Бүкіл жаһан қиын кезеңді өткеріп жатқанына қарамастан, өмір жалғаса бермек. Кезегімен дүниеге сәбилер келіп жатыр. Дегенмен, кейбір нәрестелерге жарық әлемнің есігін амандықпен ашу үшін күресуге тура келеді...
Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы қандай қарқында жұмыс істеп жатыр? Бұл туралы онлайн-сұхбат барысында осы медициналық мекеменің директоры Ғани Бодықов баяндады.
Мегаполистегі осы медициналық орталықтың ерекшелігі де сонда, жыл сайын мұнда 8-8,5 мың әйел босанса, олардың 10-12 пайызы мерзімінен ерте туады. Ал ақ халаттылар денсаулықтарында кінәраты бар және жүрек ақауларымен келген сәбилердің денсаулығы үшін күреседі.
Пандемияға байланысты орталық ғимаратында ЖРВИ мен коронавирустық індет жұқтырған пациенттер үшін инфекциялық-провизорлық бөлім ұйымдастырылған. Тек соңғы екі аптада орталықта індетке шалдыққан 41 пациент ем қабылдаса, 33 аяғы ауыр әйел COVID-19 инфекциясынан толық сауығып шыққан. Емдеу барысында 16 адам босанса, олардың 9-ына кесер тілігі жасалыныпты. Індет жұқтырған немесе пневмонияға шалдыққан жүкті әйелдерді емдеудің қиындығы сонда, олардың кеселі ауыр акушерлік патологиямен қатар жүреді және қалайда құрсақтағы сәбиді сақтап қалудың барлық жолдарын қарастыру қажет.
Айта кету керек, бүгінгі таңда кардиохирургтер коронавирус пандемиясына байланысты пациенттерін емдемес бұрын, өздерінің де қауіпсіздіктеріне де көп көңіл бөлуі керек. Осы орайда, алдымен Ғани Бодықов провизорлық бөлім қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек шарттары жасалғанын және науқастар барлық дәрілермен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Күн сайын барлық қызметкерлерге термометрия жүргізіледі. Дәрігерлер жұмыста барлық қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Бір реттік маскалар мен қорғаныш костюмдері, бір реттік халаттарды және экрандарды, дезинфекциялық құралдары бар санитайзерлерді барлық қабат пен жұмыс кабинетінде қолдану мәселесі қадағаланады.
– Пандемия жағдайында орталық аумағында коронавирус науқастарын емдеу үшін 25 провизорлық және 5 инфекциялық төсек-орын қойылған. Провизорлық бөлім қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек жағдайы жасалып, мотивация жүйесі ойластырылған. Барлығына қонақүй нөмірлері, трансфер, 3 реттік тамақ беріледі. Орталықта қызметкерлерге көшеден кіретін шлюздары, киім ауыстыратын аймағы, жуынатын орны мен қолданылған жеке қорғаныс құралдарын жоятын аймағы бар жеке кіретін орын қарастырылған. Таза (жасыл) аймақта ординаторлар, демалатын және тамақтанатын орындар бар, – дейді орталық басшысы.
Барлық әйелдер (екі аптада 40-тан астам) қабынуға қарсы, антибактериалды, антикоагулянтты, сонымен бірге Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған клиникалық хаттамаға сәйкес, оксигенотерапия қабылдайды. Пневмонияны емдеу үшін қажетті 1,5-2 айға жететін толық көлемді препараттар бар.
Ғани Бодықовтың айтуынша, қарбалас жұмысқа қарамастан, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға себепкер болатын персоналды оқыту жұмыстары да қосымша жүрігізіледі. Қазіргі уақытта провизорлық бөлімнің 4 дәрігері Оқу-әдістемелік орталықтың базасында «Жүктілік, босану және коронавирус инфекциясы» тақырыбында онлайн оқудан өтіп жатыр. Сонымен бірге орталықта КВИ диагностикалау және емдеу, дәрігерлер, медицина мейірбикелері және кіші медициналық персонал үшін ЖҚҚ кигізу және шешу бойынша семинар-тренингтер жүйелі түрде өткізіледі.
– Мамандарды даярлау бойынша жұмыс жүргізілуде. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйғарымымен құрылған жоғары медициналық колледжінде тәжірибелік денсаулық сақтау мамандарына арналған білім беретін Оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Қазір провизорлық бөлімшенің 4 дәрігері осы орталықта «Жүктілік, босану және коронавирустық инфекция» тақырыбында онлайн режімде білім алуда, – деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры.
Орталықтың эпидемиялық қызметі дәрігерлерге, мейірбикелерге және кіші медициналық персоналға КВИ диагнозын қою және емдеу, оқу-жаттығу киімдерін кию және жеке құрамға арналған оқыту семинарларын үнемі өткізіп тұрады.
– Пандемия мен қауіптің жоғарылауына қарамастан, орталықта Алматы қаласының барлық аймағындағы жүкті, босанған әйелдерге және босану қаупі жоғары әйелдерге жоғары білікті көмек көрсету жалғасып жатыр. Күніне 30-50 науқас ауруханаға жатқызылса, 30-45 жүкті әйел өмірге сәби әкеледі. Ал олардың 35%-ы жедел босанса, күрделі патологиясы бар нәрестелер емделеді, – дейді орталық директоры.
Ең бастысы, пандемия кезінде де орталық міндетінен жаңылған жоқ. Ана мен баланың денсаулығын жақсарту арқылы саламатты болашақ үшін күресуде. Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының қызметкерлері кез келген жағдайда Гиппократ антын орындауға дайын.
АЛМАТЫ