10 жылғы үзілістен кейін батыстық ғарышкерлер енді SpaceX компаниясының көмегімен Халықаралық ғарыш стансасына аттанатын болады. Енді олар тек АҚШ территориясынан ұшады. Сонымен қатар бұл NASA-ның SpaceX Crew Dragon ғарыш кемесімен ұшып шығатын тұңғыш сапары болмақ.
Falcon 9 ракетасымен жүзеге асатын ұшу биылғы 27 мамырға жоспарланған екен. Құрамында Даг Хөрли және Боб Бенкен бар экипаждың орбитада 110 тәулік болуы жоспарланған. NASA Халықаралық ғарыш стансасындағы жұмыс тоқтап қалмау үшін ұшуды коронавирус пандемиясына қарамастан жүзеге асырмақшы. Илон Масктің SpaceX сияқты жекеменшік компаниясы мұндай жетістікке 18 жылдан кейін жетпекші. Бірақ бұл тарихи оқиғаны көрермендер шолу алаңынан көзбе-көз көре алмайтыны өкінішті жағдай болып отыр.
2011 жылдан бері американдық астронавттар Ресейдің «Союз» ракеталарымен ұшып келген. Ресейліктер ғарышқа бір адамды аттандыру үшін орта есеппен басында 55,4 млн доллар алып келсе, соңғы уақытта оны 86 млн долларға көтеріп жіберген. Енді «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы мұндай табыстан айрылады.