• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Маусым, 2020

Тастүйін

646 рет
көрсетілді

Еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің қуатты саласы «АгромашХолдингKZ» және «СарыАрқаАвтоПром» машина жасау зауыттарына Үкімет басшылары, министрлер, шетелдік қонақтар жиі ат басын бұрады. Сонда зауыт басшылары – ер азаматтардың арасында қазақтың тастүйін, алмастай өткір қара қызы жүреді. Және де зауыт жағдайын, шығарған өнімдері мен экономикалық мәселелер жөнінде көбіне сол қыз айтып береді.

Ауыл шаруашылығы техни­каларының тиімділігі, артық­шы­­лығы, құрастырылатын ма­ши­налар жұмысының жергі­лік­­­тен­ді­рілу көлемін ұлғайту, қо­сал­­­қы бөлшектерінің сервисін ұйым­­дастыру дейсіз бе, мәліметтің бар­лығын жүйе-жүйесімен жайып салады. Өзіне өте сенімді әрі әңгі­ме­ле­сіп тұрған адамдарды үйіріп, ауызына қаратады. Мұндай кезде «АгромашХолдингKZ» акцио­нерлік қоғамының вице-прези­денті Динара Шүкіжанованың мәлі­меттерін айызы қанып тың­да­ған делегация мүшелері де, анталап ақпарат аңдыған журналистер де ылғи ер азаматтардың арасындағы жалғыз әйелдің техника жағдайын соншалықты жақсы білетініне, оның техника шығаратын зауыт бас­шы­лығында жүргеніне таң­да­нып та қалар еді. Ірі өндірістің на­рық­тағы кемесін бағыттап отыру, қайраңдап қалмауын алдын ала ойластыру да оңай шаруа емес. Қа­ғілез қыз зауытпен әріптес болуды ойлаған шетелдік ірі компаниялармен келісімдер жасауда да ұтымды қадамдар жасап келеді.

Негізі адам мінезі жүре келе өзгермейді, ол туа бітеді. Динара Аман­жолқызын білетіндер осы ойға тоқтайды. Ол бала кезінен ши­рақ болды. Мектепті «Алтын белгімен», А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік уни­вер­си­тетін және Халықаралық бизнес университетін «қызыл дипломмен» бітірді. Қостанай университетін бітірген соң, «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалының Соколов-Са­рыбай кен өндіру бірлестігі аудан­дық ұйымында маркетинг бөлі­мінің маманы қызметінен бас­та­­ды. Аз уақыт болса да Қостанай қа­­ла­лық әкімдігінде бас маман болып істеп, тәжірибе жина­ды, ысылды. Америка Құрама Штат­та­рына барған сапарынан соң, Динара өзін кәсіпкерліктен көргісі кел­ді. «АгромашХолдингKZ» ак­цио­­нерлік қоғамына баспасөз хат­шысы болып келгенде, Дина­ра­ның университетті бітір­геніне екі жыл ғана болған еді. Сол екі жылдың өзінде жас қыз талмай ізденумен болды. Ол қандай жұ­мыс­та болса да оған аса көңілі тұ­рақ­­тамайтын, өзінің мүмкіндігін толық пайдаланбағандай, орнын таппағандай сезім билейтін. Ал машина жасау зауытындағы жаңа қызметке ол құлшына кірісті, өзінің бұл жұмысты алып кете алатынына толық сенді. Әңгіме бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыста емес, түпкі мақсат, қызметтің маз­мұны жаңа кәсіпорынның жұ­мы­сын жолға қою, өнімінің сапасын көпшілікке тарату, өткізу болатын. Бізге нарықтың соңын ала келген маркетинг мамандығының қыр-сыры Динараға мәлім, ол мұны кез келген өңдеу кәсіпорнының болашағымен байланыстыратын.

