• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Маусым, 2020

Қостанай арматурасына сұраныс көп

343 рет
көрсетілді

Қостанай облысында соңғы бес-алты жылда құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамыды. Облыс орталығында бұрын далиып бос жатқан жерлер мен көптеген ескі үйдің орнын бүгінде көпқабатты әсем үйлер басты. Қала құбылаға қарай қанат жайып, іргесін кеңейтті. Қостанайдың солтүстік-батысында шырайлы шағын аудандар пайда болып, зәулім ғимараттар бой тіктеді. Бастысы, халыққа қолжетімді баспана тұрғызуға бағытталған қыруар шаруа реттеліп, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына деген сенім түбегейлі орнықты.

Облыста жыл сайын кемі 335 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға беріледі екен. Қысы-жа­зы, күні-түні тоқтаусыз жүріп жат­­қан осыншама құрылысқа қа­жет­ті материалдың бәрі отандық өнімдер. Ерекше қарқынмен бой түзеп жатқан биік үйлердің тасын да, ағашын да, терезе-шатырын да жергілікті кәсіпорындар шығарады. Олардың қатарында көпқабатты үй тұрғызуға қа­жет­ті болат арматура жасап шы­ға­ра­тын «Еураз Каспиан Сталь» за­уыты да бар. Құрыштан құ­йы­­латын құрылыс материалы Қазақстанға бұған дейін Ре­сей­­дің Новокузнецк, Нижний Тагил қалалары мен Украинадан әкелінетін. Қостанайдағы «Еураз Кас­пиан Сталь» зауыты он шақты жыл­дан бері, импорт ағынын тежеп, оның орнын отандық өнім­мен толтырып келеді.

Үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасы ая­сында Қостанай облысында 74 ірі жоба іске қосылған. «Еураз Каспиан Сталь» зауыты – осы бағдарламаның жемісі. Ре­сей­ден басқа бірде-бір мемлекетте жоқ жаңа өндіріс орнын ашып, тыңнан түрен салу оңай шаруа емес. Кәсіпорын алғашқы жыл­да­ры мемлекеттің тікелей қол­дау көрсетуі арқылы өнді­­рі­сін қалыптастырып, қуатын арт­­тыр­ды. Зауыттың өндіріс ала­ңына италиялық «Siemens SPA» фирмасының озық үлгідегі құрылғылары қойылған. Жаңа технологияның тілін меңгеріп, технологиялық үдерісті жетілдіру үшін бастапқыда батыстан маман тарту керек болды. Серіктестік бұл тұста да мемлекет көмегіне иек артты. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 8 млн 103 мың теңге қаржы бөлініп, кәсіпорын қуатын арттыруға жұм­са­латын қыруар шығын мемлекет тара­пынан өтелді.

Еліміздегі бірегей кәсіпорын бүгінде айына 15 мың тонна шамасында өнім шығарады. Се­рік­тес­тік мамандарының айтуынша, егер толық өндірістік қуатына енсе, зауыт жылына 450 мың тон­­наға дейін арматура шығара ала­ды екен.

– Біздің кәсіпорын Ресейден тыс жерде еуропалық стандартқа сай арматура шығаратын тұңғыш зауыт. 2011 жылы ашылдық. Облыс қана емес, бүкіл республика көлемінде бірегей саналатын инновациялық жобаның жалпы құны – 131 млн доллар. Оның 90 миллионын мемлекеттің қолдауы арқылы жеңілдетілген несиемен алдық. Біз мемлекет қазынасына жылына 2 млрд теңгеден астам салық төлеп отырмыз. Зауытта шығатын негізгі өнім – А500 С маркалы арматура. Оны Қазақ­станның ірі қалаларындағы құ­рылыс компанияларына жібе­ре­­міз. Мәселен, таяуда ғана Алматы мен Шымкентке 5 вагон жөнелт­тік. Келесі 5 вагонның жүгі тие­ліп, дайын тұр. Сонымен қатар тапсырыс бойынша Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей, Украинаға арматура сау­да­лаймыз, – дейді зауыттың ком­мер­циялық бөлімінің басшысы Ев­ге­ний Крыжановский.

