• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 29 Маусым, 2020

Қырғызстанның нағыз досы

231 рет
көрсетілді

Мен Нұрсұлтан Назарбаев туралы бірнеше рет жаздым. Қазір тағы да ол туралы қалам тербетіп отырмын. Бүгінде кейіпкерім жаңа қырынан көрінуде. Ол 30 жыл бойы атқарып келген қызметі – президенттік лауазымын ізбасарына табыстады. Яғни, біздің геосаяси аймақта басқаларының қолынан келмей жатқан батыл қадам жасады. Ізбасарына өз күшін сынауға мүмкіндік берді.

Нұрсұлтан Назарбаев ең маңызды саяси қызметтен кеткенімен, саясаттан кетпеді. Қазір де елінің Қауіпсіздік Кеңесін басқарып отыр. Саясаткерлер оның әрекетінің себебі мен мақсатын білуге тырысып, кімнің моделін есепке алғанын талқылауда. Қытай, Иран, тіпті Ливияны да мысалға алады. Өміріңді арнаған жұмысты басқаға тапсыру оңай емесі түсінікті. Алайда ізбасарын қалай тәрбиелеп, бағыттағанына қарап, билік транзиті туралы қашаннан ойлап қойғаны байқалады. Оның биліктен түбегейлі кетпегені де жақсы шығар.

Кезінде Ресей императоры Николай І ойланбай, тағынан асығыс бас тартты. Осылайша елде қауіпті билік вакуумы пайда болды. Барлығы билікке таласып, нәтижесінде жаңа революция басталып, мемлекет, патша отбасы биліктен құлады, азаматтық соғыс басталды. Егер патша уақытында ойланып, сәл кідіріп, билік транзиті деп аталатын мұндай қауіпті процесті басқарғанда барлығы басқаша болар ма еді?

Дәл осы жерде "Гладиатор" фильміндегі қызық эпизод еске келеді. Онда Марк Аврелий патша қолбасшы Максимустан "римдік Сенат басқарып үйренгенше" таққа отыруын сұрайды. Біздерге, яғни ғалымдарға Қазақстанның 2007 жылы өз Парламентінің міндетін арттыруға бағытталған концепциясы белгілі. Фильм мен шынай өмірдің байланысы, мінекей. Назарбаев 30 жыл бойы мемлекетті сүйреп келді, маңызды шешімдер қабылдады. Назарбаевтың транзиттік кезеңде билікте болуы Қазақстанға да, оның көршілеріне де оңтайлы болды.

Назарбаевтың батыл қадамдарына, бастамаларына қашанда тамсанатынмын. Өйткені шындық пен ақиқаттың бағасын білемін. Сонымен қатар мифтің де қалай жасалатынынан хабарым бар. Назарбаев – біздің заманымыз үшін ерекше саясаткер. Ол ертең мотоциклге отырып, жұмысқа келсе де таң қалмаймын. Немесе гитарада ойнап, ән айтса да таңданбаймын. Ал оның танымал болуының себебі – догматик болмауында. Ол уақытын бос әңгімеге жұмсамады. Сөйтіп реформалар жүргізуде уақыт ұтты.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басындағы Қазақстан есімде. Қазіргінің адамдары өтірік айтқызбас. КМУ-ға қарасты Біліктілікті арттыру институтында оқып жүрген кезім, елді ішінен таныдым. Біз қырғызстандық айлығымызға өте жақсы тұратынбыз. Достарым Алматыға демалысқа жиі барып тұратын. Бірнеше жылдан кейін Қазақстан алға жылжып, біз артта қалдық. Жақсылыққа үміт бар деп сенемін.

Белгілі академик-экономист Турар Койчуев өзінің есептерін жариялаған болатын. Оған назар салсақ, 90-жылдардың соңында ТМД елдері адам басына шаққандағы ІЖӨ бойынша әлемде 70-90-орындарда болған.

