• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Туризм 16 Маусым, 2020

Алакөлде туристік маусым ашылды

1019 рет
көрсетілді

Айдынды Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігінде 13 маусымда туристік маусым ашылып, демалыс үйлері біртіндеп жұмыс істей бастады. Иә, біртіндеп деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Әлемде және елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты биыл Алакөлде демалушыларға да, демалыс орындарының иелеріне де талап күшейіп, қауіпсіздікке баса мән беріліп отыр. Өйткені жағалаудағы демалыс орындары мен шомылатын аймақтар бір-біріне жақын орналасқандықтан вирус жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан да облыс басшылығы Алакөлге асыққан туристерден бірінші кезекте коронавирусқа тест тапсырып, соның нәтижесімен келуді өтініп отыр. Осы жерде ескерте кетер бір дүние, тесті бір отбасыдан бір адам ғана тапсырады. Егер демалушылар тест тапсырып үлгермеген жағдайда Алакөлдің басында тест тапсыруға жағдай жасалған. Екі мобильдік пункт дайын тұр. Бұдан бөлек көлдің іргесіндегі Қабанбай ауылында туристер ауырып қалған жағдайда медициналық көмек көрсететін 12 орындық провизор ашылған. «Демалушылардың денсаулығы үшін біз күні-түні жұмыс істейміз. Егер туристердің бірінің дене қызуы көтеріліп, өзін қолайсыз сезінсе, алдымен экспресс тестілеуден өтеді. Аурудың белгісі болған жағдайда ПТР тапсырады. Провизорда 2 тыныс алу аппараты бар» дейді Қабанбай ауылдық ауруханасының аға дәрігері Гүлмира Жақиянова.

Әзірге қонақүйлер демалушылардың 50 пайызын қабылдайды

Төрткүл дүниені әлекке салған ін­детке байланысты биыл Алакөлдегі демалыс үйлерінің иелеріне де қатаң талаптар қойылып, үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұқпалы дерт облыс­ аумағында азаймай тұрғандықтан олар­ға әзірге демалушылардың тек 50 пайы­­зын қабылдауға рұқсат берілген.

Жа­қында Алакөлдің туристік маусымға дайындығын тексеруге Өскеменнен арнайы келген облыс әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлермен кездесу өткізгенде демалушылардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керектігін қадап тапсырды. «Демалыс үйлеріміз ашылмай қала ма деп алаңдап отырғандарыңызды да түсінеміз. Егер 13-23 маусым аралы­ғында көл жағалауында коронавирус инфекция­сы тіркелмесе, демалыс орын­дарының басшыларына қонақүйлердің жобалық сыйымдылығына сәйкес 75 пайызға дейін адамдарды орналастыруға рұқсат етіледі. Одан кейінгі уақытта жағалаудағы жағ­дай тұрақты болса, барлық нысан 1 шіл­деден бастап толық жұмысқа кіріседі. Біз өз тарапымыздан бар­лық жағдайды жасап отырмыз. Енді сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті лайықты деңгейде атқаруларыңыз қажет. Ең маңыздысы, ха­лықтың денсаулығы. Сондықтан бар­лық санитарлық талаптар сақталуы тиіс» дейді аймақ басшысы.

Санитарлық талаптар демекші, көл жағалауындағы демалыс үйлерінің барлығы тексеруден өткізілген. 5 маусым­нан бастап арнайы үш мони­торингтік топ Алакөлде жұмыс істеуде. Олар көл жағасындағы 175 қонақүйдің да­йындығын, санитарлық талаптарды қан­шалықты орындап жатқандығын тексеруде. «12 маусымдағы рейд қо­ры­тындысы бойынша 60 демалыс орнының ішінара дайын екеніне көз жет­кіздік. Қазір осы 60 демалыс орнында санитарлық-эпи­­демиялық нор­маларды сақтау жұ­мыстары жүргі­зілуде. 14 демалыс орнына «Туристерді қабылдауға дайын» деген акті берілді. Аталған демалыс орындарында келу­­шілердің 50 пайызы (712 адам) ор­­на­ласа алады. 101 демалыс орны да­йындықты әзірше бастаған жоқ. Себебі бұл демалыс орындарының дені 2-3 жағалауларда орналасқан. Сәй­кесінше, олар 20 маусымға таман ашылады» дейді облыстың бас санитар дәрігері Марат Исмаилов.

Алакөлде туристерді қабылдауға ең бірінші болып рұқсат қағазын ал­ған «Парус» демалыс орнының иесі Жанна Рамазан барлық санитарлық-эпидемиялық талаптарды орын­дауға дайын екендіктерін айтады. «Рес­ми түрде жұмыс істеуге рұқсат алдық. Әр­бір шығаберіс есікте санитайзерлер қо­йылып, әлеуметтік қашықтық сақ­талған. Қорғаныс құралдары да бар. Қазақстандықтарға айтар өтінішіміз, же­дел тесттен өткеніңіз туралы анықта­ма­ны ұмытпай ала келулеріңізді сұрай­мыз» дейді ол.

