Бір жылдың төлі болып саналатын құрдасы Әлихан бастаған Алаш арыстарының бірден-бір тілектес, ниеттесі болған әкесі Мұхамедхан ұсталып кеткен соң институттан қуылған Қайымның ендігі жалғыз қамқоршысы Мұхтар Әуезов болды. Жақсы ағаның ақыл-кеңесімен ол студент кезінің өзінде ғылыми тұрғыдағы оннан астам зерттеу еңбегін жазып үлгерді. Мұның сыртында өлең жазып, аудармамен де айналысты. Соның нәтижесінде жасы жиырманың ортасына келмей жатып, республика Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп үлгерген.
Адамды тану жөнінен қамшы салдырмайтын, бір жағынан ағасы іспеттес Мұхтар Қайымның бойынан имандылық пен адалдықты қапысыз аңғарғандықтан оған отызыншы жылдардың аяғынан бастап жауапты да нақтылы міндеттерді жүктеген. Абай және оның шәкірттері мұрасының жоғалып кетуінен қауіптенген Мұхаң ескі заманның есті әңгімелерін білетін қариялардан дерек алып қалу, ақын өлеңдерінің текстологиясын зерттеу, Абайдың алғашқы мұражайын ашуға негіздеме жасау жұмыстарын сенімді шәкірті Қайымға жүктеген. Осыдан кейін-ақ Қайым әрі досы, әрі әріптесі болып табылатын Борис Акерман деген азаматпен жүк машинасымен Шыңғыстауды ерінбей-жалықпай айлап аралап, Абайды көзі көрген қариялармен де әңгімелесуге уақыт таба білді, ақын шығармаларының шынайылығын да анықтап бақты. Сапар барысында ақын өміріне қатысты тұрмыстық заттар да табылып жатты. Сол кездің өзінде 500 жәдігер нақтыланып, оларға ғылыми сипаттама берілген екен. Солайша Қайым Мұхамедханов 1940 жылы Семейде ашылған Абай мұражайын ұйымдастыруға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге мұражайға лайықты ғимаратты таңдасқан да Қайым. 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде ашылған мұражай 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне жайғасты. Бұл екі үйдің де Абайға ерекше қатысы бар еді. Әниярға қамқорлық танытып оқытқан да өзі. Ақын 1875-1904 жылдары Семейге келіп жүргенде осы үйлерге түседі екен.
Қайымның Семейдің көне тарихын да жақсы білетіндігі мұражайды түбегейлі жабдықтауға септігін тигізіп жатты. Ежелгі Семейдің облыстық статусты иеленген он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бастап өркендеп, өркениетке бір табан болса да жақындай түскені де рас. Соның айғағындай, аталған ғасырдың сексенінші жылдары Семейге ат басын тіреген Шоқан сынды ғұлама ғалымның ең жақын досы, халқымыздың жанашыры, өзі де атақты ғалым Г.Потаниннің бұл қаланың Сібірдегі қалалардан айырмашылығы көп екендігін айта келіп, Семей Орта Азия шебіндегі бейнебір Одесса сынды қала, тек ондағы корабльдерді түйелер керуені алмастырады деп іш тарта баға беруі де сондықтан.
Айтты айтпады, тоғыз жолдың торабындағы Семей ендігі жерде өсіп-өркендей түскен. Оған сол шақта бұл қалаға өз заманының ойлы азаматтарының көптеп жинақталуы да аз әсер етпеген. Бұл жағдай америкалық жиһангер Джордж Кеннанның да назарынан тыс қалмаған. Соның айғағындай, оның дала қазағы Абайды кітапханада кезіктіріп, ерекше таңырқайтыны да бар емес пе? Семейліктердің сол шақтағы рухани тыныс-тіршілігін айғақтайтын мұндай жарқын мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мәселен, мұнда ағайынды Белосюдовтар деген болған. Олар Крепостной көшесіндегі екі қабатты жеке меншік үйлерін шын мәнісіндегі өлкетану мұражайына айналдырған. Әлгі ағайынды азаматтар тек өлке өміріне қатысты экспонат, құжаттармен шектелмей, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, әдеби мұраларына ден қойып, кәдімгідей зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның бірер дәлеліндей, айдаудағы поляк ақыны Густав Зелинскийдің «Қазақ» атты поэмасын безендіріп шығарған да, Абай поэзиясын орыс оқырмандары арасында алғаш насихаттаушылар да осылар.
