• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Мамыр, 2020

Ақсаққара (новелла)

983 рет
көрсетілді

Қос жүгенді бір-бірімен байластырып, иығына арта салған жалбыр шашты жас жігіт шыққан күнмен таласа жайылымда жүрген аттарды алып келуге жөнелді.

Тарбағатай тауы жартылай қоршап жатқан бұл өлкенің таңғы табиғатына сүйсіне қарағанда, екі көзінен шабыт пен шаттықтың жарқ-жұрқ еткен оты ойнады. Қалада оқып, қағаз сорған, күн тимеген, жел қақпаған сұрғылттау жүзіне сонау Қозымаңырақтың дәл төбесінен шаншыла шыққан күн жарықтықтың қызыл арайы шомылдыра төгілгенде, бозбаланың бозаң беті қызылшырайланып, құйылып тұрған нұрлы сәулеге малшына қалған тұла бойы дүр сілкініп сұлу торы аттай шиыршық атты. Ол өзінің туып-өскен топырағының өзі білетін бар сәулетін көз алдына елестетіп келеді.

Дәл осындай жаздың күнінде нар қамыстай найқалып өскен қалың шиден түйе бойы көрінбес; шоғыр-шоғыр ну тоғайдай шомбал бас, шоқ кеуделі қара шенгелдерге ит тұмсығы тұрмақ, түлкі тұмсығы батпас; бүрлеп тұрған шағында бүйрегіңді бүлк еткізіп, гүлдеп тұрған кезінде сезіміңді селт еткізетін қызыл тобылғы мен қыстың қызыл аязында да өңін бермейтін қайсар мінезді қарағандар да қалт етпестен қарап тұрар; сәл төменге түссеңіз – шалқар шабындық көк теңіздей толықсып, бұйра толқындай бұлықсып, құштар құшағын кең ашып қарсы алар; одан әрі жүрсеңіз – сүттігенінен сүт ағып, қабанжатақ ну қамысы қорыстанған қопасымен, аяқ бастырмас батпағымен, ұстай алсаң, қол кесетін лөкет пышақтай қияқ жапырағымен, салбыраған шоқ-шоқ үкісімен – қожыр-қожыр, ойқы-шойқы Томар деген жер күтіп тұрар; Томардың жоғарғы жағынан бастау алып, иретіліп, бұратылып, жылап ағып жатқан қара судың аяқ шенін жағалай өскен шілік тоғайы құстарын сайратып, құндыздарын тойлатып, өз думанын, өз базарын өткізіп жатқан болар; одан әрі аттасаң – тағы да қалың ши басталып кетеді де, аттың басын Қарғыба өзеніне бір-ақ тірейсіз.

Былтыр оқуға түсіп, биыл бірінші курсты бітірген Әбентайдың өз үйіне, ата-анасына жеткені – кеше кешкісін ғана. Өзінің «шыр» етіп дүниеге келген, кіндік қаны тамған осы жерде, анау тұрған жап-жалпақ, ұп-ұзын тоқал тамда барлық балалық шағы өтті емес пе?! Жеткіншек болып – желкілдеп, жүйрік атпен шапқаны да, қой қайырып, түйе айдағаны да, бозбала болып, бозала таңға дейін бір сұлудың бет-бейнесін көз алдына елестетіп, ұйқысыз жататыны да осы үй, осы мекен емес пе? Ферма орталығы – Қараобадан он шақырымдай алшақ жатқан осы түйелі ауылдың оңашалығы түк те білінбеуші еді: жол үстіндегі жолаушы мен жоқ іздеген жоқшылардан бастап, аудан мен кеңшардың, ферманың атқамінерлері мен қаратаяқтары, өздерін жоқтатпайық дегендей, бірінен соң бірі келіп-кетіп жатады. Сондықтан болар, мұнын анасы Бижанның қазаны оттан түспейді, дастарханы дайын тұрады. Анда-санда ауыл-ауылға бөлініп, көкпар тартыла қалса да, оның аяғы кешке қарай осында тұйықталып, кең сарайдай қонақ бөлменің төрінде, алыстан келген құдалардай болып, көкпаршылар жатушы еді-ау, шәниіп. Содан... гу-гу әңгіме мен күмбір-күмбір домбыраның әуені түн ортасына дейін созылмай қайтсін! Әбентайдың өзі де он төрт-он бес жасынан көкпарға үйірсек болып, көп ұзамай-ақ «көкпаршы» деген атақ алғаны қандай ғажап! Осы күні кейбір жақтас көкпаршылар жолдары болмай қалғанда: «Әттең, Әбентайдың жоғын-ай, ол болғанда ғой!..» деп тістерін қайрайтын көрінеді. Осындай сыбысты естігенде жүрегің лүпілдеп, мақтаншақ көңілің масаттанып, қалай шалқып кетпессің! Әкесі Рахат та жақсы жылқыны жүз қадамнан танитын ат сыншысы болған соң ба, бұлар мінетін қылқұйрықтың барлығы – әйдік.

