• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Шілде, 2020

Алыпсатарлар қатаң жазаланады

246 рет
көрсетілді

Індет өршіп тұрған шырғалаң шақта дәрі-дәрмек құнының шарықтағаны халықтың ашу-ызасын тудырды. Көпшіліктің шағымын назардан тыс қалдырмаған Мемлекет басшысы негізсіз баға көтеру фактілері бойынша шұғыл түрде қатаң шара қабылдауды тапсырды.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов Прези­дент пәр­менімен аталған келеңсіз жағдай­ды реттеу бойынша нақты шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.

«Президент ел азаматта­ры­ның еміне, оларға дәрілік заттарды қолжетімді етуге ерекше мән беріп отыр. Бұл мәселе – Үкіметтің күн тәртібінде тұрған негізгі жұмыстардың бірі. Соңғы жылдары отандық фармацевтика саласында өндіріс 7 есеге артқанын айтқым келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қа­жетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Қазір мекемелерде 17 700 адамның жат­қанын ескере отырып, бола­шақта кепілдік болуы үшін 27 мың пациентке дейін дәрілік затпен қамтамасыз етілді. Мұнымен де тоқталып отырған жоқпыз. Әрі қарай да нақты шаралар қабылданып отыр. Дәрі-дәрмекті қосымша сатып алу 59 мың пациент­ке дейін ұлғайтылады», деді Е.Тоғжанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта аймақтар арасында 4 мың науқас үшін 160 мың таблетка лопинавир, ритонавир таратылып жатыр. 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін қосымша біраз дәрі жеткізіледі. Бұл – 840 мың лопинавир, ритонавир таблеткалары, 61 мың гидроксихлорохин, 11 мың флакон ремдесивир. 15 тамызға дейін аталған дәрілердің көлемі қосымша 440 мыңға дейін жеткізіледі.

Үкімет басшысының орынбасары барлық пациентке вирусқа қарсы терапия тағайындау қажет емес екенін ерекше атап өтті. Бұл вирустың орташа ауыр және ауыр түрімен ауырғандарға ғана тағайындалады.

Бүгінгі таңда міндетті әлеу­метті медициналық сақтандыру аясында тегін дәрі-дәрмек пре­па­раттарының тізбесі бар. Оған ЖРВИ және ауруханадан тыс өкпе қабынуы кіреді. Бұл препараттардың тізімінде антибиотиктер, қызуды төмендететін дәрілер бар. Оларды емханада құрылған мобильді топтар тегін жеткізуі тиіс.

Қысылтаяң кезде дәріха­наларда дәрі-дәрмек тапшы­лығын тудырып отырған бірнеше фактор бар. Оның біріншісі дәрі-дәрмекке халықтың сұранысы тым жоғары болып тұр. Кей азаматтар ондап, тіпті одан да көп қаптама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады. Мәселен, Премьер-ми­нистрдің орынбасары Алматы қаласында мамыр айында бір айдың ішінде 50 мың ғана парацетамол қаптамасы сатылса, қазір бір тәуліктің ішінде 100 мың парацетамол қаптамасы сатылып кеткенін айтты. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшейтін аспапқа да қатысты. Айталық, Алматыда бір жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазір дәл осынша қызу өлшегіш бір аптаның ішінде сатылып кеткен.

Ал екіншіден, дәрі-дәр­мек мәселесін алыпсатарлар ушықтырып жіберген. Осы­ған байланысты құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек пре­параттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық факті бойынша заң­намамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады.

«Дәрі-дәрмек нарығын ақша жасаудың көзіне айналдырғандар қатаң жазаланады. Қазір ғана, бір сағат бұрын Шымкент қа­ла­сында сондай пиғылмен жұ­мыс істеген біраз азамат қолға түсті. Сондықтан осындай нақ­ты шаралар бүкіл Қазақстан бо­йынша жүргізілетінін еске салғым келеді. Әсіресе, дәрі-дәр­мектің айналасындағы жағ­дайды ескере отырып, пайда тауып қалуды көздейтін аза­маттарға ескертіп айтқым келеді. Бұл – Президенттің тікелей қарауындағы мәселе. Қазақша айтқанда, «кемедегінің жаны бір». Сондықтан, қадірлі ағайын, бір-бірімізді қолдап, нақ­ты ше­шімі бар жолдармен жүр­геніміз жөн ғой», деді Е.Тоғ­жанов.