Ендігі бір дерек, 1878 жылы Семейде облыстық статистика комитеті құрылған, оның бірінші хатшысы болып, кейінде Абаймен досжар ретінде қатты сыйласқан Е.Михаэлис тағайындалған. Ең кереметі сол, осы комитет құрамында Абай да болып, оның жұмысына белсенді түрде қызу араласқан. Онымен бірге онда басқа да қазақ азаматтары болғандығы енді анықталып отыр. Аталған комитет өздерінің негізгі шаруаларымен бірге, өлкені зерттеп, білуді де басты міндеттерінің бірі деп есептеген. Ең алдымен археология мен зоологияға қатысты коллекциялар молынан жинақталған. Мұның өзі Михаэлисті Семейде мұражай ашуға да итермелейді. Ал бұл кезде жоғарыда аталған коллекциялармен бірге, біраз мөлшерде кітаптар да жинақталып қалған еді. Соған орай, күн тәртібіне енді мұражаймен бірге, қоғамдық негіздегі кітапхана ашу туралы мәселе қоса көтеріледі. Осылайша, 1883 жылы Семейде екі игілікті шаруа қатар жүзеге асырылады.
Жоғарыда ұлы ақынның статистика комитетінің жұмысына бірден араласып кеткенін айттық. Және бұл араластық ақыл айту, кеңес берумен шектелмеген. Соның айғағындай, мұражай ашылған соң арада жыл өткенде Абай атамыз оған тіке өз тарапынан 60 құнды дүниесін өткізген. Соның тең жарымы Семейде алғашқы Абай мұражайы ашылғанда соған беріледі. Мұның ішінде кешегі қазақ өмірінен, Абай заманынан мол мағлұмат беретін небір құнды мұралар бар. Соның біразы ақынның өзі, айналасы тұтынған заттар болуы тіптен ғанибет. Абайдай данышпанның ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығына және сүйсінесің! Әйтпесе, балапан басына, тұрымтай тұсына дейтін аумалы-төкпелі кезеңдерде небір асыл құндылықтарымыз шет жұртқа бел асып кете барды емес пе! Ұстазы Әуезов бастап, шәкірті Мұхамедханов қостап, сол асыл құндылықтарды енді жаңадан ашылып жатқан Абай мұражайына келушілерге әп дегеннен жарқыратып көрсетуге ұмтылыстары сүйсінтеді.
Қайымды ұстазы Әуезовтің тапсырмасымен қырқыншы жылдардың басынан Абай мұражайын құрып, қалыптастыруға бел шеше кірісіп кетті дедік. Бірақ өкінішке қарай келер 1941 жылы басталып кеткен сұрапыл соғыс бұлардың осы мақсаттағы барлық ойы мен мақсаттарын бұзып кеткен. Сол сын сағаттың өзінде билік «халық жауларының» ұрпақтарына сенбей, күмәнмен қарады. Сөйтіп, Қайым еңбек армиясына алынып, қара жұмысқа жегіледі. Жас ғалым 1941-1942 жылдар аралығында Свердловск, Магнитогорскіде болып, қорғаныс шебін жасақтауға қатысады. Жанкешті еңбегі үшін медальмен де марапатталады. Алайда үздіксіз қара жұмыс салдарынан денсаулығынан айырылып, госпитальдан бір-ақ шығады. Содан кейін жұмысқа жарамсыздығы салдарынан елге қайтарылады.