Бұл ақпаратты оқырман менің көптеген кітабымнан таба алады. Шамамен 50-ге жуық кітабым елге және сыртқа арналып жазылды. Қырғызстан мен Қазақстан сол кезде 85-86-орындарда еді. Біз Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Балтық пен Кавказ елдерінен кейін тұрдық. Ал қазір Қазақстан РФ-дан кейін 2-орында, ал Қырғызстан 144-межеге тоқтаған. Мен тарихшымын, экономикалық есепті доғарайын.

Назарбаевпен 2010 жылы мамырда кездесуім керек еді. Менің Қазақстан елордасына алғашқы сапарым еді. Асыға күттім, несін жасырайын, айтарым да бар еді. Алайда елімізде кезекті «революция» орнап, ол жағдайымызды одан сайын төмендетті.

Мықты денсаулық иесі Нұрсұлтан Назарбаев тың әрекетке барды. Ол өзіне лайық ізбасар тауып, биліктен бас тартты. Мұндай ізбасар – барлығының арманы. Менің замандасым дана, білімді, ғалым, жоғары тәжірибелі, саясаттың барлық кезеңдерінен өткен, бірнеше тіл білетін азамат. Арман емес пе?

Назарбаевтың қолынан басқалары істемеген әрекет келді. Ол елге үлкен көлемде донорлық қаражат тартты. Қазір Қазақстанның өзі донор мемлекет. Бұл оның қазіргі дәрежесінен хабар береді.

Адам туралы оның іс-әрекеті мен жетістігі хабар береді. Менің ойымша, елді өзгерту, тіпті қолыңнан келсе әлемді өзгерту маңызды. Назарбаев осындай кісі, мұны қарсыластары түсінуі керек. Егер қазақтар өзінің 100 қаһарманы туралы кітап жазатын болса, Назарбаев қазақ тарихының негізгі тұлғасы ретінде бірінші тұруы тиіс.

КСРО ыдыраған тұста зауыт, фабрикалардың жұмысы тоқтап, айлық төленбеді. Елде сол кезде тіпті оттық пен темекі де жоқ-ты. Назарбаевқа "жоқ" деп кері сөйлеу қиын мықты көшбасшы еді. Ол басқа көршілеріне қарағанда алға ұмтылды. Қазақ экономикасы бірден жұмыс істеп, елге инвестиция әкелді. Қазақстан басқалардан ерекшелене бастады.

Нақты айтқанда Назарбаев сіз бен бізге қажет адам. Мен тарихшы ретінде оның президенттік жылдарында Қазақстанның саясаткерлерін әуелден мазалап келген екі үлкен геосаяси алып Ресей мен Қытай империяларының арасындағы Орталық Азиядағы балансты сақтау мәселесін қазақтың Әбілқайыр мен Абылай хандары сияқты шешуге тырысқанын білемін. Оған қоса аймақтағы негізгі геосаяси ойыншылардың саны артты. Оған АҚШ пен Еуроодақ қосылды. Қазақстанның қайсымен де қатынасы жақсы. Бұл да Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы.

Назарбаев әрқашан да Қырғызстанның нағыз досы. Оны ол ісімен де, сөзімен де дәлелдеп келді. Бізге дұрыс бағыт беріп, оқиғаларға жедел жауап беріп отырды.

Сөз соңында айтарым, оның ізбасары қазір тәжірибе жинап, күш алып жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғысында болмақ. Мұндай басшы туралы армандау да қиын. Интеллектуалдық, басқарушылық қасиеттерінен бөлек, оның біздің жерлес екенімізді ескеріп өткім келеді. Оның әкесі ашаршылық кезінде 10 жыл Бішкекте тұрған. Бұл да біздің келешек қатынасымыз үшін маңызды. Алда бізді керемет қатынастардың заманы күтіп тұр. Біз, қырғыздар қазақстандықтардың жетістіктеріне шын жүректен қуаныштымыз. Өз табыстарымыздай марқаямыз. Мерейтойыңызбен, Нұрсұлтан Әбішұлы! Мерейтой құтты болсын, ағайын!

Зайнидин КУРМАНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-спикері