Тарбағатайдың мұзарттарынан бастау алып, ойға қарай құлап ағатын қос өзен – Қарғыба мен Базардың қақ ортасынан орын тепкен осы түйелі ауылды ешбір жан «жапандағы жалғыз үй» деп, мұқата алмас. Түйешінің бұл үйі, керісінше, ұлы жолдың үстіндегі үлкен бекет сияқты, тіпті, ойын-тойдың ордасы іспеттес, ең кереметі – ақылмандардың алқалы жиыны өтетін ақ ордадай мәртебесі бар бұл шаңырақтың. Сірә, қазақтың: «Жылқы малдың – төресі, түйе – малдың киесі» дегені дәл рас. Сонау елуінші жылдардың орта шенінен бері түйе түлігін өсіруімен айналысып келе жатқан әкесінің атақ-абыройы асқақтап, аудан ғана емес, облыс көлеміне шығып тұр. «Еңбек Қызыл туы» ордені бастатқан неше түрлі медальдары де баршылық.

«О, айналайын, әкетайым, сіз де қартайып қалдыңыз-ау!» деп күбірледі Әбентай, аттарға жақындап қалғанында. Осы уақытқа дейінгі өмірінде бір де бір рет туған өлкесі мен өз үйелмені  туралы дәл осылайша толғанып көрмепті-ау. Әлде, оқу оқимын деп алыста жүргендіктен бе, әлде... бұл да есейіп, ересектердің, ес тоқтатқандардың қатарына қосыла бастаған ба? Әй, қайдан!.. Оқуды жақсы оқығанымен, тәртібі бір түзелмей, кураторы мен деканын жиі ренжітіп алып жүрген адамнан қандай ақылдылық күтуге болады?! Әлде, дәл қазіргі жүрегін жарып шыққан ыстық сезімдері өлең-жыр мен дастандарды қатты қастерлегеннен, иә болмаса, әдеби кітаптарды көп оқығандығынан шығар. Кім білсін, әйтеуір, әдебиетші болғысы келіп жүр ғой...

Әбентай аттарды әкеле салысымен, екеуін де ерттеп қойды. Ер-тұрманның иісін де, ат ерттеуді де қатты сағынып қалыпты. Әкесі бұған Базар өзенінің жағасында түйеден үзіліп қалған кәрі інген – Ақсаққараны көріп, одан ары қарай Шүрек жаққа шығып кеткен жеті атанды айдап келіп, суға құлататынын айтты. Өзі шайға қарамастан, бір шара бидай көже ішті де, атқа қонып жүріп кетті. Әкесінің атқа мінісі тым бөлек – атты әскердің қолбасшысы сияқты. Жазда киетін елтірі тымағы да хас батырдың дулығасындай болып, тіп-тік тұлғаны айбарландыра түседі.

Қазір үш айлық жазғы демалыста жүрген бесінші сынып оқушысы – Тұрарбек інісіне: «Сен шайыңды ішіп ал, мен қойды өргізе берейін» деп, үлкен қақпалы, биік дауалды түйе қораға қарай беттеді. Ішінде мүйізі қарағайдай ақ текесі бар он шақты ешкі қораның жабық қақпасының алдында анталап тұр екен, бұл жетіп барғанда, бәрі маңырап, қуанып кеткендерін білдірісіп жатыр, жатқан-тұрған қойлар да қақпаға қарай лап қойды.