Дегенмен оған алғашқыда бар­­лы­ғы да оңай болды десек, ар­тық­тау кетерміз, сірә. Динара келген­де «АгромашХолдингKZ» зауы­ты комбайн құрастыруды енді бас­та­ған еді. Зауыт президенті оны цехқа әкелді де, «Сен алдымен бұл жер­ден не шығатынын, ол қалай өнді­рілетінін білуің керек. Міне, механикалық цех, комбайн да, тұқым сеп­кіш те, галь­ваника да – бәрі осын­да. Осылардың әр теті­гін білуің керек, саған бір апта уа­қыт беремін» деді де ке­тіп қал­­ды. М­а­­ши­на жа­­сау тек Қос­­­танай үш­ін ғана емес, жалпы елі­міз эко­­но­ми­ка­­сын­да­­ғы жаңа сала. Ауыл шар­уа­­­ш­ылығы тех­ни­­­ка­ла­­ры­­ның әр тетігін білу үшін механиктер мен ин­­же­нерлер 4-5 жыл ба­сын қатырып оқымай ма? Президент болса оған бір апта уақыт бер­ді. Жүзу біл­мейтін адамды те­ңіз­ге лақтырып жі­бергендей күй кешті, зауыт бас­шы­сының артынан сос­­­­тиып қарап тұрып қалды. Бірақ бойын тез жинап алды, «қайтсем де осы цехтан бәрін де біліп шығамын» деген өзіне іштей тастүйін сөзін де беріп үлгерді.

Әрине оған оңай болған жоқ, цех­тағы бір маман түсіндірсе, екін­­шісі «басымды қатырма» деп қуып жіберді. Екі апта шама­сын­да «емтихан» тапсырды. Дәл инженердей болмаса да, шамалапты, механикалық цехтағы құрас­тырылып жатқан ауыл шар­уа­­шы­лы­ғы техникаларының тетік­те­рін жатқа соқты. Көз майын та­уыс­қан еңбегі жанғандай болды, бі­рақ...

– Мен маман ретінде кәсіпо­рын­ға қажеттігімді басшыларға дә­лел­­деу үшін бір жылдай уақыт керек болды. Себебі ол кезде баспа­сөз хатшысы деген қызметтің ірі өндірістерге енді еніп жатқан кезі, көбіне түсініксіз болған шы­ғар. Екіншіден, басшылықтағы ер кісілер маған білікті маман ре­тінде емес, әйел деп қарады. Тех­ни­ка жүрген жерде әйел емес, ер адам жүруі тиіс деген қатып қал­ған түсінік шеңберінен олар да уақтылы шыға алмады, – дейді Динара Аманжолқызы. Бір істі қолына алса, аяғына дейін жет­кіз­бей қоймайтын табан­ды­лы­ғы Динараны тек жеңіс жолына же­те­леді. Ол машина жасау ісін­дегі басшылармен, мамандар­мен түсі­нісу, жұмыс қарым-қатынасы мә­дениетін жолға қою үшін уа­қы­ты­ның басым бөлігін сарт-сұрт етіп жататын цехтарда өткізді.

Зауыт бірден бүгінгі қалыпқа келген жоқ. Қиындықтардың барлығынан да өтті. Тіпті алға баса алмай, кейін шегінуге жол қалмай, аңтарылған кез де болмай қалған жоқ. Зауыт басшылары кімнің кім екенін осындай сәттерде таныды. Креативтік бастамаларды жиі көтеретін Динараға кәсіпорынның кадр бөлімі сеніп тапсырылды. Ол алдымен кәсіпорында өзінің командасын құрды. «Жалғыз ағаш орман емес», қанша білікті болса да бір адам ештеңе де шеше алмайды.

– Мен командамды жинағанда көп ойландым. Маған біразы мамандарды орталықтан шақыруды ұс­ынды. Бірақ олар біздің әлі қар­жысы жоқ компания үшін қым­батқа түсетін еді. Сондықтан мен командама өзім сияқты бұл са­ланың маманы емес, бірақ өз бе­тінше оқудан жалықпайтын, өзіне өте жауапты, алдына мақсат қоя алатын адамдарды жинадым. Біздің команданың өндірістен шықпай, осында түнеген сәттеріміз жетерлік. Мамандар жинағанда оларды таңдаудан қателеспеппін, негізі адам танитын қабілетім бар. Өзімнің таңдаған командаммен жеті жылдан бері жұбымыз жазылмай бірге келеміз, – дейді Динара.