Сондай-ақ бұл баспасөз жиынында Алматы әкімдігі отан­дық фармацевтикалық компаниялармен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жет­кізетін келісімге қол қой­ғаны хабарланды. Вице-премьердің айтуынша, 700 дәрі­хананың 103-іне ба­сым­дық беріліп отыр. Олар халыққа қолжетімділік бойынша анық­талды. Енді олар бағаны көтер­меуге және дәрі-дәр­мек­тердің үш бірлігінен артық сатпауға міндеттелді.

Осындай жабдықтау шаралары елордада да қабылданып жатыр. Ақтөбе облысында Ресейден 10 позиция бойынша жетіспейтін импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесі шешілді. Бұл ауру­ханалар үшін 20 күндік қорды қамтамасыз етеді. Ал дәрі­ханалық қорды толықтыру үшін қажетті 16 препаратқа жарты миллиард теңге бөлінді. Барлық әкімдіктерге комиссияның ше­шімі негізінде дәрі-дәрмектердің қажетті көлемін өздері анықтауға және Денсаулық сақтау минис­трлігімен келісе отырып сатып алуға құқық берілді.

«Отандық өндірушілер ме­дициналық препараттарға деген ішкі сұраныстың 13%-ын ғана жабады. Жалпы, ел бойын­ша 8 мың дәріхана жұмыс істейді. «Ингавириннің» 70 мың қаптамасы, «парацетамолдың» 800 мыңнан аса қаптамасы келіп түсті, жақын аптада тағы 900 мың қаптамасы түседі. Өткен аптаның соңында отандық өндірушілер «Аритромицин» антибиотигінің 150 мың қап­тамасын жөнелтуді бастады. Осы­лайша, ыстық түсіретін және вирусқа қарсы препа­рат­тардың тапшылығы то­лы­ғымен шешіледі», деді Үкі­мет басшысының орынбасары.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қажетті дәрі-дәрмектермен толықтыру үшін мынадай шаралар қабылданады: бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінімдер қаралуда; дәрі-дәрмектерді сертификаттаудан және сертификат берудің жедел­детілген рәсімдері қолданылды; әкімдіктермен бірлесіп көтерме сауда қоймаларын, дәрі-дәрмек­тердің қоры және бағасын көтер­мелеуге жол бермеу үшін жеке дәріханаларды аралап өтетін ар­найы мониторингтік топтар құрылды.

Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі жөнінде Денсаулық сақ­тау министрі Алексей Цой сөз сөйледі. Оның айтуынша, қызуды төмендететін, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктердің айлық қоры санаулы сағаттарда сатылып кетеді. Ал біреу өмір­л­ік маңызды препаратты дәріханалардан іздеп жатқанда, оның бірнеше қаптамасы басқа сөреде шаң басып жатады. Мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді қабылдау әлеуметтік желілердегі түрлі «профессорлардың» рецептілері бойынша өзін-өзі емдеу сияқты қауіпті зардаптарға толы. Амбулаторлық деңгейде температура болмаған және өкпенің ең аз зақымдануы кезінде симптоматикалық дәрілерді дәрігердің тағайындауы бойын­ша ғана қабылдау керек. Өйткені маман таблеткалардың өзара әсерін ғана емес, созылмалы және ілеспе ауруларды да ескереді.

«Стационарлық буын дең­­гейінде емдеу сызбасын ке­ңейттік. Клиникалық хаттамаға жаңа препарат – фавипиравирді қостық. Олар көрші елдерде, еуропалық өңірде, Жапонияда кеңінен қолданылады. Препа­рат таяу уақыттың ішінде пациент­терді стационарлық емдеу үшін жеткізіледі. Ол коронавирус инфекциясының ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге ғана қолданылады. Жақын арада Қазақстан аталған препаратты өзі шығара бастап, ішкі қа­жеттілікті қамтамасыз етуді жос­парлап отыр. Бұған қоса шетелдік әріптестерімізбен бірге ко­ронавирус инфекциясына қар­сы вакцинаны апробациялау бо­йынша клиникалық зерттеу аяқталуға жақын», деді А.Цой.