• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Күрес 20 Мамыр, 2020

Олжаға кенелген оғландар

218 рет
көрсетілді

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде (14.05.20) грек-рим күресінен өткен әлем чемпионаттарында ең көп жүлде алған саңлақтар туралы көлемді мақала жарық көрген еді. Ал бүгін еркін күрес шеберлері жайында әңгіме қозғауды құп көріп отырмыз. Сонымен спорттың осы түрі бойынша олжаға молынан кенелген балуандар кімдер?

Еркін күрестен өткен әлем чем­­пио­наттарында жеңіп алған жүл­делердің саны мен сапасы жағы­нан Валентин Йордановтың алдына түсетін ешкім жоқ. Болга­рияның бағына туған балуанның бағындырмаған белесі кемде-кем. 1983-1995 жылдар аралығында жалауы желбіреген жарыста 10 мәрте бақ сынаған ол барлығында олжаға кенелді. Нақтылап айтсақ, 7 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжа­лады. Сонымен қатар Еуропа біріншілігінде жеңіп алған 9 (7 алтын, 1 күміс, 1 қола) жүлдесі тағы бар. Бір қы­зығы, осындай орасан зор бе­лестерді бағындырған даңқ­ты балуанның көпке дейін Олим­пиада алтынына қол жеткізе алмай жүрді. 1988 жылы Сеулде Йорданов сәтсіздікке ұшырады. 1992 жылы Барселонада қола ме­даль­ды қанағат тұтты. Тек 1996 жылы Атлантада асығы алшысынан түсіп, 36 жастан асқан ша­ғын­да «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді.

Валентин Иордановтың Ат­лан­та Олимпиадасындағы әр бел­десуі көз алдымызда. Үшінші айналымда оның жолы біздің Мәу­лен Мамыровпен қиысты. Тө­реші белгі берген бетте бірден шабуылдап, аяғынан іліп әкеткен қандасымыз қарсыласын жерге алып ұрды. Үш баллға татитын әдіс еді, алайда төрешілер бір ұпай ғана берді. Жерде аунатып алды да, тағы екі ұпай олжалады. Сәлден кейін қолын «кісендеп», жауырынымен жерге қадауға ың­ғайланды. Бұл қа­уіптен құтыла алмайтынын сезген Валентин айлаға жү­гінді. «Қолым сынды» дегендей сыңай танытып, айғайға басты. Төреші белдесуді дереу тоқтатып, ортаға дәрігерлерді шақыртты. Олар Йордановтың қо­лын ұстап кө­ріп, еш­теңе бол­мағанына көз жет­кіз­ген соң қайта кілемге шы­ғарды. Бұл жолы болгариялық ба­луан өз мүм­кін­дігін қалт жі­бермеді. Мәу­лен­нен айласын асыр­ған ол алтын тұғырға бір табан жақындай түс­ті. Атлантада жеңіп ал­ған алтын медалінің та­рихы осындай.

КСРО құрамасы са­пында ауыр және аса ауыр сал­мақ дә­ре­­желерінде айқасып, Олимпия ойын­дарының үш дүркін жеңім­пазы атанған Александр Медведь 1961-1971 жылдар аралығында ұйымдастырылған әлемдік додаларда жеті мәрте дараланды. Сол аралықта ол небәрі екі рет қана жеңілістің кермек дәмін татқан екен. Атап айтсақ, 1961 жылы Иокохамада қола ме­дальды қанағат тұтса, 1965 жылы Манчестерде ше­шуші тұста Түркияның тарла­ны Ахмет Айике есе жіберіп, күміс­пен күп­телді. Басқа дүбірлі дода­лар­дың барлығында Беларусь елі мақ­танышының мерейі үстем болды.

Сексенінші жылдары сайысқа түскен егіз балуандар – Анатолий мен Сергей Белоглазовтардың ай­шық­ты өнері жанкүйерлердің жадында. Екеуінің де бағындырған белестері зор. Мәселен, Анатолий Олимпия ойындарының жеңім­пазы және әлемнің үш дүркін чем­пионы атанса, Сергей одан асып түсті. 1979 жылы өзінің тұсау­кесер жарысында күміс медаль алған ол одан кейін алты рет ал­тын тұғырда марқайып тұрды. Бар­лығы – жеті жүлде! Одан бөлек, Олим­пиаданың екі бірдей алтыны бар.

