Қазақ киносының тарихында дара аталатын есімнің бірі – Нұржұман Ықтымбаев. Өнер деген киелі кәсіптің тұлпарын бозбала күнінен тізгіндеп мінген актер қашанда ұлт мүддесін жоғары қоя отырып, өз ісінің биігінен түспей келеді. Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің, «Тәуелсіз Тарлан» сыйлығының және де көптеген халықаралық жүлделердің иегері Нұржұман Ықтымбаев Қырғызстан, Польша, Италия, Франция, т.б. шетелдерден шақырту алып, Ж.Депардье, Х.Тагава, Д.Ли сияқты әлемге танымал актерлермен киноға түсті. Қазіргі кезде Голливудтың «Комбат» фильміне түсіп жатқан актермен үзіліс күндерінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Нұржұман аға, сіз түскен алғашқы картинаға да жарты ғасырдан асыпты. Осы уақыт аралығында жүзден астам кейіпкерді көрерменімен қауыштырып, тағдыры әрқилы образдарды cомдадыңыз. Жауапкершілік пен жанкештілікті талап ететін кәсіптің бабын табуда әр актердің өзіндік әдіс-тәсілі болатыны заңдылық дейтін болсақ, бәсекесі жоғары ортада кәсіби тәжірибеңізді қалайша ұтымды пайдаланып келесіз?
– Кино – мен үшін киелі өнер, үлкен мектеп. Ал осы киноға жан беретін актерлік те ана сүтімен дариды десем қателеспеймін. Киноға актер жүрегін салмаса, жанды образ туа ма? Мықты актер болу үшін басты рөлдердің бірнешеуінде ойнап дәлелдеу қажет. Әр фильмде актер жүрегінің, тағдырының бір парасы жатады. Ал шетел фильмдеріне түсуде өзіндік тәсілдерім бар. Шетел киноларына түсерден бұрын бірнеше актермен сайысқа түсуге тура келеді. Біздің киноның кемшін қалып жатқан тұсы – осы. Қанша киноға түскенімді дәл санап айта алмағаныммен, экранға алып шыққан әрбір кейіпкерім көкейімде сайрап тұр. Бұйырған рөлдерді жоғары деңгейде ойнап шығуға тырысамын. Кемшілігімді де байқап отырамын. Дегенмен кез келген рөлді ойнауға келісе бермеймін. Сценариймен танысқаннан кейін рөлді жауапкершілікпен алып шығудағы ішкі түйсігіме үңілу өмірлік тәжірибемнен қалыптасты. Анау бір жылдарда түрік ағайындарымыз Қожа Ахмет Ясауи туралы фильм түсірмек болып, бабамыздың рөлін сомдауға ұсыныс жасады. Мен бір апта бойы ойландым. Мұхаммед (с.ғ.с.) бүтін мұсылманның пайғамбары болса, Ясауи қазақ халқының пайғамбары деп білеміз, ал сүйегі жатқан Түркістан жері киелі. Бұл бір ғана мысал, дегенмен кез келген рөлді алып шығуға кәсіби деңгейім жетеді. Бірақ қасиетін сезетін болсам, оған жақындамау қағидасын қатаң ұстап, фильмге түсер алдында ата-бабаларымның аруағына сыйынып отырамын.
– Қазақ киноактерлерінің арасында бірінші болып КСРО Мемлекеттік сыйлығын иелендіңіз. Елімізде, сондай-ақ шетелдерде жиырмадан астам бас жүлде Сіздің еншіңізге бұйырды. Біртуар тұлға Д.Қонаевтың өзі қазақ киносындағы еңбегіңізді жоғары бағаласа, кезінде әріптестеріңіз «кинодағы құбылыс» деп баға берген екен.
– Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуіміз фильмнің премьерасы барысында өтті. Мәскеуде түскен бірнеше фильмнен кейін төрт сериялы «Нанның дәмі» фильмінде Ыдырыс Ноғайбаевты – Д.Қонаевтың, мені – А.Асқаровтың рөліне бекітті. Фильмнің премьерасы және Тыңның 25 жылдығы Республика сарайында өтіп, мерекелік шараның соңына қарай дастарқан жайылды. Осы кезде Дінмұхамед Ахметұлы «Нескромный секретарь» қайда?» деп мені іздейді. Ыдырыс түртіп қалып, орныңнан тұр дегендей белгі берді. Орнымнан тұрып Димекеңнің қасына келіп едім, «Әй, азамат, қатырдың, қатырдың!» деген қуанышын жасырмады. Димекеңнің қолпаштауынан қанаттанып кеткендей болдым. Фильмнің режиссері А.Сахаров «Советский экран» журналына «киноға қазақ актерінің келуі – құбылыс» деп жазып жүргені осы кез болатын. Кейіннен КСРО Мемлекеттік сыйлығын иелендім.
– Қазақ киносының атасы атанған Шәкен Аймановтың өзі қамқорлық танытып, Нұрмұхан Жантөриндей тұлғаның мектебінен өту бақытының бұйыруы да кездейсоқтық емес. Ол кезде жас актерлерге қандай талаптар қойылушы еді?
– Шәкен Аймановтың «Абай әні», «Алдар көсе» фильмдеріндегі рөлдерін көріп өстік. Бірде Шәкен Айманов шақырып жатыр деген соң қабылдауына келдім. Ол «Қилы кезең» фильміне түскен кезім. «Әй, қалқан құлақ, келдің бе?», – деді. Кейіннен еркелетіп осылай атап кетті. Саған аттас ағаң бар деп, Нұрмұхан Жантөринді кабинетіне шақырды. «Ағалы-інілі болып жүріңдер, режиссерлермен таныстыр» деп табыстаған кезін маған емес, ұлттық киноға жасаған қамқорлығы деп білемін. Содан Нұрмұхан аға мені дубляжға ертіп келіп режиссерлермен таныстырды. Бүгінде дауыстары алтын қорда жазылған М.Бақтыгереев, О.Қалмырзаев, З.Шәріпова, Ф.Шәріпова, Т.Тасыбековамен танысып, дубляжда бірге жұмыс істеп, осы салаға барымызды бердік. Кейіпкерлермен бірге жыладық, бірге күлдік. Ал Шоқанды, Қодарды сомдаған Жантөринмен мен осылай танысқан едім. Қазақ киносының дамуында К.Смайылов, А.Федулиндей тұлғалардың да еңбегі өлшеусіз. Бірде Камал ағаның шақыртуымен қабылдауына келдім. Бұл екі фильмге түскен кезім. «Әй, сені Мәскеудегі әйелің шақыртып жатыр. Міне, телеграмма», деді. Келсем, Ғабит Мүсірепов, Сахи Романов отыр екен. Ештеңені түсінбестен, абдырап қалдым. Артынан белгілі болғанындай, Камал ағаның «Московская жена» (кейін «Жетінші аспан» болып өзгерді) фильміне шақырту алғанымды қалжыңмен жеткізгені екен. Ол жылдарда қазақ, қырғыз актерлерін орталық киностудияның іріктеусіз бекітуі кино тарихында мүлде болмаған. Осы фильмнен кейін «Свердловск», «Мосфильм», «Одесса» киностудияларынан шақырту ала бастадым.
– Актерліктен бұрын әншілікке маманданып, Ұлықпан Құбышев, Ғарифолла Құрманғалиевтей өнер майталмандарынан оқыдыңыз. Өнер жолын таңдауыңызға өнерлі отбасынан шығуыңыздың әсері көп ықпал еткен болар.
