• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Маусым, 2020

Темірдей тәртіп қана індеттің алдын алады

326 рет
көрсетілді

Әлемді үрей құшағына ораған коронавирус індеті күн өткен са­йын асқынып барады. Әсіресе елі­мізде халық жиі шоғырлан­ған ірі орталықтарда тәулік са­йын індетке шалдыққандар саны арт­­паса төмендей қойған жоқ. Шым­­кентте де эпидемиялық ­ахуал ушығып келеді. «Жұт жеті аға­­йынды» демекші, коронави­рус жұқтырғандармен қатар қа­ла­да пневмониядан қайтыс бол­ған­дар­дың саны өскен.

Соңғы тәулікте ауыр дерттен 8 адам қайтыс болды. Енді не істемек керек? Аны­ғында, карантин шараларын мықтап қолға алмаса, бейғам халық жапа шеккелі тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қала тұрғындарына жолдаған мәлімдемесінде егжей-тегжейлі айтып берді.

Бүгінде үшінші мегаполисте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2300-ден аса дерегі тіркелген. Ал пневмониямен ауырған науқастар – 2700. Бір күнде орташа есеппен 100 науқас өкпесі қабынып ауруханаға түсіп жатыр.

              

«Қалада бүгінгі таңда 100 жедел жәр­­дем бригадасы жұмыс істеп тұр. 1 мау­сымға 1091 шақырту қоңырауы түскен. Он күнде жедел жәрдем шақыру 20 па­йызға өссе, өткен тәулікте 1850-ге жет­кен. Олардың дені жұқпалы ауруларға шалдыққан», деді Ербол Әбілхайырұлы.

Қала әкімінің бірінші орынбасары шаһарда провизорлық станционарлар күшейтілгенін де тілге тиек етті. Бұдан бөлек, індетке қарсы реабилитациялық 100 орын ұйымдастырылса, жатақханалардан 380 орынға провизорлық стационар әзірленген. Алдағы уақытта да ғимараттар мен емдеу мекемелерінен бос орындар ашылмақ. Ал пневмониямен ауырған науқастар арнайы алгоритм бойынша емделмек.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «ша­һарда дәрі-дәрмек тапшылығы бай­қалады. Ауруханаларда бос орын жоқ», деген сарындағы алыпқашпа әңгі­ме­лер таралған еді. Осыған байланыс­ты қала әкімінің бірінші орынбасары жұрт­­шылықты жел сөзге еріп кетпеуге шақырды.

«Аталған провизорлық стационарларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Қосымша демеушілер қаржысына 100 аппаратқа тапсырыс берілген. Жұқпалы аурулар ауруханасына бүгін 100 мың бетперде әкелінді», дейді Е.Садыр.

Ербол Әбілхайырұлы шаһардағы эпидемиялық ахуалдың өршуін тұр­ғын­дардың немқұрайлығымен байланыстырады. Инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында 24 маусымнан бастап қалада шектеу шаралары қайта күшейтілді. Демалыс күндерін қоспағанда барлық базардың жұмыс кестесі таңғы 06:00-ден 16:00-ге дейін қысқартылады. Ал көтерме сауда орындары таңғы 05:00-ден 13:00-ге дейін қызмет етеді. Қоғамдық тамақтану орындары 09:00-ден 21:00-ге дейін қысқартылса, спорт нысандарының (фитнес орталықтар, спорт кешендері, бассейндер) жұмысы тоқтатылады.

Ел ішінде жұртты әбігерге салған жал­ған ақпаратқа байланысты жергілікті әкімдік тарапынан ресми мәлімет берілді. Індеттің алдын алу мақсатында зарарсыздандыру шаралары да қатаң режімде жалғасын табуда.

Шымкентте жуырда пайдалануға бе­рілген провизорлы стационарда төсек-орын мен дәрі-дәрмек жеткілікті.

Бүгінде Шымкент қаласында жедел жәрдемнің қызметі күшейіп, 100 бригада толықтай жұмыс істеуде. Нәтижесінде соң­ғы кездері шақырту бір тәулікте 2 мың­ға жуықтаған. Бірақ аталған меди­­­циналық шақыртулардың басым бө­лі­гі – ЖРВИ (жедел респираторлы ви­рустық инфекция) және пневмониямен ауырған науқастар. Бұл бойынша бір күнде 129 науқас қабылданған. Осы жағдайға байланысты қала әкімі Мұ­рат Дүйсенбекұлының тікелей тапсыр­масымен алдын ала карантиндік және провизорлы стационарлардың жұмысы күшейтілуде. Бүгінде қалада пневмония­мен (өкпе қабынуы) ауырған науқастар саны 7,2 пайызға өскен. Мұны ауыздықтау үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп жат­қанын қала әкімінің бірінші орынбасары Е.Садыр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында тілге тиек етті. Оның айтуынша, қала әкімінің тапсырмасымен қо­сымша ғимараттар ашылады.

