• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Технология 14 Шілде, 2020

Жасанды интеллект адамзатты коронавирустан емдей ала ма?

1077 рет
көрсетілді

Қытайда COVID-19 инфекциясының эпидемиясы басталғаннан сәттен бастап оларда жасанды интеллект осы бағытта қолданыла бастады. Қазір көптеген стартап осы вирусты тоқтату бағытында жасалып жатыр. Көрші елде жасанды интеллектті өкпенің рентген кескініне қарап ауруды анықтауға, видеоға қарап дене температурасын өлшеу мен жүрек соғысын анықтауға үйретіп жатыр. Сонымен қатар, осы тәсілмен әр өңірде аурудың ахуалын қадағалау мен оны модельдеу де қолға алынуда. Жасанды интеллекттің заманауи алгоритмдері ғалымдарға коронавирустың құрылымын зерттеп, жақын арада оның вакцинасын жасап шығаруға көмектесуде.

Өкпеге компьютерлік томография жасау дәрігерлерге ауруды анықтап, оны бақылауда ұстау үшін таптырмас құрал болып отыр. Томографиялық кескін арқылы коронавирус тудыратын өкпе қабынуын уақтысында білуге болады. Биылғы қаңтар айының соңынан бастап жасанды интеллектпен айналысатын бірнеше компания өз программаларын КТ-кескіндерді оқып-тануға үйрете бастаған. Бұл дәрігердің жұмысын жеңілдету үшін үлкен көмек болды. Ақпанның аяғында жасанды интеллект COVID-19 вирусын санаулы секунд ішінде анықтай алатындай деңгейге жеткен. Қытайдың алып компаниясы Alibaba да жасанды интеллект негізінде диагностика жүйесін жасап шығарды. Бұл жүйе 20 секунд уақытта коронавирусты 96 пайыздық дәлдікпен анықтай алады. Қазіргі таңда аталған программаны Қытайдағы жүздеген аурухана мен емхана пайдалануда. Ал, Израильде осыған ұқсас жүйені RADLogics стартапы жасап шығарған. Ол ауруды анықтап қана қоймай, сонымен бірге аурудың қалай кетіп бара жатқанын бақылауда ұстай алады.

Вакцина ойлап табу үшін коронавирустың құрылымы мен жаратылысын түпкілікті түрде түсіну керек. Британдық Google DeepMind компаниясы COVID-19 вирусына қатысы бар ақуызды зерттеу үшін жасанды интеллекттің жаңа алгоритмдерін пайдаланған. Бұл зерттеулер интернет кеңістігінде ашық ресурстарда жарияланды. Компанияның айтуынша, олардың болжамы тәжірибе негізінде жасалмаса да, ол ғалымдарға коронавирустың қалай өмір сүріп, дамитындығы туралы мол ақапарат бере алады.

Емделуі қиын ауруларға дәрі дәрі жасау үшін жасанды интеллектті қолданатын BenevolentAI компаниясы коронавирус шыға салысымен қолдағы бар препараттармен ауруды барынша қалай емдеуге немесе жеңілдетуге болатындай жүйе жасаған. Ал, Tencent, DiDi және Huawei сияқты компаниялар коронавирусты зерттеушілерге өздерінің есептегіш ресурстары мен суперкомпьютерлерін берген.

Стэнфорд университетінің Folding@home жобасы болса кез келген адамның ғалымдарға көмектесуіне жол ашады. Ол үшін өз компьютеріңізге арнайы программа орнатсаңыз болғаны. Компьютер бос кезде ол жаңағы программа арқылы есептеуге жұмылдырылады. Осындай көптеген құрылғылар біріге жұмыс істеу нәтижесінде кезінде Эбола вирусының ақуызы анықталған еді. IBM компаниясы мемлекеттік мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарына коронавирус туралы ақпаратты електен өткізу үшін өзінің жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Watson программасын тегін берген. Одан бөлек бұл компания COVID-19 бойынша дәрілерді сүзгіден өткізіп, таңдау үшін IBM Summit суперкомпьютерін де ұсынған. Аталмыш компьютер алғашқы күндері-ақ 77 молекулярдық қоспаға назар аудару керектігін көрсеткен. Ғалымдардың пайымдауынша, осы қоспалардың негізінде коронавирус дәрісі жасалуы әбден мүмкін. Бұл әрине вирустың дәрісі бірден табылды деуге келмесе де, оның жақын арада жасалып шығуының ықтималдылығын көбейтіп отыр. Ақ үйдің ғылыми-техникалық саясат басқармасы, АҚШ-тың энергетика министрлігі және IBM компаниясы Amazon, Google және Microsoft сияқты алпауыттармен бірлесе отырып ірі концорциум құрған. Концорциум мақсаты COVID-19 вирусын зерттейтін ғалымдарға суперкомпьютерлер ұсыну. Концорциумда жалпы өнімділігі 330 петафлопс болатын 16 жүйе жұмыс істеуде. Бұл жүйелерде 775 мың процессорлық ядро мен 34 мың графикалық процессор бар. Осындай күші алапат құрылғылардан келіп түсетін мәліметтерді сарапшылар кеңесі бағалайтын болады. Қытайлық Tianhe-1 атты суперкомпьютер компьютерлік томография кескіндері негізінде 10 секунд ішінде диагноз қоя алады. Бұл 80 пайыздық дәлдікпен жүзеге асуда және оның ауруды анықтау ықтималдылығы күн санап өсуде. 

Коронавируспен ауырған адамның көбіне ыстығы көтерілетіні белгілі. Кейбір пациенттердің қан қысым да көтерілетін болған. Осыған байланысты смартфонның алдыңы камерасына түсірілген видео арқылы адамның қан қысымын анықтайтын жасанды интеллект негізіндегі программа жасалған.

Адамның жүрек соғысын фитнес-трекер немесе Smart-сағаттар да өлшей алады. Жүрек жұмысының ритміндегі ауытқуды осылайша анықтау арқылы тыныс алу органдарының ауруын алғашқы кезеңінде-ақ білуге болатындығын көрсетіп отыр. 

Ал, адамның температурасын өлшеуге тепловизорлық камера орнатылған Smart-көзілдірік тестілеуден өтуде. Егер 5 метр жердегі адамның ыстығы 37,30 градустан асатын болса, құрылғы белгі береді. Канаданың BlueDot стартапы аурудың алдын алуда болжам жасайтын тәуір жүйесін жасаған. Ол күн сайын 65 тілде 100 мың мақала мен материал қарап шығып, електен өткізеді екен. Соның арқасында болар, канадалық жүйе Қытайдағы коронавирусты шығуын 2019 жылдың желтоқсан айында бірінші болып тапқан. Жасанды интеллект математикалық модель арқылы аурудың эволюциялық дамуын, яғни оның шарықтау шегі мен беті қайтуын болжай алады. Мұндай тәсіл Италиядағы коронавирустың таралуы кезінде пайдаланылды. 

Жалпы алғанда, жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндірген кез келген ауруға күрес кезінде ғалымдарға өзінің көмегін тигізе алатын заманауи құра екендігінде сөз жоқ. Сондықтан жақын арада әлемнің көптеген елдерінде індет болып тарап, талай адамның ажалына себеп болған коронавирус тажалының вакцинасы табылады деп сенеміз.