Иә, кәсіпкерлер жауапкершілік жүгі салмақты екендігін түсініп отыр. «Демалыс орнын ашпастан бұрын ар­найы дезинфекциялық құралдар, дезинфекциялық кілемдер, қолға арнал­ған антисептиктер, маскалар мен бас киімдер алынды. Сонымен қатар демалушылар қауіпсіздік шараларын білсін деп жадынамалар шығардық. Біздің бас­ты міндет – адамдардың денсаулығын сақ­тау. Біз үшін адамдардың емін-еркін демалуы маңызды» дейді «Рассвет» демалыс орнының әкімшісі Татьяна Калугина.

Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесуде мониторингтік топ құрамына демалыс үйлерінің иелері де кіріп, са­нитарлық-эпидемиялық талаптардың сақ­талуын тексере алатындығын айт­қан болатын. «Кездесуде аймақ бас­шы­сы мониторингтік топпен бірге жұ­мыс іс­теуді ұсынды. Қазір біз топ мү­ше­лерімен бірге демалыс орында­ры­ның қонақтарды қарсы алуға қан­ша­лықты дайын екенін тексеріп жатырмыз. Өйткені демалушылар мен қыз­меткерлердің денсаулығы біз үшін бірінші орында» дейді «Інжу» және «Алакөл Арасан» демалыс орындарының иесі Анар Батымова.

 

Үржар үлгілі ауданға айналады

Соңғы жылдары Алакөлдің Шығыс бөлігі айтарлықтай өзгергені белгілі. Әсіресе жағалауды абаттандыру жұмыс­тары қарқынды түрде жүргізілуде. «Көл жағалауын абаттандыруға 2016 жыл­дан бері 6,2 млрд теңге қаражат жұмсалды. Биыл бұл бағытқа тартылған ин­вестиция көлемі 3,9 млрд  теңгені құрап отыр. Көл жағалауында 345 кәсіп­керлік нысан тіркелген. 11 мыңнан ас­там орынға шақ­талған 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақтану орны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, 3 дәріхана бар. Биыл 8 демалыс орны салынды. 11-і аумағын кеңейтті. Сөйтіп қосымша 650 орын пайда болды. Сонымен қатар 200 орындық «Alakol love» туристік кешенінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша екі ауқымды жоба қолға алынды. Жоба аясында су және электр желілері тартылады. Биылғы жаңалық, жалпы аумағы 2,5 шақырымды құрайтын веложол мен 5 жаңа модульді сауда павильондарының құрылысы аяқ­талды. Жақында көл жағалауында жаңа дәретханалар, киінуге арналған кабиналар, құтқарушы бекеттері іске қосылады» дейді Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.

Алакөлге инвестиция құйып, демалу­шыларға арналған жаңа нысандар тұрғы­зып жатқан кәсіпкерлер де аз емес. Со­­лар­дың бірі – Арман Ахметқанов. Кәсіп­кер ашық аспан астында 3,5 мың адам сиятын ALAZONE ARENA атты шағын қалашық салуды жоспарлап отыр. Юрмала қалашығының үлгісімен бой көтеретін нысанда сахна, қонақүй, қой­ма, ас үй, би алаңы, VIP терасса, балалар алаңы, бар, касса, автотұрақ, көрермен алаңы, караоке, жасыл газон, демалу ай­мағы болады. «Облыс әкімінің бастамасымен инвестор ретінде сәуір айында жұ­мысты бастап кеттік. Мақсатымыз – Алакөлдегі туризм деңгейін көтеру, демалушылар санын көбейту. Жоба екі жыл көлемінде жүзеге асады» дейді кәсіпкер.

Бұдан бөлек тағы бір инвестициялық жоба қолға алынбақ. Облыстық Ту­ризм және сыртқы байланыстар бас­қар­масы басшысының орынбасары Инара Бодукованың айтуынша, жоба аясын­да төрт жұлдызды қонақүй бой көтермек. Қазіргі уақытта оның құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. Туристік нысанда демалушыларға қажетті барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ онда бассейн мен балаларға арналған ойын алаңы салынады.

Алакөлге жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал Ахметов тек көл жағалауына ғана емес, алдағы уақытта аудан орталығы – Үржар ауы­лына ерекше көңіл бөлінетінін жет­кізді. «Үржарды қалай абаттандырамыз? Ең әуелі Үржардағы әуежайда қай­та жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ұшу-қону жолағы ұзартылады. Бұл өз ке­зегінде кез келген ұшақтың мұнда ұшып келуіне мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар келер жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Ал Үржар ауылын абаттандыруға 2,2 млрд теңге бөлінеді. Үш жылдан кейін Үржар адам танымас­тай өзгереді» дейді аймақ бас­шысы.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы