Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың атына Америкадағы әйгілі «Amazon Crossing» баспасының директоры әрі бас редакторы Гэбриелла Пейдж-Форттан алғыс хат келіп түсті.
Мұның мәнісі мынау. Былтыр беделі бес батпан осынау америкалық баспадан белгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың «Құм кезген өліктер» атты роман-эпосы жарық көрген болатын. Жай ғана шығып қоймай, Франкфурт кітап-жәрмеңкесінен кейін бұл шығарма атышулы ПЕН – Америка сыйлығына ұсынылғаны тағы бар.
«Құм кезген өліктер» – ХХ ғасырдың батыл жазылған романдарының бірі. Бұл ерекше құнды туынды – Жер-Ананың экологиялық эпосы. Сонымен бірге бүгінгінің экологиялық «Дон Кихоты».
Роллан Сейсенбаевпен шығармашылық, адами қарым-қатынаста болу және бірге жұмыс істеу біз үшін үлкен мәртебе-сый болғанын жасырмаймын. Ол – аты әлемге әйгілі жазушы. «Amazon Crossing» осы шығармашылық және адами достықты бағалайды. Роллан Сейсенбаевтың романын оқығаннан кейін мен Қазақияны ұлы дәстүрлері мен рухы биік кең-байтақ ел ретінде елестеттім», деп ағынан жарыла ақтарылады Гэбриелла Пейдж-Форт.
«Amazon Crossing» баспасының басшысы сондай-ақ Роллан Сейсенбаевтың шығармалары Америкада, Еуропада және Азияда өте көп оқылатынын атап өтіпті. Мәселен, оның «Құм кезген өліктер» роман-эпосына Джон Фарндон (Ұлыбритания), Георгий Гачев, Анатолий Ким (Ресей), Стивен Бауман, Портер Андерсен (АҚШ) секілді атақ-даңқтары аспандаған қабырғалы қаламгерлер жоғары бағаларын берген.
Ел руханиятына елеулі еңбек сіңірген ерен тұлғамызға ерекше құрмет көрсетілуі әрине сүйінші сұрауға тұрарлықтай қуанышты жағдай. Өйткені халықаралық қоғамдастық Қазақстанды бейбітсүйгіш саясатымен, етек-жеңін жиған экономикасымен, мұнай-газымен ғана емес әдеби-мәдени жауһарларымен де тануға тиіс.
Бұған дейін «Өзімді іздеп жүрмін», «Шайтанның тағы», «Ешқайда бастамайтын баспалдақтар», «Өмір сүргің келсе», «Қазыбектің оралуы», «Түнгі диалог» және тағы басқа прозалық, драматургиялық туындыларымен оқырманға олжа салған Роллан Шәкенұлы қоғамдық белсенді қарекетшіл қасиеттерімен де жұртшылыққа кеңінен танымал. Оған дәлел ретінде ағамыздың Лондонда «Абай үйін» ашқанын, Семейде Халықаралық Абай клубын құрғанын, әлемдік әдебиетті әспеттейтін «Аманат» журналының тұсауын кескенін, сондай-ақ баспагер ретінде көкірек көзі ашық көпшілікке арнап мазмұнды-мағыналы кітаптар шығарып жүргенін айтсақ та жеткілікті. Сөз реті келіп тұрғанда ұлтжанды азаматтың айтулы даталарға арнап Әл-Фарабидің – 15, Абайдың 10 томдығын бірнеше тілде басып, ұлыларымыздың мерейтойларына лайықты тарту-таралғы жасағанын айта кеткеніміз жөн.
Жазушыға алдағы уақыттарда да шалқар шабыт, жаңа жетістіктер тілейміз.