Бұл ретте өкпені жасанды желдету аппараты жөнінде айта кеткеніміз дұрыс. Яғни, қалада инфекциялық аурулардың көбеюіне байланысты жергілікті бюджеттен 25 өкпенің жасанды желдету аппараты алынған. Бүгінде жалпы 301 аппарат бар. Сонымен қатар жатақханаларда де­меушілердің көмегімен осындай 6 аппарат қойылған және демеушілердің есебінен кислородпен демалатын 100 боброва аппараты алынуда. Ал провизорлы стацио­нарларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Айта кетсек, бүгінге дейін Шымкент қаласында коронавирус инфекциясымен ауырған 1404 азамат тіркелген. Жалпы, қалада қауіпті індеттен 13 адам қайтыс болып, 624 адам жазылып шыққан. Қалада науқастар үшін қосымша 1500 орын да­йындалуда. Инфекциялық аурулардың кө­беюіне байланысты қала әкімінің тапсырмасымен бүгінге дейін 650 жұқпалы және 1240 провизорлы төсек-орын ашылған. Бұдан бөлек, тағы 1500 төсек-орын да­йындалуда. Инфекциялық стационарды жабдықпен қамтамасыз ету үшін 502 млн теңгеге 21 аппарат сатып алынды. Қосымша тағы 40 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізіледі. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасы тұмау мен суық тию белгілері байқалса, шұғыл түрде медициналық көмекке жү­гіну қажет екенін ескертеді.

 

Дезинфекция жұмыстары қарқынды

Қазіргі таңда әлемді еркін шарлап жүрген індеттің емі табыла қойған жоқ. Дегенмен, оның салдарын болдырмау үшін алдын алу шаралары қолға алынуда. Соның бірі – қоршаған ортаны дезинфекциялау. Бұл мақсатта Шымкенттегі төрт аудан әкімдігі тұрғындары жиі ш­о­ғырланатын орындарда дезинфекция­лау жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсақ, Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың тапсырмасымен аудан аумағындағы 416 көпқабатты тұр­ғын үйдің аулалары мен кіреберістері, аяқ­жолдар, 274 аялдама, 6 саябақ пен аллея және басқа да қоғамдық орындарға 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген.

Сонымен қатар «Public Protection» ЖШС аудан аумағындағы 24 шағынаудан мен тұрғын алаптардағы 1 039 ішкіорам­дық көшелерді кестеге сәйкес күнделікті 10 арнайы техникамен дезинфекциялауда.

«Қаратау ауданы бойынша барлығы 167 КВИ ошақтарында санитарлық ін­дет­ке қарсы және санитарлық-профи­лак­тикалық іс-шараларға байланысты де­зинфекциялау жұмыстары «Verum QZ» ЖШС және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС тарапынан атқарылуда. Бәйдібек би, На­зарбаев даңғылы мен Алматы, Төлеметов, Жібек жолы, Әл-Фараби, Ю.Саремий, Ибрагим ата көшелерінде орналасқан 778 коммерциялық нысанның іргелес аумақ­тары және аудандағы ірі сауда орындары (Метро, Шахан, Жаңалық, Сайман) мен базарлардың (Ынтық ата, Нұрсайрам) аумақтарында дезинфекция­лау жұмыстары тұрақты жүргізілуде», деді аудан әкімі.

Қаратау ауданында қазіргі уақытта 4 жерде арнайы орындар ашылып, әлеуметтік пакеттер таратылды. Жалпы, 4 055 әлеуметтік пакет тағайындалып, мұқтаж отбасыларға үлестірілген. Демеу­шілердің есебінен ауданда аз қамтылған 1 627 отбасы азық-түлік және киім-ке­шекпен қамтамасыз етілген. Карантин ке­зінде Қаратау ауданы санитарлық қызметкерлерімен бірлесе 47 нысан иесіне ҚР ӘҚБК 476-бабының 3-тармақшасына сәйкес хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған.

 

Еріктілер зарарсыздандыруға қатысты

Қала аумағы үлкен болғандықтан кей­­­де санитарлық талапты сақтауға жұ­мыл­­­­дырылған мамандар тапшылығы бай­қа­лып жатады. Тұрғындар өздері тұрып жат­қан мекенжайларда дезинфекция жүр­гізілмегенін айтып шағымданады. Осы мә­селеден хабардар болған еріктілер за­рар­сыздандыру жұмыстарына үлес қоса бастады.