– Қазақ өнерінің корифейлерінен дәріс алу бақыты бұйырған менің бұл салаға келуімнің өзі бір қызық. Ұ.Құбышев, Ғ.Құрманғалиевтің мектебі үлкен өмірдің бастауы болды. Ұлықпан аға домбыраны солақай шертетін еді. Әр қимылын қалт жібермеуге тырысатынмын. Орындау шеберлігі мықты, саусақтары көз ілеспес жылдамдықпен қозғалатын. Ұстаздарыма жаратушыдан берілген дарын менің бойыма кәсіби білім ғана емес, кісілік пен кішілікті де дарытты. Қайда жүрсем де алдымнан жаны жайсаң өнер жанашырлары шықты. Кезінде жеті жылдық біліммен Алматы қайдасың деп, хореография училищесінен бір-ақ шыққаным бар. Кейіннен хор, домбыра үйретеді деп жүрген оқу орны би үйрететін болып шыққанда ұстазым Дүнгенбай Ботбаевқа «Мен қайда тап болдым?», дедім. Содан қабылдау уақыты өтіп кеткеніне қарамастан, музыкалық училищеге ертіп барып, оқуға ілігуіме көмектесті. Комиссия мүшесі Сокольский орындауымды тыңдап көргеннен кейін, кеш те болса оқуға қабылдады. Ол жылдары Панфилов паркі маңындағы ғимаратта білім аламыз. Бірде домбырамен «Нұржамалды» құйқылжыта салып отырғанымда бөлмеге бейтаныс кісі кіріп келіп, «Өлең айтқан кім?» деп сұрады. Сұрауына жауабын естісімен «Көрші бөлмеге келіп менен сабақ ал» деп шығып кетті. Дүнгенбай ағадан сұрап білсек, атақты композитор, әнші ағамыз Ғарифолла Құрманғалиев екен. «Нұржамалды» орындағаным ұнап қалса керек. Ол кезде дауыс та зор, барыңды салып ән айтасың. Анам айтқан мысал өлеңдерді құлағыма барынша құйып өскен баламын. Әншілік нағашыларымнан дарыған мен бес жасымнан бастап ерлері соғыстан оралмаған отбасылардың көңілін аулап, әкеммен ере барып, бір мезгіл «Алпамыс», «Мұңлық-Зарлық» «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», басқа да қисса-дастандарды жатқа айтатын едім. Күлдіретін жерде күлдіремін, жылататын кезде жылатып айтамын. Актерлікке деген қадамым осы кезде басталған болуы керек. Жалпы, отбасымыз ғана емес, Матай тауының баурайын мекен еткен ауылымыз дерлік өнерлі жандар болатын. Училищеде оқып жүргенімде әкем қайтыс болып, ауылға оралуыма тура келді.
– Өнерді қара жұмысқа айырбастағаныңызға өкіндіңіз бе? Ұстазыңыз Дүнгенбай Ботбаев өнерді тастамауға, кері қайтуға үгіттеген дегенді жиі естиміз.
– Шындығында да солай. Дүнгенбай аға артымнан қуып келіп, кері қайт дегенімен, менің ауылда қалмауға амалым қалмады. Шешем жалғыз, ал үлкен бауырым оқуда. Содан төрт айлық шопырлық курсты оқып алып, көліктің руліне отырдым. Әкенің жиғаны балаға мал болмайды дегеннің жөні бар екен, үйдің тіршілігін қайта жөнге салдым. Ол кезде басшылықтың «Волгасын» жүргіземін. Ауылға бір кезде елуге келген кезі екен, Кәлпеде туған Қанабек Байсейітов, Ермек Серкебаев, Абай Байтоғаев, билеп жүріп ән салатын Айымторы Тойғарина келе қалды. Осы кездесуде емен-жарқын әңгімелесудің сәті түспеді. Бірақ олар кеткеннен кейін жақындарымнан ажырап қалғандай күй кешіп, іштей қимай қоштастым. Ал ауыл тірлігі әрі қарай жалғасып жатты. Кезінде әкем өзі жанашыр болған жандардың бірі, ұстазым Баяхмет Құсайынов бірде мені көріп: «Не істеп отырсың?», деді зілді дауыспен. «Карбюратор тазалап отырмын», дедім. «Көшеден кез келгенді әкелсең тазалайды. Сенің жағдайың басқа, май-май болып отырғаның не?» деп намысыма тие сөйлеп, оның үстіне ауылға да сыймай барасың, деп қойып қалды. Қасқыр мінезді халық емеспіз бе, тау тағысының баласы алты айлығында өзін тексеріп көретіні сияқты, білектің күшін сынап көріп, ауылға атым шыға бастаған кез. Не де болса, осы әрекетімді бетіме басып тұр-ау деп топшыладым. Осылайша Баяхмет ағаның жөн сілтеуімен Жаркенттегі музыкалық училищеге оқуға түстім. 