Әбентай ылғи ангор ешкілер мен құйрықтарын зорға көтеріп жүрген Еділбай қойларына қарап тұрып: «О, әкетайым-ау, қазақ мал өсірсе, сіздей өсірсін!» деп күбірледі. Көре алмаған кейбіреулер: «Рахаттың ешкісінен бестісіне дейін асыл тұқым. Төрт түлік малды түгел меншіктеп отырған осыны өкімет неге көрмейді?» деп, қатты кіжінетіні есіне түсті. Шынында да бұлардың малдарының бәрі іріктелген, сұрыпталған тұқымдардан еді. Төрт түліктің түрін ғана емес, тілін де білетіндей болып көрінетін әкесінің мал күтіміне қатты қарайтынын кішкене кезінен біледі. Ол кісі атын дұрыс ерттемей, жауыр қылатындарды «еркектің езісің, есектің безісің» деп, қатты жәбірлегенін де сан көрген. Шәкәрім қажының бүкіл дастандары мен өлеңдерін жатқа білетін бұл кісі, Міржақыпты қатты қастер тұтып, көптеген өлеңдерін де айтып отырады. Шалының ұмыта қалған жерін дереу жалғап жіберетін анасына да таң қалатын тыңдармандар жетерлік-ау. «Сал-сал» мен «Зархұм» сияқты діни дастандарды да тәпсірлеп отырып айтады бұл кісі...

Әбентай қойды өргізіп жіберген соң, туатын түйелерді қыста қамайтын біп-биік бітеу қораға кірді. Ортасына қаз-қатар тіреулер қойылған ұзын қораға қарап тұрып, кішкентай күнінен түйе құмалағын көп күреп, көп шығарғаны есіне түсіп, жымиып күліп қойды. Есігі аласалау бота қораға бас сұғып еді, қыста еденіне төселген мал көңі мен өлең шөп әлі сол күйінде жатыр екен. Бұрыштағы қызыл кірпіштен қаланған үлкен пеш осы бота қораның сән-салтанатын аша түскендей. Ақпан орталамай жатып туа бастайтын ботақандар тоңып қалмасын деп, анасы осы пешті қыздырып жақса, әкесі арнайы дайындалған жабулармен боталарды жауып, қымтап тастайды. Құстың балапанындай нәзік төлдердің бастары қылқиып, жабу астында жаудырап жататыны қандай керемет көрініс! Жоғарыдағы кішірек терезеден күн сәулесі молынан төгіліп тұр. Осы бота қорада ана бір жазда көгершін балапандарын асырағанын, олар қолына, иығына қонып үйрене бастағанда, өзінің қарала мысығы терезенің ашық көзінен кіріп, бәрін қырып тастағанын да көз алдына елестетіп, біраз уақыт мелшиіп тұрып қалды да, боталардың өзімен қалай ойнайтынын есіне түсіре қойып, дереу көңілденіп кетті. Көп ботаның ішіне кіріп кетсе болды, олар мұның басыңдағы малақайын қарпып алып, сол бас киімді бірінен-бірі тартып алып, естері шығып, тайраңдаушы еді-ау! Боталар мұның саусағын, мұрнын емгенге құмар болатын. Ал, сүт аңқыған жұмсақ еріндерімен бетін қытықтағанда, бұл да мәз болып, сықылықтап күле беретін...

Қорадан шықса, шешесі сиыр сауғалы жатыр екен, бес-алты сиырды сауып болғанша бұзау тартып, осы жердегі басынан өткен қызық-қызық естеліктерін айтумен болды.

– Мынау дөңкиген семіз бұзауларды қалай тартып жүрсіз? – деп сұрады анасынан. Тайыншадай немелерді өзінің зорға тартқанына намыстанып та тұрды.

– Е-е, бас жібін танауынан шалып жіберем де, тарта саламын, – деді шешесі, түк қиналып жүрмегендей.

Әбентай шүйкедей ғана кішкене анасының қайыспас қайраты мен таусылмас төзіміне таң қалып тұрып, бес бірдей баласын ешкімнен кем етіп өсірмеген осы бір аяулы жанға не жақсылық көрсететіні туралы ойланып тұрды.

Сәске түске таман күн қызып кеткен соң, үй жанында көлеңкелеп отыр еді, бір бейтаныс салт атты жігіт келе қалды. Амандаса салып айтқаны:

– Сен Әбентайсың ба?

– Иә.

– Жаңа мен Базардан бері өтіп келе жатып, Рахат ақсақалмен кездесіп қалдым. Сол кісі саған бір мықты арқан мен екі жер қазатын күрек әкелсін деді. Өзі сені Жалғыз ағашта күтеді. Ал, сау бол! – деп,  атын бұрып алды да, жөнеп берді.

Әкесінің бұл бұйрығына аң-таң қалған Әбентай, ең бірінші атқа қарай жүгірейін деп еді, құдықтың басына кер аттың – Кертайлақтың өзі келіп, шыбындап тұр екен.

