«Дінің тұрсын дін аман!» Заманның тыныштығын, елдің амандығын тілеген жамағат жиі айтатын қазақтың осы нақыл сөзінің мән-мағынасына терең үңілгенде бейбіт өмірдің берекесін қашырар себеп-бастаулардың алдыңғы қатарында адамдардың дініне, наным-сеніміне бағытталған қиянат пен зорлық, оған қарсылық, төзбеушілік әрекеттері тұратынына көзіміз жетеді.
Кезінде патшалық Ресейдің шоқындыру саясатынан қысым көрген, одан кейін атеистік бағытқа арандаған қазақ қоғамы қазіргі таңда дінінің амандығын, ділінің бұзылмауын Алладан тілеп отырған жайы бар. Бұл тілектің арғы негізінде алаң көңіл тұр.
Дініне шүйліккен, наным-сеніміне нұқсан келтірген кешегі қарау күштердің әңгіртаяғын аз көрмеген халқымыздың Ислам дінін ұстанудағы кейбір түсінбеушіліктерге, алауыздықтарға сергек қарап, соған байланысты өзінің көзқарасын білдіруде белсенділік танытуына түсіністік танытқанымыз жөн. Өйткені дін саласының ахуалына «екі шоқып бір қарауды» бізге уақыттың өзі, замананың ағысы үйретті.
Қазіргі кезде еліміздегі діни ахуал, діни мәселелердің қоғамдағы кері немесе оң әсерінің аралық салмағы қандай деген сауалдарға нақты жауап алу қиын. Дін саласының, оның ізгілік жолындағы насихаттық күші арқылы қоғамымызға тигізер пайдасы өлшеусіз. Десек те, осы ізгілікті күштердің, жағымды үрдістердің ішкі иірімдерін кейбір бөтен ниеттілер қаскөйлікпен пайдаланып, талмау тұстан ұратынын естен шығармауымыз керек-ақ (Мұндай жағдайлар зиянды уағыздар мен тікелей қаскөйлік шабуылдар болуы мүмкін).
Тағы бір айта кетер жайт, дін саласынан туындаған, уақыт жағынан бүгінге тым алшақ емес кезеңде орын алған оқыс оқиғалардан қаншалықты сабақ алғанымыз, ондай келеңсіздікке қайта тап болмас үшін нендей нақты шаралар мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқаны жөнінде бүгінде ешкім нақты айтып бере алмайды. Бұлардың барлығы айналып келгенде сұрақтар қатарын қалыңдата түсетіні сөзсіз.
Шын мәнінде, қоғамымыздағы діни қатынастарды уақыт сұранысына сай реттеу тәуелсіздігімізді нығайтудағы аса маңызды шаруа екенін толық ұғына қоймаған сияқтымыз. Бұл өз кезегінде діни экстремизм және лаңкестерден төнетін ықтимал қауіп-қатерге қарсы қоғамды жұмылдыру ісін тежейді. Сонымен қатар қарапайым жамағат арасындағы қатынастарға, қоғамға және жекелеген отбасылардың ішкі адами байланыстарына кері әсер ететін үрдістерді, қоғамымызға енуге ентелеп тұрған жат дағдыларды тойтаруға бағытталған ортақ күшті әлсіретеді.
Қалай десек те, бірінші кезекте ел қауіпсіздігі, азаматтарымыздың құқығы қорғалуы қажет. Бұл арада дінді теріс ниетте қолдануға жол бермеу, бүлдіргі ағымдардың ішкі ұстанымдары мен сыртқы нышандарына тыйым салу арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу ісіне көңіл бөлу маңызды.
Қазіргі таңда еліміздегі діни ахуалға арналған басты зерттеулердің нәтижелері ашық жариялана бермейтінін ескерсек, бұл қалыптасқан жағдайға нақты баға берудің қиын екенін көрсетеді. Бұған қоса, діни салаға байланысты еліміздің әрбір өңірі бойынша жеке-жеке қорытынды жасаудың жолға қойылмай отыруы да ойланарлық жайт.
Бүгінде әлеуметтік желілер теріс ағымдар мен топтар үшін өздерінің уағыздарын жүргізетін тиімді құралы болып отыр. Бұл ел арасын бүлдіру, іріткі салу, жас өскіндердің бетін теріске бұру сияқты жағымсыз міндеттерді жүзеге асырушылардың асығын алшысынан түсіруде. Сондықтан әлеуметтік желілерді өздерінің мінберіне айналдырған бұзық ниетті топтардың насихаттарын теріске шығаратын күштерді арттыру, яғни дәстүрлі дініміздің білікті өкілдерінің дауысын өзгелерге қарағанда қаттырақ шығару амалдарына баса назар аударған абзал.
Міне, біз жоғарыда сөз еткендердің барлығы қоғамда қызу талқыланып жүрген мәселелер. Бірақ бұл талқылаулар ашық алаңда жүргізілсе мейлінше қоғамды ізгілікке шақыруда ықпалды болар еді. Сондықтан бізге ең алдымен еліміздегі білікті имамдарымыз бен теологтарымызға кәсіби тұрғыда өзара байланыс орнататын орта, сондай-ақ осы бағыттағы қоғамдық үнқатысу алаңын қалыптастыру қажет екені айқындала түседі. Ал әзірге маңдайымызға мұндай орта, алаң бұйырмай тұр...