1962 жылы Мәскеуге барып «Он алты қызды» орындап, «Бас жүлдені» иеленіп қайттым. Бұл ұстаздарымнан алған білімнің алғашқы жемісіндей еді. Осы сапардан кейін мен есепті концертімді беруге кірісіп жатқан кезімде киноның адамдары іздеп жүр дегенді естідім. Осы жолы өзін Сара Жорабаевамын деп таныстырған апайымыз киноға түсуге шақырды. Содан «Қазақфильмге» ертіп келді. Қабылдауда Мәжит Бегалиннің өзі отыр екен. Сыртта шылым шегіп, бір-біріне дөрекі сөйлеп тұрған жастарды көріп көңілім құлазып кетті. Дереу киноға түсем деген райымнан қайтып, «Жаркент қайдасың?» деп кері қайтып кеттім. Жаркенттегі училищеге оқуға түсерде де, білім алып жүргенімде де директор Нұрмақ Шегебаевтың, кейіннен сол кісінің табыстауымен Әбілмәжін Кенжебековтің шапағатын көп көрдім. Мұнда жүргізуші болуымның да септігі тиді. Әскерден оралған Володя екеуміз аулада бұзылып тұрған «Захар» машинасын жөндеп алып, өзім құрған шығармашылық топпен бірге ауыл-ауылды аралап, концерт қойып, табыс тауып жүрдік. Труба, кларнет сияқты үрмелі аспаптарды игеріп алғанымның да пайдасы болды. Тапқан табысымызды жетекшімізге әкеп өткіземіз. Кейін оқуды бітіргенімізде Әбілмәжін ағайымыз бірде-бір тиынына тиместен, ұлдарға костюм, қыздарға көйлек алыңдар деп бөліп берді. Нұрмақ Шегебаев қайтыс болғаннан кейін басшылыққа ерекше сұлу, сымбатты жан Клара Жұмағұлова келді. Біздерге қамқорлығы шексіз болды. Үйленуіме де қолғабысы тиді. Училище қабырғасында танысқан жұбайым Шолпанмен отасқаныма 56 жыл болды. Екі ұл, бір қыз өсіріп, бес немере, екі шөберенің қызығын көріп отырмын.
– Жаркент жері алдағы өміріңізге серпін беріп, өнер соқпағына қайта түсірген екен. Сара апайыңыз бойыңыздан актерлікті дөп таныған болып шықты ғой. «Қилы кезең» фильміне түсу барысында кадрдан тыс қызықты сәттердің көп болғанын, әрі эпизодтан бірқатар көріністің алынып қалғаны туралы деректерді өзіңізден естісек...
– Ол кезде пәтерде тұрамын. Үйлі болған кезім, кішкентай қызым бар. Тағы да киноның адамдары іздеп жатыр, деді. Өзім жаттықтырып жүрген жігіттер киноға түсуге барып, алаңда сөзге келісіп қалса керек, дереу мені шақыртыпты. Кино түсіріп жатқан алаңға келгенімде, алдымнан жарқырап Сара апам шыға келді. «Қилы кезеңде» екінші режиссер екен. Ол кісі «Енді қайда барсаң да, сенен айырылмаймын», – деді. 1966 жылы Әбілхан ағамыздың туған жері Сарыбелде Құрманбек Жандарбеков туған күнін атап өтпек екен. Той болады деп Сара апамыз шақырды. Он екі қанат қазақ үйді тігіп тастаған. Төрде Құрманбек Жандарбеков, жанында Қанабек Байсейітов. Ол кезде тәртіп қатаң, үлкенді сыйлау, құрметтеуге қатты мән береміз. Содан Сара апам ауылдың алты ауызын тыңдап көрейік, деді. Домбырамен «Бозжорғаға» бастым. Жамбастап жатқан Құрманбек аға басын көтеріп алып, маған тесіле қарап қалды. Тағы да екі үш өлең кетті құйқылжып. Содан Қанабек Байсейітов «Әй, Абдолла, мына бала жанып тұр екен, «эпизодқа адам іздеп жүр едің ғой, көрсеңші» деді. Ол кісі өзі де байқап отыр екен. Алла сәтін салам десе, оп-оңай екен ғой. Содан алғашқы кином «Қилы кезеңге» эпизодқа түстім. Барымды салып ойнадым. Жұлқыласу сәтінде жеңімді жұлып алып, жұлқыласатын көрініс болған. Бәрі қыран-топан күлкіге қарық болды. Комедия болып кетеді деген себеппен алып тастаған кадр осы еді. Кейіннен Абдолла аға да, біз де өкіндік. Екі дубльден кейін Әлімғазы, Ыдырыс Ноғайбаев, Женя Попов, Әнуар Молдабеков қол соға қошеметтеді. Көркемдік кеңес мені фильмге бекітуін бір апта бойы күттік. Содан А.Қарсақбаевқа Камал аға мен А.Федулин кинодан кейін Алматыға әкеліңдер деп хат жолдапты. Үш айдан кейін Алматыға жету туралы жеделхат алдым. Кейіннен «Балалық шақққа саяхат» та осы Сарыбелде түсірілді.