 Пандемияның салдарынан нарықтық қатынастар шиеленісіп, жалпы тауар айналымының теже­луі­не қарамастан, Қостанай арматураларына сұраныс жоғары. Сондықтан зауыт екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын соңғы айда 25 мың тонна өнім шы­ғарды, алдағы айға 37 мың тоннаны жоспарлап отыр.

Қазақстанда құрылысқа жыл сайын 800 мың тоннадан астам арматура жұмсалады. Қос­танай арматура зауыты осы қажет­ті­ліктің тең жартысын өтеп отыр. Кәсіпорын өнімдері негізі­нен ішкі нарыққа арналған. Се­рік­тес­тік сан алуан диаметрлі немесе металлургтердің тілімен айтқанда, түрлі калибрлі арматуралар шығарады.

– Арматура құрылыс нарығын­да­ғы ең өтімді тауар. Біз сапаға жұмыс істейміз. Өйткені жоғары сапалы өнім – тұтынушылар сұ­ра­нысын арттырады. Ең бастысы, сұраныс бар. Біздің қоймалар 9 мың тонна арматураға есептелген. Оны толтыру үшін шамамен 7 күн тынбай жұмыс істеу керек, – дейді зауыт мамандары.

Зауыт өнімдерін тұрақты тұ­­ты­нушылардың бірі – Қос­та­­най қаласындағы үй құры­лысы комбинаты. Кәсіп­орын­да­ғы Германиядан әкелінген авто­мат­тандырылған технологиялық желілер күрделі бетон бұйым­да­рын шығарады. Оған пайда­ла­нылатын арматуралар «Еураз­ Кас­пиан Сталь» зауытынан сатып алынады. Екі зауыт та қала ше­тіндегі индустриялық аймақта орналасқан. Екі арада тіпті жаяу қатынауға болады. Көрші кәсіпорынға қажетті материалды арматура зауыты өзі жеткізіп береді.

 – Бұл біз үшін аса қолайлы. Әрі отандық өнім болғандықтан біз жергілікті арматура зауытының өнімдерін ғана аламыз. Көп жылдан бері ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Қостанай арматуралары Ресейден келетін арматурадан сапа жағынан да кем түспейді, – дейді үй құрылысы комбинатының бетон бұйымдарын дайындау цехының шебері Абзал Төлегенов. Маманның айтуынша, өндіріске жергілікті кәсіпорын өнімін пайдаланудың ұтымды тұстары көп. Мәселен, Қостанай үй комбинаты бұрын арматураны Нижний Тагилден алдырып келген. Шалғайдан келетін тауардың бағасы да қымбат екені белгілі. Ал іргедегі зауыт ашылғалы екі зауыт арасында келісімшарт жасалып, өзара әріптестікке қол жеткен.

– Қазір бұл уағдаластықтың жемісін көріп отырмыз. Біздің өнімнің құрылыс нарығында сұранысқа ие болуы ең алдымен сапаға байланысты. Ал сапа  «Еураз Каспиан Сталь» зауытынан алатын арматураның төзімділігіне, мықтылығына, құ­йы­лу технологиясына да тіке­лей байланыс­ты болып отыр. Бұл жағынан қостанайлық арматура шетелдің ең сапалы арматураларына да дес бермейді, – деді А.Төлегенов.

Бүгінде «Еураз Каспиан Сталь» өнімдеріне шетелдік сұра­ныс артып келеді. Кәсіпорын биыл алғашқы 2 ай ішінде 2 мың тонна құрыш материалды сырт­қа саудалаған. Оның басым бө­лі­гі Орталық Азия мемлекеттеріне жө­нелтіліпті.

 

Қостанай облысы