Аз ғана уақыт өте салысымен, атқа мінуді аңсап келген Әбентай, екі күрек пен бір арқанды бөктеріп алып, Жалғыз ағашқа қарай тартып кетті.

 *         **

Жалғыз ағаш – Базар өзенінің жағалауына жақын жерде, кең шабындықтың ортасына жеке дара өскен алып бәйтерек. Сірә, бір ғасырдан артық өмір сүрген болар: діңіне екі кісінің құшағы зорға жететін бұл дарақтың кең жайылған бұтақтары бір үйдің орнын алып жатыр. Ағайындарынан аулақтап, өзімен-өзі ғана болып, осы бір жерге қалай өсті екен? Маңайында өткен замандардан қалған тіршілік белгілері – құлаған там мен қоралардың да орны жоқ. Жып-жылмағай. Ат кеудесін соғатын жап-жасыл шалғынмен құндақталған осы бәйтеректі шыбық кезінде кім отырғызды екен?

Әбентай Жалғыз ағашқа жақындаған сайын осындай бір ойларға батып келе жатқанда теректің маңында жайылып жүрген торы атты көріп, әкесінің көлеңкелеп отырғанын сезінді. Келіп қараса, Рахат ақсақал аткөрпесін астына төсеп, ер-тоқымын басына жастап, шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Әбентай «әке» деп дыбыстап еді, сергек шал сол сәтте-ақ басын көтеріп алды.

Ә, келдің бе? Кеттік. Атты әкел.

Әкелі-балалы екеуі атқа мініп, Базарға беттегенде ғана Әбентай Ақсаққараның опат болғанын, арқан мен екі күрек соны көму үшін керек екенін айттырмай-ақ білді.

Осы күнгі екі жүзге тарта түйенің ең кәрісі осы Ақсаққара шығар. Әбентай енді-енді ғана есін біле бастаған кездің өзінде жапырық өркеш, кішкентай қара інген әбден қартайған түйе сияқты көрінетін. Алдыңғы бір аяғының туа бітті қысқалығынан шойнаңдап жүретін бұл інгенді осы маңайда жақсы көрмейтін жан жоқ. Тіпті, бота-тайлақтан бастап, құнажын, дөнежін інгендер мен буыршындардың өзі де осы Ақсаққараның маңына үйіріледі де жүреді. Ал желінінде сүті бар кезінде, дап-дардай үлкен түйелердің өзі, есебін тауып, емшегінен бір-екі рет сорып кетеді. Оған «қың» дейтін Ақсаққара жоқ. Ондайда Ақсаққараны жекелеп, даралап ұстамасаң, бота да аш қалады, өзі де жүдей береді.

Жалпы, төрт түліктің ішіндегі ең еміншек мал – түйе. Теуіп, қауып жолатпай қоятын адуын інгендерден басқаларын ондай еміншектер қақтап еміп алудан, әсте, ұялмайды. Ондайларға қолданылатын жаза біреу-ақ: екі жағы бірдей үшкірленіп ұшталған шыбықты – істікті танауынан өткізіп, түспейтіндей етіп байлап қойсаң болды, әлгі байғұстар пұшайман болып, мантырайды да жүреді. Жуас інгендерді емейін десе, әлгі үшкір істік шабын түрткілегеннен кейін, маңына да жолатпайды.

Ақсаққараның басқа түйелерден артықшылығы мен ерекшелігі – оның сүттілігі мен екі жылға дейін суалмайтындығы және өзіне телінген ботаны жатырқамайтындығы. Сондықтан болар, енесі жеріп кеткен, немесе енесі өліп, жетім қалған боталардың сүт енесі де – осы інген. Боталы інгендер өз төлдерімен далаға шығарылғанда да, көк шығып, жер аяғы кеңіген соң ен түзге айдалып тасталғанда да, жетімдермен бірге қалатын – осы Ақсаққара.

