• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Маусым, 2020

Теңге бағасы неге тұрақты болып тұр?

1096 рет
көрсетілді

Мамыр айының қазақ теңгесіне көзқарасы оң болып тұр. Ай басталғалы бері теңгеміздің айы оңынан, жұлдызы солынан туып тұр. Сарапшылардың сөзімен айтқанда, анда-санда ОПЕК жақтан соққан желге болар-болмас түшкіріп қалғаны болмаса, теңгеміз бізді қуантып-ақ тұр. Дүйсенбіде Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық қорытындысы бойынша, қазақ теңгесі доллар бір долларға шаққанда 2,57 теңгеге қымбаттап, бір доллар үшін 408,98 теңгені құрады.

Сарапшылардың енді бірі мұндай динамика Қазақстанның коронавируспен байланысты шектеулер режімінен біртіндеп шығуы нәтижесінде болып жатқанын айтып жатыр. Атап айтқанда, еліміз халықаралық рейстерді қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды бастайды.

Мұнымен қоса, әлемдік мұнай бағасы өсуді 5% дейін жеделдетті, WTI маркалы мұнай бағасы наурыздың басынан бастап алғаш рет барреліне 35 доллардан асты. Тұтастай алғанда,  мұнай бағалары бүкіл тарихында рекордтық деңгейге көтерілді: WTI 88% -дан жоғары, ал Brent - 50% -ға жуық қосты.

Сарапшылар жағдай осы бағытта жалғаса берсе, мұнай бағасында өсім болса, теңге мен доллар дәлізі 1 АҚШ доллары үшін 400 теңге болатын психологиялық белгіге ұмтылуы ықтимал екенін айтып жатыр. Ал екінші тарап, «теңгенің күш алуына коронадағдарыстық режімнен біртіндеп шығып келе жатырмыз» деген пікірді асығыстау айтып жатқанымызды айтады. Қаржыгер Ораз Жандосов бізбен әңгімесінде АҚШ долларына деген сұраныс тек біздің елде ғана емес, әлем елдерінде түсіп кеткенін айтады. Долларға деген сұранысқа себеп болатын фактор да жоқ. Қымбат тауарлар сататын дүкендер екі жарым ай жабық болды. Қара базарлар жұмыс істеген жоқ.  Одан бөлек, АҚШ долларына сұраныс болмағандықтан, елде басы артық шетел валюта қоры жинақталып қалды. Қажет кезде ішкі нарықтағы шетел валютасын жиып алып, нарықты қас-қабағымен ойнатып отыратын қаржы трейдерлері екі айдан бері ойынынан жаңалып қалды.  Теңге мен шет ел валютасындағы теңгерімді ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс қана реттейді. Ішкі нарықтағы жағдай қазір қазақ теңгесіне бетін бері бұрып тұр.  

«АҚШ долларының шет ел валютасымен салыстырғандағы шын бағасын ешкім айта алмайды. Белгілісі оның 30 пайызына қаржы трейдерлері әсер етеді. Экономикасының тынысын тек АҚШ долларымен есептейтін елдер әлемде азайып барады. Экономиканың индикаторы АҚШ доллары емес, ІЖӨ болуы тиіс. Бізде ол жоқ. Сол себепті долларға деген тәуелділігіміз оның бағасының өсуіне де әсер етеді» дейді Ораз Жандосов.

Ал келесі қаржыгер Ерлан Ибрагим жаз мезгілінде АҚШ долларының бағасының өсіп кететінін еске түсірді.  Себебі адамдар отбасылық жоспарлардың ең ірілерін жазға жоспарлайды. Биыл ондай аласапыран жоқ. Тұрғын үй нарығы да әлі ұйқылы-ояу қалпы. Алдын-ала қамданып, саяхаттауға жолдама алып қоюға да мүмкіндік болған жоқ биыл. «Соңғы бірер қазақ теңгесіндегі тұрақтылықтың себебі осы. Екіншіден, Ұлттық банк  ішкі нарықты немесе теңгені қорғау үшін интервенцияға баруы мүмкін.  Ұлттық банк осыған дейін валютаны еркін айналымға жіберіп, сырттай бақылаймыз десе де, қажет кезде араласу құқын өздерінде қалдырды», дейді Ерлан Ибрагим.

Сондай-ақ Ерлан Ибрагим теңгенің шын бағасын алдағы бірер айда білетінімізді, қазақ теңгесінің нарықтық құны да сол кезде белгілі болатынын айтады. Егер, пандемияның беті қайтып, әлем экономикасында қозғалыс, өсім пайда болса, АҚШ долларына деген сұраныс өседі.