Ал одан кейінгі екі аралықта Қайымның республикамыздың алғашқы әнұранына байланысты 1943 жылы жарияланған байқауда жеңімпаз атанып, атақ-даңқы бүкіл ел көлеміне мәшһүр болатындығы өз алдына бір әңгіме. Оған да Әуезовтің қозғаушы болғандығын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Демек, Мұхаң кешегі аға досы, Алаш арыстарының бірден-бір қамқоршысы Мұхамедханның өзі жасынан білетін баласына, оның қарым-қабілетіне қалтқысыз сенген ғой. Қайымның елуінші жылдардың басында үш-төрт жыл айдауда болып, тозақ пен азаптың небір түрін бастан өткеріп келгенімен: «Мен қыстың қаһарлы аязды күні өмірге келгенмен, өмірімде жарқын, күн шуақты күндер көп болды», дейтіні де сондықтан. Мұндай сөзді шындығында рухы биік адамдар ғана айта алса керек. Ал Қайым 1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының Семей, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы уәкілі болып қызмет атқарғанымен, мұражай ісінен, сонымен бірге ғылыми жұмыстан сырт қалмаған. Әуезовтің ұсынысымен Абайдың 100 жылдығын әзірлеу жөніндегі мерейтойлық Үкіметтік комиссияның ғылыми хатшысы бола жүріп, ол сол кездің өзінде Абайдың бұған дейін мәлім емес тоғыз өлеңін ғылыми тұрғыдан айналымға қосты. Ал қырқыншы жылдардан бастап сексенші жылдар аралығын қамтитын қырық жыл аралығында Абайға тиесілі әлгіндей өлеңдер саны отыздан асып жығылады. Және соның бәрі ғылыми тұрғыдан нақтыланып, дәлелденген.
Ал 1947 жылы мұражай республика Ғылым академиясының қарамағына өткізілген кезде, академия президенті Қаныш Сәтбаевтың бұйрығымен жасы отыздан енді асқан Қайым Мұхамедханов мұражай директоры болып тағайындалады. Ол бұл жұмысты ұстаздық һәм ғылыми жұмыстарын қоса жүргізе отырып атқарады. Соның нәтижесінде мұражайда Абайдың өмірі мен шығармашылығына тікелей қатысы бар аса құнды қолжазбалар мен құжаттарды жинақтау, Абайдың ақындық мектебін зерттеу мәселелері жоспарлы түрде өз жалғасын табады. Алдыға қойған биік мақсат жолында ешкімге жалпақтап, жалтақтауды білмейтін Қайым жоғарыға хат жазып, орынды тілек айтудан еш жасқанбаған. Соның бір дәлеліндей, ол соғыс енді ғана аяқталған 1945 жылдың күзінде КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалының басшысы Қ.И. Сәтбаевтың атына Семейдегі Гоголь атындағы кітапхананың қорындағы бағалы кітаптардың көбі соғыс кезінде талан-таражға түсіп кеткендігін, араб әрпімен жазылған кітаптардың жаппай құртылғанын, жалпы Семейдің мәдени хал-жайы еш сын көтермейтіндігін ашына отырып баяндайды.
Ал 1949 жылдың ортасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасынов, КП(б)К Орталық Комитетінің хатшысы І.О.Омаров және ҚазКСР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаевтың атына жолдаған хатында енді бір бес жылдан кейін Абайдың өмірден озғанына жарты ғасыр болатындығын айта келіп, соған орай жоғарыдағы басшылық алдына нақты ұсыныстарын жеткізеді. Бірінші кезекте Абайдың зиратының басына мазар тұрғызу, Семей мен Алматыда ұлы ақынның ескерткішін орнату мәселелері айтылады. Ол мұнымен де шектелмей, осы шаруаларға байланысты қай кезде байқау өткізу керектігі жөнінде де өз ойын ортаға салады. Жидебайдағы Абай қыстауын жөндеуден өткізіп, көріктендіру, Абай бейнесін мүсін және сурет өнерінде айшықтау және оған белгілі тұлғалардан кімді тарту мәселелері де Қайымның назарынан тыс қалмаған.
