Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 жылдың 1 тоқсанындағы мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқа мәжілісінің екінші отырысы онлайн режимде өтті.
Онлайн отырысқа 900-ден аса жерден қосылды: ҚР Парламентінің депутаттары, Алқа мәжілісі мен Қоғамдық кеңестің мүшелері, барлық өңірлердің денсаулық сақтау басқарма басшылары, ведомствоға қарасты ұйымдар мен аумақтық департаменттердің басшылары, ҚР медициналық ұйымдарының бас дәрігерлері.
Денсаулық сақтау министрлігі Алқа мәжілісінің секциялық сессияларында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі тұрақты дамыту мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау жүйесін кадрлық қамтамасыз ету және медициналық білім беру деңгейі қызу талқыға түсті.
Қазіргі уақытта барлық ведомстволарды қоса есептегенде денсаулық сақтау жүйесінде 250 мыңнан аса медицина қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш орта есеппен 2% - ға өсті. Десе де ауылдық жерлерде қаламен салыстырғанда кадрлық ресурстардың теңгерімсіздігі сақталуда.
Аталған мәселелерді шешу үшін мамандардың біліктілігін арттыру, оларды денсаулық сақтау саласының практикалық қажеттілігіне сай мамандықтар бойынша қайта квалификациялау жүргізілуде.
«Денсаулық сақтау қызметкерлерін ынталандыру мен беделін арттыру үшін денсаулық туралы Кодекс жобасына жергілікті органдардың жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдаудағы жауапкершілік нормалары мен біліктілік деңгейіне сәйкес денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақы төлеуге қатысты кепілдіктер енгізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылға қарай денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе арттыруды қамтамасыз ету мен әлеуметтік қолдау шараларын күшейту жоспарлануда».
Медициналық қызметтердің сапасын арттыру электрондық денсаулық сақтау саласын дамытуды және қағазсыз құжат айналымына көшуді талап етеді. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Қазіргі уақытта 85% мемлекеттік және 98% жеке меншік медициналық ұйымға медициналық ақпараттық жүйелер енгізілді.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алқа мәжілісі отырысын қорытындылай келе, отандық денсаулық сақтау жүйесін күшейту қажеттігін атап өтті. Министр коронавирус пандемиясы біздің жүйе үшін тексеріс болғанын, қазір қазақстандықтар үшін БМСК деңгейінде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін барлық күш-жігерді бағыттау керек екенін айтты. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі әрдайым жаңа сын-қатерлерге дайын болуы тиіс.