Дезинфекция жұмыстарын күшейткен қала әкімдігі еріктілер мен әскерилердің күшімен ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарды зарарсыздан­ды­рып, ауыр жүк көліктерімен көше­лер­ді санитарлық тұрғыдан тазалауда. Мегаполистегі барлық көшеге 20 ба­ғыт бойынша 20-дан астам техника жұ­мылдырылған. Бұл тізімге аялдамаларды зарарсыздандыру да енгізілген.

 

Онлайн-режім оңтайлы

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы карантинге жабылды. Қазір мұндағы қызметтер көктемдегі төтенше жағдай кезіндегідей онлайн ұсынылады.

Орталық директорының орынбасары Ақмарал Жулаеваның айтуынша, Қаратау ауданының бас мемлекеттік са­нитариялық дәрігерінің қаулысымен Жұмыспен қамту орталығы 16 маусымнан бастап 14 күнге карантинге жабылды. Осы уақыт аралығында қызметтердің барлығы онлайн көрсетілетін болады. Осы тұста айта кетейік, орталықтың онлайн қызмет көрсетуде тәжірибесі бар. Елде төтенше жағдай жарияланып, карантин басталғанда орталық та 26 наурыздан бас­тап қашықтан қызмет көрсетуге көшкен болатын.           

«Көктемде екі айдан астам уақыт қа­­шықтан жұмыс істеп келдік. Сондық­тан келушілерді түсіністік танытуға, ор­та­лықтың алдына көптеп жиналмауға, ка­­рантин талаптарын қатаң сақтауға шақы­рамын», дейді Ақмарал Пернебекқызы.

Жасыратыны жоқ, әлі де болса мем­лекеттік қызметтерді онлайн алуды мең­гермегендер, білмейтіндер көп. Орталық жетекшілері бұл мәселені де ойластырып қойғандарын айтады.    

«Наурыз айында қашықтан жұмыс іс­теуге көшкенде, бізді осы сұрақ маза­ла­ғаны рас. Қарап отырмадық. Дереу іске кірістік. Әріптестерімізбен ақылдаса келе E-gov порталы арқылы атаулы әлеу­меттік көмекті, атаулы әлеуметтік көмек алатыны жөнінде анықтаманы онлайн түрде қалай алуға болады, электронды цифрлы қолтаңбаны (электронды кілт) алу үшін не істеу керек, жұмыссыз ре­тінде қалай тіркелуге болады деген не­гізгі мәселелерге арнап, бейнероликтер әзірледік. Олар орталықтың facebook және instagram парақшаларында жарияланды. Қазір де қаламыздың кез келген тұрғыны орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, осы бейнероликтермен танысып, үйреніп алуына толық мүмкіндігі бар. Одан бөлек, әлеуметтік желіге, жергілікті басылымдарға қала аумағындағы бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды да орналастырып отырдық. Онда байланыс телефондары көрсетілген. Соның нәтижесінде орта­лықтың жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік көмек мәселелеріне жауапты ма­ман­дардың байланыс нөмірлеріне ха­барла­сып, кеңес сұрағандар көп болды. Қысқасы, аталған жұмыс өз нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады», дейді орталық директорының орынбасары.

Үшінші мегаполисте жуырда «Бастау Бизнес» бағдарламасына жолдама беру, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау бас­талып кетті. Бұл жолдаманы да Жұмыспен қамту орталығы беретін. Карантинге жа­былғанына қарамастан, бұл жұмыстар тоқ­тап қалмайды, деп сендіреді орталық өкілдері. Айтуларынша, оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің оқы­тулары 10 маусымнан басталғаны белгілі. Ал әр кезеңнің мерзімі 21 күнді құрайтын оқу онлайн жүретіні о баста нақтыланып қойылған екен.    

«Курстан өткісі келетін әр адам жеке басын куәландыратын құжатты және орталықтың берген жолдамасын atameken.co/kk/course-bastau сілтемесіне жүктейді. Тіркелу барысында түсінікті болу үшін бейненұсқаулық та дайындалған. Ол shymkent.atameken инстаграм парақшасы және «Бастау Бизнес-2020» telegram-каналына жүктелген, – деп түсіндіреді Ақмарал Пернебекқызы.

Жалпы, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1850 адамды оқыту жоспарланса, қазір 4 мыңға жуық адамға жолдама берілді. Осы тұста айтып өтетіні, мем­лекеттік грантқа құжат қабылдау 6 шіл­­деден, «Бастау Бизнестің» екінші ке­зе­­ңі­не 10 шілдеден бастап жолдама беру жалғасады.

Қазіргі таңда орталықта санитарлық, эпидемиялық талаптар қатаң сақ­тал­ған. Мұнда дезинфекциялық жұ­мыс­тар көктемнен бері бекітілген кес­теге сәй­­кес жүргізіліп тұрады. Маска ре­жімі енгізіліп, ғимараттың кіреберісінде дезин­­фекциялық өткел жұмыс істеп тұр. Қыз­меткерлер мен келушілерге арналған антисептиктер де қойылған. Оған қоса орталық ғимаратының ішіне кіретін әр азамат тепловизормен тексеріледі.

