы­ғармашылығын да мәдени үдеріс ретінде ескере өтті. Кеңес заманындағы еңбектерде қыздар шығармашылығын сол кездегі идеологияға сай «теңсіздік әндері» деп жіктегені белгілі. Әрине ер адамдардың қыздар әнін айтуы, ке­рісінше қыздардың ерлер әніне әуез бо­луы осы кездерде басталды деуге болады. Қыздардың әншілік мектебінің мәдениеті бар екені жайлы емеурінді мақалалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттарда ғана ептеп жазыла бастады. Бірақ олардың негізгі ұстыны «ғұрыптық әндер» деген тақырып ауанынан аспады.

Дегенмен, «Әйелдер әні» деген айдарлы жіктеуді А.Затаевичтің жазбаларынан көп кездестіреміз. Мысалы:

«210. Куляйим Колыбаева (Кулэйиым Койлыбаева) жена Медеу.К. (см. прим. 203), дала мне ряд чрезвычайно интересных сообщений из области женских казахских песен Павлодарского уезда.

Очень красивая женская песня, грациозно и плавно изливающаяся и, в заключение, модулирующая из мажора в минор на второй ступени. Женская песня. Женская песня. Очень красивая, так и просящаяся в оперу, женская песня, полная глубокой грусти! (Совсем другая «Кайырма» помещена в «1000 п.», под № 494). Опять-таки - чрезвычайно красивая женская песня, с богатейшей мелодией, преисполненною печалью. Женская песня. Женская песня, в которой слышится отзвук великолепной песни «Уш коныр уйрек», сообщенной выше Куляим Колубаевой (см. № 256). Женская песня. Женская песня.»

(Александр Викторович Затаевич. «500 песен и кюев казахского народа» Издательство «Дайк-Пресс», г. Алматы. 336-348 стр.)

А.Затаевич қазақ қыздарының ән­шілік өресін жоғары бағалайды, әсіресе Майра Шамсутдинова туралы зор ілти­патпен жазғаны белгілі. Сонымен қатар қазақ әйелдері әнінің мазмұны мен мелодиясына өз тарапынан бірсыпыра сипаттама береді.

Қазақ қыздары әншілігінің маз­мұн-мағынасы салттық деңгейдегі фольк­лорды негізге ала отырып, классика­лық қара өлеңнің шекарасынан шыған­дайтынын, сөйтіп халықтық-кәсіби шы­ғар­машылыққа өрлейтінін жоғарыда жаз­дық. Енді қара өлеңнің фольклор сарындас формасы өзгере келе классикалық лирикаға иек арта бастайтынына ынта қоялық. Керек десеңіз қарапайым ғана қайырымдардың табиғаты құбыла келе ғашықтық новелласы тақырыбына дейін ұласып жатады. Монолог, баяндау түрлеріндегі поэтикалық тіркестер еркін ырғақты болғандықтан композициялық мазмұнға да көп өзгеріс жасайды. Дәлел ретінде көпшілікке аттары мәшһүр Мә­риям Жагорқызының, керекулік Май­раның әндерін мысалдасақ та жеткілікті. Мәриям:

Қолында Мәриямның өткір қайшы,

Қағазға Мәриям аты жазылсайшы.

Қор болып бір жаманға кеткенімше,

Алдымнан қазылған ор табылсайшы!

– деп сарғаяды, Дударға деген сезімін ашық айтады. Ал Майра болса:

«Дос тұттым, болдым жақын,

тіліңе ердім,

 Басқадан сені ерекше артық көрдім.

 Кіршіксіз махаббатың қойынында,

 Өзің біл, жүрегімді саған бердім!» деп ғашық сезімін ешкімнен қысылмай әмбе жұртқа жария етеді.

Осы жерде ән мәтінінен бөлек, қыз­дардың композиторлық қарымының да нағыз шабыттың биігіне жеткенін айту парыз. Музыкалық талдаумен қарасақ, әндердің интонациялық қайырымдары да әдеттегі ерлер айтатын өлеңнен өткір­леу. Мәтіндегі поэзиялық өрімдердің айт­пағына келсек, қыз сөзі мейлінше батыл, әр ұйқасы қылыштың балдағындағы ақкүмістей жарқырап тұрады. Қазақ қызы өзінің шығармашылық албарында тек қана «әсершіл», «мұңшыл» бола бермейді, ол кейде жеңіл юморескаға да қысылмай мо­йын бұра кетеді.