Жетімдердің кейбіреуі кейін есейген кезде де келеге қосылғысы келмегендіктен, үй мен қораның маңынан шықпай қоятын. Олар, негізінен, Әбентайдың шешесінің қолынан еміздікпен таңдай ағартқан боталар. Тек жетімдер ғана емес, осы күнге дейін өніп-өскен түйелердің баршасы сол Бижан ананың қолынан ауызданды емес пе! Бота дегенің – туғаннан кейін екі-үш күнге дейін жүріп кетуге жарамайтын әлжуаз, қорғансыз бір бейшара. Ең бастысы – оның тоңғағының түсуі. Егер тоңғағы түспесе, бота аяқтанбастан өліп қалады. Сондықтан, Бижан ана туған түйелердің асаулары  сауғыза бермейтіндіктен, жылытылған түйе сүтіне жылқы майын, ол болмаса тортасы айырылған сары майды араластырып, жаңа туған ботаның бәріне беретін. Сонда, көп ұзамай-ақ жас ботаның көтенінен қамшының өріміндей болып қап-қара, тізген моншақтай тоңғағы түседі. Оны қазақ «өркен» деп атайды. Ботаның өркені түссе болды – өмірге аяқ басқаны.

Кенеттен, Әбентайдың есіне үйкүшік жетім боталар – Шөнти мен Маймақ түсе қалды. Екеуі де ауылда жүрсе, адамдардың жанында, далаға шықса, бұзаулармен бірге жайылатын. Олар өздерін бота емес, бұзаумыз деп ойлайтын болу керек, бірде, күзейтін түйелерді қораға қамауға топырлатып айдап келгенде, өздері көрмеген құбыжықтардан шошығандай, бұзаулармен бірге тырағайлап қашып еді. Шөнти тайлақ болған кезінде де түйелерге көп қосылмай, қораның маңында жүргенді тәуір көрді. Адамдармен алысып, қуаласпақ ойнап әдеттенгені сырттан келген кісілерге үрей туғызып, әлгілер қасына біреуді ертпесе, үйден шыға алмай қалушы еді. Сол Шөнтидің бір қызық қылығы – құдықтағы науада су тұрса да, есік алдындағы қол жуғыштың түртіп қалсаң, су сау ете түсетін шүмегінен дәм татқанға құмарлығы. Үйдегілердің бәрі Шөнтиді үй ауласынан аулақтатамыз деп-ақ шаршаушы еді, сонда.

Сол Шөнти буыршыннан бура болып өскен соң, қыстың күні жыны қозып, адамдарға қауіп төндіре бастағандықтан, Рахат ақсақал оны алып соғып сыттырды да тастады. Сыттыру деген – буыршынды піштіру. Алайда, бота күнінен адамдармен ойнап өскендіктен бе – кісі қууға ыңғайланып тұратын әдетін тастамады. Ақыры, сонысын қоймаған соң, мал етін даярлайтын мекемеге өткізуге тура келіп, сонда апарып өлшегенде, салмағы бір тоннадан асыпты.

Әбентай: «Е-е-е, Шөнтиім-ай!..» – деп бір күрсініп қойды.

Міне, мойнын созып, шөгіп жатқан тірі түйедей болып көрінген Ақсаққараға да жетті бұлар. Шөккен күйінде жан тапсырған екен, жарықтық. Екі көзінен аққан жасының іздері тұмсығының тұсына сораланып кеуіп, қатып қалыпты.

–Кеше түстен кейін көргенімде, батысқа қарап қаңқиып тұр екен. Шайналмаған шөп қалдығы езуінен шыққан күйі жентектеліп қалыпты. Соған қарап, «енді ұзамайсың-ау» деп ойлап едім. Міне, алдымызда жүрген бар түйенің басы болған бұл кейуана да өзінің ұзақ сапарын аяқтады, – деді әкесі біртүрлі көңілі босағандай болып, – Енді бұл жарықтыққа қабір қазып, жақсылап жерлейік. Арқан мен күректерді сол үшін алдырдым ғой.

Жан дүниесі толқып тұрған Әбентай да өз ойын білдіргісі келіп:

– Басына бір белгі қойсақ та жақсы болар еді, – деп еді, әкесі бұған ажырая қарады да, үндеген жоқ.

– Осы Ақсаққараның нешеге келгенін нақты білесіз бе? – деп сұрады сонсоң, әкесінің ашуын қайтарайын деген оймен.

– Қырықтан асып жығылды-ау. Менің есебімше, солай. Өйткені, елу бесінші жылы көмекші болып келгенімде, бас түйеші Мәлік ақсақал, сенің кіндік атаң, осы Ақсаққараны он жастан асып кеткен мама інген деп еді.

– Е-е, соғыс жылдары туған бота екен ғой.

– Иә, солай болар. Кеше батысқа қарап селт етпей тұрғанынан-ақ байқадым, өзі қалып қойса да, келенің қай жаққа кеткенін біледі ғой. Сол ұрпақтарымен қоштасып тұрды-ау деймін сонда... Ал, енді, іске кірісейік. Аттарды шылбырмен тұсай сал.

