• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Маусым, 2020

Кім қалай оқып жүр?

329 рет
көрсетілді

Гогольдің «Өлі жандар» шығармасындағы құл Чичиков кітап оқуды сұмдық жақсы көреді. Оған не оқыса да бәрібір еді – ол мәтіннің сұлулығынан емес, адам­­ның әріптерден сөз, сөздерден мән­ді сөйлем құрауынан кәдімгідей ләз­зат алатын. Бүгін жаһандық мәселеге айналған «кітап оқымау» хақында сөз қозғаймыз: бірақ, қоңыр әуенге салмаймыз. Тек, шартараптағы оқудың аяқалысын барлап, бағамдап көрмекпіз.

***

Ең оқымысты халық Қазақстан емес (бәрімізге аян), тіпті іргеміздегі Ресей десеңіз, қателесесіз. Не де болса, Қытай немесе Испания (деп ойладық). Бірақ, көп кітап оқитын ұлт Исландия деп танылыпты. Бәлки, бұл исландиялықтардың ауа райына, табиғатына һәм менталитетіне байланысты шығар. Не десек те, Исландияда жыл сайын мыңға жуық кітап шығарылып, кемі жарты мыңнан басталып, он мыңдаған данаға дейінгі тиражбен жарық көреді. Бір қарағанда аса көп болып көрінбегенімен, елдегі халық санының аздығын ескерсек, 1000 адамға 3 кітаптан айналады екен. Исландиялық баспагердің сөзінше, ондағы әр алтыншы тұрғын роман жазады. Тіпті, бұл мемлекетте «Әр адамның жүрек түкпірінде жазылмаған кітап бар» деген мәтел де жатталып қалған. Алақандай елге тым жақсы нәтиже. Ал біздегі баспадан жарық көріп жатқан кітап­тардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келе­ді. 

 ***

Кейде бізге Жер шарының бетіндегі барша адам кітап оқуды сүйетін секілді көрінеді: біреу – заманауи прозаны, енді біреу – фантастикалық шығармаларды, біреу – классиканы оқығанды ұнатады. Тіпті, сүйіп оқымаса да, әйтеу әріп танитыны хақ. Бірақ, біз қателесіппіз. Сауатсыздық һәм қара танымау – әлі де бәз баяғыдай түйткілді проблема қалпында екен. Өкінішке қарай, әлемдегі әр бесінші ересек адам оқи да, жаза да алмайды. Бұл статистика көбінесе Оңтүстік және Батыс Азия, сондай-ақ Сахара шөлінен оңтүстікке дейінгі Африка елдерінде көрінеді.

P.S.: Біздің халқымыздың бағы шығар, бір уақыттарда жапа-тармағай бәріміз кітап оқыған ғажап заман болды. Қазір де өз ниетіміз бұзылып оқымай жүргеніміз болмаса, кітап оқудың не екенін білеміз. Сөйтсек, «кітап оқымайдылап» қоңыр әуенге салып жүргеніміз де бір жақсы дәурен екен. Қара құрлықтағы африкалықтардың классика оқымақ тұрмақ, өз аты-жөнін жаза алмайтыны біртүрлі көңіл құлазытады. Сонда, олар көркем әдебиет оқымай һәм ондағы кейіпкермен бірге жаны толқымай, жақсы шығармадан ләззат алмай қалай өмір сүреді?

***

Кітап оқуды жан-тәнімен жақсы көретін қауымның арасында библиоклептомания деген бір ауру бар. Бұл ауруға шалдыққандар ешқашан кітапты сатып алмайды, яки сұрап әуре болмайды: ұрлап алады. Және осы тірлігінен дым ұялмайтындары һәм ешқашан қоя алмайтындары қызық. Әлемдегі әйдік кітап ұрлағыштардың бірі һәм бірегейі Стивен Блумберг болыпты. Ол 300 кітапханадан жиырма мыңнан астам тәуір кітаптарды жымқырған (осыдан соң кітап ұрлау да өнер шығар деген ой келді). Осы бір «қасиетті» мақсатқа жетер жолда Стивен кітапханаға желдету жүйесі немесе лифті шахтасы арқылы кірген. Стивеннің тар жолда тайғақ кешіп жүріп жеткен кітаптарын көрер ме едік, шіркін...

 ***

Міне, қызық! Бразилия түрмелерінде сотталушыларды кітап оқуға ынталандыратын арнайы бағдарлама бар. Ереже бойынша, әр оқылған кітап жаза мерзімін 4 күнге азайтады. Сонда, ең көп дегенде, жазасын өтеуші кітап оқып, бір жылда жалпы мерзімнен 48 күнді қысқартып, бейбіт өмірге жоспардағыдан аз-кем ертерек шығуға мүмкіндігі бар. Мойындау керек, кей елдерде түрмедегі былай тұрсын, бостандықтағы халықты оқуға шақыруға, жалпы әдебиеттің, руханияттың дамуына ешқандай амал-шара жасалмайды (мәселен, біз). Сондықтан, бразилиялықтардың бұл жобасы кімге де болса, үлгі боларлық һәм қызығарлық бастама. «Жақсыдан үйрен (-ейік)» дейміз.

***

Ендігі сөзіме, бәлки, сіз таңғаларсыз. Дегенмен, тыңдаңыз. Шартараптағы сатылып жатқан кітаптардың 70 пайызын әйелдер алады екен. Демек, қазіргі таңда әлемнің ажары – әйелдер қауымы көп кітап оқитын болғандықтан, өзі сұлу (рухани тұрғыда), өзі интеллигент һәм мәдениетті де солар.

Сонымен...

Сөз соңында кітап оқып аты аңызға айналған тұлғалар хақында айтып өтсек. Француздың әйгілі императоры Наполеон Бонапарт бір минутта 2000 сөз оқыса, Горький – төрт мыңның шамасында, ал Бальзак жарты сағатта 180-200 беттік романды тауысқан. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген кітаптанушы Николай Рубакин өмір бойында 250 мыңнан аса кітап оқыпты. Ал американдық өнертапқыш Томас Эдисон оқуда өте зерек болып, бір мезетте 2-3 қатардан бір-ақ оқыған.  Міне, машық! Міне, талант!