«Жаман болсаң кетерсің суға кетіп,

Жақсы болсаң келерсің судан өтіп» деп қалжыңдай отырып, бозбаланы қай­райды, ән мәтіні бұлан жастың қан­шалықты еркін әрі азат рухты болғанын баян етеді. Әлбетте, музыкалық образ да соған орай сан-салалы болып туындайтыны, өрбитіні белгілі.

Тап осы жерде қазақ қыздары репер­туарындағы әндердің мазмұнын барлай отырып, олардың қоғамдағы биік мәртебесін тану аса қиын іс болмайды. Қазақ қызы ән арқылы өзінің «сөзге бекем», «сертке берік», «ізетінше асқақ» бейнесін сомдайды. Сонымен қатар ол үлкеннің жолын кеспейтін, бөріктіге тіке қарамайтын көргенді тұлға, рулы елдің ары мен ұяты екенін де ұмытпайды.

Ақиқатын айталық, кеңестік кезеңдегі ғалымдар жазғандай қазақ қоғамында «төменетек теңсіздік» болғаны шындық. «Тақсыр-ай, күні құрсын ұрғашының, билігі болмаған соң бір басының» деп Сара ақын текке жырлаған жоқ. Қалың малын мол бергенге қызын жетектетіп жіберетін керзаманды бүгін жасырғаннан не пайда? (Тұрмыстық жағдаятында туындаған «теңсіздік әндері» қазақ қыз­дарының шығармашылығында эпо­пеялық баян болып қатталып әлі жатыр, болашақта оларды жинақтасақ бір анто­логияға жүк болып қалары анық). Қазақ қызы:

«Қызды неге құдайым жаратасың,

Қолаң шашын қайырып таратасың.

Асау тайдай алшаңдап жүрген басым,

Қандай жанның қолына қаратасың?»

– деп жат босағасындағы бақ-талайын уайым етеді.

Бүлдірген,

Қандай жақсы құрбылармен бір жүрген

– деп «асау тайдай бұлаңдаған» оң босаға­да­ғы дәуренін қимай қамығады.

«Базардан алған боз жаулық,

Шетінен алдым бір баулық,

Айналайын туысқан,

Сіздерге берсін денсаулық!»

 – деп туған ел, өскен жерін ойлап сарғаяды.

«Әй-әй, бөпем,

Кейін қалған елімді,

Көрер ме екем!»

– деп бесік тербетіп отырып төркін жұртын сағынады.

Ал енді, тақырыпты тұрмыс жағдая­тынан әншілік қағидасына шорт бұра­тұғын болсақ, қыздар айтатын әндердің сипатында жоғарыда біз салыстыра жазған екі характер бар, лирика мен сентимент, сатира мен юмор интонациялары араласа келе тамаша музыкалық ой немесе композициялық мазмұн түзгендей болады. Яғни қазақ қыздарының шығар­машылығында қуаныш пен өкініш, махаббат пен ғадауат, күлкі мен көз жасы аралас. Вокалдық тұрғыда бозбалаларға тән еселенген динамика, тік шырқайтын шаппа-шот акцент мүлде жоқ, керісінше романстық шуақты мелос басымырақ.

Тағы бір мәселеге назар аударуға мәжбүрміз. Жалпы, халық әндерінің ішіндегі қыздарға тән текст-мәтіндерді барласақ, жұмбақтай айту, астарлап жеткізу, тұспалдап меңзеу сияқты поэ­тикалық тәсілдер мейлінше мол қол­данылады. Мысалы:

«Алма ағаштың гүліндей-ау,

Текеметтің түріндей-ау.