Өзенге жақын жердің топырағы саздауыт болған соң, қазуға оңай екенін біліп тұрған Әбентай:

– Әке, сіз қазбай-ақ қойыңыз, күректен қалған топырақты алып тұрсаңыз болды, – деп еді, әкесі бұған тағы ажырая қарап:

– Немене, қайраты қайтқан шалды мүсіркеп тұрмысың? – деп күрегін жерге тереңдете батырып, шаруаға екілене кірісіп кетті. Әкесінің осындай мінезі бар. Бірде, мініп болғанша байыз таппай, шырқ айналып тұратын жынды Құлагер атқа қолтығынан демеп, мінгізіп жіберейін десе: «Әй, сен мені қатын деп тұрсың ба?!» деп, үзеңгіге аяғы тиер-тиместен, ат үстіне ырғып мінгені бар.  Егер әлдебір істеп тұрған шаруаң бұл кісіге ұнамай қалса, «Әй, былай тұр!» деп зекіп, кеудеңнен кері қарай итеріп тастайтыны да бір сұмдық. Ондайда жігерің жасып, көңілің налып қалады емес пе!

Тағы бірде түйе күзеуге келген сегіз жігіт бір тентек атанды жыға алмай әбігер болып жүргенде, соны көріп қалған Рахаң қасына Амантай деген кісіні ғана алып, әлгі түйені өз аяғына өзін шалындырып, жалп еткізді. Сонда да жігіттердің жер-жебіріне жетіп еді.

Міне, бұл шал – осындай асау адам. Беттілігі, тілділігі сонша – дастархан үстіндегі отырған үлкен-кішілер бұл кісінің көзінше артық сөйлеп қоймауға тырысып отырады. Кісінің өңменінен өтетін өткір жанарымен шақшиып бір қараса болды – осы Әбентайлар жерге кіріп кетуге аз-ақ қалады...

Бағана, түйе жататын орынды қазарда, әкесі Ақсаққараның ұзындығы мен шөгіп жатқандағы биіктігін арқанмен өлшеп жүріп:

– Жарықтықтың шөгіп өлгені жақсы болды. Өйткені, бүгілген аяқтары қайта жазылмай, сол күйінде қалады. Бізге жеңіл болсын деген ғой. Егер төрт аяғы төрт жаққа қарап, серейіп өлсе, жалпақтығы қос құлаш апан қазар едік қой, – деген еді.

Міне, белгіленген өлшем бойынша тереңдігі кісі бойына жақын қабір де қазылып болды. Осы кезде әкесі:

– Қой, мен намазымды оқып алайын, бесін боп қалыпты ғой, – деп, аулақтау барып, екі алақанымен топырақты шапаттап дәрет алды да, пенжегін жая салып, намаз оқуға кірісті.

Егер су жоқ болса, жол үстіндегі жолаушыға осылай тәәйәм жасап, дәрет алуға болатынын Әбентай бала күнінен білетін. Мал жағдайымен әкесінің қасында ен даланы кезіп көп жүрді ғой.

Намазын оқып болып, мұның жанына келген әкесі: – Енді Ақсаққараны мәңгілік жатар орнына шөккен күйінде түсіруіміз керек, – деді де, арқанды мойнағының астынан бір, бүгілген артқы тірсегінен бір шалып, ортасынан күрмеп байлады.

– Ал, – деді сонсоң, – торы атты алып кел, мен түйені тақымға салып тартам, салмағы қанша дейсің. Сен өркеш шудасынан ұстап, бір жағына қисайып кетпеуін қадағала.

Рахат қарт омырауы есіктей ұзын торысына міне салып, жерде жатқан арқанның ұшын лып еткізіп іліп әкетті.

Торы ат шірене тартқанда түйе денесі шөптесін жердің үстімен сырғи жөнелді де, Әбентайдың сүйемелдеуімен шұңқырдың ішіне шөккен күйінде түсті.

Екеулеп жүріп Ақсаққараны көміп болғанда, үйілген топырақтың көлемі көз тоқтатып қаларлықтай аумақты да еңселі бір төбешікке айналғанын байқап тұрған бозбала: «Расында да бұның басына бір белгі қойылғаны дұрыс-ау» деп ойлады.

