Суретке ерекше өмір сыйлап жүрген Қанат Нұртазиннің өнері шын мәнінде сүйсінуге тұрарлық. Ол жапырақ, шеге, газет, алма, тосап, банан, раушан, гипс, кофе мен қауын бетіне түрлі сурет салады. Өнерден ерекше өрнек тапқан өреннің таланты сұлулыққа бейжай қарамайтын көп көңілін ә дегеннен елең еткізді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан жарқырай көрінген сурет шебері бүгінде ізденісін жетілдіріп, бейнелеу өнерінің 100 жаңа тәсілін табу жолында тер төгіп жүр.
Көкшетаулық жас суретші Қанат Нұртазиннің ерекшелігі сол – ол өз суреттерінде мүлдем бояу қолданбайды. Кеңістікте көркем өнер тудырып, ал кенептің қандай көлемде болатынына алаң болмау – автордың басты принциптерінің бірі. Суретші үшін ағаш, қағаз, кофе, фотопленка, кинолента, жеміс-жидек пен темір-терсектің барлығы да өнер тудыруға тамаша құрал. Жұмыстарын арнайы бояғыш құрал немесе мольберт қолданбай жасайтын бірегей талант иесі «сурет тек қағаз бетіне салынбайды» деген ұстанымда және ол ойын әрбір тың туындысымен бүгінде сәтті дәлелдеп жүр.
– Мен ешқашан суретші болам деп армандаған адам емеспін. Бала күнімде әскери адам болуға қатты құмарттым. Өнерге деген қызығушылық 2013 жылдан басталды. Малайзиядан оқуымды тәмамдап, дипломмен елге оралған соң біраз уақыт жұмыс іздеп жүріп қалдым. Сол кезде бос уақытым көп еді. Аңсарым сурет салуға ауды. Бірақ көп суретшілер сияқты емес, елді елең еткізер дүние тудырғым келді. Алғашында қатты қағазды тесіп сурет сала бастадым. Қолым жаттыққан соң, көңілімдегі көрікті ойларды жүзі өткір пышақпен ойып жапыраққа түсірдім. Кейінірек шай түйіршіктері, құм сияқты нәрселерді де қиялымды жүзеге асыруға пайдаландым. Нәтижесі өзіме ұнады. Осыдан соң бейнелеу өнерінің түрлі тәсілін өз бетімше байқап көрдім. Алғашында сурет салуға қарағанда карвинг өнеріне жақын болдым. Тұңғыш туындым ағаш жапырағынан кесілген Қазақстан туының сұлбасы болды. Кейін мұны алмадан ойып жасап көрдім. Сөйтіп, ойдан ой, идеядан идея туындай келе «Сурет салудың 100 жаңа тәсілі» атты жобаны жүзеге асыруды қолға алдым. Сол 100 тәсілдің барлығын игергім келеді. Арасында алманы ойып салған суретім, шоколадқа салған суретім, жапыраққа сызған бейнелер желіде көп тарап кетті. Алдағы уақытта мақсатымды толықтай бағындырсам деймін. Сол жолда ізденіп жүрмін», – дейді суретші.
Бір қызығы, Қанаттың бұл салада арнайы білімі де, ұстазы да жоқ. Сурет – Қанаттың бойына тумысынан дарыған қабілет. Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты университетінде халықаралық бизнес менеджменті бағдарламасы бойынша IT-мамандықты меңгерген болашақ «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазының әуесқой қызығушылықтан туындаған жұмыстары қоғамда үлкен резонанс тудыратынын тіпті де сезбеген көрінеді.
– Білесіз бе, жоғарыда атап өткенімдей, мен сурет салуға ешқашан қызыққан емеспін. Тіпті оқушы кезімде бейнелеу өнері сабағының тапсырмаларын үлкен ағам орындап беретін. Алайда, бойда бұғып жатқан талант бәрібір сыртқа шықпай тынбайды екен. Алғашқы тәжірибелік жұмыстарым көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Әсіресе спорт шебері Геннадий Головкин мен белгілі продюсер Баян Алагөзованың бейнесі бедерленген туындылар көпшілік арасына тез тарады. Кейінірек басқа да суреттеріме сұраныс артты. Біраз ақпарат агенттіктері жұмыстарымды өз порталдарында жариялап, әлеуметтік желі арқылы халық жарыса таратып әкетті. Кейінірек, тіпті Британия мен Ресей журналистері тарапынан да менің суреттеріме деген қызығушылық туындап, арнайы хабарласты. Әлі де шетелдік мамандар жиі телефон шалып тұрады. Рас, менің бұл салада арнайы білімім де, тәлім берген ұстаздарым да жоқ. Өз бетімше үйрендім. Ғаламтордың көмегіне көп жүгіндім. Әйтсе де, менің басты тәлімгерім – жүрегім. Көңіл түкпіріндегі көркемөнерге деген іңкәрлік мені осылайша сурет әлеміне алып келді» – деп сыр ақтарды өнер иесі.
