Қазір біздің қоғамда кім болсақ та әйтеуір қазақ болғымыз келмейтін бір жаман әдет қалыптасты. «Қазақ жалқау», «қазақ тойшыл», «қазақ мансапқор», «қазақ жемқор». Жаман қасиеттің барлығы байғұс қазақтың өн бойынан табылады екен. Басқасын қайдам, халқын жамандаушылар арасында жаһандық жарыс бола қалса, бас жүлдені қазақтар алатынына ойланбай-ақ бәс тіге беруге болады. Біз сияқты туған ұлтының жер-жебіріне жетіп ұрсатын халық жоқ шығар жер жүзінде?!
Бала кезімізде әкеміз Алматының «Қайратын» аузынан тастамайтын. Қазір ойлап қарасам, әкеміздің мақтауын соншалықты жеткізгеніне құлақ қояр болсақ, бүгінгі «Барселона» мен «Реал Мадрид», «Бавария» мен «Ливерпуль» алматылық команданың қасында қара жаяу сияқты. КСРО-ның дүбірлі додасында талай мықты команданың құтын қашырып, жанкүйерлерінің алдында жер қылған көрінеді. Тіпті Мәскеудің «Спартагін» өз алаңында тас-талқан етіп, айды аспанға бір-ақ шығарған. Сол жеңіс «Қайраттың» ақтаңгері Тимур Сегізбаевтың атағын дүркіретіп, орыс газеттері «Тимур және оның командасы» деп айқайлатып тақырып қойып, жамырай жазады. Жазса, жазуға тұратын ойыншы болғаны да.
Сегізбаевтың серіктері де осал емес, әкемнің айтуынша, бірінен-бірі өтеді. «Он бір метрлік айып добын қағып алудан Одақта Құралбек Ордабаевқа тең келер қақпашы жоқ!» «Сейілда Байшақов алаң төрінде ойқастағанда басқалар қарқынына ілесе алмайды!», «Үш қазақ футболшысы кеңес футболының даңқын аспандатып, ал «Қайрат» қарсылас шақ келтірмес команда болған екен дә». Бұл – әке сөзінен түйгеніміз.
Әкенің «Қайрат» туралы аңызға бергісіз әңгімесін бала кезден санамызға құйып өскендіктен болар, Алматыға табан тірей сала Орталық стадионды бетке алғанымыз бар. Әрине 80-жылдардың ортасында Сегізбаевтар әлдеқашан футболмен қоштасып, оның орнына Қайрат Аймановтар келген-ді. Қанға сіңген қасиет болар, біз де «Қайратқа» жанкүйер болдық, жеңілсе шамдандық, жеңсе шаттандық. Әйтеуір алматылық командаға деген ықыласымыз алабөтен еді.
Өскен соң ойлап қарасақ, қиырдағы қазақты атажұртқа деген сағыныш сезімі кернейді екен. Бесқала өңіріндегі қазақтың «Қайрат» үшін жанын салып жанкүйер болатыны, Алматы жаңалықтарына ылғи аңсары ауып тұратыны, Қазақстаннан ат арылтып жеткен қандастарға деген ілтипат ерекшелігі – бәрі-бәрі арқасүйер атажұртқа деген, «біздің қазақ» деген ақық сүйіспеншілікпен астасып жатыр екен ғой. Қазақты жамандағанның қолында өлуге даяр сол бір күндер-ай десеңші!
... Ал бүгін ұлтының кемшілігін санамалап, «жаназасын» шығарып отырғандардікі түсініксіз?!
Рас, әлі бағындырмаған белестеріміз, алмаған асуларымыз бар. «Қой үстіне бозторғай ұя салған» қоғамда өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Біздің де «өнер-білім бар жұрттардан» үйренетін тұсымыз көп. Осы жағынан келгенде Әлихан Бөкейханның басқа емес Жапонияға көбірек иек артқаны көңілге қонады. Ұлт қайраткері Күншығыс елінің даму жолына қызығушылық танытып, Қазақ елін Жапонияның деңгейіне 20-25 жылда жеткізуді жоспарлаған. Алаш көсемінің сенім артатын да жөні бар. Өйткені жапондар «Мейзи жаңғыруы» деп аталатын бағдарламасының арқасында 1868-1889 жылдар аралығында, яғни жиырма бір жыл ішінде мешеулеп қалған феодалдық мемлекетті әлемнің ең қуатты елдерінің қатарына қосты. Өткен ғасырдың өзінде өз басынан қаншама тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізсе де Жапония бүгінде төрткүл дүниені аузына қаратқан алпауыт елдің бірі.
Жақында «Еgemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында (№131, 10 шілде 2020 жыл) қоғам қайраткері Мұрат Әуезов Жапония өркениетінің сырын төрт ауыз сөзбен түйіндейді. «Ол – император, Жапон халқы, Жапон аралдары, Ұлттың бірлігі мен тұтастығы». Осы төрттаған Күншығыс елінің даму траекториясының темірқазығы іспетті. Аталған «төрттік» «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейтін Алаш баласына да жат емес. Ендеше басқалардың өнегесінен гөрі қазақ жұртына Жапонияның даму жолы әлдеқайда жақынырақ.
Халықтың дәстүрін мансұқтап, тұлғаларының қадір-қасиетін түкке тұрғысыз ету қоғамдағы қордаланған мәселенің түйінін шешпейтіні белгілі. Дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға сәйкес келетін «өнер-білім бар жұрттардан» үйрену, барымызды бағалай білу, бойымыздағы ұлттық мақтаныш сезімді өрістету ғана асқаралы биіктерді бағындыруға жетелейді. Мырза Әлінің ұрпағы Қадыр шайыр айтқандай: «Ұлы мақсат қоймасақ алдымызға, Бола алмаймыз ешқашан ұлы халық!»