• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Шілде, 2020

Өңірдегі ауруханалар қызметімен танысты

312 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Атырау облысындағы қазіргі эпидемиялық жағдайды бағалау үшін №2 облыстық аурухана мен облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының жұмысымен онлайн-режімде танысты.

Қазір №2 облыстық ауруханада коронавирус инфекциясына шалдыққан пациенттерге арналған 180 инфекциялық төсек бар. Мұнда 162 науқас ем қабыл­дап жатыр. Стационардағы төсектік орын­ның 90 пайызы бос емес. Ауруха­надағы 100 орын оттекті консольмен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өкпені жасанды желдететін 12 аппарат бар.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, қосымша 90 төсектік инфекциялық стационар салу жоспарланып отыр. Демеушілер 30 өкпені жасанды желдету және 100 оксигенация аппаратын сатып алып бермек. Ал Құрманғазы ауданына компьютерлік томография аппараты алынады.

– Орталықтандырылған оттегі жүйесі жоқ жерлерге оттегі концентраторын орнату керек. Егер оттегісіз жұмыс істей­тін концентраттар болса, оны да сатып алу қажет. Мұндай аппараттарды бірін­ші кезекте мұқтаж стационарларға жіберіңіздер, – деді министр.

Сондай-ақ А.Цой жедел медициналық жәрдем стансасының 103 диспетчерлік қызметімен, жедел жәрдем қоңырауын қабылдау, пациенттердің жағдайының ауырлығына байланысты қоңырауларды сұрыптау жұмысымен танысты. Бұл стансада 42 жедел жәрдем бригадасы медициналық көмек көрсетеді. Стансада тәулігіне шамамен 1100-1200 шақыру қабылданады. Жүктеме екі есеге артқан.

Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының базасында өңір тұрғындарына консультациялық көмек көрсету мақсатында 103, 109 және 112 нөмірлері бойынша тәулік бойы call-орталығы жұмыс жасауда. Мұнда медицина қызметкерлері күніне орташа есеппен алғанда 240 өтінішке жауап береді. Ал мобильді бригада бір тәулікте 35 қоңырауға қызмет көрсетеді. Мамандар респираторлық ауру бойынша шақырғандардан ПТР-тест көмегімен COVID-19 инфекциясына анализ алады. Пациентті қарап, сатурациясын өлшейді. Осыған орай, министр мобильді әмбебап бригаданың жұмысын күшейтуді, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік заттарды уақтылы жеткізуді, сонымен қатар тапсырды.

А.Цой онлайн-режімде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен өңірдегі эпидемиялық жағдайға қатысты бірқатар мәселені талқылады. Атап айтқанда, кен орындарында індеттің өршуінің алдын алу, жағдайы ауыр пациенттерді шұ­ғыл емдеудің әдісін әзірлеу, медицина мамандарының жетіспеушілігі мәсе­лесін шешу сынды проблемалар қоз­ғалды.

– Коронатаксиге баса назар аудару керек. Бұл іске салоны таза кез келген такси араласа алады. Егер емханада көлік жетіспей жатса, бұл жергілікті әкімдік көмектеспейді деген сөз, – деді министр.

 

АТЫРАУ