Қазіргі қоғамда орынды-орынсыз мақтау көп. Мақтансүйгіштік – өзін байсалды тұлға ретінде сезіне алмайтын, жетілмей қалған иллюзиясын толтырудың басқа тәсілін таппаған пенделерге тән. Бізге Алла тағаланың әмір-үкімін жеткізуші Мұхаммед пайғамбардан жеткен өсиеттің бірінде «Жаратушының ең жек көретін нәрсесі – мақтан және мақтан үшін жасалған амалдар» дейді. Демек жалған мақтау – күнә.
Абай атамыз «адам баласы мақтаннан аман болмағы – қиын іс» дейді. Бірақ соның бәрі орнымен, мәдениетті, байыпты, шынайы айтылса нешік. Мақтауға жалған араласқан соң, оның маңызы жойылып, шындығы қожырайды. Сөйтіп адам жалғандыққа бой алдырады да, жақсы мен жаманды ажыратып, бағалай алмайтын күйге түседі.
Абай атамыз мақтанды үлкендік және мақтаншақтық деп екіге бөледі де, үлкендік – адам ішінен өзін өзі бағалы есеп қылмақ, бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың ісі, олар өзін жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Мақтаншақтық – бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді дейді данышпан.
Сонымен бірге ғұлама атамыз мақтансүйгіш пенделерді рухани, әлеуметтік тұрғыдан төмендегідей үш топқа жіктеген екен:
Біріншісі – жатқа мақтанарлық мақтан іздейтіндер. Ол – надан, надан да болса адам.
Екіншісі – өз елінің ішінде мақтанарлық мақтан іздейтіндер. Оның надандығы толық, адамдығы толық емес.
Үшіншісі – өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейтіндер. Ол – наданның наданы дейді.
Ораза дегеніміз – күнәдан құтылу айы. Демек осы айда жалған мақтан мен мақтаудан құтылсақ игі еді.