– Театр мен дубляжға маманданғаныңыз, Қуыршақ театрында еңбек еткен жылдарыңыз жайлы айта бермейсіз. Кезінде театрға Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі шақырғанда Шәкен аға жібермей қойған деген де деректер сирек айтылады.
– Театрға мені 1970 жылы Әзірбайжан Мәмбетов шақырды. Театрға кеткелі жүр дегенді естіп Шәкен аға өңі суық, қабағы қатыңқы күйде қабылдады. «Саған киностудияда не жетпей жүр, неге ренжіп жүрсің?», – деді. Мен ренжімедім деймін. «Онда неге кетейін деп жүрсің? Театрға барсаң сотталасың. Сотталғаннан кейін біз саған нан тасып жүруіміз керек пе? Документтеріңді қайтадан өткіз де, киностудияға кір», – деді. Ол кісі не болғанын, не жағдайда жүргеніңді біліп қоятын. Бетімдегі тыртықты көріп «Мына бет кімдікі?», – деді. «Өзімдікі!». «Өзіңнің түгің жоқ. Бәрі халықтікі. Ал халықтың дүниесіне қол сұғатын болсаң, мен сені аямаймын. Киностудиядан шығарып жіберемін», деді. Осылайша, мен кинода қалдым. Ал Қуыршақ театрына келуімнің тарихы бөлек. Театр, дубляж актері деген дипломым да бар. Жоғарыда айтып өттім ғой, киноға бекітілгенім жайлы жеделхатты алғаннан кейін үш ай күтіп, «Қазақфильмге» келдім. Келсем Камал аға да, А.Федулин де Мәскеуге кетіп қалған екен. Көк базарды аралап жүргенімде Қуыршық театрының жарнамасына көзім түсті. Лимонад ішіп, бәліш жеп әлденіп алған соң театрға келдім. Әбдірахман Әсімжанов басымнан аяғыма дейін сүзіп шықты да көңілге қонымсыздау, күнге тотыққан түріме қарап, жарайды өнеріңді көрсет, деді. Лимонадтан дауысым қарлығып қалған. Көңілінен шықпадым. Ішім күйіп, кері қайттым. Баратын жерім жоқ, киностудияға кіре берістегі бөлмеде жатамын. Қандала талап, күйім болмады. Содан әкемнің көзі тірісінде жиі келетін күйеу баласы Қожыкенің үйін іздеп тауып келдім. Байжұманның баласымын деп едім жездеміз де құшақ жая қарсы алып, Бәтес әпкеміз жылап көрісті. Жандары қалмай, тамақтандырып, моншаға апарды. Әлденіп алып, жақсы киім киініп, театрға өшім кеткен адамдай қайта келдім. Қабылдаймыз десе, «істемеймін» деп кері қайтып кетпек ойым бар. Актермін деп едім, мені танымай қалды. Осылайша театрға қабылданып, сол кездегі директоры Тұршабай аға қала тіркемесін жасап, пәтерақымды төлеуге тапсырма берді. Алатын жалақым – 170 рубль. Театрдың техникалық жағына қолғабыс етіп, шымылдықты өздігінен ашылып, жабылатын жасап қойдым. Театрға барымды салдым, Сағымбек Бейшенов, Майра Омарбаева, Құралай Ешмұхамбетовамен бірге істедім. Осы кезде «Қазақфильмнен» іздестіре бастады, бірақ екі жылдай бармай жүрдім. Ал 1968 жылы «Балалық шаққа саяхат», «Қызыл тастағы застава» фильмдеріне бекітілдім. Сол кезде актерін пайдаланғаны үшін Қуыршақ театрына қомақты қаражат төленеді екен. Соның арқасында театр төрт жылдың жоспарын орындапты.
