Бүгінгі әдебиеттегі жастар шоғырының қалыптасып һәм танылуы жолында Сарыарқа төсіндегі еңселі елорданың ықпалы зор. Сонау ел астанасының іргесі қаланған 1998 жылдан бері қазақ әдеби һәм мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрі осы бас қалада өтті. Мұнда талай жас жазарманның таланты бағаланып, тұсауы кесілді. Тәуелсіз қазақ әдебиеті аспанында жұлдызды шоғырға айналды. Астанадан қанат қаққан ақ желкен ақын-жазушылардың әрқайсысы бүгінде өз биігінде.
Есіле аққан Есілдің жағасына елорда тіккен уақытта Арқаға қазақ жұртының астанасы ғана емес, руханияты да көшіп келгендей болғаны рас. Неге десеңіз, дәл сол 1998 жылы тұсауы кесілген өнер жарысы – Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі қазақ әдеби-мәдени өміріндегі тың бастамаға айналды. Бір жағы, бұл жоба қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларын танытқан Қазақ КСР-і шығармашыл жастарының «Жігер» фестивалінің жалғасы іспетті. Жас қауырсын таланттардың жұлдызын жағып, шабытын шалқытқан жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен бастау алған еді. Содан бергі жиырма жыл уақытта «Шабыттың» шоқжұлдыздары өз жазу қабілеттерімен көрініп, өзіндік стиль қалыптастыра алды. Мәселен, фестивальдың алғашқы жылдарында жеңімпаз атанып, әдеби ортада жарқ етіп шыққан – Талғат Ешенұлы, Жанат Әскербек, Бауыржан Бабажанұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Маржан Ершу, Танакөз Толқынқызы, Қалқаман Сарин, Алмас Темірбай, Ұларбек Нұрғалым, Ерлан Жүніс, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Мақсат Мәлік, Бауыржан Қарағызұлы, Әлия Дәулетбаевалар – қазақ әдебиетіне қалам құбылыстарымен енген авторлар болды. Аталған буыннан кейін де бірталай дарынды жастар «Шабытта» оза шауып, елорда төрінде таланттарын дәлелдеді. Осылайша, «Шабыт» танытқан жаңа есімдер бүгінде қаламы қуатты, кең тынысты қаламгерлерге айналып отыр.
Осы қатарда Елбасы бастамасымен 1993 жылдан бастап тағайындалған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын атай аламыз. Бұл жоба да әдебиеттегі жас талант иелеріне қолдау көрсету мақсатында өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін «Дарын» сыйлығына жалпы саны 200-ден аса өнер адамы ие болыпты. Әу баста екі жылда бір рет берілетін сыйлық 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасы бойынша жыл сайын табысталатын болды.
Елордада әдеби атмосфераның көрінісін ұйымдастырылып жүрген әлемдік деңгейдегі әдебиет форумдары мен түрлі байқаулардан байқаймыз. Былтыр күздің мизам шуағына бөленген ел астанасында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалатын Азияның қабырғалы қаламгерлері жиналған басқосу ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткені күні кешегідей есімізде. Азия әдебиетінің бүгінгі ахуалын талқылауға қазақ сахарасына арнайы ат басын бұрған сары құрлықтың азулы ақын-жазушыларын ұлан-ғайыр даланың жүрегі болып соққан астанада қарсы алдық. Сондай-ақ 2019 жылдың жазында өткен Еуразия құрлығының 20-дан астам мемлекеті жазармандарының басын қосқан «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы да әдеби ортада қозғалыс болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде ел астанасында жас ақын-жазушылардың бір шоғыры қалыптасқан. Мирас Асан, Айжан Тәбарак, Жадыра Байбұланова, Ербол Алшынбай, Рауан Қабидолда, Ұмтыл Зарыққан, Арман Әлменбет, Саян Есжан, Есбол Нұрахмет, Шерхан Талап, Әлімжан Әлішер, Мұхтар Күмісбек сынды талант иелерінің шығармашылығы оқырманға таңсық емес. Соңғы уақытта елордалық қаламгерлердің творчествосындағы жаңалықтар мен өзгерістерге куә болып жүрміз. Айталық, күні кеше ғана проза жанрында өз қолтаңбасымен танылып жүрген Нұрлан Қабдайдың «Сұр әңгіме» атты кітабы жарық көрді. Елордадағы «Өрнек» баспасынан шыққан бұл кітапқа жазушының 19 авторлық, 5 аударма әңгімесі енген. Сондай-ақ Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн» атты тырнақалды новеллалар жинағының да басылып шыққанына көп уақыт өте қойған жоқ. Кітап бүгінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік һәм психологиялық тақырыптарды қаузаған жиырма шағын новелладан тұрады.
Мөлдір өлеңдердің авторы Айжан Тәбарактың бастамасымен ашылған Qalamger.kz әдеби-танымдық порталының да бүгінде өз аудиториясы бар. Әдеби портал қаламгерлердің шығармашылығын насихаттай отырып, танымдық әрі медиа бағытта өз жұмысын жүргізіп келеді. Сонымен қатар Қазақстанда алғашқылардың бірі болып авторлардан шығармаларының коммерциялық құқығын сатып алып, кітап шығару ісін қолға алып отыр. Qalamger.kz баспасының алғашқы өнімі – Мәскеуде тұрып жатқан қазақ жазушысы Аягүл Мантайдың «Жүрекке оралу» атты кітабы болды. Одан кейін де бірнеше қазіргі қазақ ақын-жазушыларының жинақтарын шығарды.
Елордалық таланттар әдеби ортаға қозғау салып, түрлі шаралардың бастамашысы болып жүргенін де айтып өткеніміз жөн. Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан «Жансусар» жас қаламгерлер клубы, содан кейін «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) әдеби-интеллектуалды клубы құрылған еді. Жас қаламгерлердің шығармашылық кештерін, кітап тұсаукесерлерін, авторлық жобаларды тұрақты түрде ұйымдастырып, елордада әдеби-мәдени интеллигенцияның басқосар орталығына айналған рухани ошақтың бірі болды. Осы клубтар аясына жүзден астам шығармашыл жас пен әдебиетсүйер студент топтасқан еді. Бұл әдеби жоба қазақ елінің астанасын рухани-мәдени ортаға айналдыруға өзінше сеп болды.
Сонымен қатар қазір Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жоғары оқу орындары жанынан көптеген әдеби клуб құрылып, жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі – елордамыздың, тұтас еліміздің болашақ зиялы қауым өкілдері қалыптасуына жасалған ізгі қадамдар.