• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Коронавирус 15 Шілде, 2020

Шектеу шаралары күшейтілді

306 рет
көрсетілді

Коронавирус індетінің таралуына байланысты әлем елдері қайтадан шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Қазіргі таңда қауіпті дертке шалдыққандар саны 13 миллионнан асты.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы вирустың қаупі сейіл­мегеніне назар аударып, індеттің таралуын төрт бағытта сипат­тады. Ұйым басшысы Тедрос Адха­ном Гебрейесустың сөзіне сүйен­сек, әлем елдері коронавирус құр­са­уынан құтылуына әлі ерте.

«Бірінші жағдайда, мемлекет тез қимылдап, алғашқы науқас тіркелген бетте-ақ жедел әрекетке көшті. Нәтижесінде, бұл елдерде вирустың таралуы қарқынды сипат алған жоқ. Бұл категорияға Кариб теңізіндегі, Тынық мұхитындағы бірнеше мемлекет кіреді», деді ұйым басшысы.

Сондай-ақ кей елдер науқас­тарды және олармен байланыста болған­дарды тез анықтап, халық пен медицина саласы бірлесе отырып вирусқа қарсы тұрған. Аталған екі санатқа  кіретін елдерде қазіргі таң­да COVID-19-дың таралуы баяу.

Ал келесі топқа кіретін мемлекеттерде әуелі пандемияның бірінші толқынын локдаун арқылы жеңе алғанымен, карантиндік шектеу шараларын жеңілдету нәтижесінде індет қайта тарай бастаған. Соңғы санаттағы елдерде вирус қарқынды түрде халыққа жұғып жатыр.

Бірқатар мемлекет шектеу шараларын қайта күшейтті. Гонконгте сейсенбіден бас­тап ара ­қашықтықты сақтауды міндет­теді. Ел билігінің айтуынша, ко­ронавирустың кең көлемде та­рауының ықтималдылығы өте жоғары. Осыған байланысты қо­ғамдық көлікте, қоғамдық орында бетперде тағылуы тиіс. Алда-жал­да бетперде тақпаған адам қоғам­дық көлікке мінсе, оған 645 доллар көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ мейрамханалар мен дәмханалар жұмысы тоқтатылып, тамақ жеткізу қызметі ғана қал­ды. Пандемия басталғалы бері Гон­конг карантиндік шектеуді мұнша­лықты күшейтпеген еді.

Филиппин де қайтадан локдаун енгізбек. Соған байланыс­ты Манила қаласында 250 мың адам қайтадан үйге оқшауланды. Қазіргі таңда бұл елде науқастар саны 57 мыңнан асқан. 1600 адам қауіпті дерттің салдарынан өмі­рі­мен қоштасты. Айта кетерлігі, Филиппин Оңтүстік-Шығыс Азия­да вирус ең көп тіркелген екінші мемлекет.

АҚШ-та бір апта бойы COVID-19 жұқтырғандар саны 60 мың­нан азаймай тұр. Таяуда ел пре­зиденті Дональд Трамп бас­пасөз жиынына бетперде тағып келді. Бұған дейін Ақ үй басшысы бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуге ешқашан маска тақпаған еді. Бұл да Құрама штаттардағы ахуал­дың күрделілігін көрсетсе керек-ті.

Калифорния штатының губернаторы өңірдегі бүкіл барлар мен мей­рамханаларды, кинотеатр мен музейлерді жабуға бұйрық шығарды. Аталған қоғамдық орын­­дардың қайта ашылғанына да көп болмаған еді. Бұдан бөлек, штатта құлшылық үйлері, жаттығу залдары, шаштараз, ойын-сауық орталықтарының қызметі де тоқ­татылды.

Губернатордың мұндай қадам­ға баруына штаттағы науқастар са­нының көбеюі себеп болып отыр. Қазіргі таңда мұнда күніне 8 мың­нан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталды. The New York Times басылымының хабарлауынша, пандемия басталғалы бері 5,4 миллион америкалық ме­дициналық сақтандыруынан айы­рылған.

Аустралияда қауіпті дертке шал­дыққандар саны 10 мыңнан асты. Осыған байланысты Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында шектеу шаралары күшейтіліп, мейрамханалар мен дәмханалар жабылды. Он адамнан артық жиналуға, қоғамдық іс-шаралар өткізуге тыйы­м салынды.

Дегенмен «жасыл құрлықта­ғы» жағдай салыстырмалы түр­де қалыпты деуге толық негіз бар. Бүгінде бұл елде тіркелген науқас­тар саны айтарлықтай көп емес. Осыған қарамастан ел билігі ерте қамданып жатыр.

Жапонияда концертке барған­дардың бірнешеуінен вирус анық­талғанына байланысты сол күні топ өнерін тамашалаған 800 адамды жедел іздестіруге кірісті.

Ұлыбританияда да шектеу шара­лары күшейтіліп, қоғамдық орындарда, дүкендерде бетперде тағу міндеттелді. Сарапшылардың айтуынша, вирустың екінші толқыны Тұманды Альбионда 120 мың адамның өмірін жалмауы мүмкін.

Мексиканың оңтүстігінде ауру­хана қызметкерлерінің 68 пайызы COVID-19 жұқтырғаны анықталғаннан кейін, бүкіл штат карантинге жабылды. Қазіргі таңда бұл елде де індет қарқынды тарап отыр.  Қысқасы, төрткүл дүние түгел коронавирусқа қарсы шектеу шараларын күшейтіп, қам­данып жатыр.