– Әбентай, сен біліп жүр, бұл Ақсаққара – сенің сүт анаң! Сен туғанда, шешеңнің жағдайы нашар болған соң, кіндік шешең Бәтес сені осы Ақсаққараның сүтімен ауыздандырған. Бәтес апаң айтады ғой: «Еміздікті аузына сала қойып едім, бір құмыра сүтті бір-ақ сіміріп алды» деп. Сол ауызданғаның ауызданған болып, ертеңінде есін жиған шешеңнің емшегін ембей, жеріп кеттің ғой. Осы жасқа келгенше, туа салып емшектен жеріген дегенді сенен көрдік... Иә, солай, екі жасқа толғанша осы Ақсаққараның сүтін еміп, аппақ болып семіріп, үш жасқа дейін жүрмей қойдың ғой. Болпиып отыратынсың, жыламайтынсың. Құйрығыңмен жүріп, келген қонақтың алдына шығып алатынсың. Енді біліп жүр, сүтін емген соң, сен де осы түйенің бір ұрпағы сияқтысың. Иә, бұл інгеннен тараған ұрпақ жүз түйеге жетіп қалған шығар. Сол ұрпақтары әлі де өсе берсін, көбейе берсін! Әумин! – деп бетін сипаған Рахат қарттың кірпіктеріне шық тұрды.

– Құран оқып жіберуге болмай ма?

– «Баламысың» деген осы-ау! Хайуанға құран оқығанды қайдан көріп едің?! Өйтіп құранды ойыншық қылма, балам! – деді Рахат шал баласына көңілі толмағандай, ренжи қарап.

Әбентай бұл әңгімені басқа жаққа бұрып жіберейін дегендей:

– Қарным әбден ашты, – деп еді, әкесі мұртының астынан мырс етті.

– «Сабақтан қашқан тамаққа жүгіреді» деген – осы! – деді сонсоң.

Атқа мініп ауылға беттегенде, Әбентайдың ең бірінші ойлағаны әкесінің жаңағы ренішін тарқату болды. Сәл ойланып, бұл кісінің кейігені дін мәселесіне байланысты болған соң, сол тақырып бойынша сұрақ қояйын деп шешті.

– Әке, көктен түскен төрт кітап туралы айтыңызшы. Соны білгім келеді, – деп әкесімен үзеңгі қағыстыра қатарласты.

– Оны білгенің жақсы, балам. Төрт кітаптың біріншісі – Таурат. Бұл кітап Мұса пайғамбарға түскен. Екіншісі – Зәбір, бұл Дәуіт пайғамбарға түскен. Үшіншісі – Інжіл. Бұл Ғайса пайғамбарға түскен. Осылардың ішіндегі ең қасиеттісі, ең соңғысы – Құран мен Мұхаммед пайғамбар! – деп Рахат қарт ұлына ат үстінен еңсеріле бұрылды. – Үш саны сияқты төрт саны да қасиетті, балам. Алла Тағаланың өзі сүйген төрт періштесі бар. Бұлардың ең құдіреттісі – Жәбірейіл періште. Мұхаммед пайғамбарымызға Алла Тағала аманаттаған бүкіл аяттар мен сүрелерді осы періште жеткізіп тұрған екен. Одан кейін – Микайіл періште. Ол бүкіл табиғат құбылыстарын басқарып тұрады дейді. Үшінші періште – Әзірейіл періште. Бұл – адам жанын алушы періште. Ол адамның жанын алғанда, соның тірлігінде істеген жақсылығы мен жамандығына қарай алады екен. Жақсыларға – мейіріммен, жамандарға қатты қаһармен келетін көрінеді. Соңғы періште – Исрафил. Ол періште дүлей дауыл тұрғызып, топан су каптатып, бір-ақ сәтте аспан-жердің тас талқанын шығарады дейді. Сондықтан, оны «ақырзаман әкелетін періште» деп біледі. Қазақтың «сұрапыл» деген сөзінің өзі Исрафил періштенің атынан пайда болған. Алланың пәрменімен Жәбірейіл періште жерге түсірген төрт қылыш бар. Олар – хамкам, сәмсам, зұлқожа және зұлпықар. Осылардың ішіндегі зұлпықар Әзірет Әлінің қылышы екенін өзің де білесің.

– Айтқаныңыздың бәрін жазып алайыншы. Әйтпесе, мұндай нәрселерді бізге оқытпайды, – деді Әбентай.