Қап тауының қос қыраны – Ар­сен Фадзаев пен Бувайсар Сай­­тиевтің әрқайсысы алты реттен әлем чемпионы атанды. 68 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Солтүстік Осетияның саң­лағы 1983-1991 жылдар ара­лығында атой салды. 1989 жылы Мар­тиньидегі бәсекеде күміс ме­дальды еншіледі. Алайда ол кезде Фадзаев 74 килолық балуандар­мен белдескен еді. Күміске көңілі көншімеген Арсен кейіннен өзінің үйреншікті салмағына оралды. Ал Дағыстанда туып-өскен чешен жігіті Крас­нояр­скідегі шеберлігін шың­дады. Дмитрий Мин­диаш­вили сынды әйгілі бапкерден тәлім-тәрбие алған Бувайсар 74 және 76 кило салмақтарда күш сынасып, 1995-2005 жылдар ара­лығында алдына жан салмады.

Солтүстік Осетияда дүниеге келген Махарбек Хадарцев әлем чемпионаттарында сегіз рет же­ңіс тұғырынан қол бұлғады. 1986-1991 жылдар аралығында ол қата­рынан бес рет теңдессіз деп таныл­са, 1993 жылы қола және 1994 пен 1995 жылдары күміс медальды ен­шіледі. Төрт рет Олимпия ойындарына қатысқан Хадарцев Сеул мен Барселонада алтын ал­са, Атлан­тада күміске қол созды. Бір қы­зығы, сол жарыстардың бар­­лы­ғында ол түрлі мем­­лекеттердің туы ас­тында өнер көр­сетті. Атап айтар болсақ, 1988 жылы – КСРО-ның, 1992 жы­лы – ТМД-ның, 1996 жылы – Ресейдің және 2000 жы­лы Өзбекстанның намысын қорғады.

Солтүстік Осетияның тағы бір даңқ­ты тумасы, 37 жастағы Хад­жи­мұрат Гацаловтың әлем чемпионат­тарында жеңіп ал­ған жеті жүлдесі бар. Ауыр сал­мақтарда кү­рескен ол 2005-2014 жылдар ара­лығында 5 ал­тын, 1 күміс және 1 қо­ла медальды қор­жынға салды. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ол жаттық­ты­ру­шы болып қыз­мет ат­қарды. 2017-2018 жылдары Қа­зақ­­станда ең­бек етіп, Алма­тыда ашылған еркін күрес акаде­мия­сының бас бапкері болды.

Балуандық өнерде есімдері ерекше құрметпен аталатын Да­ғыс­танның дарабозы Әли Әлиев, Тби­лисидің тумасы Лери Хабелов жә­не Иранның мық­тысы Абдулла Мовахед сынды саңлақтардың бес дүркін әлем чемпионы деген дардай атақтары бар.

Елуінші жылдардың соңы мен ал­пысыншы жылдары өнер көр­сеткен Әли Әлиев 1963 жы­лы Со­фияда өткен жарыстың фина­лында ұтылды. Яғни, дү­ние­жүзілік додада ол барлығы ал­ты жүлде алды. Бір өкініштісі, Әлиге Олимпия ойындарында же­­ңіс тұғырына көтерілу бақыты бұй­ыр­мады. Ол 57 жасында кенеттен көз жұмды.

1985-1995 жылдар аралығында қарсылас шыдатпаған Лери Ха­белов өзінің соңғы жарысында үшін­ші орыннан аса алмағаннан кейін боз кілеммен қош айтысты. 55 жас­тағы әйгілі балуан бүгінгі таңда Грузияның Ұлттық Олим­пиада комитетін басқарады.

Ал Абдулла Мовахедтің же­ңіс­ті жолы 1965 жылы басталды. Әлем­дік додаларда Парсы елінің өкілі қатарынан бес жыл бойы еш­кімге есе жіберген жоқ. 1979 жылы ем-дом қабылдау үшін ол АҚШ-қа аттанып, ақыры сол жақта қа­лып қойды. Америкада білім алып, ғылымға бет бұрды. Кезінде Мо­вахедке аталған мем­лекеттің спорт басшылары тарапынан жер­гілікті балуандарды баптау жө­нінде бірнеше мәрте ұсыныс түскен екен. Жуырда ғана Абдулла ақсақал 80 жасқа толды.

Міне, еркін күрестен өткен әлем чемпионаттарында ең көп олжаға кенелген балуандар осылар. Осы 10 саңлақтың әрқай­сы­сы­ның есімдері әлемдік спорт та­­рихында алтын әріптермен жа­зулы.