• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Мамыр, 2020

Кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады

218 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың төрағалығымен өткен па­ла­таның жалпы отыры­сын­да депутаттар парла­мент­­тік оппозицияны күшей­туге ба­ғытталған заңдарды қа­был­дады.

 

Парламенттік оппозиция туралы заң қабылданды

Жалпы отырыста Сенат депутаттары Парламент Мәжілісі ма­құл­даған «Қазақстан Республи­касының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конс­титуциялық заңына толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ко­митеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын кеңінен талқылады.

Аталған қос заң жобасы Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде парламенттік оппозиция институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту тапсырмасына сәйкес дайындалды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев егжей-тегжейлі айтып берді.

– Заң жобасын дайындау барысында Еуропа демократиялық комис­сиясының (Венеция комиссия­сы) «Демократиялық парламент­тердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасын қолдандық. Біздің оппозицияның орнына парла­менттік оппозицияға неліктен назар аударғанымыз сол баяндамада көрсетілген. Соның 23-тармағында «Парламенттік оппозицияның құқықтық шарттары кез келген саяси жүйенің демократиялық жетілуін баға­лаудың эталоны болып табылады» делінген. Қазақстанның заң ке­ңістігінде осы уақытқа дейін «оппозиция» деген ұғым мүл­дем болмаған. Қоғамда «нағыз» оппо­зиция кім екендігі туралы пікір­таластар әлі күнге жалғасуы сондықтан шығар. Венеция комиссия­сы баянда­масының 11-тармағында «Парла­менттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» деген анықтама берілген. Алайда біз оны Қазақстанның тір­ші­лігіне жеткілікті емес деп тап­тық. Сол үшін парламенттегі оппози­цияны билікке шынымен сын­шыл болып, балама көзқарас ұсы­нып, қоғамды толғандыратын мәсе­ле­лерді көтеруге міндетті деген талап­пен толықтыруды жөн көрдік. Сон­дықтан «парламент оппозиция­сының» анықтамасында, бұл партия­лар, әдетте, билік партиясынан бөлек өз­­геше саясат жүргізуге міндетті де­ген тезис енгізілген, – деді А.Перуа­шев.

Заң жобасы бойынша оппози­ция үшін бірнеше құқықтық артық­шылық қарастырылған: әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдаулар мен үкімет сағаттарын бекіту құқығы, үкіметтің заң жобасымен қатар балама заң жобасын ұсыну; парламенттің кез келген іс-шарасында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырыстар­ында сөз сөйлеуге кепілдік беріледі.

Сонымен қатар «Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламентінің комитет­тері мен комиссиялары туралы» за­ңына Мәжілістің тұрақты комите­тінің біреуінің төрағасы, екі тұ­рақ­ты комитетінің хатшысын мін­детті түрде оппозиция депутат­тарының арасынан сайлауды бекіту ұсы­ны­лады. Баяндамашының айтуынша, бұл заң парламенттік көпші­лік­ке оппозицияны шектеуге жол бер­мейді. Мысалы, егер оппозицияның енші­сіне бөлінген комитетке азшылық үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, ол лауазымға тек оппозиция ғана басқа үміткерін ұсына алады. Себебі бұл квота тек оппозицияға берілген.

М.Әшім­баев партиялардың белсенділігін арт­тыруға бағытталған бұл екі заң жо­басы Мемлекет басшысы ұсын­ған саяси реформалар аясында қабыл­данғанын атап өтті.

– Елімізде демократиялық үрдіс­терді әрі қарай дамыту мақ­сатында қолданыстағы заңнамаға «пар­ламенттік көпшілік» және «пар­ламенттік оппозиция» ұғымдары еніп отыр. Заң арқылы Мәжіліске сайла­натын парламенттік оппози­ция­ның өкілеттіктері және олардың жұ­мысын қамтамасыз ету тетік­тері нақты айқындалды. Мемле­кет бас­шысының ұсынысы­мен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдік береді және Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев.