Өтіп дәурен бара жатыр,

Сіз бен бізге білінбей-ау»

– деп әнші қыз тыңдаушы назарын «алма ағашқа», «текеметке» бұра отырып, өз тағдырын баян етеді, қимас құрбысына құпиялап сырын айтқандай болады. Мұндай әдісті әдебиетшілер «параллеллизм» деп атар еді. (Музыкада да бұл термин бар, бірақ ол екі дыбыстың гармо­ниясын қаузап кетеді).

«Арқадан соққан самал жел,

Сағындым көке, аман кел!»

– деп алыстағы бауырына деген сағы­нышын әнге қосады, сөйте тұра төркін жұртына (Арқаға) көптен бармағанын жария-наз етеді. Қазақ қызы өз сезімін әлгі айтылмақ әннің өзегіне шебер қа­йымдастырады. Ән сазы мәтіннің жет­кізе алмаған тұсын әрлеп, сезім лебі­зін мелодиялық өрнектермен өре оты­рып, содан музыкалық көркем ше­­шім іздейді. Мұндай музыкалық-поэ­тикалық тәсіл жалпы қазақы ән-өлең­нің бәріне тән дегенімізбен, қыздар шығармашылығындағы сипаты өткірлеу-ау. Кейде бір тыңдағанға қыздар әнінің мазмұны толық ашылмағандай, кульминациясы жетілмегендей болып көрінетіні бар. Иә. Қыздардың шығармашылығында ашық-шашық әсіресоқ акцентшіл техника болмайды. Мұның астарында ұлт пен дәстүрге деген түпсіз құрмет жатыр. Қайыра айтқанда, қазақтың бұқаралық-музыкалық салтында қыздар әншілігі – төл табиғаты сұрыпталған, өзіндік ком­позициясы мен формасы жетілген, дәстүрлі вокалдық мектебі қалыптасқан дара мәдениет.

Осы мақаланы оқыған соң «Әй, аға­йын, халық әншілігінің классикалық мектебі бар, кәсіби оқыту талабы бар, ендеше одан қыздар шығармашылығын бөлудің қажеттілігі бар ма? Заманауи зәрулігі не-дүр?» дейтіндей оппонент сауалдар өре түрегелуі әбден мүмкін. Оның үстіне жоғарыда аттарын атаған жеке музыкатанушылар болмаса жалпы отандық өнертану мен кәсіби білім беру саласы қыздар әншілігін жанрлық мәдениет ретінде қарамақ түгілі, олардың сан ғасырлық дәстүрі бар репертуарын да мойындай бермейді. Соның салдарынан қазіргі орындаушылық өнерде қыздардың әншілік үлгісі «зәйімкенің ағашындай» селдіреп, жойылып барады. Осы күні сал-серілердің «жігітлік» тақырыбындағы «алаңсыз сауық-сайран салған», «бір күнде сегіз қызды алып қашқан» әндерін сұлу қарындастарымыз сахнада қысылмай айта береді. «Тәңір­берген Молдабай», «Олай жүрші, Көк­шолақ!» деп үкілі бөркі найқалған аруларды да көріп жүр­міз. Эстетикалық жолын айтпағанның өзінде Біржан мен Ақанның, Мәди мен Тайжанның, Ғазиз бен Балуан Шолақтың, Кенен мен Қапездің қаһармандық-пате­тикалық туындылары қыздардың нәзік табиғатына келмейді, вокалдық тұрғыда да дауысқа орасан салмақ түсіретіні бесенеден белгілі. Қыз бала қанша шебер орындаушы болса да шығарма болмысы оған ырық бермейді, себебі ер адам репертуарының вокалдық-техникалық талаптары өзге. Қаласақ та, қаламасақ та әлгі орыс ғалымы М.Вавилова айтқан «гендерлік репертуар» талабының бір маңызы осы жерде байқалады. Кәсіби оқыту стандартының талабына сай «ән маманы халық әндерінің бәрін игеру керек» деген ортақ тілекке дау жоқ, ол білік пен тәлім үшін өте қажет дүние. Десек те үлкен сахна мәдениетінде кез келген ұлттың маңдайына біте бермейтін рухани қазынамыз – қазақ қыздарының әншілік мәдениеті мен ғұрпы сақталса игі.