Биылғы түлектер электронды диплом алады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари министрліктің Facebook парақшасында "Электронды диплом" тақырыбында өткен тікелей эфир барысында айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Біз тиісті нормативті актілерді қабылдадық. Соған сәйкес биылғы жоғары оқу орындары мен колледж түлектері дипломның электронды нұсқасына ие болады. Бұл не үшін қажет? Бәрімізге белгілі, жыл сайын жұмыс берушілерде де, қарапайым азаматтарда да жалған дипломға қатысты мәселе туындап жатады және ол дипломды растауға уақыт та, қаражат та шығын болады. Сандарға келер болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігіне дипломды растауға қатысты жыл сайын 500 мыңдай сұраным түседі. Биылдан бастап дипломдар сандық форматқа көшті. Енді дипломның Білім министрлігінде тіркелген-тіркелмегенін онлайн режимде тексеруге болады", - деді Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.