– Жұдырықтасу тәсілін қайдан меңгеріп жүрсіз? Спортшы болу да алға қойған мақсатыңыздың бірі болды ма? Өнерде пайдасы тимесе, зияны болмаған болар?
– Намысшылмын. Нақақтан-нақақ жалаға көнбеймін. Салдарынан талай мықты рөлдерден де айырылдым. Бокс үйірмесіне Алматыда училищеде оқып жүргенде боксшы, актер Әбдірашит Әбдірахмановқа ілесе барған едім. Спорт шебері, талай боксшының тәлімгері болған Станислав Болдыревтің қарамағында жаттықтым. Кейіннен ауыл жастарын осы спорт түріне баулыдым.
– Кеңес киносының үлкен мектебінен өттіңіз. Ал бүгінгі киноның бағыт-бағдарына қатысты қандай ой түйесіз? Шәкірттеріңізге қандай талап қоясыз?
– Бүгінде аға буын мен кинодағы жаңа толқынның арасы алыстап бара жатқандығына алаңдаймын. Қалай десек те, кеңестік актерлік мектептің деңгейі жоғары болды. Өнер академиясындағы шеберхана жұмысына қатысуға уақыт та бола бермейді. Бірақ жас буынға ұлттық киноның бастауында тұрған тұлғалардан үйренгенімізді беріп кету парызымыз. Ұлттық киномыздың тілі де, мәні де жоғалып бара ма деп алаңдаймын. Қазақты қорлайтын, ұрланған, жамау-жамау киноларды да көріп қаламыз. Осы орайда «Қазақтың тарихы, тілі қайда?» деген ойға қаламын. Киноға да жүрек керек, мінез керек. Ұлттық киноның тілін түсінетін, иісін сезінетін басшы мен қатаң тәртіп жетіспейді. Кезінде киноның басшылығында Е.Аманшаевтай іскер азаматтың тұсында «Қазақфильмді» бүкіл Еуропа таныды. С.Нарымбетов, С.Текеев, Р.Әбдірәшев, С.Құрманбеков, Б.Қалымбетов, Д.Манабаев, Б.Шәріпов, т.б. мықты режиссерлеріміз тұрғанда киноның құнын неге төмендетіп алдық? Сценарий тоғыз ай толғақтан кейін жарық көретін автордың төл туындысы екенін ұмытып кеттік. Ал бүгінгі сценарийдің салмағы редактордың иығына түсті. Мықты деген актерлеріміз сериалдарға түсіп жүр. Актер де баптауды қажет ететіні сияқты С.Мерекенов, А.Бектеміров, Б.Әбділманов, Е.Жолжақсынов, Р.Омар, Д.Ақмолда, Қ.Қыстықбаев, Е. Нұрымбет, Е.Дайыров, т.б. жарқырап шыққан актерлерге лайықты сценарийлер жазылуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның актерлері алысқа емес, Қырғызстан нарығына шығып жатса, кәнеки. Олардың «Құрманжан датқа» фильмінің өзі неге тұрады? Бүгінгі жастар қазақтың нағыз киносын көрген жоқ. Кино – ұлттың төлқұжаты. Оны өз дәрежесіне көтеру үшін Абайдың, Әуезовтей тұлғалардың шығармаларын бала бақшадан оқыту уақыт күттірмейді. Халқымыздың бай мұрасы – тілін ұрпақтың бойына сіңірмейінше ұлттық киноның көсегесі көгермейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»