Қанаттың суреттері көрер көзге қалай көркем көрінсе, оны тудыру да соншалықты оңай емес. Күрделі. Бірақ, соған қарамастан Қанат салған суретінен айрықша ләззат алады. Қиялына ерік берген сайын жаны рахаттанып, демалып қалады. Суретшінің айтуынша, әрбір жұмысы өзінің ерекшелігіне сай түрлі деңгейде күрделі. Қанат үшін ең оңай тәсіл жапыраққа ойып салынған сурет екен. Ең қиыны – шеге мен жіптің көмегімен салған жұмыстары. Ал алмаға ойып салынар түрлі өрнектер жеделділікті талап етеді. Бұл тәсілде жылдамдықты бәсеңсітуге болмайды екен. Өйткені алма ұзақ ойланып-толғануды көтермейді. Қарайып кетіп, өнер туындысы барлық әсемдігінен айырылуы мүмкін. Сондықтан да Қанат, әсіресе осы алмаға түсіретін суреттеріне ерекше мұқият. Салынған жұмысын бірден фотоға түсіріп алатын көрінеді.
– Майлы бояумен кенепке түспегеннен кейін де, менің салатын суреттерімнің әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып бедерлеу маңызды. Сондықтан да классикалық суретшілермен салыстырғанда, мен уақытпен көбірек санасамын. Өйткені түрлі материалдарға бедерленетін болғандықтан, әрқайсысының ерекшелігін ескеру маңызды. Сонысымен де әрбір суретім айрықша шабыт сыйлайды. Жұмыс істеп отырып демаламын. Қазіргі таңда еліміздің жетекші оқу орындарының бірі Назарбаев Университетте қызмет ететін болғандықтан, шет мемлекеттерге жиі сапарлап тұрамын. Сондай кездерде шетелдік азаматтарға, әріптестеріме кәдесый ретінде өзімнің жұмыстарымды сыйға тартамын. Барлығы ерекше ілтипатпен қабыл алады. Қай жерге барсам да Қазақстанға қатысты дүние жасағым келеді. Мысалы, Вашингтонда жүріп, алмаға Алтын адамның суретін бедерледім. Лондонға барғанда алмаға киіз үйдің суретін ойып салдым. Содан кейін, сол қаланың көрікті жерін артқы көрініс етіп таңдап, өзімнің туған елімнің бір бейнесін кадрға түсіріп аламын. Шетелдіктер өздеріне таныс жердегі бейтаныс элементтерге қатты таңғалады. Тек шетелде емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріне барсам да, туған жерімнің таңғажайып табиғатын суретке түсіремін», дейді жас талант.
Міне, осылай туған елінің бай жәдігерлері мен көркем құндылықтарын, мемлекетіміздің рәуішті рәміздерін өзінің қиялы мен қаламынан туған әр жұмысы арқылы төрткүл дүниеге танытып, жаһандық аренада әйгілеп жүрген дарынды жігіттің бойында, жүрегінде ұлтқа, Отанға деген шексіз махаббат пен патриоттық рух шын мәнінде асқақтап һәм атқақтап тұр. Өрелі өнерімен үнемі елінің мерейін тасытып, абыройын асқақтатып жүр. Отанға адал қызмет етуді ғұмырлық парызы санайтын азаматтың бұлай буырқануы, ізденуі, жаңашылдыққа ұмтылуы заңды да. Өйткені, Қанат – Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Егемен елде өскен еркін ойлы азамат. Ол 1991 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Степняк елді мекенінде туған. Отбасында үш баланың кенжесі. Ертеңін елімен егіз байланыстырған талантты жігіттің алға қойға мақсаттары да айқын һәм ауқымды.
– Алға қойып отырған үлкен жоспарларым бар. Соның бірі – «Сурет салудың 100 жаңа тәсілі» жобам аясында барлық туындыларымды топтастырып, халықаралық деңгейде ауқымды көрме ұйымдастырғым келеді. Қазірдің өзінде суретке хобби ретінде емес, түбегейлі бет бұрып, кәсіби түрде айналысуды көксеп жүрмін. Бұл, әрине менің жеке пікірім. Дегенмен, қазір біздің қоғам мұндай өнерді беріле қабылдай алмайтын сияқты. Білерім, мен салып жүрген суреттер сату жағына келгенде өте жоғары сұранысқа ие болмай отыр. Сондықтан, өнерімді әзірге Назарбаев Университеттегі негізгі жұмысыммен қатар алып жүруге мәжбүрмін. Болашақта сурет салудың аталған тәсілі қанатын кеңге жайып, үлкен сұраныстарға ие болып жатса, сөзсіз, ойланбастан өнер жолын таңдар едім. Өйткені өнерің арқылы еліңе қызмет етіп жатқандығыңды сезінуден асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің төл перзенті ретінде бойымдағы бар талант-қабілетіммен еліме қалтқысыз қызмет етуді – ғұмырлық, азаматтық парызым деп білемін. «100 жаңа есім» жобасына қатысып, жеңімпаз атануым да маған осыны айқын ұғындырды. Үлкен жауапкершілік жүктеді. Алдағы шығармашылық мақсат-армандарыма даңғыл жол ашып берді деп сеніммен айта аламын. Менің ендігі тілегім – елімнің ертеңі үшін аянбай еңбек ету, өлмейтін өнер тудыру, – деп жас талант алысқа, тым алысқа ойлана көз тікті. Қанаттың отты жанары мен нық шыққан жалынды үнінен оның өнерге ғана емес, Отанға деген шексіз махаббаты да айқын көрініп тұрды. Ендеше қанатың талмасын, Қанат!