– Айтпақшы, қасиетті түйемізді көміп келе жатырмыз ғой, айта кетейін, біздің пайғамбарымыз да өзі дүниеден озғанша өмір бойы түйеге мініп өткен. Әзірет Әлі өмірден өткенде оның асыл сүйегін ақ түйемен жеткізген. Мына сен де алты жасыңнан түйемен барып-келіп оқыдың.

– Қазақ түйені «ұлық мал» деп қастерлейді ғой, – деп Әбентай да әкесінің сөзін тірілте түсті.

– Желіңкіреп жүрейік, мен ақшам намазынан кешігіп қалармын, – деп, Рахат қарт тақымын қысып қалып еді, ұзын торы ат алдыңғы аяқтарын соза тастап, желе жөнелді. Ауыздығымен алысып келе жатқан Кертайлақ тізгіннің босай қалғанын сезе қойып, алдыға қарай атырылып кетті.

Басы қатты ұшқыр атты Әбентай зорға тоқтатты.

Бұлар ауыл шетіне ілінбей жатып-ақ екі сарықасқа тазы – Жолдыаяқ пен Құттыаяқ арсалаң қағып қарсы шықты. Қалада оқу оқып жүрген дап-дардай жігіт болса да, ауылды сағынғанда жиі-жиі есіне алатын осы екі итін Әбентай жанындай жақсы көреді. Көрші ауылдағы атағы шыққан қыран тазының осы күшіктерін ана бір жылы таныс балаларына ұрлатқызып алып еді. Көзін енді ғана ашқан доп-домалақ ақымақтар алдына қойған сүтті өз бетімен іше алмаған соң, жетім боталар сияқты, бұларды да еміздікке үйретті. Үлкен, әдемі ит етіп өсірді. Қуғанын құтқармайтын қос ұялас түнге қарай өз беттерімен аңға шығып кетіп, кездескен түлкіні екеуі екі жақтап, қысып әкеліп, дәл есік алдында тамақтай салатыны да бір керемет! Студент достарына осыны айтса, кейбіреу сенбегендей болады. Сонда Әбентайдың жынының ұстайтыны-ай!

Қос салт атты мен екі ит үйге жеткенде, анасы мен Тұрарбек інісі де қосарланып, есік алдында бұларға үдірейе қарап, күтіп тұр екен.

– Көп кешіктіңдер ғой. Ақсаққара аман ба? – деді Бижан бәйбіше дегбірсізденгендей болып.

Рахат қарт үндеген жоқ.

– Ақсаққара өліпті. Соны көміп келдік.

Әбентайдың естіртуі құлағына тие салысымен, қарт ана өксіп-өксіп алғандай болды.

– Осылай болатынын қу жүрегім сезіп еді, – деді Бижан ана, екі қолын екі жаққа жайып, – Түйе ішінде қария еді, суалмас сүті дария еді. Өткелде түйе бастаушы еді, түктен қорқып, саспаушы еді!

Бұл кісі қатты толқығанда дәл осылай түйдек-түйдегімен ұйқастырып сөйлейді. Міне, тағы да қатты толқып тұр. Жаңағы айтқан сөздерінің ішінде Әбентайға ерекше әсер еткені – «өткелде түйе бастаушы еді» деген сөз. Осы сөзді естігенде баяғыдағы бір оқиға есіне сап ете түсті.

Сол кезде он екі-он үш жастағы кезі-ау, сірә. Құралайдың салқыны ертерек түсіп, қарлы жаңбыр жауып кеткен соң, боталы түйелерді қораға әкелу керек болды. Айдап келуге Әбентай барған. Шабан жүріспен қас қарая Тасөткелге жеткенде, боталы түйелер судан өтпей, табандап тұрып алды. Сойылдап, қыстап көріп еді, алдыдағы түйелер ботасын ертіп айдалаға лағып кетуге айналды. Баланың есіне сол кезде ғана Ақсаққара түсті. Атты тұқырта салып, шешіп алған шылбырымен Ақса       

ққараны ноқталап, жетелеп алды да, үзеңгіліктен келетін жіңішкелеу өткелден ары қарай кешіп өтті. Сонда таң қалғаны – барлық боталы інгендер құндызша шұбап, Ақсаққараның соңынан ілесті. Әбентайдың бұл тәсілді қолданғаны – әкесінің айтқандарын есіне сақтағандығынан болатын...

Жалбыр шашты жас бозбала бүгін өздері көміп келген қасиетті түйе туралы ойлап, қарны ашқанын да ұмытып, есік алдында ұзақ отырып қалды.

 

Әбубәкір ҚАЙРАН