Осы орайда ол сол тұста өзіне жабылған жала, өтірік, өсектен де еш тайсалмаған. Айталық, 1951 жылы ақын мұражайы туралы жазылған бір мақала тақырыбы «Мұражайды ескі-құсқыдан тазарту» («Очистить музей от хлама») деп аталады. Мақала тақырыбының өзі айтып тұрғандай, бұл нағыз жаптым жала, жақтым күйенің өзі еді. Орынсыз қиянатқа төзбеген Қайым Пушкин, Толстой, Лермонтов мұражайында олардың ата-аналарының суреті жоқ па екен деп салады. Оны айтасыз, осындайда еске түседі, сексенінші жылдардың ортасында Алматыдан келіп, Абай мұражайына бас сұққан бір басшы қандасымыздың «мұнда кешегі алашордашыл Тұрағұлдың суреті неге тұр?» дегенін де өз құлағымызбен естігенбіз.
Сондай сорақылықтың бірін сұхбат барысында Қайым ағаның өзі де айтқан. «Қырқыншы жылдары Абай мұражайы ашылғанда мұражай төрінен Абайдың кейбір жақын-жуық туыстары мен шәкірттері ескі заманның кертартпа өкілдері ретінде шеттетіліп, олардың орнына сол шақта Социалистік Еңбек Ері атанған еңбек адамдарының қойылғанын қайтерсіз!.. Ал Мұхаңның тікелей ақыл-кеңесімен Абай мектебін зерттеуге кіріскен мен атқа теріс мінгізіліп, қуғын-сүргінге ұшырадым. «Марксизм-ленинизм мектебі дегенді білуші едік, Абай мектебі деген қайдан шықты?» деп даурықты көкезу «данышпандар». Сөйтіп елуінші жылдардың басында жиырма бес жылға сотталып кете бардым». Осыны естігенде атақты роман-эпопеясына «Абай жолы» деп ат қойып, айдар таққан Әуезов қандай ержүрек деп іштей таңғалғанбыз. Өйткені сол кездегі атаудың көбі «Ленин жолы», «Коммунизм жолы» болып келді емес пе! Иә, солайша сонау 37-ші жылғы зұлматтың екінші толқыны жақындап келіп қалған. Яғни Қайым Абай мұражайына директор болып бекітілген соң арада төрт жыл өткенде, нақтылап айтқанда 1951 жылдың желтоқсан айының басында жоғарыда айтқанымыздай 25 жылға айдалып кете барған. Бірақ осы орайда Қайымға ұлтшыл ретінде айып тағылғанына еріксіз таңғалады екенсің! 1948 жылы Семейге келген орыстың көрнекті жазушыларының бірі Всеволод Ивановтың сол «ұлтшыл» Қайымға осында Достоевскийдің мұражайын ашуға көмектесіп, мұрындық болуын өтінетіні бар. Ал сол шақта басымен қайғы болып кеткен Қайымның кейінірек болса да осы мәселеге өзіндік үлесін қосқаны тағы шындық.
