• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Шілде, 2020

Дәрі жетіспеушілігінен дерт асқынады

203 рет
көрсетілді

Шынында да, соңғы уақытта қауіпті індеттің қарқыны күшейіп, көпші­ліктің көңілін күпті етуде. Онсыз да үміт пен үрейдің құшағында отыр­ған ел күн сайын қаралы хабар естіп, қабырғасы қайысуда. Онымен қоймай, күн санап коронавирус індетімен ауырғандар саны да артуда. Жамбыл облысының өзінде атышулы індетті жұқтырғандар саны бұл күнде 1671 адамға жетіп отыр. Қауіпті аурудың күрт өсуіне байланыс­ты өңірде қайтадан карантин шаралары енгізілді. Жергілікті билік хал-қадерінше қауіпті індетпен күресуде шаралар қабылдағанымен, бірқатар мәселе әлі де сол күрмеулі күйінде қалып отыр.

Бүгінде жергілікті жұртшылық жедел жәрдем мен медициналық мекемелер жұмысының нашар­лығына жиі шағымданатын болды. Сонымен қатар көпшілікті ауруха­налардағы төсек-орындар мен дәрі­ханалардағы дәрі-дәрмектердің жетіс­­пеушілігі де алаңдатып отыр. Расында да, аталған мәселе облыс халқы үшін бүгінгі таңда күрделі болып тұр. Қауіпті індеттің құрығына ілініп қалудан қорыққан қарапайым тұрғындар аталған мәсе­лелердің шешілуін сұрайды. Бұл орайда облыстық денсаулық сақ­тау бас­қармасының басшысы Марат Жұманқұлов провизорлық стацио­нардағы төсек қорының толтырылуы шамамен 50 пайызды құрайтынын атап өтті. Сондай-ақ «Дәрігерлер аз болғандықтан, науқастарды қа­былдауға уақыттары жетпеуде», дейді ол. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бас дәрігерлер мен дәрі­хана басшыларымен кездесуінде адам­дар ауруханаға келіп, қабылдау бөлімінде бірнеше сағат кезек күтіп отыратынын, науқастарға қолайлы жағдай жасаудың орнына ауруханалар оны одан сайын нашарлататынын айтқан болатын. Шынында да, қазіргі кезде жедел жәрдем көлігін үйге шақыру, жергілікті емханаға барып қаралу мәселелері қиын. Егер адам әл үстінде жатпаса, жедел жәр­дем ешкімнің үйіне бармайды. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» адамға кеңес беретін дәрігерлердің өзі жетіспейді. Ал дәрігерлер бәзбір адамға кеңес берген күнде де ол дә­рілердің дәріханалардан табылуы қиындық тудырады. Дәрігер­лердің кө­мегінсіз тұрғындар тағы да өз беті­мен еш емделе алмайды.

Жалпы, тұрғындар ауруханаға жатқызылған соң да тиісінше ем ала алмайтынына, дәрі-дәрмектердің жетіс­пеушілігіне шағымдануда. Бұл ретте «СҚ-Фармация» ЖШС өкіл­дігінің басшысы Айжан Тор­таева өңірде пневмониямен ауыратын науқастардың кө­беюіне байланыс­ты жуырда 25,3 млн теңгеге дәрі-дәрмек шұғыл жеткі­зілгенін айтты. Ол медициналық ұйымдардың өтініші бойынша дәрі-дәрмектерді жеткізу жұмыстарының жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ тұр­ғындар дәрігерлерден туыстары туралы да ақпарат ала алмайтынын жиі айтады. Тіпті, мұндай шағым өңірдегі провизорлық стационар болып жабдықталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасы дә­рі­герлерінің де үстінен түскен. Алай­да аталған аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов кемшіліктер бойынша жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда ауруханада жедел орталық жұмыс істейді. Шағымданған әр тұрғын аталған орталық арқылы өзінің шағымын жеткізе алады.

Тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – жедел жәрдемді күту уақыты­ның бірнеше сағатқа созылатыны. Бұл мәселені облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ұлпан Пыхыбаева диспетчерлік қызмет жүктемесінің екі есеге артқанымен байланыстырды. Бүгінде жедел жәрдем стансасын­да call-орталық және кеңес беру орта­лығы жұмыс істейді. Сондай-ақ қазір дәріханаларда вирусқа қарсы және дене қызуын түсіретін дәрілердің жетіспеушілігі байқалады. Бұл ретте дәріханалар желісінің өкілдері мұн­дай жағ­дай­ды тұрғындардың өздері қалып­тастырып отырғанын айтты. Олар дәрі-дәрмектерді ауырмаған, сау адам­­дардың сатып алып жат­қанын жеткізді. Шыны керек, бүгін­гі таңда Тараз қаласындағы көп­теген дәріхананың алдында дәрі алу үшін кезек күтіп са­был­ған көп­шілікті аңғаруға болады. Мәсе­лен, Әйтеке би көшесіндегі «Әмір және Д» дәріханасында кезекке тұрған тұтынушылардың қарасы қалың. Аталған дәріхана Тараз қаласының орталығында орналасқандықтан да бұл жерге жұртшылық көп келеді. Мұнда сатып алушылар нысанға бір-бірден кіріп, тауарларды терезе арқылы алуда. Мұндай жағдай Әйтеке би көшесінде ғана емес, «Әмір және Д» дәріханасы орналасқан «Мыңбұлақ» шағын ауданында да, Желтоқсан көшесінде де кездеседі. Сонымен қатар қаладағы «Садыхан», «Жас­ұлан» сияқты ірі дәріхана желілеріндегі де жағдай осындай. «Әмір және Д» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтің айтуынша, бүгінде дәріхана желісінің қоры қалыптасқанмен, бір айға ғана же­теді екен. Аталған дәріханалар желі­сі­нің Тараз қаласы бойынша 24 дәріханасы жұмыс істейтін болса, бүгінде олардың екеуі ғана сұранысқа сәйкес тәулік бойы жұмыс атқаруда. Дәріхананың қоймалардағы қорларын бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай компьютер жүйесі қалыптасқан. «Біз өзіміз глюкоза, аскорбин қышқылы, фи­зерітінді шығарамыз. Егер қа­жет­ті препарат болмаса, онда сатып алушыларға оның аналогін ұсынамыз. Тұрғындар парацетамол, ыстықты төмендететін және вирусқа қарсы препараттарды жиі сұрайды», дейді Әмір Нұрсейітов. Дегенмен, дәріханада қарапайым сынап термометрлері таусы­лып, тек электронды түрлері ғана сатылуда. Дәл осындай көрініс «Қоныс Б» дәріханасында да кездеседі. Аталған дәріхана қызметкерлері тұты­нушы­лар арасындағы және сатушымен ара қашықтықтың сақталып отыр­ғанын жеткізді. Келушілер ішке біртін­деп кіргізіледі. «Бізде дәрі-дәр­мектерді жеткізуде мәселе жоқ. Үнемі препарат­тардың үлкен қорын сақтап отырамыз. Тұтынушылардың қарасының бір­шама қалыңдағаны байқалады. Бірақ әзірге таңертең әкелінген дәрі-дәрмектерді кешке дейін сатудамыз. Тұрғындарға пара­цетамолдың аналогтерін ұсы­нып отырмыз», дейді «Қоныс Б» дәріханасының меңгерушісі Зағи­ра Шаңлақбаева. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер мұнда барлық заң­намалық нормаларға сәйкес сатылады. Оның бағасы соңғы үш айда бар болғаны 5 пайызға ғана өсіпті.

Дәріхана қызметкерлері дәрінің барлық түрінің жеткілікті, олардың бағасының тұрақты екенін айтуда. Дегенмен, күні бойы ұзын-сонар кезекте тұрған көпшіліктің сұ­рауындағы дәрі-дәрмектер табылмай жатыр. Мәселен, аскорбин қыш­қылы, парацетамол сияқты дәрілер қасқалдақтың қанындай қат. Қай дәріханаға барыңыз, таппайсыз. Керісінше, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев «Ауыл-Береке» базарын аралағанда, сон­дағы саудагерлер өзге дәрілерді бума-бума қылып сатып отырғанын әш­керелеген болатын. Бұл күнде қауіпті індеттің қырсығынан қорық­қан тұрғындар дәрі іздеп сабылуда. Көпшіліктің көкейінде дәрі жетіс­пеушілігінен дерт асқынып жүрмесін деген қауіп бар.

 

Жамбыл облысы