Осы жылы өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 43 млрд теңге болатын 200 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жобалардың тиімді жүзеге асырылуы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бақылауында болмақ.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, бағдарламаның орындалуы жөнінде өткен отырыста өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов әрбір жобаның іске қосылуы қатаң бақылауда болатынын ескерткен. Яғни, бақылау барысы жұмыс орындарын құруға арналған мемлекеттік бағдарламаны нақты іске асыру мен мерзімі үшін жауапкершілік жүктейді.
– Біз тізбелеген 200 жобаның іске қосылуы – өңірде 12 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылуы деген сөз. Бұл адамдардың көбі «Жұмыспен қамту орталықтарында» жұмыссыз ретінде есепте тұрғаны белгілі. Сол үшін де «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша жоспарланған барлық жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасы еліміздегі төтенше жағдай кезіндегі ахуалға орай қала, аудан әкімдеріне, түрлі басқармаларға барлық жобалық және конкурстық құжаттамаларды қайта қарау қажеттігі тапсырылды. Енді «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жергілікті Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі мамандарының бақылауында болмақ. Бұған қоса оны Nur Otan партиясының мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, жұртшылық қадағалайды. Барлық жұмыстарды қадағалау барысы фото, бейнетіркеу мүмкіндігімен бірге мобильді қосымша топ құрылады.
Қатаң түрдегі бақылау жаңа жұмыс орындарын құру, өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруда жобалар құнының өсуіне, жұмыстардың сапасыз орындалуына жол бермеуі қажет.
Облыстық Тексеру комиссиясының сайтынан бұған дейін бағдарламаларға бөлінген қыруар қаражаттың қалай мақсатсыз және тиімсіз жұмсалғанын көруге болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Айдар Тастеміровтің айтуынша, осы жылы өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 70 қылмыстық іс тергелген болса, 15 қылмыстық іс сотқа жіберілген.
– Жалпы мердігерлер жұмысының мониторингінде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бермеу үшін бұл іске жергілікті құқық қорғау органдарының қатысуын да сұраймыз, – деді Әбілқайыр Сқақов.
Ал шағын және орта кәсіпкерлік жұмысын тұралатқан қазіргі жағдайда іске асырылуға ұсынылған жобаларды тексеретін, уақытты созатын комиссия тексерулері алынды. Облыс бойынша 45 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысанның иелері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен, басқа да жарналар, аударымдардан босатылды. Үкіметтің Қаулысымен Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың салалық шектеулері де жойылды.
Өңірлік Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасановтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2020» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында биыл облыстағы шағын және орта бизнесті қолдауға 5 млрд теңге бөлінген.
Жыл басында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша құны 2,2 млрд теңге тұратын өңдеу өнеркәсібі, көлік салаларына арналған 112 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар 6,3 млрд теңгеге 193 жобадан тұратын топ құрылды. «Қарапайым заттар экономикасына» жыл басынан бері құны 4,4 млрд теңге болатын 16 жоба іске асырылса, 22,3 млрд теңгеге 59 жоба ұсынылды.
Бағдарламалар іскерлік белсенділіктің төмендеуі, карантин режімі жағдайында кәсіпкерлік қызметтің уақытша тоқтатылуы, екінші деңгейлі банктерде заңды тұлғаларға қызмет көрсетудің шектелуінен жұмыс барысы төмендеген. Бірақ жобалардың уақытында орындалмауына бұл да себеп емес. Бұған дейін де қаптаған сандардың ортасында қалған жарымжан жобалардан басқармалардың өздері де адасып жүрген-ді. Сондықтан облыс әкімдігі «Бизнестің жол картасы-2020», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының басымдықтары мен талаптарын жергілікті жерде түсіндіру, ақпараттандыру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесін нақтылайтын есеп беруді міндеттеді.
Павлодар облысы