Хакім Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойындағы мына бір сәйкестікке көңіл бөлмесе болмайды. Іргетасын ұстазы Әуезов пен шәкірті Мұхамедханов қалаған Абайдың қорық мұражайының құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Оның Әуезовтің ұсынысы бойынша республика Үкіметінің қаулысымен Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай 1940 жылдың 16 қазанында ашылғанын айттық. Сонда енді арада бес жылдан соң Абайдың жүз жылдығы да көзді ашып-жұмғанша жетіп келетінін Мұхаңдар алдын ала есептеп отырған ғой. Бірақ сол екі аралықта сұрапыл соғыс басталып кететіндігін білген жоқ. Бірақ соған қарамастан, Абайдың ғасырлық тойы өз заманына сай жақсы өтті деуге әбден болады. Қарауылда өткен тойға атақты жазушы, ғалымдармен бірге аты аңызға айналған, «қазақ даласының батыры» атанған Қажымұқан да қатысып, оған қарсылас шықпаса да халқымыздың дарқан дәстүрімен сыйға түйе тартылыпты. Пәлен шақырымдық аламан бәйгенің қызығы мұның сыртында дегендей...Сол аламан бәйгеде атамыз Әлінің Абай аудандық оқу бөлімінің атынан қосқан сұр атының бәйгенің алдын бермей көмбеге бірінші болып келгенін, біз, ол кісінің ұрпақтары әлі күнге дейін мақтанышпен сөз етеміз. Кешегі сұрапыл соғыстан әбден қалжырап, шаршап-шалдыққан елдің еңсесі осылайша бір көтерілген екен.
Рас, оның бәрі – өткен күннің әңгімесі. Ал бүгінгі күннің әңгімесіне келетін болсақ, мұражай өмірінде өзгерістер мен жаңалықтар баршылық. Оның ең бастысына тоқталатын болсақ, ақынның туғанына 150 жыл толуына байланысты ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген дүбірлі мерейтой қарсаңында Семей өңіріндегі Абайға қатысты мәдени мұражайлардың басы бір орталыққа шоғырландырылып, Ахмет Риза мешіті мен медресесі Семейдегі мұражайдың қасына көшіріліп, қалпына келтірілді. Жидебайдан 6400 гектар мөлшерде табиғи қорық аймағы бөлініп, 1990 жылы бұрынғы мұражай Абайдың мемлекеттік тарихи және әдеби-мәдени мемориалдық мұражайы болып қайта құрылды. Оның құрамына қазірде Семей қаласындағы Абай мұражайы, Әуезов және Алаш арыстары мұражайы, Абайдың Жидебайдағы қорық мұражайы, Мақаншыдағы Әсет Найманбаев мұражайы, Көкбайдың мешіт-медресе кешені және Шәкір Әбеновтің мұражай үйі кіреді. Бүгінгі күні мұражай қорында жалпы алғанда 20 мыңға жуық экспонат бар.
Ал Жидебайдағы қорық алқабына кіретін тарихи орындарға келетін болсақ, олар Абайдың мұражай үйі, «Абай-Шәкәрім» мазар кешені, Еркежан зираты, Құдайберді, Зере, Ұлжан зират қорғаны, Зұлғарыш қыстауы – Ақ баз, Кеңгірбай (Би ата) мазары, Құнанбай құдығы, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясы болып бір-біріне жалғасып жатыр. Абайдың Жидебайдағы қорық мұражайы ақынның 125 жылдық мерейтойында республика Үкіметінің қаулысымен қалпына келтіріліп, мұражай ретінде ашылған еді. Ақынның көзі тірісіндегі біраз дүниеліктер, жиған кітаптары, тоғызқұмалақ тақтасы, қойын сағаты мен тіс қабы және басқа да бағалы заттар да осында.
Осы арада ерекше тоқталып айта кететін бір жайт, хакім ақынның бұл жолғы кезекті дүбірлі мерейтойында оның әкесі, «қарадан шығып хан атанған» Құнанбайға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақындар Меккесі атанған Жидебайға былтырғы жылы арнайы ат басын тіреген сапарында жергілікті басшыларға осыған дейін Абайдай данышпанның әкесі Құнанбай тұлғасына жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқанын айта келіп, осы жолы мұны ескеру керек деген еді. Мемлекет басшысының осы сапарынан кейін Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде арнайы Жарлығы шыққан болатын. Ел жақтан алдағы ақын тойына дейін Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылып, осында Құнанбай мұражайы ашылатындығы жөнінде игі хабарды естіп отырмыз. Мұның сыртында биылғы жылдың басында осы Абай елінің түлегі, академик, тарихшы ғалым Ерлан Сыдықовтың Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясымен «Құнанбай» атты деректі кітабының шығуы оңды шаруа болды. Аталған кітаптың тұсаукесер рәсімі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ақынның мерейтойы аясындағы бір шара ретінде мағыналы түрде өткізілді.
