• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Маусым, 2020

Арыстағы 62 610 азаматқа 6 млрд 661 млн теңге өтемақы төленген

319 рет
көрсетілді

Осыдан тура бір жыл бұрын Арыста орын алған жарылыс салдарынан 7635 үй зардап шеккен болатын. Оның жарамсыз деп танылған 480-і қайтадан салынып, ал 7255 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатына онлайн режимде қатысқан Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы мен Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдық округтеріне қарасты 8 елді мекенде тұратын 62 610 азаматқа 6 млрд 661 млн теңге өтемақы төленген. "Арыс қаласы бойынша төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандардың саны — 467. Оның ішінде 404 нысанның иесіне "Менің Атамекенім" қоғамдық қоры арқылы 3 млрд 69 млн теңге көлемінде кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіру үшін өтемақы төленді. 63 кәсіпкерлік нысан иесіне қорда қаражаттың жетіспеуіне байланысты төлемді алдағы уақытта беруді жоспарлап отырмыз", деді қала әкімі. Сонымен қатар, Арыста жалпы 66 әлеуметтік нысан зардап шекті. Жарылыстан кейін 4 нысан жаңадан салынған.Ал ҚР ҚК Тыл және қару-жарақ басқармасының бастығы Асылбек Сатыбалдинов Арыста күн сайын мың жарым әскери қызметші оқ-дәрілердің бөліктерін іздеу, залалсыздандыру, тасымалдау, жою жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті. "Жарылыс қаупі бар фрагменттерді жою жұмыстарының басым бөлігі Арыс қаласынан 50 шақырым жердегі - Бастарма полигонында атқарылуда. Азаматтық ортаға оқ-дәрілердің ұрлығы арқылы еніп кетуін, түрлі-түсті металл сынығының сатылуын алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Утилизация орнында жинақталған оқ-дәрілер тәулік бойы күзетіледі", деді Асылбек Сатыбалдинов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге басқарма бастығы әскери қызметшілер құрылыс пен қалпына келтіру жұмысына белсене атсалысып, коронавирус инфекциясына қарсы дезинфекция жұмыстарын атқарғанын атап өтті.

Түркістан облысы