Заң жобасына сәйкес Парла­мент Мәжілісінде депутаттық ман­дат­тардың көбіне ие болған саяси партия немесе саяси партиялар парламенттік көпшілік болып саналады. Ал парламенттік көпшілікке енбейтін, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша сол көпшілікке қарағанда өзге позиция ұстанатын Мәжілістегі сая­си партия немесе саяси партиялар парламенттік оппозицияға жатады. Парламенттік оппозиция жекелеген мәселелер бойынша парламенттік көпшілікті қолдауы да мүмкін.

 

Тұрғын үй құрылысында бірыңғай оператор құрылады

Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қабылданды.

Депутаттар бастамашы болған заң жобасы Мемлекет басшысының Тұрғын үй бағдарламалары опе­ра­тор­­ларының санын қысқартуға қатыс­ты тапсырмасына сәйкес әзірлен­ді. Құжат арқылы бірқатар заңнама­лық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді. Бұл туралы ал­қалы топта Сенат депутаты Әлім­жан Құртаев жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша, заң жобасын­да тұрғын үй бағдарламалары бо­йынша жұмыс істеп тұрған «Қазақ­стан ипотекалық компаниясы», «Бәй­терек девелопмент» және «Тұр­ғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» операторларын Тұрғын үй құры­лысының бірыңғай операторына біріктіру көзделген.

2000 жылдан бері жұмыс істеп келген «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың негізгі міндеті – ипотекалық облигацияларды шы­­ғару арқылы екінші деңгейдегі банктерді қайта қаржыландыру. Осы­лайша ипотекалық қарыздар бо­йынша талап ету құқықтарын сатып алу және ипотекалық қағаздар шы­ға­ру Екінші деңгейдегі банктер­ге кре­дит ресурстарын тез қайта­руды жә­не өтімділікті, сондай-ақ ипо­те­калық кредиттердің ел азаматтарына қолжетімділігін қамтамасыз етті.

«Бәйтерек девелопмент» АҚ 2008 жылы құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетім­ділі­гін қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Оның негізгі қызметі – револьверлік қаржыландыру қағи­даты бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «Нұрлы жер» тұр­ғын үй-коммуналдық дамуының мем­лекеттік бағдарламасы шеңбер­інде жалға берілетін және кредит­тік тұрғын үй құрылысын қаржы­лан­дыру. Бұл қосымша ресурстар бөл­мей жаңа құрылысты жүзеге асы­руға мүмкіндік береді.

Ал 2016 жылы тұрғын үй құры­лы­сындағы үлестік салымдардың сақ­талуын қамтамасыз ету мақсат­ында «Тұрғын үй құрылысына кепіл­дік беру қоры» АҚ құрылды. Оның негізгі қызметі – тұрғын үй құ­ры­лысын аяқтауға кепілдік беру. 2017-2019 жылдары кепілдік міндет­те­ме­лер көлемі 154,7 млрд теңгені құра­ды. Кепілдік берілген тұрғын үй алаңы – 927 мың шаршы метр, яғни 10 831 пәтер.

Тұрғын үй бағдарламаларының осы үш операторын біріктіру нәти­жесінде жалпы әкімшілік шы­ғыс­тар азайып, қызметкерлер саны да қыс­қарады.

Заң жобасының қабылдануы еліміз халқын сапалы және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бастамаларды одан әрі іске асыруға, оның ішінде құрылыс саласына қолдау көрсетуге, тұрғын үй нарығындағы және ипотекалық кредиттеудегі сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді өсуі үшін жағдай жасауды қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді.

Жиын соңына қарай Сенат депутаттары құзырлы органдарға де­путаттық сауал жолдап, оның ішінде Ольга Перепечина капиталды сыртқа шығару мәселелеріне тоқ­талса, Динар Нөкетаева аралас мек­тептердің жұмысын сынға алды.