Бүгін таңда қауіпті індетті емдеуге қажетті 3 тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Оны Алматыдан "Теңізшевройл" компаниясының ұшағы жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың мәліметінше, 15 түрлі дәрі-дәрмек дәріханалар желісіне таратылғалы отыр.
"Президент тапсырмасымен аймақтағы дәріханалар желісін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін таңда арнайы жүк ұшағымен үлкен көлемде дәрі жеткізілді. Атырау облысы әкімінің міндеттеуіне сәйкес, өткен аптадан бері облыс дәріханаларын дәрі-дәрмекпен шұғыл қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр. Тұрғындар сұранысы толықтай қамтамасыз етілгенше, дәріханаларға дәрі-дәрмек жеткізу жалғаса береді" - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.
Алдағы жұмада осындай дәрі-дәрмектің тағы бір партиясын жүк көлігімен жеткізу көзделіпті.