 Білікті мамандар жетіспейтін кәсіпорын қандай өнім шығарып, уақытқа ілесе алушы еді? Ол кезде жаңа салаға еңбек нарығынан дайын инженер-мамандар табу шөмеледен ине іздеумен бірдей болатын. Сондықтан Динара бастаған команда корпоративтік университет құру керектігін көтерді. Оның сыртында техникаларды құрастыру ісін жергіліктендіретін, яғни олар­ды бояйтын, дәнекерлейтін, ұсақ жұмыстарын атқаратын 500 білікті маман-жұмысшыны табуды мақсат етіп қойды. Көшеден кім көрінгенді тағы алуға болмай­ды. Ірі кәсіпорындардағы жұ­мыс­­шылармен әңгіме жүргізді, Ук­раинаға барып, банкрот болған зауыттардың жұмысшыларын шақыру үшін «Кімге жұмыс керек?» деп, плакат ұстап тұрған кездері де болды.

– Жинаған жұмысшыларды «УАЗ», «АвтоВАЗ» сияқты Ре­сей­дің ірі зауыттарында бір қай­тара оқытып алдық. Жұмыс­шы­ларым зауытта оқуда болғанда, мен сол зауыттың басқа цехта­рын аралап кетемін де, маман жұмысшыларын біртіндеп Қос­та­най­ға жұмысқа шақырдым, осындай қулыққа да бардық, – дейді Динара өткен күндерді еске алып. Аз жылда-ақ құрастырған ауыл шаруашылығы техникалары еліміздің диқандарын қамтамасыз еткен «АгромашХолдингKZ» зауыты жұмысының жандануына Динара командасының қосқан үлесі аз емес. Ылғи креативті ойлайтын жастар өздері жасаған әр қадамы зауытқа тек пайда келтіруі керек деген ұстаныммен жұмыс істейді.

– Сырттан маман шақыру өте қымбат. Біз өзіміздің кадр­лар­ды өсіруді мақсат етеміз. Сырт­тан келген бір адамға қаржы шаш­қанша, өзіміздің он маманға төле­генім артық. Мысалы, біздің зер­гер деңгейіндегі керемет дәне­кер­леу­шілеріміз бар, солар өзіміздің жұмысшыларды үйретеді, оларға сараңсымай, үстемеақы төлеп отырамыз. Жұмысты ұйымдастыра білсең білікті мамандар өз арамыздан шығады. Сырттың жылты­ра­ғына қызығу – осалдық, өйткені ол саған қаржыға, қымбатқа түседі, өз сорпаңа піскендей қайдан бол­­­сын. Ал жұмысқа бар ынтасын салмайтын, әлсіздермен біз жыл­­дам қоштасамыз, бір күн де ұста­май­мыз, – дейді Динара тақ-тақ сөйлейтін әдетімен.

2016 жылы Динара Шүкіжанова 32 жасында «АгромашХолдингKZ» акционерлік қоғамы басқармасының даму жөніндегі директоры, одан көп уақыт өтпей-ақ бірінші вице-президент лауазымына көтерілді. Бүгінде қаршыға мінез қыз тұтас компания қамын ойлайды, жұ­мыс­шыларға жағдай жасауы, зауыт­тың өнімі нарықты билеуі үшін жа­уапты жұмыстар атқарады. Дина­ра жауапкершілікті басты орын­ға қояды. Кез келген басшыда жа­уап­­кершілік болғанда ол алдымен ізденеді, оқиды, тәжіри­бесін мо­лай­тады, біліктілігін ши­ра­тады және жұмысшыларға қамқор­лық­пен қарайды. «Жұмыс­шыларға қалай жағдай жасасаң – олардан қай­тарым да дәл солай болады». Басшы Динараның ұстанымы бұл. Жауапкершілік бар жерде ар-ұят та, қызметтегі тазалық та бар. Елді, жерді сүюдің де түп негі­зі жауапкершілікте жатыр. «Отан­ды сүю – иманнан» деген сөздің төр­кі­ні де осы болса керек.

Еліміз экономикасындағы ең бір тұтқалы машина жасау саласының дамуына осылай тер төгіп жүрген Динараның сүттей ұйыған отбасы бар, жолдасы оның талабын қолдап, әрқашан көмегін аямайды, қызғалдақтай қызы өсіп келеді. «Үй салсам, есіктің алдына жидек егіп, таңқурай терсем» деген ой да жұмыс арасында жиі есіне түседі. Отбасының берекесін ойлаған, өзі қазығына айналған әр әйелдің арманы да бұл. Ол достарына «қо­лым­нан келмейтінді армандамаймын» деп әзілдейді. Динараның тұлғасы болар елдің жастары үлгі тұтар бетперде дерлік. Оның есімін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қата­рынан көргенде осындай ой түй­дік.

 

 

ҚОСТАНАЙ