• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Маусым, 2020

Қарағандыда симптомсыз сырқаттар қалай бақыланады?

288 рет
көрсетілді

Елімізде 10 маусымнан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу хаттамалары мен есептеу жүйесіне бірқатар өзгерістің енгізілгені белгілі. Бұдан былай  симптомсыз вирус тасымалдаушылар саны ресми мәліметтерге енбейді және олар ауруханаға жатқызылмайтын болды. Яғни, ағзасында анықталған вирус еш белгісіз өтіп жатқан адамдарды емханалардағы дәрігерлердің өздері-ақ бақылай береді. Мамандар мұның өзі  госпитальдар мен стационар дәрігерлерінің жүктемесін төмендетуге көп көмегін тигізетінін айтады, - деп жазады Egemen.kz

Міне, осыған орай кеншілер астанасында онлайн режімінде өткен  баспасөз мәслихатында Қарағанды емханаларының басшылары тәжвирус індетін симптомсыз тасымалдаушылар қалай бақыланатыны және індет жұқтырғандар қандай көрсеткіштер бойынша ауруханаға жатқызылатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев симптомсыз науқастар ПТР-тестілеу жасаған кезде анықталатынын хабардар етті.

"Жүкті әйелдер, созылмалы жүрек-қан тамырлары аурулары бар пациенттер, қант диабетімен және тыныс алу жүйесінің сырқатымен ауыратын адамдар міндетті түрде тексеріледі. Сондай-ақ, ПТР-тестілеуден бұрын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдар да өткізіледі",  деп түсіндірді ол.

Егер ПТР-талдау оң нәтиже көрсетсе, бірақ симптомдар болмаса немесе олар әлсіз болса, онда пациентті үй карантиніне орналастырып, емханалардың бақылауына алады екен. Бұл турасында «Қарағанды қаласының №3 емханасы» КМК директоры Сәния Боранқұлова айтып берді.

"Біз КВИ сырқаты бар симптомсыз науқастарды бақылайтын арнайы бөлім құрдық. Пациенттерге дәрігерлер немесе медициналық орта буын қызметкерлері қоңырау шалып отырады. Оларға бақылау жасау оңайырақ болу мақсатында, мысалы кіммен қашан әңгіме жүргізілгенін, кімге дәрігердің көмегі керек екенін біліп отыру үшін пациенттер күн сайын бірнеше топқа бөлінеді", дейді маман.

Ал Қарағандыдағы №1 көпсалалы аурухана директорының орынбасары Радмила Габдракипова кейбір пациенттерге қанның оттегімен қанығу деңгейін бақылауға қабілетті арнайы құралдар  – пульсоксиметрлер уақытша пайдалануға тегін берілетінін жеткізді. Бұл құралдардың көмегін қарт адамдар, жүрек-қантамыр жүйесі, бүйрек, тыныс алу жүйесі, қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар науқастар алады. Ал медицина қызметкерлері  пациенттерге аталған құралды қалай дұрыс пайдалануды үйретеді, қандай көрсеткішпен бірден дәрігерді шақыру керектігін түсіндіреді.

Онлайн баспасөз мәслихаты барысында медицина мамандары мына бір жайтқа баса назар аудару керектігін айтты. Мәселен,  қанында симптомсыз вирус белгісі бар науқастар зейнеткерлермен, жүкті әйелдермен немесе балалармен бірге тұратын болса, олар емделуге жатқызылуы мүмкін. Мұндай пациенттер үшін кеншілер астанасындағы "Турист" және "Меридиан" қонақ үйлері арнайы түрде қайта жабдықталған.

Жалпы, талап бойынша коронавирус инфекциясын симптомсыз тасушылар үй карантинінде екі апта уақыт жатуы керек. Кейін олардан қайтадан алынған ПТР-талдау теріс нәтиже көрсетсе, онда науқас бұрынғы қалпына келді деп саналады. Егер, тест қанда коронавирус белгісі барын растаса, ондай жағдайда пациент дәрігерлердің бақылауында қалып, ем алуды  әрі қарай жалғастыра береді.

 

 

Қарағанды облысы