Карантинге байланысты адамдар үйлерінен шыға алмай қалған жағдайда YouTube-блогерлер көбейіп жатыр. Бірақ жарнама берушілер бұрынғыдай белсенділік танытып жатқан жоқ.
Видеохостиңпен табыс табатындардың кірісі бұрынғыдан 40 пайызға азайған. Осыған байланысты танымалдылығы аздау YouTube-блогерлер жарнамаға бағаны 50 % түсіруге де келісіп отыр. Жалпы жыл соңында YouTube қызметінің жарнамадан түсетін пайдасы азаятын болды.
Қазақстанда бұл бағыттағы блогерлер аз екенін білеміз және біздің блогерлер қатты зардап шегеді деп те айта алмаймыз. Бірақ бұл тоқтап қалуға себеп болмай, қайта керісінше, көпшіліктің қолы босап, видео түсіруге көңіл бөлетін уақыт тауып жатқан сияқты. Оған ертегі айтатын әжелер немесе эксперимент жасайтын балалар каналдарының ашылуы дәлел бола алады. Сондықтан да YouTube платформасында да қазақша контентті көбейтетін сәт келді және оны тиімді пайдалансақ, ұтылмайтынымыз анық.