Енді Абайдың Семейдегі бас мұражайының құрамына нелер кіретіндігін толықтырып айта кетсек дейміз. Қазірде оның құрамы көпес Р.Ершовтың үйі, ақынның 150 жылдығында бой көтерген жаңа ғимарат, Ахмет Риза мешіт-медресесі, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы, әкімшілік ғимараттан тұрады. Бас мұражай экспозициясында «Абай дәуірі», «Абай – бейнелеу өнерінде», «Абай мен Семей шаһары» атты тақырыптық көрме залы, «Абай шығармаларының қайнар бұлақтары», ақын дастандарына арналған «Шығыс залы», «Грек залы», «Жаз» өлеңіне арналған зал, «Абайдың ақындық мектебі», «Абайтану», «Абай халық жүрегінде», «Сыйлықтар» залы орналасқан. Оларда Абай өмірі мен шығармашылығы, оның ақындық, туыстық айналасы, замандастары мен шәкірттері жайлы мол мағлұмат жинақталған. Ақын отбасынан қалған көне мүліктер, түпнұсқа құжаттар, Абай дәуірін, оның қоғамдық қызметін бейнелейтін этнографиялық және архивтік деректер, шығыс ғұламаларының сирек кездесетін шығармалары, батыс философтарының туындылары, қазақ өмірін қаз-қалпында сипаттайтын алты қанатты киіз үй де жаңа ғимаратқа кеңінен жайғасқан.
Бала Мұхтар Абайды жеті жасында Жидебайда көрген екен. Алматыдағы Әуезов мұражайында Мұхаңның өзі сызып, қағазға түсірген Абай үйінің жобасы сақталған. Мұхаңның сол сызбасын, басқа да айтқан ақыл-кеңестерін басшылыққа алған әр жылдардағы мұражай басшылары қажымас қайрат, зор ізденіс үстінде бүкіл ел көлеміндегі ең ірі қорық мұражайын қалыптастыра білді. Солардың ішінде, әрине Қайым Мұхамедхановтың жөні бөлек. Осы мұражайды 1976 жылдан бастап ширек ғасырға жуық басқарған Төкен Ибрагимов деген азамат: «Мұражайдағы әрбір мүлік Қайым аға жайында сыр шерте алады. Кәкең мұражайдың әкесі болды», деген еді. Абайдың 150 жылдығы мұражайды Төкен басқарып тұрған шақта өткен еді.
Белгілі ақын Кашаф Туғанбаевтың да аталған мұражайға сіңірген еңбегін айтпасқа болмайды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кісі өз орнын зейнетке шыққан облыс көлеміндегі ірі шенеунікке босатып беруге еріксіз мәжбүр болады. Белден басқан ондай да заман болғанын айтпасқа болмайды. Кейінгі жылдары мұнда бұған дейін Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында әкімшілік қызметінің түрлі сатысында істеп ысылған журналист-жазушы Болат Жүнісбеков те басшы ретінде жемісті еңбек етті. Сол Болат бауырымыз мен бастықпын деп шіреніп тұрмай, Абай мұражайының ауласын өзі сыпырысудан да арланбайды екен. Қазірде мұражайды филолог ғалым Жандос Әубәкір екінші қайтара келіп басқарып отыр. Ол – бұл екі аралықта қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мұражайын, республикалық «Қазқайтажөндеу» мекемесін басқарып келген жас та болса іскер басшы. Және олардың бәрі Қайымды ұстаз тұтып, оны мұражайдың бас шырақшысы деп қадірлей білген жандар!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
журналист-жазушы
Алматы