Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов төтенше жағдай кезінде "Biz Birgemiz" республикалық акциясы шеңберінде мұқтаж жандарға белсенді көмек көрсеткен еріктілерді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарымен марапаттады, - деп хабарлайды Egemen.kz
Саланатты шара барысында аймақ басшысы "Jas Otan" жастар қанатының еріктілері облыс бойынша барлығы 9 мыңнан астам отбасыға азық-түлік, маска және әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізгенін атап өтті.
Облыс бойынша 122 ерікті Елбасының Алғыс хатына ие болды. Архимед Мұхамбетов әр еріктіге шынайы алғыс білдіріп, олар жасаған игілікті істің маңызды екенін атап өтті.
"Коронавирус дертіне байланысты бүкіл әлем жұртшылығы күрделі дағдарысқа ұшырады. Мұны жақсы білесіздер. Коронавирус індеті елімізді, оның ішінде облысымызды да айналып өткен жоқ. Өңіріміздегі карантин салдарына орай біз бүгін ерекше жағдайда кездесіп отырмыз. Жалпы карантин режимі азматтарымызға айтарлықтай қиыншылық туғызды. Дегенмен облыс тұрғындары осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді.Осы ретте сіздердің қосқан үлестеріңіз өте зор. Мұқтаж жандарға азық-түлік апарып беріп, қарт кісілердің үйіне дәрі-дәрмек жеткізіп, блок бекеттердегі күні-түні қызметін атқарып жатқан тәртіп сақшылары мен дәрігерлерге ыстық тамақ апарып үлкен әрі қайырымды істің басы қасында төзімділігк пен қамқорлық танытып жүре білдіңіздер. Сіздерге айтар алғысым шексіз", деді Архимед Мұхамбетов.
Айта кететін жайт, карантин кезінде облыс меценаттарының қолдауымен 9 мыңның үстіндегі адамға 136 млн теңгеден астам көмек көрсетілген.
Сондай-ақ, Елбасының бастамасымен құрылған "Birgemiz" қоры мұқтаж азаматтардың әрқайсына 50 мың теңгеден ақшалай көмек көрсеткені белгілі. Мысалы, Қостанай облысында 21 630 азаматқа 1 млрд теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілген.
Қостанай облысы