• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Сәуір, 2020

Ұлттық рухыңды үрлей біл!

853 рет
көрсетілді

Ұлтты құртатын жадағайлық, жалт беріп кететін, өзімшілдіктің құрдым құлына айналған рухсыздық. Керісінше болса, кемелдіктің көкжиегінде табаныңды нық тіреп, қадамың аршынды болады. Мерейің үстем тұрады.

Бүгінгідей қиқуы көп, қыңыры жетіп-артылатын, кеудесін ұрып, менікі жөн, сенікі теріс деп тегіс жұртқа тепсініп шыға келетін дүлей баршылық дәуірде ұлттың саны емес, сапасы, ой әлемінің биіктігі, жақсыларының кемелдігі, жасының албырттығынан гөрі, алғырлығы басым түсіп жатуы қабырғалы халықтың бағын шамшырақтай жағады.

Бұл көш басында жүрер жұрттың елдік байламының беріктігін, алауыздықтан алыс, жүйелі сөзге ұйып, қабағымен де білдіре алатын, нұрлы дидарымен де жаныңды жадырататын, ой арнасын да, жол сорабын да бір арқауда есе алатын ұлттың кемері кең екенін кім жоққа шығара алады.

Мұндай үлгі, үрдіс қазақта әлімсақтан бар.

Тақырға шөп шыға ма, пақырға бақ қона ма деп, мұндай өнегенің түп-тамырын түгендесең, халықтық қалыптан менмұндалап шыға келетін, тереңдеп барсаң, тіл шырыны тамсандырып, тағылымы тәнті ететін асыл қасиеттеріміз көз алдымызда саптағы сарбаздай қатар түзеп тұра қалады.

 Оның алтын бастауы – осынша жерді ұшан-теңіз байлығымен, мәңгілік сес болар айбынымен, қонған шаңды үрлесең, ұшық-ұшық болмайтын өміршең салт-санамыз – бәрі де мұра болып қалған бабалар жолы.

Арғы жағын қозғамағанда, сол сара жолды салып, дара жолды бекіткен. «Ей, Түріктің халқы!», деп «Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласының үстіне ата-тегім Бұмын, Істемі қаған отырған»,  деп келетін бір дәуір ғұламасы Күлтегіндей көркеміміз, одан өрген Түрік қағанатындай өркениетіміз тұр.

Талай тауқыметті артқа тастап, тар жолды кеңейткен, азды көбейткен алыптарымыздың да тәлкекке түскен тұсы аз болмады.

Бірақ олар қауіптің алдын алып, тұйық­тан шығар жолды тауып, адасып бара жат­қанның алдын орап, түзу жолға бағыттап, жаңыл­ғанның жанынан табылып, тентекті «Ұят болады – өлімнен ұят күшті, жаман болады – жақсылыққа ұмтыл, теріс істің обалы болады, сұрауы қиын», деген.

Сол қасиет ұят пен арды, жаман мен жақсы­­ны, обал мен сауапты теңшеген жұрты­­мыз сүрінген, бірақ жығылмаған, адасып барып есін жиып оңалған, құртам деген­нің құры­ғынан ақылмен құтылып, жойсам деген­нің жолсыздығын айламен жеңіп, зымияндықты зынданға батырып, арамдықты аластап, адамдықты асқақтатып, бір кездері қолдан шығып кеткен елдігін қайтарып, «Ойда орыс, қырда Қытай не істеп жүр?» (Әсет ақын),

«Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,

Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.

Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,

Істеген ынтымақсыз ісің оңбас»

 (А.Байтұрсынұлы),  –

деген сол ынтымақ бүгінгі бүтін билікке қол жеткізді, мұны кім жоққа шығара алсын.

Иә, оң ісіміз ірілігімен көрінсе, кем жұмы­сы­­мыз кемелдікті талап етіп отырғаны да ақиқат.

Әлемді әлекке салып, көңілді алаң еткен коронавирус деген кесел тұсында да баба­лар жолымен ұлттық рухтың қоздап жататы­н қоламтасын сәл қозғап, от оттықтан тұта­наты­нын ескеріп, оны өртке жібермей, өркениет жолымен дамытсақ қане. Алмағайып тұстағы осындай сын сағатта тағы да бірліктің туын нық ұстау қажеттігі туып отырғаны белгілі. Бұл мінсіз міндет екені де шындық.

Енді осы міндетті тығырыққа тіремей тиянақтай беру, сөзге иланып, иманды істі игілікке бұру, кездесер қиындық, етектен тартар дағдарыс бола қалса, оны еңсеріп кетуге бекем тұру қай-қайсымызға да парыз деп білеміз. Бұл мемлекетшілдігімізді көрсетеді.

Бұл елдіктің іргесін болаттай бекітуге үйретеді. Бұл алдыңғы толқын мен кейінгі жастың сабақтастығына алтын арқау болып, бірлікті шайқамай, «Араз болып өнбеске» (Абай) апармайтын баянды тірлікке жеткізетінін дәйектейді.

Осындай әлем халқының басына әлек болып жабысқан, бізді де алаң көңіл еткен тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз», деген сөзіне ұйысақ ұтылмаймыз. Бұл ұлттық рухымызды бекітіп, бабалар салтын санамызда жаңғыртып, қазіргі тірлігімізді кейінгіге жеткізуге жол ашары хақ. Ол үшін рухтың алтын сәулесін әлсіретпей, шоғы қара күйе тартса үрлеп, пенделікті елдік деген ұлы ұғымға жеңдірсек екен.