 

Тәртіпке бағынбағандар жазаланады

Бүгінде індеттің таралу аймағының ұлғая түсуінің бір себебі жеке кәсіпкерлік нысандардың төтенше жағдай талаптарын сақтамауы болып отыр. Мемлекеттік деңгейде қабылданған кәсіпкерлікке тексерісті азайту қағидасын ұстанған олар қаланың бас санитары шығарған қаулыға құлақ аспауда. Салдарынан қалада тұмау тұрғындарды баудай түсіруде.

Жуырда қала әкімінің тапсырмасы­мен шаһарға қарасты кәсіпкерлік нысандарға қатаң рейдтік шаралар қолға алынды. Осылайша шұғыл қабылданған ше­шім оң нәтижесін беріп, Еңбекші ауданын­да карантин режімін сақтамаған 42 ны­санға ескерту берілді. Еңбекші ауданы әкімі аппараты, жергілікті полиция және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерімен бірге бекітілген мобильдік топ кезекті рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізді.

23 маусым күні жүргізілген іс-шара аясында, карантин талаптарын қатаң сақтау жөнінде 42 коммерциялық құрылымға тиісті ескерту берілді. Ал карантин ре­жі­­мін бұзған 3 сауда орнына хаттама тол­ты­рылып, сот органдарына жолдауға құ­жаттар жинақталуда.

«Кәсіпкерлік нысандары санитарлық режімді қатаң сақтап, үнемі бетперде мен бір реттік қолғап киген жағдайда ғана қызмет көрсетуі тиіс. Келушілерден де санитарлық талапты сақтауды талап ету керек. Олай болмаған жағдайда жауапкершілікке тартылатын болады», дейді сала жауаптылары.

Сондай-ақ қаланың орталығындағы Әл-фараби ауданындағы 7 кәсіпкерлік нысан уақытша жабылады.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Әбдіманап Төлебаевтың қаулысының орындалуы бойынша Әл-Фараби ауда­нынан құрылған мониторингтік топ аудандағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Құзырлы мекемелердің қатысуымен жүр­гізілген түсіндіру жұмыстары бары­сында 7 кәсіпкерлік нысанды жабуға ұсыныс берілді. Өйткені олар карантин режімін сақтамай, тұтынушыларға қызмет көрсеткен. Санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтамаған тағы 13 кәсіпкерлік нысанға хаттама толтырылды.

Еске сала кетейік, қоғамдық орындар­дағы санитарлық талаптың сақталуын әр ауданнан бекітілген мониторингтік топ күнделікті бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Ал талапқа сай ең­бек етпегендерге заң арқылы шара қолда­нылады.

Шаһар аумағында орналасқан «Көк­тем» базарындағы дүңгіршектер де уақыт­ша жабылды. Шымкент қаласы бас санитарының қаулысына сәйкес, кә­сіпкерлік нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Сақталмаған жағдайда сауда орны жұмысын тоқ­татады. Осы қаулыға немқұрайлы қараған кәсіпкерлер әлі де кездесуде. Мәселен, «Көктем» базарына рейд жүргізу бары­сында мамандар бірнеше кемшілікті анық­тады. Олқылықтарды жойғанға дейін бірнеше дүңгіршек жұмысын тоқтата тұ­руына тура келді.

Тіпті карантин режімін бұзған 4 кө­лік жуу орнына хаттама толтырылды. Карантин уақытында дүкендер мен кафе, мейрамханалардың түнгі мезгілде уақтылы жабылуын қадағалау бойынша Абай ауданы аумағында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Олар Рысқұлов, Ерім­бетов, Бәйтереков көшесіндегі қоғам­дық тамақтану орындарының уақтылы жабылуын қадағалады. Нәтижесінде бір­неше дәмханаға ескерту беріліп, Дулати көшесіндегі 4 көлік жуу орнына қатыс­ты хаттама толтырылды.

Айта кетерлігі, Шымкент қаласы бас санитарының қаулысына сәйкес, қо­ғам­дық тамақтану орындары таңғы сағат 10:00-ден түнгі сағат 23:00 аралығында жұмыс істеуі шарт. Келушілердің жалпы саны 50 адамнан аспауы тиіс және оларды отырғызу талаптары қатаң сақталуы керек.

Осылайша қазақтың батыр перзенті Бауыржан Момыш­ұлы­ның «Тәртіпке бағынған құл болмас» ұстанымын берік ұстанған шымкенттік сақшылар аты жаман індеттің алдын алу үшін шаһарда қатаң тәртіп орнатуға көшкен.